Біз жаңадан ашып отырған бұл айдарымызда өз ісінің шебері атанып , ел құрметіне бөленіп жүрген жандар туралы жазатын боламыз. Ол етікші ме, тігінші ме, жоқ жауынгер ме… Мұғалім, дәрігер, сатушы, кәсіпкер болуы да мүмкін, бұл жағы маңызды емес. Ең бастысы ол өз ісін біледі және оның қызметіне деген сұраныс бар. Ең бастысы оның абыройын кәсібіне деген адалдығы асырып отыр.
Қыдырәлі Агибаев. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен жан. Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Сурет салатын. Әсемдікке жаны құштар бала қылқаламның құдіретіне бойалдырды бастапқыда. Кейінірек осы қызығушылық қолөнерге алып келді. Бүгінде ұстаз. Шымкент қаласындағы №90 жалпы орта мектепте технология пәнінен сабақ берді. Қолөнердің сырларын балаларға үйретіп жүр. Жұмыс істеп жүрген ортасында, шәкірттерінің арасында ғана емес, жалпы қолөнердің қадірін білетін ортада сыйлы, абыройлы.
Ол ағаштан көркемдік бұйым, жиһаз жасау ауқымы кең кәсіп түрі. Ата-бабамыздан аманат болып қалған дәстүрлі қолөнерді бүгінгі жас ұрпақ үйрену арқылы санасына сіңіреді, осылай эстетикалық және экономикалық тәрбие қалыптасады. Өкінішке қарай, көп ата-аналар балаларын өнерге баулымайды, заман талабына сай шет тілі және негізгі пәндер курстарына оқытып жатады. Жоғары білімді дипломы бар азаматтардың өзі кейде жұмыссыз жүретін жәйттер кездеседі. Нарық заманы бос отырғанды көтермейді деген пікірде.
Ал, жалпы мектеп бағдарламасына енген технология пәні туралы айтары мынадай:
Технология пәнінің басты мақсаты білім ошағында оқушыларға еңбек етудің алғышарттарын үйретіп, болашақта бір отбасының асыраушысы ретінде кәсіпке даярлау. Өзіміздің мектепті алатын болсам заман талабына сай жабдықталған ас пісіру, киім тігу, ағаш өңдеу, темір өңдеу сыныптарында сабақ өтіледі.
— Бізді ағаш өңдеп бұйым жасау процесі қызықтырып отыр.Бұл жас балалар үшін қиын емес пе және ол қалай жүзеге асады, оқушылар ағаштан қандай ұлттық бұйымдарды жасай алады?
— Иә, қолөнердің ішінде ағаш өңдеу ісі ауқымы кең сала. Біз балаларға сол ауқымды істің әліппесін үйретіп жатырмыз десек болады. Біздің шеберханада ағашты дөңгелетіп жонудың арнайы білдегі бар, ішін оюға фрезер қолданылады. Бұйымның жасалу түріне қарай қолмен қашау әдісін де пайдаланамыз. Тақтайды дөңгелетіп кесуге қыл ара қолданылады.
Жақында топтық сабақ жүргізу сыныптарына арналған алты орындыққа есептелген дөңгелек үстелдерді оқушылармен бірге жасап шықтық. Қазіргі күнде оқушылар жеміс-жидектер, тәттілерді салатын қазақтың ұлттық ыдысы астау, шахмат, шағын бесіктер, күбі, күбінің піспегін жасауды жақсы үйреніп алды. Мені қуантатыны кейбір оқушылар өздері жасаған дүниені көргенде «біздіңде қолымыздан келеді екен гой» деген бойларына сенім ұялап осы өнерді әріқарай игерсем деген қызуғушылық танытып жатады.
— Осыншама бұйымдарды жасауға ағаштарды қайдан аласыздар?
— Өте орынды сауал. Білім ошағының барлық жетістіктері жаңашылдыққа жаны құмар жас басшымыз Арман Шымбайұлының жетекшілігімен жүзеге асып жатқан жұмыстар. Мектеп директорының «АҚ Ордасы корпорациясымен» келіссөздер жүргізуі нәтижесінде аталған корпорация басшысы Қалыбеков Садулла Жантөреұлы демеушілігімен біздің ағаштан бұйым жасауымызға материалдар беріп оқушылардың ұлттық бұйымдарды жасап үйренуіне жол ашылды.
— Балалардың жасаған бұйымдарын көріп қуанып отырмыз, жалпы қолөнер ыждаһаттылық пен уақытты көп қажет екені белгілі Маман ретінде технология пәнінің оқытылуына байланысты не айтар едіңіз.
— Дұрыс байқап отырсыз.Бірақ биылғы оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасындағы технология пәніне аптасына бір-ақ сағат бөлінген. Тапсырманы толық меңгеру үшін сабақтың аптасына екі рет өткені дұрыс. Тағы бір айтарым, үйірменің үйретері көп. Білім ошақтарында қолөнер үйірмелері ашылса өздерінің алдына биік мақсат қоя білетін талантты балаларға, мол мүмкіндік ашылар еді.Ал, бізде ондай балалар көп. Менің байқағаным балалар өздері жасаған қолөнер туындысына ою-өрнекті ерекше жауапкершілікпен салады, әр өрнектің байыбына барып мән-мағыгасына үңіліп, білмегендерін сұраудан жалықпайды. Бұл жасалған бұйымның барлығында баланың таза ниеті, пейілі, жандарының жылуы бар. Сәтті, көрер көзге жағымды шығуының бір себебі осы. Егер осы туындыларды көрмеге қояр болсақ лайықты бағаланады деген үмітім бар және сенемін.
— Шынында әсіресе, сіздер жасаған бесікте ұлттық коларит қою, бір түрлі жылы әсер етеді, ұядай көрінеді. Базарлардағы бесіктерді мына тұрған бесікпен салыстыруға келмейді. Сұрап көрсем солардың барлығы дерлік Ташкент, Самарқандтан әкелінеді екен. Біздің қолөнершілеріміз аз емес, соған қарамастан неге өзіміздің ұлттық ою-өрнектермен әспеттелген бесіктерді табу қиын?
Бесік адам өміріндегі ең бір маңызды дүние, киелі зат,бұған дау жоқ, сондай-ақ оның жасалу жолы да ерекше. Киелі демей көріңізші, қоқыста жатқан бесікті көрсеңіз қандай күйде боласыз, жаныңыз түршігеді. Киелі демей көріңіз енді.
Ата-бабаларымыз бесікті ешқандай білдектің (станок) көмегінсіз қолмен жасаған. Ал, қазіргі жаңа сіз айтып отырған бесіктер бұл талапқа сай келмейді.
Бүгінде біз нарық заманында өмір сүріп отырмыз. Нарық тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруы керек. Өзім Шымкент педагогикалық институтының Көркем сурет және графика факультетінде оқып жүріп халықтың сұранысына қарай алғаш бесік, ағаштан тербелетін ат жасаумен шұғылданғанмын. Баласына арнайы ниеттеніп бесік жасататын адамдар бар арамызда, бірақ олар көп емес. Нағыз қолөнер шеберлерін шын көңілмен іздеген ондай адамдар материалында өзі таңдайды. Кейбір отбасыларда бесік атадан балаға беріледі. Әкесі, атасы жатқан бесікте тербелген балаларда бар. Зерттей берсек мұның да бесік апару сияқты өзіндік мақсаты,маңызы, сыры бар. Қазір бір үйге бес келін түссе бес бесік келеді. Бірінің баласы жатқан бесікке екіншісінікі жатпайды. Және сол бесіктердің сапасына да көңіл тола бермейді. Бұл өзі өз алдына бөлек әңгіме. Біздің мақсатымыз білгенімізді балаға үйрету.
Қазақша ою-өрнектермен безендірілген бесік жасаудың технологиясын оқушыларға үйретіп, салт-дәстүріміздің ұрпаққа ұласуына үлесімізді қосып келеміз.
Ол қарапайым. Сөздің емес, кәсібінің шебері. Біздің ағайымызды сөзіне емес жасаған бұйымдарына қарап бағалау керек. Ол кісінің ойын, айтарын қолынан шыққан бұйымдарға қарап түсінуге болады.Біз әңгімелесіп отырғанда ағаш станогында жұмыс істеп бала әңгімемізге осылай кеп араласты.Өзі бос уақытының көбін осы шеберханада Қыдырәлі ағайының жанында өткізеді екен.
Бектемір БАЙБУРИЕВ, 9-сынып оқушысы.
Маған ғана емес менің сыныптастарыма да технология пәні өте қызықты. Өзіңіз көріп отырсыз технология пәні мұғалімдерінен шеберліктің сырларын үйренудемін. Мақсатым, мектеп бітіргенше ағаштан бұйым жасауды үйрену. Ол менің болашағым үшін керек болады. Қалай дейсіз бе? Менің болашақта қазақ жастарының да робот жасауға қабелетті екендігін әлемге көрсеткім келеді. Ал, ол роботты Қытай, жапондікінен не ерекшелендіреді. Әрине, қазақи өрнегі.
«Шеберлік шегі жоқ байлық» деген сөз бекерге айтылмаған деп ойлаймын. Қазір қолөнерден шеберлігімді шыңдағаным бұл менің қосымша өнерім, өзімнің болашақтағы негізгі мамандығым инженер болсам деймін.
Жас дос, егер сіз ағаш шебері боламын десеңіз…
Болашақта елімізде ағашты өңдеп дайын өнім шығарып осы саланың нағыз маманы боламын деген оқушыларға өзіміз білетін жоғары оқу орындары туралы мәлімет бере кетсек. ҰБТ және кешенді тестілеуде таңдаулы пәні: физика, бейіндік пәні: математика болады. Қазақ бас сәулет құрылыс Академиясында Ағаш өңдеу және ағаштан бұйымдар жасау технологиясы (қолданылу саласы бойынша (коды: 5В072500) мамандығын оқытады. Осы мамандық бойынша бітіргендер жиһаз жасау т.б. өнеркісіптің түрлерімен шұғылдана алады. Сондай-ақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 5В041700- Сәндік қолөнер (бакалавриат) мамандығы «Ағашты қөркемдеп өңдеу» және «Көркем тоқыма» кадрларын дайындайтын факультеті бар. Ал, бұл мамандық бойынша оқуға түсу үшін екі кезеңнен тұратын шығармашылық емтихан тапсыру қажет болуы мүмкін. Жоғарыда аталған екі университетте Алматы қаласында орналасқан.
Әлия Ахметова «Қызмет» газеті
Leave a Reply