2022 жылғы 16-22 тамыз аралығында Беларусь Республикасының Брест қаласында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер ұлдар арасында XI әлем чемпионаты және жасөспірімдер қыздар арасында VII әлем чемпионаты өтті. Аталған чемпионатқа Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Беларусь-2, Словак Республикасы және Үндістан құрама командалары қатысты. Жарыстың кезеңдері келесідей болды: жүз метрлік кедергілері бар жолақтан өту, 4х400 эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю, шабуыл сатысымен көтерілу.
Қазақстан Республикасының Ұлттық командасының құрамында шымкенттік спортшылар Абдуварисова Умида, Мауланов Сарвар және Төлеген Нұрдәулет те болды.
Тартысты жарыстың қорытындысы бойынша 100 кедергілері бар жолақтан өтуден Мауланов Сарвар 3-ші орын, ал Төлеген Нурдаулет 4-ші орынды иеленді. Жауынгерлік қанат жаюдан жасөспірім қыздар командасы 3-ші орынды иеленді, бұл жеңіске жетуге команда құрамында болған шымкенттік спортшы Абдуварисова Умиданың үлесі үлкен.
Ал, республикамыздың құрама командалары үшін басты нәтиже- олар Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Осыған орай, жеңімпаздарға құрмет көрсету үшін Шымкент қаласының теміржол вокзалында Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы орынбасарының жетекшілігімен оларды туыстары, достары және Қызметтің қызметкерлері қарсы алды. Қызмет бастығынің орынбасары азаматтық қорғау полковнигі С. Р. Шойманов спортшыларымызды құттықтап, алғысын білдірді.
Қызметтің қоғаммен байланыс тобы
Leave a Reply