ЖАУАПСЫЗ МАХАББАТТЫҢ ДА ЖАҚСЫ ЖАҚТАРЫ БАР

жауапсыз махаббаттың да жақсы жақтары бар 

Махаббат деген ұшан-теңіз әлем. Ананың балаға деген махаббаты, баланың ата-анасына деген махаббаты, әр адамның Отанына деген махаббаты. Біз бүгін жігіт пен қыздың арасындағы махаббат туралы сөз етпекпіз. Қыз Жібекпен Төлегендікіндей махаббат бар. Және жауапсыз махаббат бар.

Егер сіз құрбыларыңызға «Мен ол жігітке ғашықпын, ол маған көз қырын салмайды, не істеуіме болады?», — деген сауалдарды жиі қоятын болсаңыз, сіздің жауапсыз махаббатқа кез болғаныңыз. Өз сезіміңді сүйгеніңмен бөліспеу адам жанын ұзаққа созылатын азапқа салады. Бұл тақырыпты таңдауымыздың бірден-бір себебі осы. Біздің айтпағымыз мынау. Жауапсыз махаббаттың да өміріңізде оңды өзгерістер жасауыңызға мүмкіндік беретін жақсы жақтары бар. Ол үшін не істеу керек?

Өзгеріңіз. Сүйгеніңізге жақсы қырыңыздан көріну үшін мінезіңіздегі міндерді, сөйлеу мәнеріңізді түзеп, киім кию стиліңізді өзгертсеңіз ел сүйсініп қарайтын тал бойында бір мін жоқ аруға айналып шыға келесіз. Айтуға оңай дейсіз бе? Онда біз сізге қарсы сұрақ қоямыз.

Қанша әрекеттенгеніңізбен іштей буырқанған сезіміңізді түсінбеген жанға жылдарыңызды арнап, алтын уақыттыңызды босқа өткізгіңіз келе ме?

Өмір зымырап өте береді. Одан дер кезінде өзіңізге қажетті дүниені ала білмесеңіз ол сіздегі барын алып кетеді. Ал, өткенді қайтаруға болмайды. Сонымен не істейсіз?

Өзгеруге бел будыңыз делік.Одан кейінгі қадамдар қалай болады?

1-қадам

Өзің өзгеруге тырыс

 

Сіз оны қаншалықты шын сүймеңіз, өзіңізді өзгертуге шамаңыз жетеді.Алдымен сүйгеніңізге қандай қыздар ұнайтындығын анықтап алуыңыз қажет. Мұқият болыңыз: оның жан дүниесін зерттеңіз. Ол қандай қыздарға көп көңіл бөледі, қандай қыздарға жай құрбы ретінде қарайды? Бірінші қыздың екінші арудан қандай өзгешеліктері бар? Екі қыздың да мінезі, жүріс-тұрысына талдау жасай отырып өзіңізбен салыстырыңыз. Мысалы, бойы, салмағы, шашының түсі, жасы, жалпы дүниетанымы, мінезі, сөйлеу мәнері, киім кию стилі, тіпті иіс суы. Көп білген сайын арманыңызға қол жеткізуге жақындай түсесіз.

2 қадам

Сыртқы келбетіңізді өзгертіңіз

Ұнатқан жігітіңіздің өзіңізге көңіл бөлуіне әрекет етудің ең тиімді тәсілі – сыртқы келбетіңізді өзгерту болып табылады. Сіздің түр-келбетіңізге көп көңіл бөлмеуіңіз себепті сүйген жаныңыздың алдында биязы мінезіңіз, періште пейіліңіз, жақсы қасиеттеріңіз ашылмай қалуы мүмкін. Ғашығыңыздың сізге көз қырын салуы үшін бет бояуыңызды көз тартарлықтай етіп өзгертіп (табиғилықты ұмытпау керек), шашыңыздың түсін мүлдем басқа түске бояуыңызға болады. Шашыңызға жаңа түсті таңдағанда мұқият болыңыз. Сәйкесінше таңдалмаған түс керісінше сіздің талғамыңыздың төмендігін көрсетеді. Жаңа түс сіздің жүзіңізді одан әрі айқындай түсіп, сұлулығыңызды аша түсуі қажет. Сіздің бірден жарқырап шыға келуіңіз көпшіліктің талқылауына түсіп, айналаңыздағылардың мақтап-марапаттауы өзіңізге деген сенімді арттыра түседі.

Мүсініңіздің мінсіз болуына да көңіл бөліңіз. Артық салмақтан үй жағдайында да арылуға болады.

Сонымен сіз тал бойында бір мін жоқ арусыз. Сонда да сүйгеніңіз сізге көңіл бөлмей ме? Жаман ойдың керегі жоқ. Мүмкін ол сізге өзін лайық емеспін деп ойлап жүрген шығар. Сезімімді білдірсем 100% қарсылық білдіреді деген нақты пікірде болуы да мүмкін. 

3 қадам

Стиліңізді өзгертіңіз

Стиліңізді өзгерту де айналаңыздағылардың сіз туралы пікірін түбегейлі өзгертеді. Ережеге сай, көп жағдайда стильді өзгерткенде әйелдік нәзіктігіңізді айқындай түсетін детальдарға мән бергеніңіз дұрыс. Көптеген ерлердің пікірінше әйелдер қауқарсыз, нәзік жандылар, періште, оларға қамқорлық танытып, көмек көрсетіп, көңіл бөлуіміз қажет дейді.

Дұрыс таңдалған стиль кемшіліктеріңізді жасырып, мүсініңізді айқындап тұруы қажет. Кейде өзіңе лайықты образды таңдау қиынға түседі. Мұндай жағдайда стилистердің көмегіне жүгініңіз. Немесе, ғаламтордан да біраз кеңес ала аласыз. Кейде талғамы жоғары құрбыңыз да мұндай жағдайда дұрыс кеңес беруі екі талай. Бұл мәселеде қыздар арасындағы кішкентай қызғаншақтық үлкен рөл ойнап кетуі мүмкін.

4 қадам

Өзіңізді ортада ұстау қалпыңызды өзгертетін кез келді

Таңдағаныңыздың көңілін өзіңізге қарата алмауыңыздың бірден-бір себебі өзіңізді ұстау қалпыңызға байланысты болуы әбден мүмкін. Бұл жерде сізге жігіттердің назары тез ауатын құрбыларыңызды жиі бақылағаныңыз дұрыс болады. Мүмкін сіздің ұнатқаныңызға өзін ағылшын ханшайымдарындай ұстайтын қыздар ұнамайтын шығар. Керісінше, кейде ер мінезді аруларды ұнатуы ғажап емес.

Егер қандай болу қажет екені туралы нақты шешім қабылдамасаңыз, әйелге тән нәзіктік танытатын кезде биязы болыңыз, немесе жағдайға байланысты кейде ер мінезді қайсарлығыңызды да көрсете біліңіз.

5 қадам

Мінезіңізді өгертетін кез!

Жоғарыда аталғандар бойынша жасаған әрекеттеріңізден айтарлықтай нәтиже шықпады ма? Бұрынғыша «мен оған ғашықпын, ол менің сезіміме жауап бермейді» деген сөзді әлі де жиі қайталап жүрген болсаңыз, ендігіміз қиындау тапсырма мінезіңізді өзгертуіңізге тура келеді. Мінезді өзгерту үдерісі макияж бен стильді өзгерткендей бірден жасала салатын дүние емес. Мұнда сізге күндер, апталар, тіпті айлар қажет болады. Бұл жерде сізге біріншіден қиынға соғатын жағдай бойыңыздағы кейбір қасиеттерді (ашықтық, адалдық, сенімділік т.б.) дамыту қажеттігін нақты білмеуіңізде. Екіншіден, бастағаныңызды жарты жолдан тастамау үшін мол күш-жігер қажет болады.

Егер жолдасыңыз немесе жігітіңіз сізге соңғы кезде салқынқандылық танытып жүрген болса, онда қарым-қатынас тұрғысынан ойланып көріңіз. Арадағы сенім мен сезімді қайта қалпына келтіру үшін алдымен өз мінезіңізге көңіл бөліңіз. Егер кемшіліктерді анықтасаңыз, жаман қасиеттерден арылуға тырысыңыз.

Басқа да жағдайлар

Кейбір жігіттер сізбен бірнеше рет, тіпті айлар бойы кездесіп жүрсе де өз сезімі туралы ашық айтпауы мүмкін. Бұл жағдайда қыздар көбінесе ол маған дос ретінде қарап жүр, ғашықтық емес деп іштей мазасыздануы мүмкін. Олай болса сүйген жігітіңіздің сіздің алдыңызды өзін еркін ұстауына мүмкіндік беріңіз. Күнделікті әңгімелерден басқа тақырыптарда да әңгіме қозғап көрулеріңізге болады.

Кейде жігіттермен тез тіл табысып, өзін қолжетімді қарым-қатынаста ұстайтын қыздар жігіттердің назарын бірден аударады. Алайда, «тәтті» сезімдері ұзаққа созыла бермеуі мүмкін.

Досымен қарым қатынас орнатып көріңіз

Ең соңғы кеңес оның көз алдында досымен жәй құрбы-құрдас ретінде қалжыңдасып көріңіз. Бұ әрекетті ең соңғы қадам ретінде қоюымыздың себебі, таңдаған адамыңыздың сізге қырын қарап жүруінің себебі, жоғарыда аталған жағдайларға байланысты болса, қалжыңдасамын деп «ойыннан от шығарып» арақатынастарыңызды одан әрі шиеленістіріп алуыңыз мүмкін.

Олай болмаған жағдайда досымен қалжыңдасып сөйлесу арқылы өзіңізді басқа қырыңыздан көрсетуіңіз мүмкін. Сәл ғана ұнататын қыздың өзін өзге жігіттің қасында көру ұнатқан жігітіңіздің қызғанышын туғызып, ол сізбен жақын қарым-қатынаста болуға өзі әрекеттенуі мүмкін.

 

Ал, осы жағдайда психолог не деп жауап береді?

Айсулу Бурибаева,

психолог

Қиял деген ұшан теңіз. Бір адамға ғашық болып ол адамның сіз үшін жасаған нақты қадамдары болмаса да өзіңіз іштей оған деген ғашықтық сезіміңізді үдетіп ойлай берсеңіз, өзіңізді өзіңіз күйзеліске ұшыратасыз. Егер сіз қанша әрекет жасағанмен сезіміңіз жауапсыз болса ойыңыздағы қордаланып қалған жігітке айтар сөздеріңізді әр күні ақ қағазға жазыңыз. Жазбаларыңызды кейін ұсақтап жыртып тастауыңызға, жағып жіберуіңізге немесе әбден мыжғылап қоқыс жәшігіне тастайсыз ба өз еркіңіз. Оны толық ұмыту үшін осы әрекетті мүскін болса 21 күн қайталауға кеңес беремін. Өзіңізге деген сенімділікті арттыру үшін әр күні таңертең айнаға қарап «мен сұлумын», «мен бақытты болуға лайықпын», «мен бақыттымын» деңіз. Бұл өз-өзіңізді бағалауға жетелейді.

 

Әлия АХМЕТОВА

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика