tories/000368.jpg» width=»300″ height=»226″ alt=»000368″ style=»float: right;» />
Құтыру ауруы аса қауіпті, жұқпалы ауру. Ол орталық жүйке жүйесін зақымдайды, өлімге соқтырады. Ауру қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы – қасқыр, түлкі, шиебөрі сияқты жабайы аңдар. Міне, солардан ауру иттерге, үй жануарларына жұғады. Ал кесел адамға ауру жануарлар тістегенде, тырнағанда оның сілекейі арқылы жұғады.
Құтыру ауруының алғашқы белгілері: тістеген жер күйіп, тесіп ауырады, қызарады, ісініп, жансызданады. Науқастың басы ауырады, тітіркенушілік пайда болады, ұйқысы бұзылады, кеудесі, жұтқыншағы қысылуы мүмкін. Тыныс алуы ауырлап, көк тамырларының қызметі нашарлайды, сөйтіп жүрек жұмысының тоқтауынан көз жұмады.
Құтыру ауруының емі жоқ, дегенмен алдын алуға болады. Сондықтан ит немесе мысық асырайтын болсаңыз, мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы вакцина ектіру керек. Ал ит немесе мысық тістеп, тырнаған жағдайда жараны сабынды сумен жуып, жан-жағына тимей, бетіне мақта қойып, тез арада емханаға барған дұрыс. Өз бетімен үй жағдайында емделуге болмайды. Құтыруға қарсы дер кезінде егу ғана адам өмірін аман алып қалады. Ал адамды тістеген жануарды өлтірмей, қумай, тез арада бөлек байлап немесе қамап, малдәрігерлік емханаларға хабарлау керек.
Құтыру ауруы 8-11 күнге созылады, кейде ауырған жануар 3-4 күнде өліп кетеді. Құтыру ауруының клиникалық белгілері әртүрлі ауруларға ұқсас болады. Мәселен, құтыру ауруы біліне бастаған кезде үй жануарлары көңілсіз болады, кейде сұлық жатады. Сондай-ақ мазасызданады, қараңғы бұрышқа тығылады, еліру пайда болады. Тез шошынып, ызақорланады, орынсыз жүгіруі мүмкін. Біртіндеп аузы көбіктеніп, ішіп-жей алмайды. Қол-аяқтары жұмыс жасамай қалатын жағдайлар да кездеседі.
Құтырудың алдын алу мақсатында жануар иелері қарамағындағы үй жануарларын тіркеуден өткізіп, жыл сайын егілуіне назар аудару қажет. Мінезінде өзгеріс байқалған жануарлардан балаларды аулақ ұстаған жөн. Ауру белгілері байқалған кез келген хайуан мен жануарды оқшаулап ұстап, мал дәрігерін шақыру керек. Егілмеген иттерді аң аулауға, күзетке, мал бағуға пайдалануға тыйым салынады. Жабайы аңдардың арасында құтыру ауруына күдік тудыратын жағдай болса, ветеринариялық мекемелерге хабарлануы, өлген жыртқыштардың өлексесі зертханаға тексеруге жеткізілуі қажет.
Шымкентте жануарларды уақтылы егілуі үшін Үкімет тарапынан жыл сайын вакциналар бөлінеді. 2012 жылы ауданымыз бойынша 17000 бас мүйізді ірі қара, 10000 ұсақ мүйізді мал, 1600 бас жылқы, 500 бас түйе, 500 ит, 300 мысық егіліп, жоспар орындалып отыр.
Барлық жануарларды егу құтыру ауруының алдын алу шараларының бірі болып есептеледі. Ветеринария мамандарының жіті жүргізген жұмыстары нәтижесінде аталмыш ауру 2012 жылы ауданымызда тіркелген жоқ.
Құтырудың алдын алу үшін:
— итті тіркетуді;
— екпе жұмыстарын жүргізуді;
— итті байлап ұстауды ескеріңіз.
Светлана БАЙДАЛИЕВА,
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының жетекші маманы.
Leave a Reply