ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

tories/1349885736.jpg» border=»0″ width=»254″ height=»174″ align=»left» />  Соңғы жылдары қазақ күресі өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Төл спортымыздың биікке өрлеуіне 2002 жылы бекітілген жаңа ереженің де әсері тигені анық. Сол ережені жүйелеуге атсалысқан азаматтардың бірі – Диқанбай БИТКӨЗОВ. Ол — талай саңлақтарды дайындаған білікті бапкер, Халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы. Бүгінде Қарағанды облысында бапкер болып қызмет атқаратын танымал маманмен Темірланда Шәмші Жарқынбековтың 60 жылдығына арналып өткен Ел Кубогі жолындағы республикалық жарыста жолығып, сұхбаттасқан едік.

—   Қазақ күресінің қолданыста жүрген ережесін дайындаған мамандардың бірісіз. Ережені өзгертуге не себеп болды?

 — Ережені өзгерттік дегеннен гөрі заман талабына сай аздап жетілдірдік деген жөн шығар. Ол былай болды. Еліміз тәуелсіздік алған 90-шы жылдары самбо күресінен қазақ күресіне ауыстым. Мақсатым — ұлттық спортымызды өркендетуге үлес қосу болатын. Менімен бірге белгілі күрес маманы, мемлекеттік жаттықтырушылар Марат Жақып пен марқұм Бауыржан Жаналин де осы қадамға барды. Бастапқыда тек палуандарды жаттықтырып, еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ күресінен өтетін сайыстарды көбейтуге атсалысып жүрдік. 2000 жылы жоғарыда аталған азаматтармен бірге ұлттық спорттың бұл түріне жаңаша серпін әкелуді қолға алдық. Халықаралық жарыстар өткізу үшін мықты федерация және баршаға ортақ ереже керек болды. Осы мақсатта төреші тарапынан палуандарға берілетін бұйрықтар мен ескертпелердің және ұпайлардың атаулары бекітілді. Тек қазақ күресіне арналған спорттық күртешелер айналымға енгізілді. Палуандарға берілетін ұпайлар да жүйеленді. Күрестегі бұйрықтардың бәрі қазақ тілінде беріледі. Бұл ереже 2 жыл көлемінде ел арасында кеңінен талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болған соң, 2002 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінде бекітілді. Сол уақыттан бері талай байрақты бәсекелер өтті. Ережеге наразылық танытқан ешкім жоқ. Міне, осылай еңбегіміз ақталып, қазақ күресінің дамуына аз да болса үлес қоса алдық.

 Кейбір жарыстарда спортшылардың күртешелері жыртылып жатады. Оңың бағасы да арзан емес. Бұл спорт киімінің сапасыздығын білдіре ме, әлде палуандар әдейі осы әрекетке бара ма?

 — Бұл мәселе мамандарды да ойландырып келді. Рас, жарыстарда кейбір палуандар уақыт созу  немесе қарсыластың ойын бөлу үшін оның жеңінен тартып, күртешесін әдейі жыртатын кездер болады. Мұндай олқылықты болдырмау мақсатында жуырда ережеге толықтырулар енгіздік. Енді палуандар жеңді тартпай, сыртынан ұстап белдеседі. Осы шарттардың орындалуының арқасында Астанада өткен «Қазақ барысы» турнирінде бірде-бір күртеше жыртылған жоқ.

    Ал, спорттық киімнің сапасына келетін болсақ, бастапқыда біз форманы Қытайға тапсырыс беріп тіктіріп жүрдік. Өзіміздің елімізде де шығаруға талпынғанбыз, бірақ сапасы нашар болды. Бізде күртешелерді тігетін сапалы мата жоқ. Қазіргі таңда күртешелер Тәжікстанда дайындалады. Өте сапалы әрі ыңғайлы.

    Тағы бір жаңалық, ескертуге берілетін ұпайлар санын да жүйеледік. Яғни, палуан бірінші рет ескерту алса, қарсыласына бүк ұпайы беріледі. Екінші ескертуге – жамбас, үшінші ескертуге – жартылай жеңіс, ал төртінші рет ескерту алған жағдайда жеңіліс жазылады.

 — Бізді қашанда бәсекелес көретін өзбектер өздерінің кураш спортын ұлықтауда алдарына жан салмайды. Жыл сайын жұмыр жердің әр түкпірінде қомақты жүлде тігіп, жарыс өткізеді. Осыған қарап курашты қазақ күресінен шоқтығы биік спорт дей аламыз ба?

 — Бұл ұшқары пікір. Бір-біріне аздап ұқсас болғанымен, қазақ күресінің өзіндік бай дәстүрі мен даму жолы бар. Ал, өзбектер курашта дзюдоның формасын өзгертпей сол қалпында қолданады. Егер, өзбек бауырлар курашты олимпиада ойындары бағдарламасына енгіземіз десе, жапондар «біздің дзюдоның күртешесін пайдаланды» деп қарсылық танытатыны анық. Бұл жағдайдан хабардармыз. Оның үстіне кураш әлі ФИЛА-ға қабылданған жоқ.

     Ал, қазақ күресінің күртешелері ешқандай спортта кездеспейді. Ерекше. Біз форманың жобасын ежелгі қазақ батырларының сауытына ұқсастырып жасағанбыз.

  Қазақ күресінің өзге жекпе-жек түрлерінен артықшылығы, әдемілігі неде?

 — Біріншіден, қазақ күресінде еркін күрес, грек-рим күресіндегідей партер деген болмайды. Дзюдо, самбодағыдай қылқындыру, ауырту әдістері жоқ. Белден төмен ұстауға да рұқсат берілмейді. Нағыз қара күш пен айла сарапқа салынады. Бірер жыл бұрын Ресейдің Орск қаласында қазақ күресінен екінші әлем біріншілігі өтті. Сол жарысқа қатысқан Швейцария, Германия мемлекеттерінің палуандары төл спортымызды оң бағалап, ерекше сүйсінді. Мен ол кезде бас төрешімін. Гректің палуаны маған келіп: «Дәл қазақ күресіндей әділ, таза күресті ешқашан көрмеппін. Әдіс жасасаң ұтады екенсің. Ал, дзюдода сен әдіс жасасаң да, қарсыласың сені партерде ұстап қалып немесе ауырту әдісін қолдану арқылы жеңіп кетеді. Сондықтан үйренуге оңай әрі тартымды спорт —  қазақ күресін өз елімде дамытуға күш саламын», — дегені бар.

 — Ұлттық спортымызды өркендетуге үлес қосып жүрген азаматсыз. Білікті маман, тәжірибелі жаттықтырушы, спорт қайраткері ретінде шыныңызды айтыңызшы, қазақ күресінің болашағына сенесіз бе? Оны олимпиада ойындарының қатарында елестете аласыз ба?

 — Бір қызық айтайын. 1994 жылы  Темірланда Қажымұқан бабамыздың турнирі өтті. Жарыс барысында Шәмші Жарқынбеков бауырымыз өзің сияқты бір журналистке сұхбат беріпті. Сонда  Шәкеңнің;  «Алға қойған мақсатымыз – қазақ күресінен халықаралық жарыс өткізу»,- деген пікірін естідік. Енді салыстырып қарайық. Содан бергі 17 жылда қазақ күресі талай белестерді бағындырды. Бұрын халықаралық жарысты армандасақ, бүгінде қазақ күресінен  3 әлем, 6 Азия, 1 Еуропа біріншілігін өткізіп үлгердік. ФИЛА-ның құрамына ендік. Осы ұйымның іс-шаралары аясында өтетін бірнеше халықаралық жарыстардың кестесіне қазақ күресі де енгізілді. Төл спортымыз Литвада аяқталған Еуропа ойындары бағдарламасына да еніп, жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды. Жуырда Түркия мен Үндістан елдерінің бірінде тұңғыш рет әлем кубогін өткізбекшіміз. Осы жағымды жаңалықтарды естіп, көріп тұрып қазақ күресінің болашағына қалай сенбейсіз? Бұйыртса, ұлттық сайысымызды алдымен Азия ойындары бағдарламасына кіргізіп алсақ, олимпиадаға да жол ашылады. Ол үшін қыруар жұмыс әрі уақыт керек.

 — Жапондар өздерінің «сумо» күресін өте қатты қадірлейді. Сумошыларды халық батырынан кем көрмейді. Ал, қазақ күресіне осындай құрмет көрсете алдық деп ойлайсыз ба?

 — Ойыңды түсіндім. Әр ұлт, әр мемлекет өзіне тән мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын, спорт түрлерін құрметтейді. Жапондарды жапон етіп отырған — өз тарихына, өз тіліне, діліне, спортына деген шексіз құрмет. Бұл пікірмен бәріміз келісетін шығармыз. Ал, біздегі кейбір спорт басшылары тек олимпиада ойындары бағдарламасына енген спорт түрлерін ғана дамытуға, қолдауға құмбыл болып тұрады. Ал, ұлттық спортқа аса мән бермейді. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыстарында қазақ күресіне деген көзқарас түзу. Сондықтан осы өңірлердің палуандары жеңіс тұғырынан жиі көрінеді. Соңғы жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігі ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше қамқорлық көрсетуде. Демеушілер де аздап бері бұрыла бастады. Соның дәлелі ретінде Астанада өткен  республикалық «Қазақ барысы» жарысын айтуға болады. Министрлік пен демеушілер бұл сайысты жыл сайын өткізуге уәде беріп отыр.

  Оңтүстік өңіріне жиі келіп тұрасыз ба?  Өңір жайлы пікіріңіз қандай?

 — Мен 1964 жылы Қажымұқан атамыздың құрметіне арналған бірінші жарысқа қатысып, өз салмағымда жеңімпаз атандым. Содан бері Қажекеңнің жарысына жыл сайын келуді дәстүрге айналдырдым. Мен үшін Оңтүстіктің орны бөлек. Халқы қонақжай, іскер. Қысы аз, ауа-райы тамаша. Жеміс-жидекке толы. Дәруменді көп жейтіндіктен бұл жақта денсаулығы жақсы, ауыр салмақты, спортқа бейім мықты жігіттер көп. Бірақ, кейде сол палуандармен дұрыс жұмыс жасамағандықтан жұлдызы жанбаған күйі басқа салаға ауысып кетіп жатады. Ондай жігіттердің біразын білемін. Егер ел арасынан күшті, алып, палуандарды іріктеп жұмыс істей білсе, келесі жылы өтетін «Қазақ барысында» шымкеттіктердің бағы жануы мүмкін. Тек бапкерлер таланттарды уақытында танып, оларға дұрыс бағыт бере білуі керек.

 Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан: Ғабит САПАРБЕКОВ,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика