Биылдан бастап оқушыларға мектеп формасын беру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұдан былай бірнеше санатқа кіретін балаларға мектеп формасы мен оқуға қажетті заттар берілмейді деп хабарлады turkystan.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Оның ақшасы тікелей ата-анасының есепшотына аударылады. Оған қоса, материалдық көмектің көлемі ұлғайтылды. 475 мың балаға ақша аударылады. Бұған дейін балаларға таратылатын мектеп формасын әкімдіктер сатып алып, білім беру мекемелеріне үлестіріп отырған. Бірақ жыл сайын киімнің өлшеміне және сапасына қатысты арыз-шағымдар көп түсті.
Осыған байланысты биыл үкіметтің арнайы қаулысына өзгеріс енгізіліп, мектеп формасының ақшасын ата-ананың немесе кәмелетке толған білім алушының өтініші бойынша тікелей өзіне аударуға шешім қабылданды. Материалдық көмектің көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 37 389 теңгеден кем болмауы тиіс.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Дулат Жекебаевтың айтуынша, материалдық көмек 37 мыңнан жоғары болуы мүмкін. Бірақ одан төмен түспеуі шарт.
«Кей аймақтар бұл сомадан артық бөліп жатыр, мысалы, Алматы 43 мың теңгеден беріп жатыр», – дейді Жекебаев.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, материалдық көмек 475 мыңнан астам балаға беріледі. 20 тамызға дейін мектеп формасына қажетті ақшаның барлығы аударылады.
Ақша бір балаға ғана беріле ме?
Бұған дейін әлеуметтік желіде «Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасы бойынша бір үйден тек бір балаға материалдық көмек көрсетілетіні туралы ақпарат тараған болатын. Бірақ Оқу-ағарту министрлігі оны жоққа шығарды.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы әрбір балаға көмек алуы керек», – дейді министрлік мамандары.
Ал оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өз баласына мектеп формасына қанша ақша жұмсағанын айтты. Оның мектепке баратын бір баласы бар екен.
«Осы демалыста баламды ертіп, дүкенге бардым. Дүкеннен бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм, галстук алдық. Бағасына келсек, 35 мың теңгедей ақша кетті. Шалбарын, костюмін, көйлегін алдым», – дейді министр.
Leave a Reply