Қазақ халқына деген құрметпен
tories/3.jpg» />
Шымкент қаласындағы №69 бөбекжай-балабақшасында мемлекеттік тілге деген құрметтің ерекше екенін, ұлтаралық татулықтың бесігінде тербелген ынтымақты мекеме екенін естіп, тіршілігімен танысуға асықтық. Сәті түсе кетті. Бізді жылы шыраймен қарсы алған балабақша меңгерушісі Утепбаева Гүлзира Килибаевна «бүгінде балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр еді. Сіздер үшін қазақ тілін жақсы меңгерген, ынтымаққа ұйытқы болып жүрген әдіскеріміз Татьяна Владимирқызы мен тәрбиешіміз Анастасия Николайқызын арнайы шақыртып таныстырайын» — деді. Өзге ұлт өкілдері екендіктеріне қарамастан, қазақ халқының салт-дәстүріне шын жүрегімен елтіп, сүйсініп қана қоймай, күнделікті өмірлерінің өзегіне айналдырған бала жанының бағбандарымен әңгімеміз салған жерден жараса кетті.
tories/1.jpg» />Татьяна Нестерова,
Әдіскер,
«Келініме сырға салып, құда түсіп алдық»
— Татьяна Владимирқызы, әдіскер балабақшада меңгерушінің бірінші орынбасары десек те болады. Қоғамдағы жаңалықтан да хабардар болып отыруларыңыз қажет. Күнделікті қазақша басылымдарды оқып отырасыз ба?
— Иә, біз мемлекеттік мекемеміз, оның үстіне тәрбие беру ошағы болып табыламыз. Міндетті түрде өзіміз қалаған бірнеше газеттерге жазыламыз. Күнделікті қоғамда болып жатқан жаңалықтарды білу үшін қазақша газеттерді шолып шығамын. Қазақ тілін еркін меңгермегендіктен, мақалалардың жалпы мағынасын түсінемін. Барлық адамдар, әсіресе, қызметте жүрген азаматтар газет оқып, жаңалықтардан хабардар болып отыруы қажет. Қазақша-орысша сөздік әрдайым жұмыс үстелімде тұрады. Қазақшамды үнемі жетілдіріп жүремін. Бұл бүгінгі күннің талабы.
— Заман талабы деп отырсыз, жұмыс бабымен түрлі жиындарға, мекемелерге барасыз. Қарым-қатынас тілі ретінде қазақ тілінде жиі сөйлесесіз бе, жалпы мемлекеттік тілге деген қажеттілік қандай ортада көбірек?
— Ресми ортада тілге деген қажеттілік керемет десем дұрыс болмас еді. Бірақ бар. Солай екен деп тілді үйренбей қоюға болмайды. Ол мемлекеттік тіл болғандықтан да біз оны меңгеруге тиіспіз. Мемлекеттік рәміздеріміз тууымызға, елтаңбамызға, әнұранымызға құрмет қалай болса, тілге де солай болу керек деп ойлаймын. Осы ой менің тіл үйренуіме түрткі болды. Мен осы Шымкент қаласында туып өстім. Біздің балалық шағымыз Кеңес үкіметінің үстемдік құрған кезімен тұспа-тұс келді. Ол кезде орыс мектеп бағдарламасында бүгінгідей қазақ тілін оқытуға ден қойылмаған еді. Тілімнің жатық болмауында сол кезеңдердің салқыны бар. Ал, қазір заман басқа. Мысалы, менің орыс мектебінде оқитын немерем қазақ тілінде еркін сөйлейді. Сіз сөйлемді дұрыс құрамайсыз деп менің сөзімді дұрыстап отырады. Орта жасқа келсем де мен сөздіктен қоғамдық ортада айтатын ең негізгі сөйлемдерді жаттап аламын. Шындығын айтқанда, жасың ұлғайған соң бұрынғыдай есте сақтау қабілетің мықты болмайды екен. Кейде айтайын деп тұрған сөзімді ұмытып қаламын. Десе де жоғарыда айтқанымдай мемлекеттік тілге деген ұмтылыс, құрмет мені қазақша сөйлеуге итермелейді де тұрады.
— Тіл мен дәстүр егіз. Салт-дәстүрді қаншалықты білесіз?
— Араласатын ортамызды негізінен қазақтар құрайтын болғандықтан салт-дәстүрлерін де бір кісідей білемін деп айта аламын. Біліп қана қоймай орындап жүрген жайымыз да бар. Көрші-қолаң, әріптестерімнің той жиынынан қалмаймын. Маған салт-дәстүрлердің ішінен ұл баланы сүндетке отырғызу ұнайды. Бізде айттаймыз, бесік той, қыз ұзату тойларына қатысып жүрміз. Мен ойлаймын жаныңда жүрген жандардың қуанышына да, қайғысына да ортақтаса білу керек. Өзге дін өкілі болған соң кейбіреулер жаназаға бара бермейді. Мен олай етпеймін. Тамақтанып болған соң дастархан басында менде көпшікпен бірге дұға жасап, бет сипауға үйреніп кеткенмін. Балабақша меңгерушісі Гүлзира Килибайқызы сен өзіміздің қазақтың «Ақ сүйек, Қожасысың» деп қалжыңдайды кейде.
— Жаңа қазақтың салт-дәстүрін орындап жүрмін деп қалдыңыз осы туралы тарқатып айтсаңыз?
— Ұлым Константин ер жеткен соң, сөз байласып жүрген қызым бар. Сіздер қарсы болмасаңыздар, әке-шешесінің алдынан барып өтсеңіздер деді.
— Жарайды, — дедік. Ұлым тағы да:
— Араласып жүрген қазақ достарымның барлығы үйленерде қалыңдығына сырға салады. Бұл дәстүр маған да ұнайды. Бізде Валентинаға сырға салып қояйықшы, — деді. Адамға өскен ортасы көп әсер етеді екен. Бізде қуана келістік. Осылайша бізде қазақтар сияқты сырға салып, құда түсіп келін түсірдік.
Осыдан біраз жыл бұрын құдаларым Краснодарға көшіп кетті. Бірде ұлым мен келінім қыдырып барса, «Қазақстанда әбден мәсі, кебіс киіп үйреніп қалыппын. Мұнда жоқ екен. Елге барған соң мәсі, кебіс салып жіберіңдерші» деп өтініш айтыпты. Құдасын құдайындай сыйлайтын қазақтардың ортасында өстік қой. Құдағиымызға жақсы мәсі, кебіс салып жібердік.
tories/2.jpg» /> Анастасия Максимова,
тәрбиеші
АЛЫП ҚАШУДЫ ДА ДӘСТҮР ДЕП ТҮСІНЕМІН
Бұл енді екінші кейіпкеріміз Настяның пікірі. Әңгіме кебіс-мәсі тұсына келгенде қазақтың «қожасы» атанған Татьяна Владимирқызының әңгімесіне Анастасия қосылды. Қазақта қызды «алып-қашу» үрдісі бар,-дейді. Бағаналы бері үнсіз сұхбатымызды тыңдап отырған оның тілінің жатықтығына таңқалыспен қарадық. Өзімізден айырмашылығы жоқ. Сөйтсек біздің екінші кейіпкеріміз қазақтың келіні екен, жеңгеміз боп шықты. Настя, қазақ жігітімен таныстығыңыз қалай басталды, тұрмысқа шығуыңызға әке-шешелеріңіз қарсылық танытпады ма дейміз.
— Жоқ. Анам өзі бұрынырақтан білетін менің құрбы-құрдастарымның арасында орыс жігіті жоқ екенін. Университетте оқып жүргенде факультетте бірыңғай қыздар болдық. Басқа курстарда екі-үш жігіт болғанымен, олардың өзі қазақ балалары еді. Бірде «Студенттік күз» кешінде Марат деген қазақ жігітімен танысып, достығымыздың соңы махаббатқа ұласты. Қыз-жігіт боп жүрдік. Бұл туралы анам білетін. Маратқа бір күні әкесі – ұлым ұнатқан қызың болса үйлендірейік депті. Содан 8 наурыз күні мені алып қашты. Үйге хабаршы жіберіп, қуғыншылар келіп қазақтың дәстүріне сай үйлендік.
— Орыс қызының ауыл өміріне үйренуі қиын болмады ма?
— Қайын енем ерте тұрып, үйдің тірлігіне кірісіп кететін. Алғашқы кезде мен қызу жұмыс істеп жүрген енеме сәлем салу үшін кадрды ұстай алмай жүрген фотогроф сияқты оң жағынан бір, сол жағынан бір келіп қарағанда сәлем салып қалуға тырысатынмын. Енем сиыр саууды үйретіп, мені үй тіршілігіне ерінбей баулыды. Бүгінде той-жиынның бауырсағын тек мен жасаймын. Бірде қазақшалап тұрып ет астым. Ертесіне таңертең жолдасым кешегі еттің турамасын әкелші дейді. Сөйтсем қазақтарда ет нарынсыз болмайды екен. Содан кейін әдейілеп нарын үшін ет қайнаған сорпаға қамыр салмай тұрып біразын алып қоятын болдым. Сонда нарынның сорпасы тұп-тұнық әдемі болады. Қазақтың ас-ауқатын мен сүйсініп жасамын, ал бауырларым сүйсініп ішеді.
Германиядан ағам келгенде, — Митя не тамақ? – десем. Қиын болмаса бешбармақ, Германияның еті Қазақстандікіндей болмайды, — дейді. Әпкем де, Краснодардан Қазақстанға келемін дегеннен құйрықты сүрлеп, қазы-қартаны дайындап отырамын.
— Қазақта бірінші баланың есімін ата-ене қояды. Сіздерде осы дәстүрді сақтадыңыздар ма?
— Тұңғыш қызымыздың есімін қайын ағам Жанна деп қойды. Екінші ұлым дүниеге келгенде мен күйеуіме Темір деп қояйықшы темірдей мықты болсын деп едім. Жолдасым, әлі жаспыз ғой бай-дәулетті болайық, ұлымыздың есімі Дәулет болсын деді. Азаматымның айтқанына келістім. Жиырма жылдан кейін құрсақ көтеріп өзім атын Аделина деп қойдым. Бүгінде «Еркебұлан» балабақшаның тәрбиеленушісі. Тұсау кесер тойын осы балабақшада өткіздік.
— Анастасия Николайқызы, қазір қасиетті ораза айы. Қазақ келіні ретінде қасиетті айдағы асхана мәзіріңіз қалай?
— Оразаның бірінші күнінен бастап үйге құрма, талқан алып қойғанмын. Қазақта құдайы қонақ деген болады. Ойламаған жерден ораза ұстаған кісі үйге келсе ауыз ашарына құрма дайын болсын деп арнайы алып қойдым. Оған қоса, кенже қызым құрманы өте жақсы көреді. Айтты күтіп жүрміз, дастархан мәзіріне қажетті кептірілген өрік, мейіз, жаңғақтарды бір ай бұрын алып қойғанмын. Айт кезінде мұның бәрі базарда қымбат болып кететіні бар ғой.
— Базар демекші, саудагерлермен қазақша саудаласасыз ба?
— Менің сырт келбетім орысқа ұқсап тұрған соң, бірден қазақша сөйлеуге ыңғайсызданамын. Тіл білгеніме мақтанған адамға ұқсап. Сатушы жеміс-жидектерді сала бастағанда «жаным-ау, мынауың не? Дұрыстап салсайшы», — дегенімде. – Әпше-е-е, жаңағы бері осылай демейсіз бе? Мен сізге қиналып орысша сөйлеп тұрмын, — деп күле кетеді.
— Мұсылмандар айтына дайындығыңыз мықты екен. Пасха мерекесін де атап өтетін шығарсыз?
— Ия, жұмыртқалардың сыртын бояп, түрлі нандар пісіріп дайындаламын. Бұл мерекеде күйеуімнің ағайындары біздің үйге міндетті түрде құттықтауға келеді. Оларға пасха мерекесінде менің жасаған дастарханым қатты ұнайды. Алайда, өзімнің бауырларымның келуге мүмкіндігі бола бермейді. Ағам Германияда, әпкем Краснодарда тұрады.
Өмірімдегі ерекше жағдайды айтып өтудің орайы келіп тұрған сияқты. Әке-шешем қайтыс болғаннан кейін шіркеуге барып шам қояйын десем шоқынбағанмын. Сондыықтан шамды сол жерде отыратын әжейлерге өтініш айтып қойдыратынмын. «Шіркеуге сен шоқынбасаң кіруіңе болмайды» деген түсінік жоқ. Сонда да өзім кіруге бата алмадым. Сөйтіп бір күні күйеуіме мән-жайды түсіндірдім. Біз екеумізде дінге құрметпен қараймыз. Ол келісімін берді. Менде Иса Пайғамбар сияқты отыз үш жасымда шоқындым. Алайда мен мойныма крест тақпаймын. Айналамдағы жандардан өзімді ерекшелеудің не қажеті бар. Бәріміздің сыйынатымыз бір Құдай. Құдай менің жүрегімде.
— Болашақта өзіңіз қазақ немесе орыстан басқа ұлтпен құда болуға дайынсыз ба?
— Марат екеуміздің отау құруымызға уақытысында әке-шешелеріміз қарсы болған жоқ. Менде балаларымның сезіміне құрметпен қараймын. Ана болған соң ұл-қызымның жүріс-тұрысын бақылап отырамын ғой. Ұлымның әлеуметтік желілердегі дос қыздарының тізіміне қарасам: Айнұр, Айгүл, Балжан деп жалғасып кете береді. Өздеріңіз аттарынан аңғарып отырған шығарсыздар. Үлкен қызымда қазақ жігітімен достасып жүр. Ең маңыздысы балаларым бақытты болсын деп тілеймін.
— Енеңіз ұлым қазақтан қыз алғанда басқаша болар еді дегізбейтіндей қандай іс-әрекеттер жасайсыз?
— Енем үйге келгенде самаурын қайнатып отырмасам да, «тефалімді» басып шәйімді қайнатып, асымды әзірлеп отырамын. Бірде жұмыстан келсем, енем үйге келіп қалыпты. Не істерімді білмей, орамалымды іздейін келіп. Жан-жағыма қарап таба алмай әбден әбігерге түстім. Менің мазасыз халімді түсіне қойған енем, «Анастасия, мен келгенде басыңда орамалың болмаса да, жылы қабақпен күтіп алсаң болғаны. Оған бола қысылмай-ақ, қой», — деді. Ауылға барарда сәнденіп киінбей басыма орамалымды тағып, халатымды киіп, кебісімді алып барамын. Қызым, — мама мына түрің не, үйдегі жеңгемнен ұят қой. Дұрыстап киініп алыңызшы, — дейді. Сен маған ақыл айтпай, өзіңде үй киімдеріңді салып ал, ауылға барып «сықиып» жүргенің кімге керек? Біз алыста тұрамыз. Әркезде бір барғанда, жеңгеңе қолқабыс жасап қайтайық деймін. Енем ұлым орыстан қыз алып, қазақтың қызындай болмады дегізетіндей іс-әрекет жасаймын. Әке-шешеңе не істесең, алдыңа сол келеді деген рас. Менде ұл-қыз тәрбилеп отырмын ғой.
— Қазақта тойға барған адам, сарқытсыз қайтпайды. Тойға барғанда үйдегілерге сыбаға әкелуді үйрендіңіз бе?
— Алғашқыда ауылға тойға барсам, күйеуім кешегі тойдан не әкелдің сонымен шәй ішейікші дейтін. Марат қызықсың, үйде бәрі бар ғой, — деймін. Кейінірек менің ешнәрсе алмайтынымды білген абысындарым, қайтарымда сумкаға өздері салып жіберетін болған сарқытты.
— Жұмыс барысында қазақ тілін білуіңіз қандай көмегін тигізеді?
— Мен орыс тобына сабақ бергеніммен, олардың ішінде қазақ балалары да бар. Реті келгенде қазақша сөйлеп пәнаралық байланыс жасап ұйымдастырылған оқу-іс әрекеттерін өткіземін. Үнемі тілдер мерекесіне қатысып қазақша баяндама жасаймын. Бірнеше Алғыс хаттарым бар, сыйға қазақтың қара домбырасын да алған жайым бар.
— Сіздің балалық шағыңызда қазақ тілінің өрісі бүгінгі күнмен салыстырғанда қандай еді?
— Мен өзім 1971 жылы туылғанмын. Алғабас ауданының, Мыңбұлақ ауылында туып, өстім. Біздің кезімізде көп ата-аналар балаларын орыс сыныбына беруге әрекеттенетін. Кейбір көршілеріміз тіпті балаларына Настиямен ойнап орысша үйрен дейтін. Мен керісінше олармен қазақша сөйлесіп кететінмін. Бірде ағам үйге жүгіріп келіп, — мама, жалпақтың орысшасы не болады, тегі есіме түспей жатыр деді. Анам жалпақ орысша плоский болады ғой деп түсіндіріп жіберді. Осылайша, кейде бір сөзді қазақша айтамыз да, орысша баламасын табал алмай қалатынбыз. Кейін қойшы әйтеуір түсіндің ғой дейміз. Ол түсіндім, — дейді.
Егемендік алған жылдардан бастап, ата-аналар балаларын қазақ мектебіне беруге бет бұра бастады. Тіпті, кейбір өзге ұлт өкілдері де балаларын қазақ сыныбына беруге тырысады. Бұл халқымыздың қазақ тіліне деген құрметінің артқанының көрінісі деп түсінемін. Тіл білгеннен ұтпасаң, ұтылмайсың.
Асығып барған бөбекжай- балабақшада өткен әңгіме-дүкеніміздің айтары осындай болды.Бойымызды мақтаныш сезімі кернеген сәттер аз болмады. Неге мақтанбасқа, тілің мен салт-дәстүрің ерікті түрде өзге ұлттардың өміріне еніп жатса… Соңғы кезде тілді тым саясаттандырып алмадық па деп те ойладық. Егер насихаты жетіп жатса, мойынсұнатындар шығады екен ғой біздің кейіпкерлеріміз сияқты. Бұл енді біздің ойымыз.
Сұхбаттасқан
Әлия Ахметова
Leave a Reply