Шымкент қаласында тұрғындарға 20 мың бетперде тегін таратылды. Игі іске үлесін қосқан «Mega Pharma» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Таратылған барлық бетперде аталмыш серіктестік өнімдері. Сонымен бірге, 600 дана аскорбинді қышқыл дәрумендер де жұртшылыққа ұсынылды.
Бұл игі істің басында Шымкент қаласының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев жүрді. Негізінен өнімдерді таратушы осы Жандос Төлембекұлы бастаған ерікті жастар екенін айта кеткен абзал. Еріктілер Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қалаларымыздың негізгі көшелерінде бетперделер азаматтарға тегін таратылуы тиіс» деген сөзін негізге алған. Ерікті жастар көшедегі жаяу жүргіншілерге және сол маңдағы сауда нүктелеріне кіріп тұтынушыларға бетперделер мен аскорбинді тегін ұсынып қуантты. Әр адамға ұсынылған пакетте 5 дана бетпердеден бар.
Жандос Төлембекұлы бастаған жастар қайырымды шараны қаладағы төрт ауданда да жүзеге асырды.
Игі істі Еңбекші ауданындағы «Север» дүкені маңында бастаған еріктілер одан әрі Әл-Фараби ауданындағы «Арбат» сейіл көшесі мен Абай ауданындағы «Жаңа шаһар» сауда орталығы алдында, Қаратау ауданындағы Қайнарбұлақ, Сайрам елді мекендерінде жалғастырды.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Leave a Reply