tories/sport-421.jpg» border=»0″ width=»265″ height=»160″ align=»left» /> Спорт – еліміздің абыройын тасытып, мерейін өсіріп жүрген саланың бірі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері талай спортшыларымыз халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтатуда. Бұл Қазақстан спортының әлемдік деңгейде дамығанын көрсетеді. Мемлекетімізде спорттың мұншалықты биік дәрежеге көтерілуі, әрине, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа деген қамқорлығы мен спортшыларымызға деген ерекше құрметінің арқасы.
Еліміздің спортына үлкен олжа салып жүрген спортшыларымызға ерекше сый-құрметтер көрсетілуде.
Жастардың, жалпы халықтың спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында да жыл сайын халыққа арнаған Жолдауларында Үкіметке нақты тапсырмалар беруде. Нәтижесінде ауыл-ауылдан бокс залдары, түрлі спорттық үйірмелер ашылуда. Спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Мен №12 Балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімінде 1981 жылдан бері бапкер болып еңбек етіп келемін. Осы отыз жылдан астам уақыт ішінде мен ауданымыздың, облысымыздың, еліміздің атын шығарып жүрген талай спортшыларды жаттықтырдым. Алғашқы жылдары халықаралық дәрежедегі турнирлердің жеңімпазы атанған Төребек Ботабаев, Александр Миллер, Юрий Землянухин, Тойбек Бүйенбаев есімді талантты, еңбекқор шәкірттерім болды.
Спорт мектебі сол бір тоқырау жылдары, яғни 1997 жылы жабылып қалды. Бірақ мен шәкірттерімнің келешегі үшін №1 Балалар өнер мектебінің бір бөлмесінде шәкірттерімді жаттықтыра бердім. 2003 жылы кадеттер арасында Румынияда бокстан өткен әлем чемпионатының чемпионы атанған Эльдар Абдраймовты үш жарым жылдай осы өнер мектебінде жаттықтырған едім. 2000 жылы мектебіміз қайта ашылды. Бірақ жағдайы бүгінгімен салыстырғанда өте нашар еді.
Қазір де Абдрахман Бибарыс, Сауатбек Марат, Байыс Наркен, Аманқұл Әбілхан, Бүркітбаев Жарылқасын, Қалтаев Әділет, Қошаев Ержан, Елшібаев Ғабиден, Рахманқұлов Сағадат есімді келешегінен үлкен үміт күттіретін шәкірттерім бар. Бұл аталған боксшыларым облыс біріншілігінің, халықаралық жарыстардың, Қазақстан Республикасының жеңімпаздары мен жүлдегері.
Спорт мектебінің бүгінгі жағдайына келсем, қанағаттанарлық дәрежеде. Күрделі жөндеуден өткізілген, балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Алайда, біз шәкірттерімізді шетке жарыстарға алып барарда қаражат жағынан қиналамыз. Кейбір балалар қаражаттың жоқтығынан жарыстардан қалып қояды. Ал, жарыс – спортшыға тәжірибе жинақтауға көмектесетін, шыңдайтын мектеп. Келешекте бұл мәселе де өз шешімін табады деген ойдамыз.
Жалпы елімізде Президентіміздің тікелей қолдауымен спорт саласына деген қамқорлық ерекше. Салаға қатысты барлық мәселе бірте-бірте шешімін табуда. Мен Елбасымыздың халқының салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы үшін жасап жатқан бастамалары, жанашырлығы үшін жас спортшылардың атынан, спорт жанашырларының атынан ризашылығымды білдіремін. Спорт саласы дамып, спортшыларымыз биік белестерді бағындырып, еліміздің мәртебесін асқақтата берсін!
Тұрлыбек Көпжасаров,
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы,
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply