Қалың қалай, кәсіпкер?
Соңғы сәтте әлем елдері коронавирус дейтін дертке қатысты алаңдап, ел ішін түрлі дақпырт кезіп кетті. Бұл дерттің өзінен бұрын, алып қашпа әңгімесі ел экономикасының салаларына зиян келтіре бастады. Алғашқы болып соққы алған кәсіп иелері – туристік агенттіктер. Бүгін біз осы сала өкілі, «QazaqTravel Shymkent» туристік агенттігінің иесі Нұргүл Мамырбаймен жолығып, ой-түйткілдерін тыңдадық.
– Нұргүл Асқарқызы, туризм саласында қызмет етіп келе жатқаныңызға бірнеше жыл болғанын білеміз. Коронавирус деген індет әлемге тарағалы нендей қиындықтар мен кедергілерге кезігіп отырсыздар? Мүмкін, шығындарыңыз да бар шығар?
– Ия, менің туризм саласында қызмет етіп келе жатқаныма 19 жылдан асса, «QazaqTravel Shymkent» туристік агенттігін ашып, жеке кәсіп бастағаныма 3,5 жылдан асты. Бұл ұйым негізінен сыртқы туризм, оның ішінде Мысыр, Тайланд пен Біріккен араб әмірліктеріне турпакет сатумен айналысады. Қазір шетелге саяхат жасау біршама қиындаған. Визасыз қатынауға мүмкіндік бар елдерден тек Мысыр мен Дубай бағыты болса, Тайландқа бару үшін виза қажет етеді. Бүгінгі күнде виза талап етілетін елдерге ұшып баруға болғанымен, турист қосымша шығындар жұмсауға тиіс. Коронавирус қауіптілігіне орай, біраз тапсырыс кері қайтарылып, біршама қиындық та туғызып үлгерген.
Мысалы, осы наурыз айының алғашқы аптасында Мысырға ұшуға тиіс тапсырыстан девальвацияға қатысты әжептеуір шығын көрдік. Алдын-ала теңгемен төленіп қойғандықтан АҚШ доллары құнының өсуіне байланысты артығымен төлеу салдарынан шығындалдық. Осындай кедергілерге тек біздің агенттік ғана емес, барлық туристік ұйымдарда жолығуда. Өйткені, мұны туроператорлар қайтарып беруі тиіс. Үкімет тарапынан біздің азаматтардың Мысыр секілді елдерге баруына тыйым салынбағандықтан, біз ол турды сатамыз. Ал Үкіметтен ол елдерге шығуға тыйым салатын арнайы үкім келмеді, сол себепті азаматтар жоғарыдағыдай тур ақысын кері қайтаруды сұраған сәтінде туроператор ол қаржыны қайтаруға міндетті емес. Бірақ, біз 100 пайыздық айыппұл төлеп, қосымша шығынға батып отырмыз. Егер, Үкіметтен арнайы үкім келсе, біз қайтаруға міндеттенеміз. Мәселен, ұшуға рұқсат етілген Мысырға сатылған турдың қаржысын қайтару туралы азаматтардан өтініш түссе, ол елден сатылып кеткен турдың ақысынан 100 пайыз мөлшерінде айыппұл салады. Екі ортада шығынды біз, туроператорлар тартып отырмыз.
– Коронавирустың өзінен бұрын дақпырты қауіпті дейсіз ғой?..
– Ия. Қазір осы дақпырт елді елеңдетіп, қорқытып қойды. Шын мәнінде, мұндай тұмау секілді жұқпалы дерт қай кезде де, қай заманда да болған.
Соншалық қауіптілігі жоқ. Жұртты әбігерге салған бос байбалам болып кетті. Биылғы бұл кеселдің елді дүрліктіруі орасан болып, дерт жұқтыру қауіптілігі жоқ елдерге сатылған турпакеттерді де кері өткізуге дейін жеткізді. Бұл үрей біздің қызметке де материалдық-қаржылық шығын ғана емес, имидждік зардап әкелді. Меніңше, соншалық дүрлігетіндей дерт емес.
– Әңгімеңізден түсінгеніміз, бұның бәрі Президенттің жарлығы жарық көргенге дейінгі өзгерістер. Президенттің ел ішінде төтенше жағдай жариялау жөніндегі жарлығынан кейін тағы өзгерді ме?
– Ия. Жоғарыдағы сөзімізде Үкіметтің арнайы құжаты шықпағанын айтып едік. Күні бүгін ҚР Президенті Қ.Тоқаев 16-наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жариялап, барлық шетелге шығуға тыйым салынды. Тіпті, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанға шығуға да арнайы тәртіп енгізілді. Яғни, 16-наурыздан бастап ешбір шетелге турпакет сатуға мүмкіндігіміз жоқ.
Сондай-ақ, Президент жарлығына сәйкес, ірі сауда орталықтары таңғы 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін ғана жұмыс істейтін болды. Біз орналасқан «Рахима плаза» да осы тәртіпке бағынады. Бұған дейін біздің турагентігіміздің негізгі тұтынушылары негізінен түстен кейін, кейде тіпті 19:00-ге дейін де келе беретін. Бұл да біздің жұмысымызға бір жағынан кедергі болып отыр.
– Осындай шығыннан кейін сыртқы туристік бағыттағы қызметіңізді ішкі туризмге бұру ойыңызда жоқ па? Ішкі турпакеттерді қарастырдыңыз ба?
– Менің кез-келген қиындықтан позитив көргім келетін қасиетім бар. Бұл қиындықтың да берер өз пайдасы бар шығар. Жаңадан басталған туристік маусымда еліміздің ішкі туризміне бет бұрғым бар. Түркістан, Сарыағаш, сонымен қатар, көршілес Өзбекстанның Ташкент, Самарқан, Бұқара, Хиуа секілді туристік аймақтарына турөнім сатуды ойластырып отырмын. Алматы, Алакөл, Шарын, Ыстықкөл тараптарымен келісімге келіп отырмын. Сондай-ақ, биылғы Абайдың 175 жылдығы аясында Жидебайға 3 күндік саяхат ұйымдастыру жағын да қарастыруға болатын сияқты. Сіз де туризм саласының нанын жеп көрдіңіз ғой, егер, осындай туристік өнімдеріңіз шығып жатса, ақысына адам жинап беруге болады.
– Әңгімеңізге рақмет! Ойға алған ісіңіз жүзеге аса беруіне тілектеспіз!
Әңгімелескен С.Қаржан
Leave a Reply