tories/cow-txt.png» width=»300″ height=»225″ alt=»cow-txt» style=»float: right;» />
Сарып немесе сал ауруы (бруцеллез) – адамдарға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын, аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауру қоздырғышы (бруцелла микробы) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды келеді: сүт өнімдерінде 25 күнге дейін сақталып, мал терісінде 3-4 ай, суда 5 ай, топырақта 2-3 ай өмір сүрсе, салқын жерде ұзақ сақталады. Ауру малдардың ішіндегі ең қауіптісі уақ мал (қой мен ешкі), өткен жылдары ауырған адамдардың 66,7%-ы ауруды уақ малдарды бағып қағу кезінде жұқтырды. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауырған малдардың тезегі, қиы, зәрі, шуы, тағы басқалар арқылы бөлініп тарайды. Бұл ауру осы аурумен ауыратын малдың сүтін ішуден және қолды жумағандықтан қол арқылы ауызға түседі, сондай-ақ терідегі жырындылар мен жаралар арқылы организмге тарайды, бұл жағдай ауру малдарды күтіп-бағатын адамдарда жиі кездеседі, сонымен қатар ауру зақымданған ауамен демалған кезде тыныс жолдары арқылы да денеге түседі. Бруцеллез-бруцеллалармен шақырылатын қоздырғышы әртүрлі механизммен берілетін, клиникасында созылмалы қызбамен, қимыл-қозғалыс аппаратының, жүйке жүйесінің, жүрек-қан тамыр жүйесінің, зәр шығару жүйесінің және т.б жүйелердің зақымдалуымен жүретін, созылмалыға ауысуға бейім, инфекция-аллергиялық, зоонозды инфекциялық ауру.
Аурудың негізгі белгілері қандай? Ауру қоздырғыштары адам денесіне әсіресе мал төлдету, оны бағып-қағу, ауру малды сою, жіліктеу, немесе жүнін қырқу кезінде тері арқылы және қол арқылы жеке бас гигиенасын сақтамағандықтан жұғады. Ал күнделікті тұрмыста: ауырған малдың қайнатылмаған сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қаймақ, сарымай, ірімшік, шала пісірілген ет тағамдарын пайдаланғанда жұғады. Сол сияқты, ауылды жерлерде отын ретінде мал тезегін дайындау кезінде жұғуы мүмкін.
Сарып ауруының негізгі белгілері ауру жұқтырғаннан кейін 7-30 күн өткен соң біліне бастайды: адам өзінің тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, делсал болып бойының ауыр тартқанын сезеді.емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады.
Дәрігерлерге көрінбей, өзінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгіліді. Буын-буындарға сары су толып, буындардың қалыпты түрі өзгереді. Ауру 2-3 жылдан көп жылға дейін созылып, кейбіреулер жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы ықтимал.
Клиникасы
- Ол ыстық көтеріліп, қалтырап дірілдеуден басталуы мүмкін, бірақ әдетте бірте-бірте, тез шаршау, әлсіздік асқа тәбеттің болмауы, бастың, асқазанның буындардың ауыруы формасында өрбиді.
- Ыстықтың көтерілуі жеңіл және ауыр формада болуы мүмкін. Түстен кейін қалтырап-дірілдеу және ертеңгісін малшынып терлеп қалу бұл ауруға тән белгі. Созылмалы бруцеллезде ыстық бірнеше күн басылады да сосын қайта көтеріледі. Тиісті ем қолданбаса, бірнеше жылға созылуы мүмкін.
- Мойында, қолтықтың астында, шапта ісінген лимфа түйіндері пайда болуы мүмкін. Клиникалық симптомдары орташа алғанда 2-3 апта өтуімен сипатталады. Жіктелуі, ағымы бойынша: жеңіл, орташа, ауыр, латентті
Ұзақтығы бойынша: жедел (3 айға дейін), жеделдеу (6 айға дейін), созылмалы (6 айдан кейін), ирезидуальды.
Балалардағы бруцеллездің клиникалық ерекшеліктері:
- Негізгі жұғу жолы: алиментарлы (қайнатылмаған сүт арқылы)
- Ауру біртіндеп басталады
- Көбінесе қызба болмайды, субфибрильді болады
- Терісі бозғылт, эрт. бөртпелер байқалады, 9-15%
- Лимфа түйіндері сирек үлкейеді
- Тірек-қимыл жүйесі жағынан әлсіз өзгерістер байқалады
- Перифериялық-жүйке жүйесі, зәр шығару жүйесі сирек зақымданады.
- Негізгі аяқталуы- сауығу.
Эпидемиологиясы. Барлық жерде кең таралған. Инфекция көзі: ұсақ мүйізді, ірі қара мал, шошқалар, маралдар және адамдар. Таралу механизмі: фекальды-оральды. Берілу жолдары: қатынас арқылы (зақымдалған тері), алиментарлық, ауа-шаң (аэрогенді). Көбінесе малшылар, шопандар, ауыл тұрғындары жеке бас гигиенасын сақтамағандықтан ауырады.
Бруцеллезден сезіктенсеңіз дәрігерден кеңес алыңыз, өйткені көп жағдайда бұл аурумен басқа ауруларды шатастырады, ал емдеу үшін көп уақыт та, қаржы да шығын болады.
Сарыптан сақтану жолдары қандай? Сарыптың тек ауру малдардан немесе мал өнімдерінен жұғатынын ескерсек, бірінші кезекте сақтану шараларын аурудың көзі болып табылатын себептерді жоюдан бастаған жөн. Ол үшін, жекеменшік мал иелері мен шағын шаруашылығы басшылары, жергілікті әкімдер мен мал дәрігерлерімен бірлесіп, қожалықтағы немесе жекеменшіктегі барлық мал басын түгелдей есепке алып, уақтысында ауру-сауын тексеріп, сарыпқа және де басқа қауіпті ауруларға қарсы ектіріп отыруы керек. Ауруы анықталған малды мал дәрігерімен ақылдасып көп ұзатпай (бекітілген Ереже бойынша 5 күн ішінде) ауру малды сойып, өңдейтін арнайы орындарға тапсыруы керек.
Ауру малды өзге малдан бөлектеп, іш тастаған малдың төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып мал төлдеген жердің сабан-шөбін, топырағымен қоса алып, қорадан аулық жерге апарып, иттер қазып ала алмайтындай етіп, 1-1,5 метрдей тереңдікке көміп тастау керек. Ауру малды бағып-қағушылар үстінде арнайы санитарлық киімдер: халат, резіңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтін алжапқыш байлап, жұмыс істесе өте жөн. Малға қарап келген соң киімлі ауыстырып, қолды жиі сабындап жуып жүрудің де маңызы өте зор. Мал алу немесе сату кезінде мал дәрігеріне көрсетіп, малдың саулығы туралы анықтама алу керек.
Ауру малдар бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға, демалыс жасауға болмайды. Жаңа туған төлді үйге кіргізудің де қажеті жоқ, себебі, үйдегі сәбиге, балаларға, отбасы мүшелеріне ауру жуғуы мүмкін. Мал немесе малдың еті мен сүтін сатып алғанда, сатушылардан малдың саулығы туралы мал дәрігердің анықтамасын талап етіңіздер. Қайнатылған немесе пастерленген сүтті ішіңіз. Бруцеллез тараған жерлерде қайнатылмаған сүттен дайындалған ірімшікті жеуге болмайды.
Ауру малдарды бағып-күткен кезде аса сақ болыңыз, әсіресе сіздің денеңізде жырылған немесе тілінген жер болса ветеринария қызметкерлерімен кеңесіңіз, қолыңыздағы малдың денсаулығын қадағалап отырыңыз.
Мал шаруашылығымен шұғылданатын ағайындарға айтарымыз: қолдан келсе ата кәсібімізді жалғастырып, мал ұстаған дұрыс. Ал ауру малды қолда ұстап жанұя мүшелеріне, туысқандарыңызға, малшыларыңызға ауру жұқтырып, немесе оны жасырып, мал дәрігерлеріне хабарламай сойып, немесе сүті мен етін сатып, заң алдында да, ар алдында да күнәлі болып, сау адамдарға ауру жұққызып обалына қалмаңыздар.
Орындалуы қарапайым ғана, жоғарыда көрсетілген ережелерді мұқият орындасаңыздар, тек сарып емес, малдан жұғатын көптеген басқа да аса қауіпті аурулардан аулақ боласыздар.
ҚР ТҚҚА ОҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының м.а. Н.Нышанов
Leave a Reply