Қыздарда да қыздар бар… Көктемнің жанға жақын мерекелерді қанатына қондыра келгені күнтізбенің бірінші күнінен бастап сезіле бастады. Бір-бірімізге алғыс айтып жадырадық. Енді ақ жаулық аналарымыз бен көрікті келіншектер, жауқазын қыздарды қуантуға дайындалып жатырмыз. Осындай қарбаластың арасында Мадина Айтпенбетова сынды әріптесімізді ерекшелеп алып, құттықтап шықтық. Оның да өзіндік себебі бар.
Түркі әлемі халықтарының басын қосып, мәдениет, руханият жағынан біріктіріп отырған ТҮРКСОЙ ұйымы ОҚО мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының редакторы Мадина Айтпенбетованы халықаралық «баспасөз сыйлығының» иегері деп таныпты. Аталған ұйымның арнайы комиссиясының шешімімен берілетін шоқтығы биік марапат бізді де қуантпай қоймады. Мадина Жұмабайқызы елге оралған соң арнайы құттықтап, сапар жайында әңгімелестік. Әріптесіміз марапаттың мәнінен гөрі танымы терең кештің таңқалдырғаны жайлы тебірене сөз қозғады. Түркі тілдес қалың жұрт Мағжан Жұмабаевтың атаулы күнін айрықшалап алыпты. «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында Алаш ақынының 125 жылдығы атап өтілмек екен. Мерейлі мерекенің салтанатты ашылуының куәсі болған кейіпкеріміздің әсерлі әңгімесіне құлақ түрдік.
tories/00011.jpg» border=»0″ />
«МАРАПАТ ЖАЙЫНДА ЕСТІГЕНІМДЕ ЫҢҒАЙСЫЗ КҮЙ КЕШТІМ»
– Мадина Жұмабайқызы, марапатыңыз құтты болсын!
– Рақмет!
– Бұл марапатқа ие болғаныңызды ең алғаш естіген сәтте қандай күйде болдыңыз?
– Жалпы, мен атақ-даңқ, лауазымға қызығып, оған ұмтылып жүрген жан емеспін. Өз шама-шарқымша еңбек етіп, ең бастысы өзіме артылған жауапкершілікті сезініп, сол іске өзімнің адал қолтаңбамды қалдыра алсам одан артық жетістік жоқ деп білемін. Сол себепті марапат жайында естігенімде ыңғайсыз күй кешіп, етсем өз еңбегімді жасадым, артықтау болды деген ой кеудемді кернеді.
– Не үшін олай ойладыңыз?
– Маған дейін бұл мекемеде қаншама жыл еңбек еткен әріптестерім бар. Күні кеше ғана келгендіктен ол кісілердің алдарына шығып, беттен алып, төске шауып жатқандай күй кештім.
– Халықаралық ұйым арнайы өз комиссиясының шешімімен сізді таңдаған болса, оған ыңғайсызданудың қажеті жоқ. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өзіңіздің атқарған еңбектеріңіз аз болмады. Еске түсіре отырсақ…
– Халықаралық ұйымының 34-ші комиссиясының шешімімен Түркістанда өтеді деп қабылданған. Ал мен ол уақытта бұл жұмысқа жаңадан келген кезім еді. ТҮРКСОЙ ұйымы келеді деп бәрі әрі-сәрі күй кешуде. Содан нақты жоспармен қарқынды түрде іске кірісіп кеттік.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастама көтеруімен құрылған Ұйымның негізгі бағыты мәдениетпен астасады. Сол себепті бізге қатысты жиындар өте көп өтті. Осы ретте менің жұмысым – ақпараттарды таратып, БАҚ өкілдерін ұйымдастырып, өтетін іс-шараға ақпараттық қолдау білдіру. Іс-шарадан кейін де үйге келіп, тағы жиын жайлы жазып, оны газет пен сайттарға тараттым. Ақпараттарым облыс бойынша шектеліп қалған жоқ. Аталған ұйым өз елдеріне жаңалықтарды мен арқылы жіберіп отырыпты. Кейіннен мені мәдениет саласына қатысы жоқ іс-шараларға да шақыра бастады (күлді). Қысқасы, облыстық мәдениеттің басшыларынан бастап қызметкерлеріне дейін ұйқысыз талай таңдарды атырдық. Бір жылымыз дәл осылай өтті.
– Енді сапар жайына ойыссақ. Алғашқы кездесу қандай шарадан басталды? Толқу болған шығар…
– Тосырқадым. Өзім көріп өскен ел емес. Оңтүстік өңірінен жалғыз барып тұрмын. Алматы қаласында қасыма үш делегат қосылғанымен, Ыстамбұлға жеткен кезімізде бөліндік. Анкараға өзім ұштым. Ең алдымен ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен кездесу өтті. Іштегі толқу осы басқосуда басылды. Түркітілдес елдерден келген өкілдермен кездескен бас хатшы 2017 жылғы «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы қорытындысын сараптай келе, əрбір жұмыс, атқарылған еңбектерді талдап-таразылап, мені орнымнан тұрғызып алғысын айтты. Бәрі шапалақ ұруда. Шыны керек, Дүйсен Құрабайұлы мені таниды және бұлай арнайы ілтипат көрсетеді деп ойламаппын.
– Айтпақшы, сыйға берілген статуэткада ненің бейнесі бар?
– Бәрі аңыздан басталады. Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырып сындыруды бұйырады. Сол кезде бір бума шыбықты ары-бері майыстырып сындыра алмаған Төле бабамыз жұмбақтың жауабын: «Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой» – депті. Статуэткада осы идеяның бейнесі байқалады. Түркі жұртының жаны мен болмысы, ынтымағы, мəдениеті мен өркениеті, руханияты тамырлас, бауырлас темірдей берік бірлігі көрсетілген. Қазақ еліне 8-ші рет бұйырып отырған салмағы ауыр марапатынан бұрын, маған басқа нәрсе ерекше әсер етті.
tories/000m.jpg» border=»0″ />
МАҒЖАН – ТҮРКІШІЛ, ТҰРАНШЫЛ ТҰЛҒА
– Қызықтырып қойдыңыз. Сізді таңқалдырған не нәрсе?
– Қазақтың ішінен қақ жара шығып, Алаштың жырын жырлаған, мұңына серпіліс, жанына күш-қайрат сыйлап рухани қорғаушы, демеушіге айналған ақын Мағжан Жұмабаевтың мерейлі жылы өтетінін естіп, қатты қуандым. ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ақынның 125 жылдығының салтанатты ашылуы өтті. Жиында оқылған өлеңдер тебіреніс сыйлады. Ашылу рәсімі Кастамону мен Анкара қаласында өтті. Одан бөлек «Алыстағы бауырыма» атты түрік тіліне аударылған кітабының тұсаукесері болды. Жинақта «Түркістан», «Қазақ тілі», «Алыстағы бауырыма», «Айда атыңды, Сәрсембай», «Абақтыда» сынды көптеген өлеңдері енген. Айтпақшы, тек түрік тілінде ғана емес, орыс, татар, түрік, өзбек, башқұрт тағы басқа ұлттардың тілдерінде аударылып, кітап етіп шығарылмақ екен. Кітапты түріктің ақыны Али Акбаш пен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев аударған.
«Ақын өлеңдерінің жан тебірентер әрбір жолдары мен болашақтан күтер арман-үміті барша түркітілдес елдердің ортақ мақсат-мүддесі мен бір арнасын сипаттап тұрғандай. Мағжан – түркішіл, тұраншыл тұлға. Ол – түркі халықтарының бірлігі үшін жанын берген адам», – деді түрік ақыны Али Акбаш. Ал Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хүсейін Яайман «Алыстағы бауырыма» өлеңін түрік тілінде жатқан білетінін айтып, оқыған сәтте ерекше әсерге бөлендім. Министр орынбасары бір емес, тіпті екі рет оқығанын көрдім. «Пайғамбар», «Түркістан», «Алыстағы бауырыма» өлеңдерін кез келген түрік жатқа біледі екен. Олар бұл өлеңдерді бүкіл түркі әлеміне ортақ өлеңдер деп есептейді. Нәтижесінде алған әсерімді күнделігіме жазып, түсірдім.
– Күнделігіңізге не жаздыңыз?
– Күнделік…19.02.2018ж. Күнім өте керемет өтті. Әсіресе, рухани серпіліспен қанаттанған жаңа мүмкіндіктер мені қуаттандырды. Мен Мағжан бабамыздың даңқын аспандатып, төрткүл дүние шығармашылығына үңіліп, өздерінің рухани қажеттіліктерін тауып қанаттанып жатқанына қатты қуандым. Саябақта өткен іс-шарада түріктің кішкене ғана қызы «Мен жастарға сенемін» деген өлеңді оқығанда көзімнен жас шықты. Ешкімге білдіргім келмеді… Ақыны өлгенімен мəңгілік өлеңі тірі, тірі болғанда да тек қазағына ғана емес, түркі еліне бірдей шарапат сыйлаған, жүректен орын алған мəңгілік бейне екенін білдіреді. Бүгін ғана Гази университеті Түркітану институтының директоры Хулия ханымның айтқаны да құлағымда тұр: «Біз Мағжанды ардақтауға арналған қанша жиын жасасақ та, оның алдындағы парызымызды өтей алмаймыз. Түрік əлемінің жастары бойына Мағжан əлемі мен табиғатын, өлеңін терең сіңіре беруіміз керек». Бұл – түрік қызының айтқаны. Ал біз ше? Ақынды қаншалықты құрметтеп жатырмыз?!..
– Түркі халқы Мағжан Жұмабаевты не үшін мұншалықты құрмет тұтады екен?
– Ақын 100 жылдай уақыт бұрын Анадолыдағы бауырларын рухани қолдап, Шанаққалада қан кешіп жатқан түрік халқына арнап «Алыстағы бауырыма» өлеңін жазған. Оның жүрегінде бостандық үшін күрескен барша түркі жұртының қайғысы болды. Ақынның от шарпыған жалынды өлеңі бауырлас екі елді рухани біріктірген. Бір байқағаным – Түркия елінің шенеуніктері әдеби сусындаған жандар екен. Көбісінің өлең оқығанына куә болдым және билік басында әйел затының қатары өте аз.
– Түркия халқы, қалалары, мәдениеті қандай екен?
– Қалалары өте әдемі, көшелері кең, тап-таза. Кешке серуендеуге шығып, бір көрініске таң қалдым. Дүкен сыртында қорап-қорабымен сусындар тұр. Ашық екен деп ойлап, ішіне кірмекші болып едім, жабық екен. Яғни, сенімділік нықтап қалыптасқан. Ал халықтың қонақжайлылығы, көпшілдігі мен бауырмалдығы тез тіл табысуға шақырса, туризмнің мықтап тұрып дамыған өлкесіндегі өз тілдері мен салт-дəстүрлеріне деген беріктігі айрықша сүйсіндірді. Қай дүкен немесе дəмханаға бара қалсаңыз, түрік дəстүріне сай қызмет көрсетіп, тек өз тілдерінде сөйлейді. Міне, Ана тіліне деген құрмет! Ана тіліне деген ерекше құрметтерін бара салып байқадым.
tories/000211.jpg» border=»0″ />
«ӘРҚАЙСЫСЫҢЫЗ ӨЗ АНА ТІЛДЕРІҢІЗДЕ СӨЙЛЕҢІЗДЕР»
– Қалай байқадыңыз?
– Ең алғаш бізді Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хүсейін Яайман қабылдаған кезде әркім өзін таныстырудан бастады. Сол сәтте қай елдің өкілі екені есімде жоқ, әйтеуір, ол өзін орыс тілінде таныстырды. Министр орынбасары: «Бәріміз де түркі халықтарымыз, түріміз әр түрлі болғанымен, тілімізде ұқсастық бар. Түркі халықтарының құрметі, ең алдымен, тілді құрметтеуден басталуы керек. Әрқайсысыңыз өз Ана тілдеріңізде сөйлеңіздер», – деді. Содан елімізге қайтқанша әрбіріміз өз тілімізде сөйлестік және бір-бірімізді түсіністік. Рухани бірігу деген осы емес пе?!
– Жиырма төрт жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ұйымның осы жылы Кастамону қаласында басталып кеткенін сөз еттіңіз. Бұл қандай қала екен?
– Кастамонуда XIV-XV ғасырдағы ескерткіштер музей түрінде көп сақталған. Табиғаты шұрайлы, тарихи қала болғандықтан таңдалған. Әрқайсысының тарихи шежіресі бар. Ахмет Йассауи шəкірттерінің бірі Шейх Шағбан-и Уəлидің кесенесіне барып, зəмзəм су бұлағынан су ішіп, құран бағыштадық. Шейх Шағбани Уəли – Ахмет Йассауи бабамыздың рухани ілімін Түркияда таратып, өзінің ізгілікті жолын қалдырған жан. Сонымен қатар, көне жəдігер ретінде сақталып келе жатқан Махмұт бей, Исмаил бей мешіт-музейлерін аралап, тарихи ізімен таныстық. Жерден 112 метр биіктіктегі қорғанға да бардық. Кастамону қаласы сол биіктіктен толық көрінеді.
Халуа мен сарымсақ – Кастамону қаласының символы. Орам-орам шығарады. Халуасының жасалуы да, дәмі де ерекше. Өндіріс орындарына да барып көрдік. Кастамонуда ұнағаны – көбіне ер азаматтар жұмыспен қамтылған. Киім үтіктейтін арнайы ғимараттар өте көп. Ол жерде зейнет жасындағы ер азаматтар жұмыс істейді. Ателье сияқты ашып қойған. Онда он-он бес адам нәпақасын табады. Бір байқағаным, киімді қыздардан жақсы үтіктейді екен (күлді).
– Марапаттан бөлек сыйлық жасады ма?
– Олар орамалды қатты құрметтейді. Орамал бағалы сыйлық ретінде жүреді. Тас басқы деген өнері бар. Кенеп сияқты матаға тамыры бар шөптерден дайындалады. Соны мөр етіп, басады. Ол жуған сайын өшпейді, керісінше, түсі қанық бола бастайды. Мұны ақ жаулықты әжелер жасайды. Оны да кәсіпке айналдырған.
Халықаралық «Баспасөз сыйлығының» иегерлерін Президент тапсырмасымен Түркия республикасы Президентінің бас кеңесшісі – Ялчын Топчын қабылдады. Президенттің құттықтауын жеткізіп, сыйлығын тапсырды. Иә, орамал сыйлады. Орамалда өз ел басшысының қолы қойылған. Ол да жусаң кетпейді, керісінше, күшіне енеді. Бұл осы Ақсарайдың ішінде ғана жүретін құрметті сыйлық екен.
tories/00m.jpg» border=»0″ />
ҰШАҚ ІШІНДЕ КЕЛЕ ЖАТЫП СОНЫ ОЙЛАНДЫМ
– Сапардан ұмытылмастай әсермен оралған секілдісіз?
– Расымен, сапардың әсері керемет болды. Күнделікті қайталана беретін жұмысты істейсің. Бар мүмкіндігің, ақыл-ойың бүгінгі күнмен ғана шектеледі. Ал жан-жақты ойлансаң, біздің қабілетіміз көп нәрсеге жетеді. Мен осыны ұшақ ішінде келе жатып ойландым. Қазіргі таңда ойымды іске асыру мақсатында нақты іске көштім. Сөйтіп, ағылшын курсына жазылдым. Алдағы уақытта түрік тілін де үйренемін. Осы ретте ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымына, ОҚО əкімдігіне, ОҚО Мəдениет жəне тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық Мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығы басшыларына өз рақметімді айтқым келеді. Жалпы, жасағаннан әлі жасайтын тірлігіміз көп. Сондықтан әлеуметтік желіге кіруді азайтудамын.
– Әлеуметтік желі демекші, фейсбук парақшаңызда «кейбіреулердің өз есебі үшін ғана алдымда кәсіби клоун екеніне күйініп отырғаным-ай!» – депсіз. Жалпы, қанша досыңыз бар?
– Досты бір қиындықта, бір қуанышта айырады екенсің… Сыйласатын жандарым көп. Нақты екі-үш ғана досым бар.
– 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні келе жатыр. Мерекеңіз құтты болсын! Сегізінші наурыздан есте қалған қызықты оқиғаңыз бар ма?
– Үйдің үлкені болғандықтан атам мен әжемнің қолында өстім. Мереке келген кезде әжеме комплекті күміс әшекей сыйладым. Сол кезде «рақмет, айналайын!» деп қуанып, бетімнен сүйген сәті көз алдымда қалып қойды. Ал атам ұстаз, қатал кісі еді. Мектеп кезінде кешкі отырысқа мүлде жібермейтін.
– Отбасым қатал еді дедіңіз. Атаңыз қандай кісі еді?
– Сабырлы, байыпты қалпымен есімде қалды. Математика мен физика пәнінен сабақ берді. Әр жиырма бесінші мамырда шәкірттері келіп, құран оқытып, еске алып тұрады. Көп сөйлемейтін, іштей қорытып, нақты айтатын. Ағайын, туысқандар келіп, ақыл сұраушы еді. Мені өзімен көп алып жүретін. Бір оқиға есімде. Әпкем мен жездем ажырасуға дейін барып, атамды шақыртты. Мен де бардым. Әпкем заттарынының бәрін алып кетуге жиып қойыпты. Сол сәтте атам екеуін қатар отырғызып қойып, өз ақылын айтты. Нәтижесінде, жұбайлар жарасты. Ал бүгінде жап-жақсы отбасы болып тіршілік етуде. Қазіргі таңда осылай бір сөзбен билік айтатын қариялардың қатары аз болып тұр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Әділхан Абайұлы
Leave a Reply