Еліміздегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдердің 90-95 пайызы психотерапевтің көмегіне зәру. Бүгін депутат Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Дара» қайырымдылық қорының басшысы Мадина Бакиева осылай мәлім етті.
Қор басшысының айтуынша, интернат түрін-дегі мемлекеттік мекемелерге орналастырылған жетім балалар ата-ана қамқорлығынан ғана айырылып қалмайды, олардың құқықтарының жиі бұзылатыны, оларға зорлық-зомбылық жасалатыны туралы фактілер де ұдайы кездеседі. «Мәселен, ағымдағы жылы Бас прокуратура интернат түрін-дегі балалар үйлеріне кешенді тексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша арнайы баяндамасын жариялаған болатын. Соның қорытындыларына сүйенсек, Қазақстанда жетім балалардың құқығы жиі бұзылып келеді. Бұлардың қатарына олардың тыныс-тіршілігінен бастап, жетімдердің мүліктік құқықтарының бұзылуын да, өкінішке қарай, зорлық-зомбылыққа ұшырау мен шектен тыс қатал қарым-қатынастың орын алуын да жатқызуға болады. Бұндай сорақылықтарды ақпарат құралдарынан да жиі еститін болдық», — дейді М. Бакиева.
Бұл ретте қор басшысы мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленетін балалар арасында әсіресе психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын жағдайлардың артып отырғанын алға тартады. «Шындығында дәл осы мәселеге кейде көңіл бөлінбей жататын секілді. Ал біздің психолог-мамандарымыз интернаттағы жетім балалардың арасында тестілеу өткізіп, олардың 90-95 пайызы терең психологиялық зақым алғанын анықтап та жатыр. Яғни, мекемелердегі балалардың басым бөлігі психотерапевтің көмегіне зәру деген сөз», — дейді Қор басшысы.
Leave a Reply