«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП»: ҰЛТТЫҚ ЖОБА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР?

2022 жылғы 1 қыркүйектегі ел Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырған еді. Жолдауда: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» делінген болатын. Бүгінгі таңда елімізде мемлекет басшысының бастамасымен апатты және үш ауысымды мектеп пен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Шымкенттік оқушылар алғашқы жайлы мектепте сабақ оқи бастады

Ағымдағы жылдың 24 қазаны күні Шымкент қаласында алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өткен болатын. Нәтижесінде «Нұршуақ» шағын ауданындағы 2000 орындық жаңа білім беру мекемесіне 1130 оқушы қабылданса, «Қарабастау» тұрғын алабындағы 1200 орындық мектепте 950 бала білім алу үстінде. Айта кетейік, жайлы мектептердегі сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталды.

Аталған заманауи мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылып, олардың дамуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM зертханалары және робототехника сыныптары жабдықталған.

Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Білім беру мекемесінде хореография залы, төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары да бар. Мұнда балалар өзара еркін араласып, қызығушылықтарын дамыта алады. Жалпы алғанда, Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 қолайлы мектеп ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, балалар мектепке кедергісіз жете алу үшін қоғамдық көліктердің маршруты да қолға алынған. Жоба аясында ашылған жаңа мектептерді қоғамдық көлікпен қамту мақсатында №122, №191 және №55 автобус маршруттарының сызбаларына өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, «Қарабастау» тұрғын алабына қатынайтын №122 және №191 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы №142 жалпы орта білім беретін мектебіне дейін ұзартылса, №55 автобус маршрутының соңғы аялдамасы ретінде «Нұршуақ» шағын ауданындағы №140 жалпы орта білім беретін мектебі қарастырылатын болады.

Ұлттық жоба үш түрлі мәселені шешеді

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінен орта білім беру саласындағы үш негізгі мәселені шешуге бағытталған:

— апатты мектептерді жою;

— үш ауысымды оқытуды жою;

— оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу.

Ұлттық жоба аясында 2023-2025 жылдар аралығында барлық өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларда 369 орта білім беру нысанын салу жоспарланып отыр. Бұл екі ауысымда кемі 740 мың жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Жоспарланған 369 жайлы мектептің 44% ауылдық жерлерде, ал 56% қалаларда салынбақ.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеушісі және тапсырыс берушісі – ҚР Оқу-ағарту министрлігі. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ орта білім беру нысандарының нысаналы құрылысы бойынша бірыңғай дирекция ретінде бекітілді, яғни мектептерді жобалауға, салуға және толық жарақтандыруға жауапты. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша ұлттық жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде 2024 жылдың соңына дейін 208 мектеп салу жоспарланса, екінші кезеңде 2024 жылдан бастап 2025 жылдың соңына дейін 151 мектеп салу көзделген. Ал Астана және Алматы қалаларында 10 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және дайын нысанды тауар ретінде сатып алу тетіктері арқылы қолданысқа тапсырылады. Қолданысқа тапсырылғаннан кейін дайын мектептер жергілікті атқарушы органдардың балансына өтеді. Ал оған дейін Ұлттық жобаны іске асыру туралы Үкімет қаулысының шеңберінде жергілікті атқарушы органдар:

  • мектеп салуға жер учаскелерін беруі (құрылысқа 100% дайын аумақ);
  • жер учаскелерін уақытша және тұрақты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосуы тиіс.

Жалпы, ҚР Үкіметінің шешімімен «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының бірыңғай операторы ретінде бекітілген компания туралы не білеміз? «Samruk-Kazyna Construction» АҚ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрылымына кіреді. Компания ел бойынша білім беру, инфрақұрылым және басқа әртүрлі салаларда құрылыс жобаларын жүзеге асыруға маманданған. Компанияның негізгі мақсаты – сапалы инфрақұрылымдық нысандарды салу арқылы Қазақстанның жаңғыруы мен дамуына үлес қосу. Бүгінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру және жайлылықты қамтамасыз етуге ықпал ете отырып, Қазақстандағы стратегиялық инвестициялық бағдарламаларды қолдауда маңызды рөл атқарады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде компания келесі негізгі бағыттарға жауап береді:

— қайта қолдануға жарамды, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алған әрі ұлттық жобаның бірыңғай стандарттарына сай келетін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу;

— мердігерлерді тарту және құрылыс процесін бақылау;

— жаңа оқушы орындарын құру бойынша жоспарды орындау;

— салынып жатқан және салынған нысандардың жобалау тапсырмасының шарттарына және ұлттық жобаның талаптарына сәйкес болуын қадағалау;

— ұсынылатын ақпарат пен құжаттаманың дұрыстығы мен толықтығына назар аудару.

Жайлы мектептер несімен ерекшеленеді?

Аталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 2,38 трлн теңге бағытталып отыр, оның ішінде:

— 2023 жылы – 499,9 млрд теңге;

— 2024 жылы – 976,7 млрд теңге;

— 2025 жылы – 909,4 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұл ретте бөлінген қаржының басым бөлігі жайлы мектептердің құрылысына жұмсалса, 250 миллиардқа жуығы пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға беріледі.

Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орын­дық деп белгіленген жеті түрлі нұс­қаның біріне сай салынбақ. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін үш коворкинг алаңы болады. Сондай-ақ, интерьер дизайнының бірқатар элементтері мен архитектуралық шешімдерін ұлттық нақышта жасау қолға алынған. Сонымен қатар:

— жайлы мектептердің ауданы қарапайым білім ошақтарына қарағанда 15-20% кеңірек, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық болады;

— жаңа мектептерде 3-4 спорт зал қарастырылған. Яғни, мектептерде бастауыш сыныптары (9х18 м) мен орта буынға, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18 м) бөлек спорт залдар салынады;

— мектеп аумағында спортпен шұғылдануға және басқа да іс-шараларға арналған түрлі алаңдар жасалады;

— ерекше балалар үшін кедергісіз орта қамтамасыз етілмек, дәлірек айтсақ, пандустар, лифтілер, арнайы дәретханалар және инклюзивті білім беру кабинеттері дайындалады;

— әр сыныпта заманауи компьютерлер мен интерактивті тақталар орнатылады;

— бейнебақылау және кіріп-шығуды бақылау жүйелерін орнату арқылы мектеп аумағы мен ішіндегі қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етіледі.

Жобаларды бағалау кезінде қол­даныстағы стандарттар, ел Үкіметі бекіткен техникалық тапсырма, сон­дай-ақ озық халықаралық тәжірибе ескеріледі. Құрылыста отандық өнді­ріс материалдарын пайдалануға да басымдық берілмек.

Оқыту жағдайы жетілдірілген мектептер балаға не береді?

Инфрақұрылымы жақсарған, оқыту жағдайлары жетілдірілген, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы орта қамтамасыз етілген мұндай мектептер елдегі білім сапасына да оң әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Мысалы, жоба аясында интерактивті құралдар мен заманауи технологияларды қолдану қарастырылған. Мұның бәрі білім беру процесін қызықтырақ әрі тиімдірек етіп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыра алады және заманауи техникалар мен жабдықтар оқыту сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Заманауи мектеп ғимараттары мен қажетті жабдықтар оқушылардың оқу процесіне белсенді қатысуына ықпал ете алады. Ондағы жайлы, кең әрі түрлі технологиялармен жабдықталған сыныптар оқушылардың өздерін еркін сезінуіне, оқу материалдарын жақсы меңгеруіне де ерекше жағдай жасайды.

Жайлы мектептер мұғалімдер үшін де тиімді. Себебі оларға аталған білім ордаларында кәсіби дамуы үшін қолайлар жағдайлар жасалады. Бұл мұғалімдердің өз жұмысын ынталанып, жоғары деңгейде атқаруына сеп болатыны анық. Ал сабақ беруге құлшынысы артқан педагогтың оқыту сапасының артуына да оң әсер ететіні белгілі.

Жалпы алғанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – еліміздің болашағы үшін маңызды қадам. Бұл бастама білім сапасын арттырып қана қоймай, әр баланың дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Ол әлеуметтік теңсіздікті азайтып, ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жоюды көздейді. Мектептердегі инфрақұрылымды жақсарту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және қауіпсіз орта құру – еліміздің білім жүйесінің жаңа белесі болмақ. Осы жоба арқылы білім беру саласындағы түйткілдер шешімін тауып, жастарға сапалы білім алуға барлық жағдай жасалады деп сенеміз.

М.ҚҰРБАНҚЫЗЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика