Шымкент қаласында қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен «Көрпе Fest» мегафестивалінің ашылуы өтті. Мегафестивальді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков ашып, ісмер аналарға сәттілік тіледі.
Шара «Аналар аманаты» деректі фильмін көрсетумен басталды. «Көрме» орталығында ұйымдастырылған шараға көп балалы аналар және тігін тігіп, өз кәсібін бастауға ниет білдірген 200-ден астам қыз-келіншек қатысты. Олар 4-наурыздан бастап, 6-наурызға дейін 3 күн бойы көрпе, құрақ құрау және өзге де қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын үйренді.
Ақысыз шеберлік сағаттарын «Алтын сапа» премиясының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері, Республикалық ақпараттық ағарту үгіт-насихат штабының төрайымы Ырза Тұрсынзада өткізеді.
Фестиваль «Аманат» әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған болатын. Шара соңында қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыстау және марапаттау рәсімдері өткізілді.
30 тігін машинасы ойнатылады
Шымкент қаласында өтіп жатқан «Көрпе Fest» мегафестивалі аясында ақысыз шеберлік сағатын ұйымдастырған Ырза Тұрсынзада ханым YouTube видеохостингінде қазақ тілінде жүретін жаңа «Live» арнасын ашқан. Ол туралы ол өзінің фейсбук әлеуметтік желісінде жазған.
Сондай-ақ, шебердің айтуынша, Таразда өтетін келесі «Көрпе fest» фестивалі аясында тағы ақысыз тренинг сабақтарына қатысуға ниетті қыз-келіншектер YouTube-тағы бейнежазбасына «Мегафестиваль КӨРПЕ FEST ТАРАЗ 2020» деп жазып, аты-жөні мен байланыс телефон нөмірлерін қалдыру арқылы қатыса алады және тренинг кезінде 30 тігін машинасы ойнатылады екен.
Айта кетсек, «Көрпе fest» фестивалі еліміздің түкпір-түкіпірінде аталып өтілетін шараға айналып келеді. Биыл 4-6 наурыз аралығында Шымкент қаласында да осы шара өткізіліп, Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сағатына қатысуға ықылас білдірген қыз-келіншектердың қатары көп болды.
«Қызмет-Ақпарат»
Фото С.Мырзалиевтікі
Leave a Reply