Соңғы 2 жылдың көлемінде теміреткі 18-39 жас аралығындағы тұрғындардың шабында (лобковая часть) жиі кездесіп отыр. Бұған себеп кездейсоқ жыныстық қатынастарға баратын адамдар ауруды белгісіз адамдардан жұқтыруда.
Теміреткі – ауру адамнан адамға, ауру үй жануарлар мен жабайы жануарлардан адамға жұғатын терінің жұқпалы ауруы. Аурудың қоздырғыштары қарапайымдар тобына жататын — саңырауқұлақтар. Терінің ылғалдылығы аурудың қоздырғыштары үшін қолайлы қоректік орта болып табылады. Теміреткімен науқастанған адамның немесе жануардың түскен терісі, шашы, түгіндегі аурудың қоздырғыштары бірнеше жылға дейін қатты аяздарда да, аптап ыстықтарда да өмір сүруге бейім келеді. Аурудан кейін залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмеген жағдайда бөлменің шаңында, науқастың киімдерінде, бас киімдерінде төсек орын жабдықтарында, ойыншықтарында және басқа да науқас пайдаланған заттарында аурудың қоздырғыштары өмір сүре береді. Шаштараздарда ауру адамға пайдаланған қайшы, тарақ, алмас, тырнаққа күтім жасау үшін арналған құрал- жабдықтар, сүлгілер талапқа сай залалсыздандырылмаған жағдайда ауруды жұқтырудың көзі болып табылады. Егер ауру адамнан кейін қырқылған шашты өртеп жібермесе ол да ауруды жұқтырудың бір көзі болып табылады. Ауру көбінесе адамдардың бетінде, бастың шашты бөлігінде, мойындарында, қолында, яғни дененің ашық жерлерінде кездеседі. Сонымен қатар, киім жауып тұратын бөліктерінде де жиі кездеседі.
Жаз мезгілінде аурушаңдық біршама бәсеңдейді. Дегенмен де, ата-аналардың балаларын жаңа оқу жылына мектепке арналған киімдерін дайындау барысында дүкендерде де, базарларда да киімді киіп көру кезінде аурушаңдықты жұқтыру оқушылар арасында күрт өседі. Яғни, ауруды жұқтыру көзі науқас адамнан кейін киімді киіп көру кезіндегі киімдер болып табылады. Сондықтан кез-келген адам аурушаңдықтың алдын алу үшін киім өлшеп көрген кезде де сақ болғаны дұрыс.
Ауру адам шомылған бассейндерде, моншада, ашық су көздерінде сау адам шомылса, науқас пайдаланған сүлгі, мочалкасы т. б. заттарын пайдалану арқылы ауруды жұқтырып алу қаупі бар. Ауруға шалдыққан үй жануарларын ветеринарлық дәрігерлерге көрсетіп, емдету қажет. Ауру адам және жан-жануарлар уақтылы емделмеген жағдайда өмірінің соңына дейін ауру көзі болып жүре береді.
Ауру жұқтырған күннен бастап 2-3 аптадан кейін аурудың белгілері басталады. Алғаш белгілері диаметрі 0,3-0,5 мм көлемінде басталатын таңғылдақтар ақшыл қабыршақтанып, үлкейіп, әр түрлі формалы болып ке-леді. Науқас аздап қышуды байқайды. Зақымданған тері қызарып, кейде іріңдейді. Іріңдеу көбінесе бастың шашты бөлігінде кездеседі. Бастың шашты бөлігінде теміреткі шыққан жағдайда науқастар ем қабылдап жүріп, жұқа мақтадан тоқылған орамал тастамау қажет. Теміреткі денеге шыққан жағдайда киім-кешектерін, төсек-орнын міндетті түрде залалсыздандырып отыру қажет. Науқас адаммен киім алмастырып киюге болмайды және де қарым-қатынастағылардың барлығы 30 күнге дейін қадағалауға алынады. Дер кезінде емделмесе ауру созылмалы түріне ауысуы мүмкін. Жұқпалы тері ауруларынан сақтанғыңыз келсе, өзіңіздің және жақындарыңыздың жеке бас гигиенасын сақтай біліңіз.
Ғ. А. СЫДЫҒАЛИЕВА,
Абай ауданы бойынша МСЭҚБ эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.
Leave a Reply