ШЫМКЕНТ ЖАҢА ГҮЛЗАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Республика күніне тарту. Шымкент тағы бір нысанмен толықты. Қала әкімі Мұрат Әйтенов су жаңа гүлзардың ашылу рәсіміне қатысып, ел игілігіне берді.
Нысан Қазыбек би-Есенберлин көшелерінің қиылысында, Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен А.Пушкин атындағы кітапханаға жақын маңда орналасқан.
Гүлзарда орындықтар, қоқыс жәшіктері, арнайы ағаштан жасалған “pergola” (шатыр), селфи аймағы, әткеншектер, мен стилді жарықшамдар орнатылған. Тақтатастары фортепиано пернелері іспеттес төселген.
Нысанның ресми ашылуында шаһар басшысы барша жұртқа жүрекжарды лебізін жеткізе отырып, “Қазақстан — қуатты мемлекет. Бұл күнге оңай жетпегеніміз тарихтан белгілі. Барымызды бағалап, туған жердің қадіріне жете білейік. Туымыз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!”-деді.
Айтып өтейік, жаңа гүлзар орнында бұрын “адвокаттар алқасының” ғимараты бар еді. Өртеніп кеткен соң барлығы сүрілген. Енді бұл жер тұрғындар тынығатын аймаққа айналды.
Бұдан соң қала әкімі жаңадан ашылған А.Пушкин кітапханасына барып, ішін аралап көрді. Қызметкерлерді Ұлттық мейраммен қатар келген кәсіби мереке — кітапханашылар күнімен құттықтап, жұмыстарына жеміс тіледі.

Тақырыпқа тұздық: Шымкентте саябақтар мен гүлзарларға 2022-2026 жылдарға арналған даму концепциясының жобасы әзірленген болатын.

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, концепция жобасы аясында жалпы қалалық саябақтар жүйесін қалыптастыру, демалушыларға қолжетімді аумақта орналасуы, саябақтарда жаңа сценарийлерді құру және тағы басқа да жұмыстар жүргізілетін болады.

«Абай» саябағының аумағындағы «Дельфин» аквапаркін жаңғыртып, заманауи күйге келтіру мақсатында эскиз жобасы әзірленіп қала әкіміне ұсынылып, қолдау тапты. Эскиз жобасы бойынша «Дельфин» аквапаркін қайта құру жұмыстары «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен жүргізіледі.

Ағымдағы жылдың тамыз айында қала аумағындағы халық санының артуын ескере отырып, жаңадан 23 гүлзар орындарын салу бойынша ұсыныс берілді. Ұсыныс қала әкімімен қолдау тауып, әр жыл сайын 5-10 гүлзардан салып, қаланың көгалдандыру аумағын 30,25 гектарға арттыру жоспарланып отыр.

Қала аумағындағы саябақтарды кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстарынан өткізу бойынша Жол картасы әзірленді. Қазіргі уақытта аудан әкімдерімен келісіліп, бекіту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаладағы субұрқақтардың жұмыс уақытын айқындайтын кесте бекітілді, қала аумағындағы барлық субұрқақтар бекітілген кестеге сәйкес жұмыс атқаруда.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Айманбетовтың тапсырмасына сәйкес, қала аумағындағы 8 саябақ пен 39 гүлзарларға инвентаризация жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласының қалалық жайлортаны дамыту басқармасының балансында 8 саябақ және 39 гүлзарлар мен аллеялар, 37 субұрқақ, 44 ұңғыма, 50 ескерткіштер бар. 8 саябақ, 39 гүлзар күтіп-ұстау жұмыстары мердігер мекеме «Build Stroy» ЖШС, 2021 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс жасауда. 50 ескерткіш күтіп-ұстау мердігер мекеме «МраморГранитТас» ЖШС 2021 жылдың сәуір айынан бастап, ал 37 субұрқақ және 44 ұңғыманы күтіп-ұстау мердігер мекеме «Пример Строй» ЖШС 2021 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс атқаруда.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика