КЕМЕЛ БАЛА – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

Жуырда қазақстандық офтальмологтар елдегі мектеп оқушыларының 80 пайызының көзі нашар көретінін алға тартып, дабыл қақты. Мамандар мұны мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың электронды құрылғыларға әуестігімен байланыстырады. Сонымен қатар, баланың көру қабілеті 6-7 жасқа дейін ғана дамитынын ескертіп, ата-аналардың өскелең ұрпақ денсаулығына мұқият мән беру керектігін алға тартуда. Дәл осы кезеңде смартфоннан алыстап, уақыты сапалы әрі қызықты өтуі үшін бала балабақшаға баруы керек. Бұл тұста  баланы балабақшаға орналастыру кезеңінде дұрыс таңдау жасаудың маңызы зор. Баланың талап деңгейіне сай жұмысын жолға қойған балабақшаға баруы оның дұрыс дамып, қалыптасуына айтарлықтай әсерін тигізеді. Осы ретте Шымкенттегі «Бозарық» шағын ауданындағы «Кемел» балабақшасының орны бөлек. Мекеме директоры Меруерт Мергенбаевамен сұхбаттасу барысында біз бұған анық көз жеткіздік.

Тәрбиеші болу үшін бойда жігер, жүректе жылу болу керек

– Меруерт Дүйсенбайқызы, «Кемел» балабақшасы қай жылы ашылды? Қазіргі таңда мекемеде қанша бала  бар?

– Біздің балабақша 2018 жылы ашылды. Болашақта кемел ақыл иесі болатын азаматтардың ұясы болсын деген ізгі ниетпен мекемеге «Кемел» деген атау бердік. Алғашқы жылы материалдық базасы талап деңгейіне сай болғанмен мекемеде бір ғана балалар тобы болды. Қазіргі таңда 5 балалар тобы, барлығы 112 тәрбиеленуші бар. Жұмыс ауқымының осылай артып жатқаны ұжымның дұрыс бағытта алға басып келе жатқанының жарқын мысалы деп білемін.

– Балабақша қызметкерлері туралы айтып өтсеңіз? Қанша тәрбиеші және күтуші бар?

– Балабақшада 20-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында тәрбиеші, тәрбиешілердің көмекшісі, әдіскер, аспаз, хореограф, музыкант, медбике, психолог, логопед пен меңгеруші сынды міндетті мамандар бар. Барлық қызметкеріміз өз ісінің шебері деп нық сеніммен айта аламын.

Тәрбиеші мен күтушілер жұмысқа қабылданатын кезде олардың біліктіліктеріне мән беріледі ме?

Психолог, медбике сынды тиісті сала мамандарын жұмысқа қабылдар кезде ең әуелі олардың дипломдарына қараймыз. Ал тәрбиешілерді біліктілігінен бөлек, балалармен жұмыс істей ала ма, олардың еркелігіне, қиғылық салатын қылықтарына сабырлық танытып, жұбата ала ма, жалпы бала тәрбиесінде ебі бар ма, сол жағына мән беріп, адамдарды соған қарай жұмысқа қабылдаймыз. Балабақшада жұмыс істейтін тәрбиешінің бойында  біліктіліктен бұрын ең алдымен балаға деген мейірім болу керек. Қаншама мықты, машықты мамандар бар. Бірақ балалармен жұмыс істей алмайды. Себебі, балабақшада жұмыс істеу, әсіресе, тәрбиешілерге оңай емес. Тәрбиеші болу үшін бойда жігер, жүректе жылу болу керек. Білесіз бе, тәрбиеші үшін бір ертеңгілікті өткізу үлкен той өткізгендей ресурсты алады. Себебі, әріп танымайтын, әлі оқи алмайтын бір үйдің еркесіне жаттау жаттатқызу, өзгелермен бірдей ырғақта болатын би үйрету оңай шаруа емес.

– «Кемел» балабақшасының өзге бақшалардан ерекшелігі қандай?

– Біз қазақ салт- дәстүрлеріне көп мән береміз. Тәрбиелік мәні бар барлық іс-шараларда қазақы салт-дәстүрге екпін түсіреміз. Мақсат – ұлттық құндылықтың маңызын терең түсінбесе де, келешекте соны танып, білуге, зерделеуге ынталы, талапты ұрпақтарды өсіру, қалыптастыру.

Біздің балабақшадағы әр бөлмеде қазақы нақыштағы суреттер бар. Қазақы  дәстүрден хабар беретін бұрыштар ілінген. Ою-өрнек элементтерін алдырып, онымен балалардың жұмыс істеуін жолға қоямыз. Осы арқылы ұлттық құндылықтан хабары бар, оны ұға алатын, ұлықтай алатын рухы мықты азаматтардың өсіп, қалыптасуына үлес қосқымыз келеді.

Мақсат – бәсекеге сай жұмыс жүргізіп, саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу

– Соңғы жылдары балабақшаларда балаларға көрсетілетін әлімжеттік туралы деректер жиі болуда. Бұл көп ата-аналардың көңілін күпті етіп, балаларын бақшаға беру туралы ойларын өзгертуде. Осы ретте қандай шешім қабылдауға кеңес бересіз? Жалпы, бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай? Баланы қанша жастан бастап бақшаға апару қажет?

– Өкінішке орай, әлімжеттік тек балабақшада болып жатқан жоқ. Ол мектепте де бар, жоғары оқу орнында, әскерде және тағы басқа көп жерлерде болуда. Оған қатысты пікір пішен, мысал мың. Мұны алдын алу үшін ата-аналар балаларын бақшаға берерде ең әуелі мекемені әбден танып, талдау жасау керек деп ойлаймын. Мысалы, балабақшаның ғимараты қандай? Типтік үлгіге сай ма? Мекеменің меңгерушісі кім? Оның бойында ізгілік, яғни балаларға деген мейірім бар ма? Бұдан бөлек, тәрбиешіні көріп, танысып, сөйлесуі керек. Бұл нәрселерге жеңіл қарауға болмайды. «Бала әне, құжат міне» деп балалары баратын балабақшамен танысуға селқос қараған талай ата-ананы көрдік. Олай болмайды. Қазіргі таңда барлық балабақшада бейнебақылау камерасы бар. Сол арқылы ата-аналардың алғашқы күндері балаларын сырттан бақылап отыруы артық емес деп ойлаймын.

Әлімжеттік әртүрлі жағдайда болады. Жалпы, тәрбиешіні балабақшаға қабылдау кезінде оның психиатриялық, наркологиялық есепте тұрмағаны, соттылығы жоқ екені туралы анықтама талап етіледі. Кейбір балабақша басшылары мұны назардан тыс қалдырады. Осындай салғырттықтан балабақша жұмысын алып жүре алмайтын азаматтар тәрбиеші болып жұмысқа қабылдануы мүмкін. Міне, осылай «адасып» келгендер балаға әлімжеттік көрсетеді деп санаймын.  Бұл – жеке ойым.

Баланы қанша жастан бастап бақшаға апару қажет?

– Біз балаларды екі жастан бастап қабылдаймыз. Ата-аналар балаларын балабақшаға екі жасқа толған соң бергені дұрыс деп санаймын. Осы кезден бастап бала ортаға бейімделуге талпынады. Мына жақта балалар топ болып ойнап жатса, оларға қосылуға, ілесіп ойнауға асығады. Қолына қасық алып тамақтануды үйренгісі келеді. Шақырғанға, айтқан сөзге түсініп, нақты әрекеттер көрсетеді.

«Кемел» балабақшасындағы қауіпсіздік шаралары туралы  айтып өтсеңіз.

Мекемеде қауіпсіздік шараларына қатысты барлық талаптар сақталған. Айта кетсек, санитарлық ережелердің бәрі сақталған. Өртке қарсы ережелердің сақталуы төтеншеліктердің толық тексеруінен өткен. Ең негізгі мәселе – бейнебақылау камераларының 24/7 режимі бойынша қосулы болуы қарастырылған. Видеоархив 30 күні бойы сақталады.

– Қоғамда жекеменшік балабақшадағы балаларға жасалған жағдай мемлекеттік балабақшадағыдай болмайды деген пікір бар. Сіз бұған не айтасыз?

Бұл біржақты әрі қате пікір. Атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық,  кейбір мемлекеттік балабақшалар тиісті стандарттарға мүлдем сәйкес келмейді. Негізі бұлай мемлекеттік, жекеменшік деп бөлу дұрыс емес. Балаларын мемлекеттік балабақшалардан тамағына, жағдайына көңілі толмағандықтан жекеменшік бақшаға ауыстырып жатқан қаншама ата-ана бар. Мемлекеттік балабақшалардың ішінде бәсекеге қабілеттісі де бар, жоғы да бар. Тиісінше жекеменшік бақшада жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын басшылар бар немесе жауапкершілігі төмен басшылар да бар.

Осы тұста мына нәрсені айта кету керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын көптеген қалаларда балабақшаның жетімсіздігі күн тәртібіндегі мәселе болды. Әсіресе, орталықтан шалғай орналасқан шағын аудандарда бала саны көп, баратын балабақша жоқтың қасы болды. Кәсіпкерлердің осы мәселені назарға алып, қолындағы қаржысын инвестиция ретінде балабақшаға ашуға құйып,  қосымша тағы нар тәуекел жасап, банктен қарыз алуының арқасында бұл мәселе шешімін таба бастады. Біздің балабақшаны «Бозарықтан» ашуымыздың бір себебі де осында жатыр. Ендігі мақсат – бәсекеге сай жұмыс жүргізіп, саналы, салиқалы ұрпақты тәрбиелеу.

Балаға ең әуелі мейірім қажет

– Әр бала – индивид. «Кемел» балабақшасында балалардың уақытын тиімді, сапалы етіп өткізу үшін қандай шаралар жасалады? Ұжым туралы ата-аналардың пікірлері қандай?

– Дұрыс, әр бала –  жеке тұлға. Өте ерке бала бар, тым тәртіпті бала бар. Біздегі тәрбиешілердің психологиялық тұрғыда балаларға дұрыс қарым-қатынас жасай алуының арқасында  олар бақшаға екі аптада немесе бір айда ұжымға үйренеді. Ойын баласын үйде ұстап отыруға болмайды. Себебі, олардың бойында энергия көп. Энергиясы тасыған бала асыр салып ойнағысы келіп, үйде ары жүгіріп, бері жүгіріп, аунап, билеп жатады. Сөйтіп, ата-аналарын шаршатады. Тыныш отырсын деп қолындағы телефонын береді. Телефонға ұзақ телміріп отырудан көп баланың психологиялық дамуы тежеледі. Тілі кеш шығады. Бұған жол бермес үшін баланы дер кезінде бақшаға апарып, оның өз ортасында өсіп, дамуына жағдай жасау керек. Уақытын балабақшада өткізген бала бәрібір бөлек болады. Себебі, бұл жерде олардың әрбір күні нәтижелі өтеді. Мысалы, «Кемел» балабақшасында арт-терапияға, яғни, сурет салуға көп мән беріледі. Сурет салудың түрлі әдісі бар. Сол арқылы балалардың психоэмоциналдық дамуына зор ықпал етуге болады. Өзім шығармашылыққа көп мән беремін. Бейнелеу өнерінің маманы болғандықтан сурет салудың баланың дамуына қандай оң әсер тигізетінін жақсы білемін. Сурет салуды үйретудің арқасында талай баланың қабілетін танып білеміз. Сонымен қатар  сурет салу балалардың түстерді тануына, әдемілікті ұғына алуына, қоршаған ортамен танысуына, қуануына, жағымды эмоцияны сезіне алуына әсер етеді. Моторикалық дамуына да пайдасы зор.

–  Баланың бақшаға жылап баруын қалыпты дүние деп қабылдауға болады ма?

– Алғашқы уақытта қалыпты дүние. Ең көп дегенде бір ай. Ең аз дегенде бір-екі күн. Негізінде оның бәрі балабақшаның атмосферасына, тәрбиешінің балалармен қарым-қатынасына байланысты. Балаға ең әуелі мейірім қажет. Балабақшадан мейірім көрген дені сау бала жыламайды. Мысалы, біз қыркүйекте жаңа топқа балаларды қабылдадық. Қазір сол уақытта қабылданған балалардың ешбірі бізге жылап келмейді. Керісінше қуанып келіп, тәрбиешілерін қимай кетеді. Мұның бәрі біздегі тәрбиешілердің, олардың көмекшілерінің, жалпы ұжымның өз жұмыстарына адалдығының, өз міндеттерін зор ықыласпен орындауының арқасы деп білемін.

Балабақшада өткен жылдар әр баланың жадында мәңгі сақталады. Сол себепті осы мекеменің директоры ретінде негізгі мақсаттарымның бірі – балаларға тек жағымды әсер қалдыру. Осы бағытта өзім аптасына бір рет оларға сабақ беріп, сурет салуды үйретемін. Өзім де бейнелеу өнеренің маманы болғандықтан бұдан мен тек ләззат аламын. Сонымен қатар,  ғимараттың іші әдемі, қабырғаларының түсі ашық, бөлмелері кең, жарық болуына көңіл бөлемін. Түрлі анимациялық элементтердің болуы да маңызды. Балабақшада балалар өздерін ертегі әлемінде жүргендей сезінсе ой-өрісіне өте пайдалы. Әдемі жер, әдемі орта, жалпы әдемілік баланың психологиясына оң әсер етеді. Сондықтан, балабақшамыздың балалар үшін мейлінше ыңғайлы, жайлы, қолайлы болғанын қалаймын. Бүгінде осы мақсатта ұжым болып бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз.

– Меруерт Дүйсенбайқызы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Істеріңізге сәттілік тілеймін!

М.ЫБЫРАЙ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика