tories/1339277305_aysha-bibi-ana-babadzha-hatun-azhe.jpg» border=»0″ width=»271″ height=»176″ align=»left» />Тараз — Қазақстанның ортағасырлық қалаларының iшiндегi ең белгiлiсi, ең көнесi. VII ғасырда Тараз Ұлы Жiбек жолы бойындағы iрi қалаға айналды. Оның дәл Ұлы Жібек жолы бойында, егiншiлiкке қолайлы бай алқаптың ортасында, Талас Алатауындағы күмiс кендерiне жақын жерде орналасуы экономикалық және мәдени өрге басуға жәрдемдестi.
Тараз қаласының IX-X ғасырлардағы экономикасы мен мәдениетiнiң өркендеуiне негiзiнен ықпал еткен Талас аңғарындағы бай егiншiлiк алқап пен Талас Алатауының маңындағы күмiс өндiретiн кен орындарының дамуы болды. Тараз — Түркеш, Қарлық онан кейiн Қараханид мемлекеттерiнiң орталығы болып, өзiнiң бақыр ақшаларын шығарды. Ортағасырлық қалаға жүргiзiлген археологиялық қазбадан табылған қыштан жасалған су құбырлары, сәулет өнерiнiң дамығандығын дәлелдейтiн құрылыс орындарының қалдықтары, тас төселген көшелер мен аяқжолдар және қолөнер шеберлерiнiң қолынан шыққан көптеген бұйымдар сөз жоқ қаланың X-XII ғасырларда едәуiр гүлдене өскендiгiнiң куәсi. Қалада керуен сарайлары, iрi қоғамдық ғимараттар, қолөнершiлердiң шеберханасы, көпестердiң дүкендерi мен қала тұрғындарының қажетiн өтейтiн көптеген кiшiгiрiм сауда орындары болған. Ортағасырлық қала тұрмысында түрлi қолөнер өндiрiсi: тоқыма, шыны үрлеу, зергерлiк, ұсталық ағашты және сүйектi бедерлеп ою маңызды роль атқарды. Тарихи деректер бабаларымыздың бұдан 2000 жыл бұрын да қала салып, металл қорытып, қыш ыдыстар ғана емес, құбырлар жасап су жүргiзгенiн, таразы сияқты салмақ өлшеу құралын ойлап тапқанын дәлелдеп отыр. Қазба жұмыстары нәтижесiнде Тараз тарихының әр түрлi дәуiрлерiне тиесілі түрлі құрылыс кешендері мен жеке құрылыстары ашылды. Соның бірі шаһристанның шығыс жақ бұрышынан табылған моншаның қалдығы. Оның төбесi күмбезделiп жасалса керек. XI — XII ғасырларда, қала экономикалық жағынан дамыған кезде салынғанын дәлелдейдi. Мұнан бөлек осы жерден ұзындығы 12,8 м су құбыры және өте қызық тәсiлмен салынған пеш табылып отыр. Оның пiшiнi күмбез тәрiздi. Пеш сынап және жаңғыш заттар сақтайтын, ұзын мойынды, бүйiрлi ыдыстарды күйдiруге арналған болу керек. Тараздың орнын қазған кезде, ақ күңгiрт, жасыл және қызғылт шыныдан жасалған дискiлердің табылуы да көпті қайран қалдырды. Мамандардың пікірінше, бұл дискiлердi үйдiң терезесiне орнату үшiн пайдаланған. Ал шаһардың ескі орнынан табылған әйелдердің әшекей бұйымдарын құюға арналған үш қалып бұл аймақта зергерлік өнердің де барынша дамығанын көрсетеді. Ұсақ түйек бұйымдар жасау үшiн сүйек пен мүйiз кеңiнен пайдаланған. Бұғы мүйiзiнен жасалған бұйымдар да Тараздан табылды. Металл бұйымдар — шырағдандар мен оларды қоятын тұғырлар аса зор көркемдiкпен iстелген. Мiне, осы қазба жұмыстары нәтижесiнде табылған заттар, өрнектелген бұйымдар, тарихи ескерткiштер мәдениеттiң яғни рухани мәдениеттiң дамуына зор үлес қосты.
Тараз қаласында мұсылман сәулет өнерiнiң iнжу-маржандары болып саналатын Әулие ата — Қарахан (XI ғасыр) және Дәуiтбек (XIII ғасыр) кесенелерiн айтуға болады. Тараз тарихы таусылмайтын тағлымға бай, тамыры тым тереңде жатқан көне қала. Ол әсiресе X — XII ғасырларда зор даму, гүлдену дәуiрiн басынан өткердi. Қарахан әулетi билеген тұста, ол осы бiр ертеғасырлық алпауыт мемлекеттiң астанасы болды. Тап сол кезеңде Тараз, түрленiп, түлеп күллi әлемнiң құрылымдық жүйесi, көше жолдары қала стилiндегi терең де бедерлi, сән — сәулетке ие болды. XII ғасырдың аяқ кезiнде бабамыз Қарахан дүниеден өткен кезде, оның қабiрi басына сәулеттi күмбез ғимараты салынады. Ол келе-келе қала тұрғындары мен қонақтарының бас иiп, мінәжәт ететiн қасиеттi орынына айналған. Сөйтiп, мазар «Әулиеата» аталып кетедi. Бiрақ, кейiн монғолдардың жойқын шапқыншылығы кезiнде сол қасиеттi күмбез де, қала да тып-типыл болып қиратылған едi. Кейiн жоңғарлардың «ақтабан шұбырындысынан» арылған, есiн жиған қазақтар 1809 жылы кесененi қалпына келтiрдi. Мiне, сол ғимарат Айша-бибi, Бабажа-қатын, Дәуiтбек (Шамансұр) ертеортағасырлық архитектуралық ескерткiштер күнi бүгiнге дейiн сақталып келедi.
Қарахан кесенесі – Тараз қаласының орталық бөлігінде, Төле би және Байзақ батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Кесене ортағасырлық Тараз аумағында құрылған қасиетті-мемориалды кешенеге жатады.Қарахан кесенесі өзінің әсемдігімен Ресей сәулет өнерін бағалаушыларын 1902 жылдың өзінде ежелгі Тараздың теңдесіз жасампаздығы ретінде таңдандырыпты. Археологиялық қазбалар көрсеткендей, бұл ғимаратты әрлеу кезінде өте шеберлікпен әзірленген 30 түрлі өрнекті кірпіш пайдаланған. Құрылыс қараханидтер дәуірінде, ХІ ғасырда жасалған. Оның құрылысы Айша- бибі мен Бабажа -қатын кесенесімен тікелей байланысты. Оның жерленуін тарих, біздің аймақты Х-ХІІ ғасырларда билеген Қараханидтер әулетінің хандығымен байланыстырады. Әулие-Ата атануы да содан. Көне Тараз қаласының данышпандық шығармасы болып табылатын, ғажайып архитектуралық ескерткіш. Аталмыш ғимаратты әшекейлеу үшін, құрылыс барысында пішіні 30 түрлі кірпіш түрі пайдаланылған.
Айша бибі кесенесі – махаббаттың символы
Тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін Тараз жерінде әулиелі жерлер мен кесенелер көп. Олардың барлығы да көне заманның бүгінгі куәгеріндей күмбездерін күнге сүйгізіп, өңірдің атын асқақтатып тұр. Олардың арасынан бірінші тілге тиек болатыны – атақты Айша бибі кесенесі. Ол ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші болып саналады. Әулиелі Әулиеата өңіріне аяқ басқан адамның бәрі ең алдымен осы кесенеге келіп, тәу етпей кетпейді.
Айша бибі кесенесі – ХІІ ғасырда салынған сәулет өнері ескерткіші. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында орналасқан.
Айша бибі – тарихтан белгілі Қараханның әйелі. Күмбезді сол Қарахан салдырған. Бірақ кесенені салдырған сәулетші туралы нақты дерек жоқ. Пішіні шаршыланып біткен, ауданы – 7,6 х 7,6 м, бұрыштар бағана-тіреулер арқылы көтерілген. Кесене ортасында 3 х 1,4 м құлпытас орнатылған. Батыс жақ қабырға мен бағаналар оюлы ұсақ плиткалармен қапталған. Қабырғаның ортасында сүйір аркалы текше жасалған. Текше бетінің қабырғаға ұласар тұсы шағын бағаналармен сәнделген. Бұл бағаналардың жоғарғы жағы көкшіл өрнекпен әшекейленген. Бұрыштағы бағаналар көгеріс өрнекті жұқа кірпішпен өрілген белдеу арқылы әсемделген. Айша бибі кесенесінің іргетасынан бастап есептегенде 3,4 м биіктікте бағаналарға араб әрпінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде «күз, бұлттар, дөңгеленген дүние…» деген сөздер араб әрпімен жазылған. Кесене қабырғаларының қалыңдығы – 80 см. Ол үш бөліктен: күйдірілген кірпіштен қаланған ішкі жағынан, ойық әшекейлі плиталармен қапталған. Қабырғалар мен бағаналар беріктігін арттыру үшін қабырғаның ішкі жағына арша ағашынан арқалық қойылған. Кесене қабырғаларының сыртқы беті артқы жағындағы сыналармен бекітілген оймыш ұсақ плиталар арқылы безендірілген. Ұсақ плиталардың шырмауық өрнегіне 60 түрлі әшекей қолданылған. Қашаумен үңгіп жасалған бұл оюлар бір-бірімен қиюласып, кесененің мақсатына лайық сәулеттік сипат, композициялық шешім тапқан. Кесене құрылысынан Темір дәуіріндегі сәулет өнерінде үлкен орын алған порталды-тақталы дәстүр айқын аңғарылады. Қазақ жобалау-қалпына келтіру институты Айша бибі кесенесін жөндеу жұмысының жобасын жасап, Тараздағы шеберхана ескерткішті қалпына келтірді. Айша бибі кесенесі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
Аңыз бойынша, Айша бибі асқан сұлулығымен қатар, ақылдылығымен де елге есімі жайылған ару болған деседі. Ол әйгілі шығыс ақылшысы Зеңгі бабаның қызы болып келеді. Сұлу Айша мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат та осы күнге аңыз бойынша жеткен. Айша бибінің кім екені жөнінде бүгінге жеткен аңыз болмаса, тарихи деректер жоқтың қасы. Айтулы аңызға құлақ түрсек, Айша бибі киелі Түркістан жерінде жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік қосақ болуға уағдаласады. Жан-жақтан жау анталаған заманда елін, жерін қорғаумен жүрген Қараханның айтқан уағында Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Араға айлар түседі, жылдар жылжиды. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені – Тараз жеріне өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әже (кей жазбаларда Бабаджа хатун) қатынды ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жол азабын тартып, Таразға да жетеді. Жарты күндік жол қалған кезде өзеннің жағасына демалуға тоқтайды. Күтушілері ас қамдауға кіріседі. Суық суға шомылып алған Айша сұлу демала тұрмақ болып қисаяды. Сүйгенінің ауылын алыстан көріп, енді сәл уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, ұйықтап кетеді. Сол кезде улы жылан Айша бибіні шағып алады. Бүкіл тәнін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу сүйгені Қараханға ат шаптырады. Қарахан емші-тәуіптерін алып жеткенде ару қыз ісініп, талықсып жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың!» – деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді. Ғашығынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады…
Бүгінде Айша бибі кесенесі бір шаранаға зар болып жүргендердің тәу етіп келетін қасиетті жеріне айналған. Әрине, тілектің қабыл болуы бір Алланың қолында екені рас. Әулиелі жердің топырағын басып, кесенеге ізгі ниетпен келгендердің тілегі қабыл болып жататындығы да таңғалдырады… Жаңадан шаңырақ көтерген жастар ескерткіш басына келіп, тағзым етіп жатады. Кесененің алды бос болған кезі жоқ. Үнемі туристер мен алыстан ат арылтып келетін қандастарымыздан босамайды.
Бабаджы Хатун кесенесі —Бұл кесене де XI- XIIғ.ғ. сәулет ескерткіші болып саналады.
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында орналасқан, Айша Бибі кесенесімен бірге мемориалды кешеннің құрамына кіреді. Кесененің салыну тарихына және Бабаджа Хатунның өз басына байланысты құжаттық мәліметтер жоқтың қасы. Ескерткішке археологиялық қазба жүргізілген жоқ. Архитектуралық-құрылымдық сараптаманың нәтижесіне қарағанда құрылыс қараханидтер дәуірінің ерте кезеңіне жатады және 10-11 ғғ. мерзімделеді. Қазақстан архитектурасының ең көне ескерткіштерінің бірі болып саналатын бұл кесене тұрпатының қарапайымдылығымен және көп ғасырлық сақталуын қамтамасыз еткен құрылыс жұмысымен ерекшеленеді. Ол Орта Азия аймағының архитектурасындағы кесенелердің порталды композициясының алғашқы кезеңін, төбесін жабудың шатырлық идеясын көркем түрде сипаттайды. Ескерткіштің қабырғалары, барабандары мен күмбезінің едәуір қирағанына байланысты 2000-2001 жылдары арасында бар тарихи кұжаттарға сүйене отырып «Казреставрация» мекемесі кесенені толық күрделі жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Кесене күйдірілген кірпіштерден қаланып тұрғызылған. Бүйіріндегі фасадтарда — жарық түсетін тесіктер бар, артқысы — бітеу. Кіретін жер — шығыс жағында. Кесенедегі эпиграфикалық жазба бойынша ол жерде жерленген әйел адамның атын оқып білген. Аңыз бойынша ол әйел Айшаның қамқоршысы, сапар шыққан кезінде қасында болған. Аңыз бойынша Айша қайтыс болған соң Бабаджа оның мазары үстінде жағылып тұрған алауды ұстап тұрған деседі. Бұл екі кесене сәулет ескерткіші ретінде және қажылық дәстүрін өткізетін мұсылманның қасиетті жерлері болып есептеледі.
Тектұрмас Х-ХIV ғғ. Сәулет комплексі . Талас өзенінің жағасына, Тараз қаласының оңтүстік-шығыс бөлігіне, айнала ортадағы биік төбеге салынған ежелгі қаситетті орын. Тектұрмас қасиетті сұлтан Махмуд хан жерленген жер деп саналады. Кешен негізі VІІІ-XI ғасырда, Ислам діні енгенге дейін қалана бастады. Ислам дәуірінде салынған кесененің өзі 1935 жылы қиратылған. Қазіргі оның орнына ортағасырлық үлгідегі жаңа кесене салынып, қалпына келтірілді. Дәл қасында қазақстың Ұлы батыры Мәмбет батырдың моласы үстіне соғылған кесене бар. Кесене орналасқан төбеден төменде жатқан Тараз қаласының бар көрінісі жақсы көрінеді. Іргеде ағып жатқан, көне қалаға аты берілген Талас өзені адам әсерін күшейте түседі. Осы жерде Х-ХІІІ ғасырларда керуеннің өтуін жүзеге асыратын тас көпір болған. Сәулеттік кешен, сондай-ақ зиярат ету орны болып та табылады.
Әлемдегі көне заман ескерткіштері секілді, ертедегі тарихи мұралардың бірі — Тектұрмас жайында да әртүрлі; ертегі, ғылыми болжамдар баршылық. Тектұрмас — Қаратаудың Арқаға қараған бетіндегі оңаша тұрған бір адыр. Қазақ жерінің биік таулы өлкелері мен кең-жазық даласының арасына дәнекер болып тұрғандай. Талас бойының бір шоқтығы Арқадан соққан самал жел Алатау мен Қаратауға жетіп дем алар кезінде алдымен осы бір адырға соғып, тыныстап өтетін сияқты. Ертедегі аңыздар бойынша Тектұрмастан қашан болса да бір дыбыс шығып, әуен естіліп тұрады екен. Ол әуен, әсіресе, таң самалында күңіреніп күй тартады деседі. Таң қылаң бере туатын Шолпан жұлдызы аспан музыкасының бас әншісі деген аңыз ертеден бар және көп халықтарға тараған. Бұл өзі бір тамаша, қызық, өте терең тамырлы нәрсе. Бұл арада ең үлкен әлем бас қосқан сияқты. Бір жағынан аспанды зерттейтін ғылымдар: астрономия — жұлдыздар әлемі-космос (ғарыш), екінші жағынан жерді зерттейтін ғылым, дыбыс ғылымы-музыка, ғылым тарихында ерте замандардан бері астрономдар музыкаға, ал сазгерлер астрономияға әуес болған. Міне, бұл ғылыми фантастика Тектұрмастың тек тұрмайтынын, оның киелі орын екенін терең оймен көрсетуге жасалған талпыныс.Әйтеуір бір терең сырдың құпиясы дәл осы арада бар екені айқын. Сол себептен де адыр аты «Тектұрмас» аталған деседі халық аңызы. Ел қамын, халық бірлігін ойлаған ерлердің осы арада бас қосуы ерте замандардан дәстүр болған.
Ақыртас сарайлық комплексі — Жамбыл облысының, және Қазақстан территориясында қызықты және құпиялы орындардың бірі. Ақыртас тарихы 130 жыл зерттелген. Қазірде қайта зерттеу істері жалғасып жатыр. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде алынған соңғы мәліметтер бойынша Ақыртасты Ұлы Жібек жолындағы ортағасыр қаласы Қасрибаспен теңестіреді. Ғалымдардың көпшілігі ойларынша Ақыртас 1714-1715 жж. араб қолбасшысы Күтейбі бұйрығымен салынған. Сарай комплексінің іргетасының тереңдігі 4 м құрайды.
Қали-Юнус шығыс моншасы — ХІХ ғ. Әулие Ата қаласының тұрғынымен құрылған монша. Салуда сәулет композицияның принциптері және ортағасырдағы шығыс моншалар жылыту жүйелері қолданылды. Бұл көптеген туристердің қызығушылығын оятады. ХХ ғ. елуінші жылдарына дейін монша істе болған. Қазіргі уақытта ол қалпына қайта келтіріліп, сәулет ескерткішіне айналдырылған. Монша туристік орынға айналған.
Егер Жамбыл облысына келсеңіз жоғарыда баяндалған тарихи ескерткіштерді аралап көрсеңіз, өкінбейтініңіз анық. Бұл-қазақтың жері!
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply