«ЕЛДІ МЕКЕН АТАУЛАРЫНА АДАМ АТЫН БЕРУ – БІЗДІҢ ТАРИХЫМЫЗДЫ ЖОЮ»

Түркістан облысында елді қуантып жаңадан құрылған аудандар қатарында Келес ауданы да бар. Бұл аудан облыстың ең шалғай аудандарының бірі болғанымен, қазіргі таңда өңірде атқарылып жатқан біршама игі бастамаларымен көзге түсіп жүр. Экономикасы негізінен ауыл шарушылығына бейім бұл өлкенің кәсіпкерлік саласындағы жаңалықтар ел назарына іліккенмен, идеология саласында атқарылып жатқан шаруалар көрінбей қалып кетіп жатқандай. Осы мақсатта өңірге соғып, мәдениет пен ішкі саясат салаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, Келес ауданының Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Ербол Назаровпен тілдесу мүмкіндігі туған еді.

«ЖЕКЕ ҰСТАНЫМЫМ: БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМАНЫ АЯҒЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗУ»

– Ербол Еркебайұлы, жаңадан құрылған ауданның мәдени және идеологиялық саласы да жаңа қырынан көрініп жатқан болар? Бөлімдеріңізге бір емес, екі бөлімнің жүгі артылыпты, қиын емес пе? Қазір нендей шаруалармен айналысып жатырсыздар? Бөлім құрылғалы басы-қасында жүрсіз, еңбек жолыңыздан бастап айтып беріңізші.

2018 жылы аудан бөлінгеннен кейін аудан әкімдігінің ішкі құрылымдық бөліністеріне орай, екі бөлімді қосып, бір бөлім болып құрылған. Біздің бөлімнің негізгі функцияналдық міндетімізге 3 бөлімнің жұмысы тапсырылған. Олар, ішкі саясат (ұлтаралық қатынастар, діни мәселелер, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, гендерлік саясат секілді салалар), мәдениет (халықтың мәдени-тынығу жұмыстарын ұйымдастыру, кітапхана, оқырман тарту жұмыстары) және тілдерді дамыту (мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру) салалары. Бөлім басшысының орынбасары болғандықтан, аталған осы салалардың барлығына жауаптымын. Жалпы, мемлекеттік қызметші болғасын, елге қызмет ету керек, ел президентінің саясатын іске асыратын әрі қоғам мен мемлекеттің арасын байланыстырушы дәнекер тұлғамыз.

Біздің бөлімде басшымызбен қоса алғанда 7 мемлекеттік қызметкер бар. Жаңадан құрылған аудан болғандықтан да қызметкерлеріміздің дені жас мамандар. Өзім мемлекеттік қызметке 2005 жылдан бастап қызмет атқарып келемін. Ол кезең Сарыағаш ауданына қарап тұрған кез еді, содан бері 15 жылдан астам уақыт болды. Басында жетекші маман лауазымынан бастап, одан кейін бас маман, сосын бөлімдер біріккенде басшының орынбасары қызметіне жайғастым.

Мемлекеттік қызметте қуаныштармен қоса, қиындықтар да кезігіп тұрады. Бұрыннан осы салада жүргеннен кейін бе, жаңадан келіп жатқан жас мамандарға кейде көңіл толмай жатады. Олар да алдағы уақытта тәжірибе жинақтап, мықты маман болып шығар, бәлкім. Бірақ, мен алғаш осы салаға келгеннен бастап мынандай жеке принципті ұсынатынмын: берілген тапсырманы жарты жолда қалдырмай, аяғына дейін жеткізіп орындамайынша көңіл тыным таппайтын. Бұл қасиетімді осы ауданның тумасы, мемлекеттік қызметтегі алғашқы ұстазым, Сарыағашта бір бөлімнің басшысы болған азамат Асқар Мырзахметов деген ағамыз шыңдай түсті.

– Сарыағашта бірнеше жыл еңбек еттіңіз, ол жақтағыдай ұлтаралық қатынастардағы мәселелер Келесте кезіге ме? Аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың қалы нешік?

Біздің бөлімнің қызметтері қатарына аудандағы ұлтаралық қатынастар мәселесі де кіреді. Ауданда қазақтардан басқа да 40-қа жуық өзге этнос өкілдері тұрады. Ең көп шоғырланғандары өзбектер мен «таулықтар» деп аталатын түркімендердің бір тобы бар. Ал, қалған этнос өкілдерінің саны өте аз, тіпті бірен-саран ғана. Осыған қарамай, этносаралық қатынастарда арқаны кеңге салуға болмайды. Мысалы, бір ауылда, бір көшеде тату-тәтті көрші болып тұратын кісілер бір уақта егін суару үшін ағын суға таласып, соңы дауға ұласатын болса, қарсыласынан өз мүддесін асыру мақсатымен ұлтқа бөліп, ұлтына екпін бергісі келіп тұратын оқиғалар кездесуі мүмкін. Оны әлгі екеуі бөлінбеуі де мүмкін, оны айналасындағы адамдар, не туыстары, достары әдейі тұтатып жіберуі мүмкін. Мұндай мысал болатын оқиғалардан соншалық жариялай қоятындай ірі қақтығыс болмаса да, ауыл ішіндегі дау-дамайға ұласқандары болды. Ондай кезде дер шағында біздің мамандар мен ақсақалдардың араласуымызбен шешімін тауып тұрады. Әйтпесе, ондай дау-дамайлардың дені сонау ата-бабаларынан бері бірге тұрып жатқан көршілер ғой сол. Өкінішке қарай, екі ортада араға арандатушылар түсіп, тұрмыстық келіспеушілікті ұлтаралық сипатқа ауыстырғысы келетіндер көп. Дегенмен, үлкен көлемдегі ондай мәселелер біздің аудан аумағында орын алған жоқ.

Келесі біздің функцианалдық қызметімізге үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу кіреді. Біздегі ҮЕҰ-дар ішінде «Арадагерлер кеңесі», «Аналар кеңесі», жастар ұйымдары бар, олармен етене бірлесе шаралар атқарып жатамыз. Бұл тұрғыда ақсақалдар мен аналар ұйымдарымен бірлесе жастар тәрбиесіне қатысты тындырып жатқан тірлігіміз көп. Қанша дегенмен, қариялардың көрген-түйген дүниесі көп, салт-дәстүрі, еңбек сабақтары, мерекелік шаралар, семинарлары бар, отан мен отбасыны сақтау, келін тәрбиесі, ажырасудың алдын алу тақырыптарында үлгі-өнеге көрсетіп тұрады. Ал, «Қоғамдық кеңес» мүшелері болса, мемлекеттік органдар қызметі мен мемлекеттік бағдарламалар мен заңдылықтардың орындалуын аудандық мәслихатпен бірлесе қадағалап, атқарылу есебін тыңдап, тіпті бюджеттің игерілу қорытындысын да бақылап отырады.

«КЕЛЕСТЕ 3 ЕЛДІ МЕКЕННІҢ АТАУЫ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКІРГЕН»

– Келеске келе қалсақ, қазақы атаулар көзді де, көңілді де қуантады. Дегенмен, Кеңес идеологиясынан хабар беретін атаулар да сол күйі тұрғандай ма?

Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі болғасын, бөлімнің қарауына ономастикалық мәселелер де жатады. Қазіргі таңда аудандағы 3 елді мекен атауы идеологиялық жағынан ескірген атаулардың қатарында тұр. Олар: Қызыләскер, Орджоникидзе, Димитров ауылдары. Мысалы, елді мекен атындағы «Қызыләскер» деген атау Кеңес өкіметі орнайтын кезеңнен қалған дүние. «Қызылдар» кім болған? Олар – біздің ұлтты жоятын тұлғалар ғой. Сондықтан, тәуелсіз еліміз үшін ол атау – идеологиялық тұрғыдан ескірген атау. Сонымен бірге, Бірлік ауыл округіне қарасты Орджоникидзе деген ауыл бар, Біртілеу ауыл округіне қарасты Ораза ата деп атап жүрген ауылдың атауы ресми құжат жүзінде Димитров, бүгінгі күнге дейін атауы ауыспаған. Бұл атаулар кезінде 1991-92 жылдары Келес аудандық мәслихатының қаулысымен өзгеріс енгізіліп, Қызыләскер-Лесбек батыр, Димитров-Ораз ата, Орджоникидзе-С.Саттаров деп қайта атау шешілгенмен, ол процесс соңына дейін жетпей, статистикалық деректерде өзгертілмей қалып қойған екен. Қазір осы мәселемен қайта айналысуға тура келіп, тиісті мекемелермен бірге жұмыстар атқарып жатырмыз.

– Мектеп атаулары ше? Ондай мәселе жоқ па?

Аудан көлеміндегі мектептердің барлығына 100 пайыз атау берілген. Қазір нөмірленіп тұрған 10 мектеп бар, оның біреуі негізгі орта мектеп болса, бесеуі жалпы орта мектеп, төртеуі бастауыш мектептер. Бүл мектептерге атау берсек те, бермесек те болады. Бүгінде осы мектептердің алтауына ұсыныс келіп түскен, біз оны облыстық ономастикалық комиссия назарына ұсынғанбыз. Облыстағы комиссия отырысы келесі аптада өтіп қалатын болар, әлде карантиннен кейін ба, өтуі керек, содан кейін республикалық комиссияға жолданатын болады.

«МЕКТЕП АТАУЫН ҰЖЫМНЫҢ КӨП БӨЛІГІ ҚОЛДАУ КЕРЕК»

– Осы жерде ономастикалық комиссияға ұсыныс ендіру тәртібін айта кетіңізші.

Ономастикалық өзгеріс енгізу 2 мәселеге бөлінеді: елді мекендер және нысан атаулары бөлек. Мысалы, мектепке атау беру керек болса, ұжым ақылдаса отырып шешеді. Мектеп ұжымында 100 болатын болса, жалпы жиналыста нысан атауы талқыланып, көп бөлігі (51 пайыздан кем емес) қолдайтыны туралы хаттама түзілуі тиіс. Одан соң, өзгерту кезінде қажет ететін шығын көлемі: әділет органдарына тіркелетін жарғысы, тіркеу куәлігі, экономикалық есеп-қисабы, төлқұжатының жасалуы, мөрі мен штампын қайта жасауға кететін қаржысы есептеліп, сметасы жасалуы және оны қаржыландыру көзі көрсетілуі керек. Егер, мектеп ұжымының дауысы екіге жарылып, 50/50 пайыз бола қалса, ондай ұсынысты ономастикалық комиссия қарамайды. Өйткені, ол жерде қаржылық, рулық, туыстық, діни көзқарастарға ұласатын мәселе туындауы мүмкін. Ондай жағдайда біз жалпықазақтық маңызға ие тұлғалар, немесе сол жергілікті жер атауларын ұсынамыз.

– Сондай жағдай өз тәжірибеңізде болды ма?

Дәл осындай жағдай менің тәжірибемде болды. Сарыағаш ауданында қызмет атқарып жүргенімде Жартытөбе жақтағы бір көшеге атау беруге келгенде көше тұрғындары екіге жарылды. Бір бөлігі бір адам атын, екінші бөлігі басқа кісі атын бергісі келеді екен. Сол кезде екеуінің де ұсынысын қабылдамай, халықпен өзіміз кездесіп, жалпыхалықтық тарихи атау беріп жібердік.

«ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ БӨЛУДЕ БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ЖЕР БӨЛУ»

– Елді мекен атауларын өзгертуде ше, айырмашылық бар ма, әлде жоғарыдағыдай тәртіппен ұсыныс беру керек пе?

Ал, елді мекен атауын өзгерту бойынша мынандай мәселе туындайды: бірінші, бастамашы топ жергілікті әкімге өтініш жазады. Әкім өтінішті қабылдап, бір ай мерзім ішінде жергілікті аумаққа тарайтын басылым бетіне хабарлама жариялайды. Ол хабарламада өзгертіліп жатқан ескі атау, жаңа атау, талқылау болатын күні мен жері көрсетілуі керек. Жарияланған күн мен тұрғындардың талқылауы болатын жиналыс болатын күннің арасы 1 ай болуы керек. Осы мерзім ішінде тұрғындар арасында ұсынылып жатқан атауды қолдайтыны, немесе оған балама атаулар ұсыну, не бұрынғы қалпында қалдыру жайында пікір қалыптасады. Қалыптасқан пікірлер әлгі жиналыста айтылып, көтерілуі керек, жиын соңында түзілетін хаттамада осының бәрі көрсетілуі керек. Мұндай жиынсыз елді мекен атауының өзгеруі мүмкін емес.

Егер, бір елді мекеннің ішіндегі белгілі бір бөлігі бөлініп шығып, басқа елді мекен атанғысы келіп өтініш беретін болса, ол өтініш кері қайтарылады. Яғни, бір ауылды екіге бөліп, екі бөтен елді мекен атана алмайды. Ал бірақ, үлкен елді мекен болатын болса, оның ішінен шағын аудан ашуға болады.

Бұл мәселеде тағы бір ескеретін жағдай бар, егер, бөлінуге ұсыныс берген бастамашы топ елді мекен арасын өзен, төбе, канал, жылға секілді табиғи шекара бөліп тұрғанын көрсетіп, екі ортада қатынас қиындығы, жол жоқтығы секілді мәселелер барын алға тартып ұсынар болса, онда бір елді мекенді екі атаумен бөлуге болады. Өйткені, ол елді мекендердің әр түрлі мәселесін әкімшілік тұрғыда бір құжатпен шеше алмай жатады. Сондықтан, екі мәселені екі рет қарап, жеке-жеке шешкен ыңғайлы ғой. Әдетте, ондай елді мекендерді тұрғындардың өздері «жоғары ауыл-төменгі ауыл», немесе «бірінші ауыл-екінші ауыл», тіпті болмаса «арғы бет-бергі бет» деп айтып жүреді. Ал, ономастикалық комиссия сол атауды ресми заңдастырды, болды. Егер, тұрғындар саны 50 үйден асса, ол елді мекендерді бөлуге болады. Бірақ, елді мекендер шекарасын анықтау керек болады, ол үшін әкімдіктің жерге жауапты бөлімі карта жасап береді, екі ауылға қарасты суармалы және жайылым жерлерін бөліп беруі керек. Бұл жер бөлу мәселесі – ең басты мәселе болады. Жер бөлінгеннен кейін атауы жоқ ауыл пайда болады да, соған атау беру жолымен мәселе шешіледі. Атау беру мен жер бөлу жұмыстарын қатар жүргізуге де, бөлек жүргізуге де болады. Бұл жұмыстардың басы-қасында ауыл әкімі жүретіндіктен, әкімнің күш-жігеріне біршама салмақ түседі.

ОРЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ АДАМ АТЫН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ БЕРУДЕН БАСТАЛДЫ

– Ал, елді мекенге адам атын беру үшін не істеу керек?

Егер, елді мекен атауына адам атын беру керек болса, ол кісі туралы ғылыми-сараптамалық акт керек болады. Оны тарих, өлкетану, тұлғатанумен айналысып жүрген кез-келген 3, кем дегенде 2 ғалым бере алады. Сараптама жасалған қағаз етегіне ғалымның мөрі болса құба-құп, мөрі болмай қолы болса да жеткілікті. Бұл жерде «ғалым» деген категория нақты көрсетілмеген, ғылым доктары да, кандидаты да, РһD доктар да жарай береді. Бірақ, ғылыми-сараптамалық акт соңына ғалымның ғылыми атағы жөніндегі куәлігінің көшірмесін немесе жұмыс орнынан анықтамасын тіркеу міндетті. Бірнеше ғалым бір ғана ғылыми сараптама берсе болады.

Елді мекенге қандай кісілердің атын береді? Кезінде Елбасының тапсырмасына сәйкес, мейлінше адам атын беруге шектеу қойылған болатын. Бұл тапсырма облыстық және республикалық ономастикалық комиссияларда, президент аппаратында әлі бақылауда тұр. М.Мырзахметов деген аяулы ақсақалымыздың «елді мекен атауларына адам атын беру – біздің тарихымызды жою» деген сөзі бар. Себебі, кезінде орыстандыру саясатының басты ұстанымы осы адам атын елді мекендерге беруден басталды. Чечерино, Орджоникидзе, Димитров, Калинин деген секілді. Бұның бәрі біздің жер-су атаулар тарихын жойды. Осыған байланысты, Мәдениет министрлігінің Тіл комитетінің ұсынуымен республика бойынша 345 адамның атын бекітіліп берілді. Ол тізімнің ішінде Кенесарыдан бастап, би-шешендер, жалпы негізінен тарихи тұлғалардың аттары жүр. Егер, қандай да бір нысан атауын өзгерту қажет болып жатса, сол тізім ішінен біреуін таңдап атай бересіз. Бұл жерде де бір кілтипан бар, 345 адам аттары тізіміне енбей қалған тарихи тұлғалар да бар ғой. Мысалы, біздегі Қызыләскер ауылынан шыққан Лесбек Жолдасов деген Кеңес одағының батыры бар. Соның атына бір нысан атын беру үшін республикалық ономастикалық комиссияға арнайы хат жазып, жеке келісім алу қажет болады. Құзырлы органдар келісімін берген күнде де, жергілікті ономастикалық комиссияда қарап, шешіледі.

– Қызыләскер ауылының аты неге ауыспай жатыр?

Енді, Қызыләскер ауылының аты неге ауыспай жатыр десеңіз, 1995 жылдың 10 наурызында Келес ауданы мәслихатының қаулысы шығып, «Лесбек батыр» атауы беріліп қойған. Соған сәйкес, Қызыләскер – Лесбек батыр ауылы деп аталуы керек. Осы мәселемен министрлікке, Тіл комитетіне осы құжаттарды алып мен өзім бардым. Ол жақтан «адам аты берілмесін» деген мораториймен «Лесбек батыр» атауы берілмейтінін айтты.

Ал, аудандық мәслихат қабылдаған қаулыны басшылықты алып, жергілікті әкімдік тұрғындарға жер учаскелерінен бастап, 80 пайыз құжатарына солай «Лесбек батыр ауылы» деп жазып, беріп тастаған. 2011 жылдан бастап түгендеу жұмыстары жүрген кезде қайтадан «Қызыләскер ауылына» өзгертілді.

Сонда 1995 жылғы құжат соңына дейін тіркелмеген, сол кездегі заңнамаға сай жер атауын аудан шешетін мүмкіндікті толық пайдалана алмаған. Бұл құжаттың заңдық күші жойылмаған, қазір де күшінде. Бұл мәселе жаңа атаудың статистика комитетіне тіркелмей қап кетуінен болып тұр. Қазір де осы мәселемен айналысып жатырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен С. ҚҰДАБАЙ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика