Бесігіңді түзеймін десең, әйелдің халін түзе!
Гендер деген сөз айтылса, неге екенін бірден ойға әйел мәселесі оралады. Бүгінгі қазақстандық қоғамда сола қалыптасқан. Шын мәнінде солай ма? Гендер — жалпы адамның тұлғалық ерекшеліктерін қолдайтын, кемсітушілік орын алған жағдайда мүддесін қорғауға атсалысатын қоғамдық үдеріс. Ендеше, бұл саясатта әйелдердің ғана емес, ер азаматтардың мүддесі бар. Егер адамды биологиялық, әлеуметтік, саяси, психологиялық қырларына қарай бағамдасақ, ер мен әйел абсолютті тең бола алмайды. Бұл ақиқат. Рас, адам ретінде құқықтары бірдей.
Қазіргі кезде азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға өмірдің барлық саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде,кең көлемді жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұрын «Әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, қазіргі таңда ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, мемлекет басшысының қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңы қабылданды және ҚР Президенті жанындағы отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасында Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы бекіткен «Гендерлік теңдік» стратегиясы негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталған. Гендер бұл — ерлер мен әйелдердің мінез-құлқын, сондай-ақ олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы. Бұл заңгер Замира Махитованың пікірі.
Сонымен гендерлік саясатты іске асыру мемлекеттік саясаттың маңызды бір бағытына айналып отырғанына куә боп жүрміз. Жалпы қазақ қоғамы әйелдің жағдайы жақсарса, қоғамның жағдайы жақсаратынын бұл ұғым өмірімізге енбей жатып айтып кеткен. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» дейді. Енді әйелдің халін түзеу үшін жүзеге асып жатқан игілікті істерді саралай кетейік.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру
Қазіргі таңда статистика тұрақты жүргізіліп, мәліметтер күн сайын жаңарып жатыр. «Атамекен» ҚР ҰКП жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстандағы әйелдер мемлекет ЖІӨ-нің 41,1%-ын қалыптастырып отыр. Еліміздегі жеке кәсіпкерлердің 47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың 26%-ы, шаруа қожалықтарының 19%-ы қыз-келіншектер басқарады.
Бүгінде қыз-келіншектер жүргізетін бизнес субъектісіне шағын несие беру бағдарламасы жұмыс істейді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы екінші деңгейлі банктерге қаражатты шарттастырып орналастырып, кейіннен әйелдер кәсіпкерлігін микронесиелеуге арналған. Бағдарлама бизнесі бар және ісін жаңа бастаған әйел кәсіпкерлердің жобаларын жеңілдетілген несиелеу арқылы әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігін ынталандырады.
Бұл бағдарламаға әйелдер кәсіпкерлігінің субъектілері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпкер әйелдер, әйел адам басшылық ететін ЖШС, жарғылық капиталдың 50% әйел адамға тиесілі болса және штаттың 30%-ы әйел болған ұжымдар қатысты. Бағдарлама 2018 жылдың 28 шілдесіне дейін жарамды болды. Бірқатар әйел кәсіпкерлер осы бағдарлама негізінде экономикалық мүмкіндіктерін арттырды.
Бизнеспен айналысуды қалаған қыз-келіншектерге ұсынылатын тағы бір несиелеу бағдарламасы Еуропа қайта құру және дамыту банкі есебінен жүзеге асты. Бұл бағдарламаның мақсатты сегменті – микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері. Әр бизнес субъектісі жылына 14%-19% дейінгі мөлшерлемемен 14 900 000 000 теңгеге дейін қаржы алу мүмкіндігі болды. Бағдарлама бойынша несие негізгі құралдарды сатып алу және / немесе жаңғырту; айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілді.
Жалпы қазақстандық қыз-келіншектер соның ішінде шымкенттік әйелдер үшін 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының негізінде жүзеге асырылып отырған «Бастау» жобасының орны ерекше болды десек жаңылыспаймыз. Жоба бойынша кәсібін ашқан шымкенттік қыз-келіншектер жүздеп саналады.
ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН ИПОТЕКА
2020 жылдан бастап гендерлік теңдікке арналған «Әйелдер ипотекасы» жобасын іске асып жатыр.
Бұл жобаны Азия даму банкі қаржыландырып, 38 млрд теңге бөлген. Қазір елімізде 9,1 млн әйел бар, олардың төрт миллиондайы жұмыспен қамтылған. «Әйелдер ипотекасымен» жаңа үйлермен қатар екінші деңгейлі баспананы алуға болады.
Берілетін несиенің жоғарғы шегі 30 млн теңге. Табысы 200 мың теңгеге жетпейтіндер баспана алу үшін жарнаның 15 пайызын жинаса болғаны. Жылдық пайыздық мөлшерлеме 12% , егер алғашқы жарнаның 50 пайызын жиналса жылдық мөлшерлеме 3,5-5%-ға дейін төмендейді.
*Тақырыптың түйіні
«ҰМАЙ» ИПОТЕКАСЫН ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
«Отбасы банкі» әйелдерге арналған «Ұмай» ипотека бағдарламасының шарттары мынадай. Бұл бағдарлама әйелдерге несиені 15% бастапқы жарнамен немесе депозитке салым салмай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік береді.
1. Ипотеканы қандай мақсатта пайдалануға болады?
Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы арқылы жаңа немесе қолданыста болған тұрғын үйді сатып алуға және/немесе оны жөндеуге деп несие рәсімдеуге болады.
2. Ипотека алушыға қандай талап қойылады?
Несие алушының жасы — 18 жастан 65 жасқа дейін. Несие өтінімін берген сәтте қатысушының жасы 65-ке толмаған болу керек, сондай-ақ несие клиент 70 жасқа келгенге дейін өтеліп бітуге тиіс.
Отбасының айлық табысы (күйеуі мен әйелінің) немесе несие алушының бір айдағы кірісі 320 мың теңгеден аспауға тиіс.
3. Ипотека арқылы берілетін несиенің ең жоғары сомасы қанша?
Бағдарлама арқылы сатып алуға болатын тұрғын үйдің ең жоғары құны – 30 миллион теңге.
Алайда несиенің ең жоғары сомасы қатысушылардың ай сайынғы кіріс көлеміне байланысты есептеледі.
• отбасының айлық кірісі 200 000 теңгеге дейін болатын қыз-келіншектер үшін – сатып алынатын тұрғын үй құнының 85%-і;
• ал отбасы кірісі 200 000 теңгеден 320 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін – сатып алынатын тұрғын үй құнының 80%-і несие түрінде беріледі.
Мысал арқылы түсіндірейік.
1. Отбасы табысы 200 мың теңгеден аспаса:
Несие сомасы тұрғын үйді бағалау құнының 85%-не дейін құрайды. Мәселен, пәтердің бағалау құны 10 миллион теңге болса, несиеге 8,5 миллион теңгеге дейін қаражат алуға болады.
2. Отбасы табысы 200-320 мың теңге аралығында болса:
Тұрғын үйдің бағалау құнының 80%-не дейін несие түрінде беріледі. Мысалы, пәтер бағасы 10 миллион теңге болса, несие ретінде 8 миллион теңгеге дейін рәсімдеу мүмкіндігі бар.
4. Үй жөндеуге берілетін ең жоғары несие сомасы қандай?
Тұрғын үйді жөндеуге 3,7 миллион теңгеге дейін қарыз беріледі. Шарт бойынша клиент жөнделетін тұрғын үйдің меншік иесі немесе иегерлердің бірі болуы керек. Несие рәсімдеушінің атында баспана бар-жоғы тексерілмейді.
Жөндеу жұмыстарына несие алу үшін шығындар сметасы толтырылады, жөндеуге дейінгі және жөндеуден кейінгі фото суреттер қажет болады. Құрылыс материалдарын сатып алу туралы түбіртек тапсыру талап етілмейді.
5. Ипотеканың негізгі шарттары қандай?
Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 12% (ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі) 12,2%-тен басталады).
Кейінірек несие тұрғын үй заемы болып ауысады, бұл кезде мөлшерлеме 3,5%-ке дейін төмендеуі мүмкін (ЖТСМ 3,6%-тен).
• бастапқы жарна – 15-50% аралығында;
• Отбасы Банкіндегі депозитке бастапқы жарна салу міндетті емес.
• Несие алу үшін клиент төлем қабілетін растауы қажет. Ресми тұрақты табысы болуы керек.
• Жалдамалы жұмыскерден соңғы 6-12 айдағы жалақысы туралы құжат, ал жеке кәсіпкерден соңғы 1 жылдағы салық декларациясы талап етіледі. Несие алушының табысы жеткіліксіз болса, ол кез келген екі адамды заемшылас болуға шақыра алады (мысалы, достары, туыстары, таныстары).
• Ипотека алғанда салық жеңілдіктерін де қолдануға болады, яғни жалақыдан жеке табыс салығы азырақ ұсталады.
6. Ипотека берілетін ең ұзақ мерзім қандай?
Үй алу үшін несие 25 жылға дейінгі уақытқа, ал үй жөндеу үшін 10 жылға дейінгі уақытқа беріледі.
7. Несие алу үшін кепілдік (залог) керек пе?
Несие алу үшін міндетті түрде кепілдік (залог) керек. Кепілдік ретінде қойылатын үй:
• кірпіштен салынса, қолданысқа берілген сәттен бастап саналатын мерзім 60 жылдан аспауы керек;
• панельден салынса, 50 жыл аспауы керек;
• ағаштан салынса, 30 жыл аспауы керек;
• қамыс немесе саман тастан салынған үйлер кепілдік ретінде қабылданбайды.
Кепілдікке несие алушының немесе кез келген үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлікті қоюға болады.
8. Несие алуға өтінішті қалай береді?
Өтініш беру үшін:
1. www.hscbk.kz веб-сайтына өтіңіз;
2. Басты бетте немесе НЕСИЕ АЛУ бөлімінде «ҰМАЙ әйелдер ипотекасы» бөлімін таңдаңыз.
3. Атыңызды, тегіңізді, телефон нөміріңіз бен ЖСН-ді енгізіңіз.
4. Өтінімді жіберу батырмасын басып, байланыс орталығы операторының телефон шалуын күтіңіз.
Бетті дайындаған: Б.Жақсыбекқызы
Leave a Reply