tories/images 1 456.jpg» border=»0″ align=»left» />Қазақ жері кең-байтақ, ұлан-ғайыр. Оның бір ғажайып мекені – Отырар өңірі. Тарихи – ғылыми деректерге көз жүгіртсек, Отырар жері бақ қонып, Қызыр дарыған киелі жер. Қойны қазынаға толған бұл қасиетті өңір елім деп еңіреген талай батырлар, сөзден түйін түйген небір шешендер, дүлдүл ақындар, әсем-әуенді әншілер мен күйшілер, сан түрлі өнер иелері мен қоғам қайраткерлерімен әйгілі. Әлемде екінші ұстаз атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби алтын бесігі де осы – Отырар топырағы.Отырар-өзінің көне тартпас тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани алтын қазығы. Отырар-Елбасымыз айтқандай қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Тарих тереңіне көз салсақ ықылым заманнан мәдениет пен өнердің, ынтымақ пен бірліктің сарқылмас көзі болып келе жатқан Отырар ұлы жібек жолы бойында орналасқан ірі мәдени, ғылми-сауда орталығы болған. Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапханасы бар өз заманындағы руханият астанасы болған. Отырар-әлем мұсылмандарының ардақтысы Арыстанбабтың, атақты әмірші -Әмір Темірдің ақырғы демін алып, Аллаға аманатын тапсырған жер.
Отырар өзінің бай тарихымен әлемге әйгілі өңір.Ол 30-ға жуық әл- Фарабидің Отаны. Ол өзінің қаһарман қорғаушыларымен, өшпес даңққа бөленген батырлықтың, отансүйгіштіктің теңдесі жоқ үлгісіне айналған қала. Ұлы Отырар қорғанысы-орыстардың «Куликова», «Бородинасы» сияқты ұлтты батырлыққа, қаһармандыққа тәрбиелейтін ұлы рухани күш. Отырар- «Отырар өркениеті» деген атпен бүкіл дүние жүзінің өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұтас қазақ елі мен ұлттың бөлінбес бөлшегі, қайталанбас жауһары, алтын қазығы. Бүгінгі Отырар келушілерді несімен қызықтырады?
Мамандар туристерге мынадай бағыттарды ұсынады:
Әл-Фараби алаңы
Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық алаңның ұзындығы 117, ені 40м. Жалпы көлемі 5400 шаршы метр. Алаң әшекейлі бетон плитамен қапталған. Алаңдағы сахнаның ұзындығы 12м. Ені 4,3м,биіктігі 4,35м. Мінбер ұзындығы 12м, ені 6,8 м. Төбесі жартылай темір аркадан жасалған.
«Даңқты бабалар» саяжолы
«Даңқты бабалар саяжолына» кіреберіс қақпа доға тәріздес 5 метр бағаналарға орнатылған. Биіктігі 3,8м, d= 32,5см. Қақпаның маңдайшасы сұрғылт түсті аликобондпен қапталған. Әшекейленген 7 дана аркалардың ені 8,2м, биіктігі 3,7м, қаналары мрамор плиталармен қапталып, оларға Отырардан шыққан 30 ғұлама әл-Фараби бабалардың мүсіні орнатылып, Арыстанбаб, ержүрек қолбасшы Қайырхан, Кеңестер Одағының Батырлары Т.Ибрагимов, С.Әшіров, ғалым, мемлекет қайраткері Ө.Жәнібеков, ұлы сазгер Ш,Қалдаяқов, Шәуілдір өңірін игерудің ұйымдастырушысы Д.Алтынбеков сияқты ардақтылардың есімдері жазылған. Бедерленген бағаналарда тас дәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін Отырар өркениеті бейнеленген. Бағаналардың биіктігі 4м, диаметрі-0,8м.
Тау тасымен қапталған аяқ жол ауданы 2047м2, ол екі қатарлы ұзындығы 186м, ені2,5м. «Даңқты бабалар саяжолы» ортасынан өткен аяқ жолдың екі қапталына гүлзарлар орналастырылып, көкмайсалы екпе шөптермен көмкерілген.
«Даңқты бабалар» саяжолындағы «ФАРАБ ҒҰЛАМАЛАРЫ» бөліміне ескерткіш мүсіндері орнатылып,есімдері жазылған
Ислам – адамзат тарихына айрықша үлес қосқан үлкен өркениет. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым гүлденіп, адамзат адамгершілік пен парасат шыңына көтерілген. Шөліркеген даладай қуаңсып, суалған көлдей құлазыған мекендер исламның келуімен көгалды шалғын, көк майсалы жерге айналды.
Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири секілді өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған терең ойлы ғұламалар шықты. Олар тек қана қазақ елі немесе Орта Азия ғана емес, бүкіл мұсылман шығысы мәдениетінің мақтанышына айналды. Олардың есімдерімен қазір көшелер мен даңғылдар, университеттер мен институттар аталады. Біз олармен мақтанамыз. Олар қалдырған игі мұраларды үлгі етеміз. Бабалар мұрасы бізді қашан да рухтандырып отырады.
Енді солардың өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасап көрелік.
Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіші
Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішінің жалпы биіктігі 9,8м, ескерткіштің биіктігі -4,5м, қоладан жасалған. Оның тұратын тұғыры -4,3м, диаметрі-1,5м. Тұғыры қара мрамор плитамен қапталған. Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішінің авторлары: «Нар тас» ЖШС-ның сәулетшілері Рустемов Насыр, Әлдеков Дәурен.
Әбу Насыр әл-Фараби
Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби -870 жылы отырар қаласында туылған. Отырардан шыққан ұлы ойшыл,энциклопедист-ғалым, «екінші ұстаз» («әл-Муғаллим ас-Сани»), «Шығыстың Аристотельі» атанған ғұлама.
Ол 950 жылы Сириядағы Шам шаһарында қайтыс болған. Оны кезінде өз сарайынан ұлы ғұламаға орын берген сол елдің әміршісі Сайф әд-Даула Баб әс-Сағир қорымына жерлеген. Оның қабірін 1968 ж. Фарабитанушы ғалым,акад. А.Машанов іздеп тапты. ХХ ғ. 60-80 жылдары Қазақстанда әл-Фараби мұрасын жинау, бастыру, зерттеу жұмыстары қолға алынып, жүйелі жүргізілді. Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, Ә.Нысанбаев, А.Көбесов, Қ.Жарықбаев, М.Бурабаев, К.Тәжікова, Г.Қ.Құрманғалиева, Ж.Әлтаев және басқалар әл-Фараби мұрасын біраз зерделеді. Қазақтың ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фараби есімі беріліп, онда ұлы ғалымның мұражайы ұйымдастырылды. 1994 және 2009 жылы осы оқу орнының басшылығымен Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығына арналған халықаралық екі ғылыми-теориялық конференция өтті. ҚазМУ аллеясына әл-Фарабиге ескерткіш орнатылды.
Фарабидің отаны –Отырар ауданында -Отырар ауданының орталық алаңы ұлы ғұламаның есімімімен аталып,әкімшілік ғимаратының алдына ескерткіші орнатылған.
әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көз қарасы», «Музыканың ұлы кітабы» атты шығармалары Отырар руханияты музей-кітапханасының қорында сақтаулы тұр.
1. Киелі ағаш
Отырардың қолтық қойнауын, сай-саласы мен төбелерін, төңірегін ерінбей шарлаған адам ашық аспан астында жатқан тарихи музейді арлағандай күн кешер еді. Жақсы атадан қалған жәдігердей бұл өңірде өткен күндердің өрнегі болып саналатын ондаған төбелер мен Арыстанбаб кесенесі, Отырардың отыз бабы, бәрі де өткен тарихымыздың өнегелі өркеші іспетті. Сондықтан да өздеріңіз күнде көріп жүрген «Отырар даңқы» тарихи- танымдық кешенінің екінші кезеңінің кіре берісі «Киелі ағаш» композициясымен басталуы бекер емес.
Сонау ерте заманда монғол шапқыншылығынан отқа оранған Отырардан бір баланың қашып шыққаны айтылады. Түрік әлемінің ақиық ақыны Мұхтар ағамыз айтқандай «қашып шыққан сол баяғы баладан, бұл күндері санатты ұрпақ тараған». Сол бала мен бүгінгі ұрпақтың символы ретінде «Киелі ағаш» композициясы көрермендерге сыр шертеді. Ой тербетіп, жан тебірентеді. Отырар өңірінен тараған ұлы адамдардың жалғасы секілді өсіп келе жатқан жаңа ұрпақтың символы ретінде қойылған «Киелі ағашта» осындай терең фәлсафа, пайымды парасат бар. Арғы-бергіні қозғайтын шежірелі тілі бар.
«Ақ арка»
Оған жалғасып жатқан «Ақ» арка жеті бағаннан (колоннадан) тұрады. Жеті баған мұсылман ұғымындағы қасиетті санының символындай болып көз тартады. Жанына адамдардың демалуы үшін орындықтар қойылған.Бүгінгі заман талабына сай жасалған оның қазіргі формасы ұрпақтар жалғасын білдіреді.
«Қасиетті кітап» кешені
Осындағы «Қасиетті кітап» кешені — Отырар қаласын көрсететін айналдыра қоршау ретінде берілген дуалдан және ортасында «қара кубтен» жасалған монументтен тұрады. Ол әлі табылмаған әлемге әйгілі Отырар кітапханасының символы ретінде қойылған. Кітаптың мүсіндемесі – бетінде араб жазуымен «Аллаһ» және «Пайғамбар Мұхаммед Ғ.С.» жазуы мен «Кітап білім бұлағы» сөзі жазылған.
Орданың ішкі жағында «Кубты» айналдыра жеті символдық тас қойылған. Ол-Отырар өлкесінің өркендеуін және тұрмыстық жағдайын қатар бейнелейтін символ болып табылады.
«Төбешік»
Одан соң ескі қаланы еске түсіретін ортасынан өткелі бар, Отырар өлкесіндегі төбелердің символы ретінде «Төбешік» жасалынған. Төбелер ашылмаған қалашықтар символы.
Олар жайлы да айтылар аңыз көп. Солардың бірі Шыңғысханның жойқын шабуылына қарсы тұрып, алты ай бойы арпалысқан Отырардың ойран болып күйреуінен жер ананың қайғыдан көкірегі қарс айрылып, жүрегі қақ бөлінген деседі. Сол кездегі бақытын баянды ете алмай ойран болған Отырардай, алдарыңызда «Төбе» екіге жарылып тұр. Оның айналасы плиталармен қапталған,төбесіне көк шөп егілген.
«Тәуелсіздік белгісі»
Одан әрі тарихи –танымдық кешен Алтынбеков каналының бойына салынған биік аркалармен жалғаса тоқтаған. Ол адамдар кіретін қақпаның қызметін атқарып тұр.Биіктігі 6,5 м қызыл кірпіштен қаланған бес бөліктен тұратын сәулеттік құрылыс.Әр бөлігінің арасында жүріп тұруға арналған жолдар бар. Аркалар жеңісіміздің, тәуелсіздігіміздің белгісі ретінде қойылған. Одан бүгінде өсіп өркендеген, не қиындықтарды артқа тастап, еңсесін тіктеген, Қазақстан сияқты өркениетті елдің дүние жүзіне әйгіленген әлемін, биік рухын көргендей боласыз.
Жаяу жүргіншілер көпірі
Тәуелсіздік белгісі ретінде салынған аркаларды тарихи-танымдық кешенмен байланыстыру үшін Д.Алтынбеков каналына салынған ұзындығы 14 м және ені 3 м болатын темір-бетон көпір.
Әбу Насыр әл-Фараби руханият музейі
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің әдебиет және өнер бөлімінің негізінде халық депутаттары Қызылқұм аудандық Кеңесі атқару комитетінің 1991 жылғы 6 қарашадағы №388 қарары бойынша қоғамдық негізде, 2000жылы мәдениет комитетінің келңсңмімен (келісім хат №05/325) Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің филиалы болып, мемлекеттік негізде ресми ашылды.Музей бір ғылыми зерттеу бөлімі,қайта жаңғырту шеберханасы, 6 экспозиция,1 тұрақты көрме залы, 4 қор сақтау,кеңсе бөлмелері бар.Музейдің қазіргі жаңа жайы аудан әкімі Б.Сыздықовтың тікелей басшылығымен пайдалануға берілген.
Көрме залы
Ұзындығы 20 м,ені 7м, үлкен және кіші бөлмеден тұрады.
Өзбекәлі Жәнібековтың мемориалдық мұражайы
Өзбекәлі Жәнібековтың 80 жылдық мерейтойына орай 2011 жылдың 5 қарашасында ашылған ұзындығы 15 м, ені 8 м болатын 5 бөлмелі жай. Онда Өзбекәлі Жәнібекоаке қатысты 200-ден астар жәдігерлер сақтаулы тұр. Сыртқы дуалға Ө.Жәнібековтың «Отырар өркениетінің біз үшін мағызды болатыны-ең адымен оның қазаққа тән құрылыс ісінен,әсірсе үй тұрғызудан,суландыру тәсілдерімен,еңбек құралдарынан,әуез асптарынан,қолтума өнерден көрінетіні.Бұл оның қазақ мәдениетінің із ашары болатындығын дәлелдей түсетін жәйт.Отырар біз үшін қазақ тарихының алтын бесігі.»-деген сөзі жазылған.
Шәмші Қалдаяқов атындағы саз және өнер мектебі
Мектеп 1973 жылы 16 тамызда аудандық атқару кеңесінің қаулысымен құрылған. Аудандық атқару комитетінің 1990 жылғы 25 қазан №314 қарарымен сазгер,жерлесіміз Шәмші Қалдаяқов атындағы балалар саз мектебі болып қайта ашылған.
Отырардың үш ерекшелігі
Жалпы төл тарихымызға үңілсек,елімізде тарихи, қасиетті жерлер көп. Бірақ,Отырарадың орны ерек. Өйткені,Отырарда өзге жерде жоқ үш ерекшелік бар.Біріншіден,Отырар әлемге әйгілі Әл-Фарабидің туған Отаны,екіншіден,мұнда күллі мұсылман әлемінің ардақтысы-Арыстанбаб жерленген,үшіншіден,жер қайысқан Шыңғысхан әскеріне алты ай бойы беріспеген де қаһарман Қайыр хан бастаған осы Отырарлықтар еді. Мұндай ерлік адамзат тарихындағы бұрын соңды болмаған тұңғыш ерлік болатын. Тек кешегі Ұлы Отан соғысында Жамбыл атамның «ленинградтың өрендері» екінші рет қайталады.
Кіші архитектуралық формалар
Он гектардан астам аумақты алып жатқан «Жастар саябағы» заманауи талаптарға сай көріктендірілуде. 5000 шаршы метр жерге тау тасы төселген, жастар отырып демалатын беседкалар жасалған. Осындағы аяқ жолдар жағасына 120 дана әсем өрнекті шамдар, 30-дан астам әр түрлі қиялда талдан жасалған кіші архитектуралық формалар қойылады.
«Шәміл-Дүр» ескерткіші
Биіктігі 5,5 м,ені 80 см,тұғыры 1 м.Айналасындағы алаңға сұрғылт тау тасы төселген. Авторы Батухан Бәймен
Ескерткіш Шәміл деген балуан жігіт пен Дүр есімді сұлу қыздың арасындағы махабат хикаясына сүйеніп жасалған.Олардың бір-біріне ғашықтығы ел арасына аңыз болып таралады.Арманына жете алмай кеткен осынау қос ғашықтың құрметіне осы өңірді «Шәміл-Дүр» деп атайды. Ғасырлар өте келе бұл атау «Шәуілдір» болып өзгереді.
Отырар халықаралық туризм орталығына айналады
Отырар ауданы тарихи-мәдени қорлары жағынан айырықша аймақтардың бірі болып табылады,Аудан тарихи және мәдени ескерткіштерге бай.Сондықтанда Елбасымыз Н.Назарбаев 2005 жылғы 2 қыркүйекте Отырарға келген сапарында Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мәселесін айтқан болатын.Бүгінде үкіметіміздің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі «Көне Отырарды қалпына келтіру» туралы №1009 қаулысына орай Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру,оны дүние жүзілік туристік-мәдени бағыт бағдарда дамыту қолға алынуда.Жалпы туризм-таза бағыт. Ауданымыздағы музейлерге,көне Отырар қалашығының орнына,Арыстанбаб кесенесі сияқты тарихи орындарға жылына жүз мыңдаған адам келіп кетеді. Келешекте жоғарыда аталған қаулы іске асқан кезде осындағы Отырар төбе мен Арыстанбаб кесенесі арасындағы 4,8 шақырым жерде жаяу жол болады.Арыстанбаб кесенесінің жанынан 200 адамдық қонақ үй,этно орталық,әл-Фараби мұражайы,Сұлтан Бейбарыс пен әл-фарабидің кесенесі салынады.Туристер үшін Отырардың айналасындағы көптеген тарихи төбелердің арасына асфальт жол төселіп, шағын автобустар жүргізіледі.Бұлардан басқа «Шарбақ» бағы бар тарихи-мәдени кешен мқражайы,туристерге қызмет көрсету орталығы,60 орынды маусымдық қонақ үй,археологиялық нысандардың аспалы конструкциялары,Ынталы, Қоғам бағытындағы күре жолдың бойына ұлттық нақыштағы18 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үйлер салынады.
Қорыта айтқанда қазақ тарихында қасиеті қастерленген мекендер көп.Соның ішінде ұлылардың отаны атанған Отырардың шоқтығы биік.Оны аралап көру әр қазақтың мақсаты болса, канекей!
Деректер «Отырар энциклопедиясы», «Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы», «Шежірелі Отырар» кітаптары мен ауыл округтері әкімдерінің,аудандық спорт мектебі басшыларының анықтамасынан алынды.
Дайындаған: Файзулла Рахматуллаұлы журналист,
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply