2024-09-22

Гүлшарат НҰРМАХАНҚЫЗЫ, мектеп мұғалімі: «Өнерді сүйе білген жүрек оқушыларды да ыстық ықыласқа бөлейді»

Маржан Тасова атындағы үш тілде оқытатын №12 мамандандырылған мектеп-интернатының тарихы тереңде жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осы білім мекемесінде 10 жыл оқып, «Алтын белгімен» тәмәмдаған. Бұл жолы кейіпкерімізді еліміздегі орын алып жатқан барлық қоғамдық іс-шараларға атсалысып отыратын Спабек Мамешов басқаратын білім ордасынан іздедік. Мектептің тыныс-тіршілігімен таныстық, таңдауымыз жауапты міндет бала оқытумен мектептің кәсіподақ ұйымының қым-қиғаш жұмысын бірге алып жүрген төрайым Гүлшарат Нұрмаханқызына түсті.

tories/0001t.jpg» border=»0″ />

– Мектеп-интернат өзінің түлектерімен қалай мақтанса да жарасады. Талантты, талапты деген ауыл балаларының осында кеп оқып жатқанына жарты ғасырдан асып барады. Солай емес пе?

Тарихы 60-жылдардан бастау алатын бұл мектеп әсіресе облыстың түкпір-түкпірінен жиналып білім алған малшылардың қарадомалақ балаларына ерекше ыстық. Өйткені бастапқыда мектеп-интернат сол балалар үшін ашылып, шалғайдан келген балалар осы мектеп-интернатта жатып, білім мен тәлім-тәрбие алды. Қарап отырсақ, алтын ұя мектептің шәкірттеріне есігін айқара ашып білім беріп, тәрбиелеп жатқанына да алпыс жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде балалардың қасында күн демей, түн демей қаншама ұстаздар еңбек етті десеңізші. Егер осы жерде білім алған балалардың бойында адамгершілік пен ізгіліктің сәулесі болса, өмірден өз орындарын тапса, ол әрине осы ұстаздардың арқасы, ерен еңбегі мен маңдай тері. Әр ұстаз шәкірттерін білімге баулып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, өмір деген үлкен мұхитқа қанат қатайтып, ұшыруға әрекеттенеді. Міне осындай ұстаздардың бірегей дарасы, ұстаздардың ұстазы атанған аяулы ана, жұлдызы жарқыраған қазақтың аяулы қызы Маржан Тасова осы білім ордасына ширек ғасыр ғұмырын сарып етті. Ашылған күнінен тапжылмай еңбек еткен апамыз мектепті елге танымал білім ордасына айналдыра білді.

1960 жылы Маржан апай Шымкент қаласындағы №2 қыздар интернатына директор болады. 1961 жылдың 16 мамырында Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық комитетімен, халық депутаттары облыстық кеңесінің бірлескен мәжілісінде шалғай аудандардағы малшылардың тұрмысы мен жағдайы туралы мәселе талқыланып, Шымкент қаласында қазақ тілінде оқытатын мектеп-интернат ашу жөнінде шешім қабылданады. Оны Қазақ ССР-нің 40 жылдығы атындағы №12 мектеп-интернаты деп атайды. Мектептің алғашқы директоры етіп өмірлік тәжірибесі мол, партия қатарында шыңдалған, өзінің жақсы қасиеттерімен, іскерлігімен облыс басшыларының көзіне түсіп үлгерген Маржан Тасқызын бекітеді.

– Бүгінгі ұрпақ, бүгінгі мектептің оқушылары  Маржан апайды қалай таниды?

Алдымен айтарым, мектеп Маржан Тасованың атымен аталады. Маржан апайдың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 03.10.2003 жылғы №1021 қаулысы негізінде 24.11.2003 жыл №584 мемлекеттік мекемені қайта атау туралы облыс әкімі Болат Жылқышиевтың қаулысына сәйкес Маржан Тасова есімі беріліп, мектеп ауласына балаларының атынан ескерткіш мүсіні орнатылды. Ескерткішті 2004 жылы 1 қыркүйек күні облыс әкімі Болат Жылқышиев мырза ашты. Салтанатты жиында апайдың бірге істеген әріптестері, туған-туыстары, балалары, немерелері қатысты. Мектеп директоры — Спабек Мамешовтың басқаруымен 2006 жылы 11 сәуірде мектепте Маржан апамыздың мұражайы ашылды. Осының бәрі танымдық мақсатта істелінген жұмыстар.

– Маржан апай жайлы әйгілі қазақтың біртуар тұлғасы Шәмші Қалдаяқов ән де жазған. Осы тұста Маржан апай жайлы естелік айта кетіңізші. Ол кісінің қай қасиеті сіздің есіңізде?

Ол кісі тек білім, біліктілікке ғана емес, интернатқа жұмысқа келген ұстаздардың өнеріне де көңіл бөлетін. Өнерді сүйе білген жүрек, оқушыларға да ыстық ықыласпен қарай алатынын айта жүретін.

Бірде Ғалымжан ағай екеуміз 8 наурыз қарсаңында апайды  құттықтайық деп үйіне бардық. Барсақ үйінде қонақтар  бар екен. Бізді көріп апай қуанып қалды. Ішке кіріп қонақтарға:

Мектептегі әнші балаларым 8 наурызбен құттықтап келіпті, деп бізді таныстырып жатыр. Біз де апайға арнап бір-екі ән айтып бердік.  Сонда ол:

Баяғыда жұмысқа жаңа мұғалім қабылдар кезде бірінші қояр сұрағым «Қолыңнан қандай өнер келеді?» деп сұрап, өнерлі жастарды мектепке тартушы едім. Казіргі директор Спабекте өнерді сүйетін бала болды. Көрдіңіздер ме? Біздің мектепте осындай өнерлі жастар істейді, деп апайдың айрықша қуанғанының куәсі болып едік. Ол кісінің жақсы қасиеттері өте көп болды, сондықтан да білікті басшы бола алды деп ойлаймын. Осы өнерге деген өресі биік көзқарасы, өнерге деген құрметі менің есімде ерекше қалыпты.

– Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы білім алған алтын ұя екенін бәріміз жақсы білеміз. Тағы қандай түлектерді оқушыларға үлгі етесіздер?

Біздің ұжым, оқушыларымыз үшін облыс әкімінің осында бірінші сыныптан бастап он бір жыл бойы білім алғаны ең алдымен үлкен мақтаныш, және сонымен қатар үлкен жауапкершілік те артады. Білім ордасында қызмет ететін әрбір азаматқа өз ісіне екі есе жауапкершілікпен қарауды үйретеді деп ойлаймын.

Осы биылғы оқу жылында ұстаздар мерекесі қарсаңында облыс әкімі арнайы ат басын бұрды, мектебіне. Құр келмей мектепке қажетті сый-сияпат жасап кетті. Бұл адам ретінде де, әкім ретінде де үлкен азаматтықтың белгісі деп білемін. Біздің оқушыларға үлгі ететін түлектеріміз көп. Маржан апайдың шәкірттері: Тынысбек Қалменов, Жансейіт Түймебаев, Аманбек Ақайұлы, Жарылқасын Боранбаев, Әбу Меңдібаев, Бақыт Қожалиев, Әріпхан Садықов, Нұрмахан Жолдасов сияқты сан саңлақ республика қуанышы, ұстаз жұбанышы бола білген. Бұл аға буын, одан кейін орта буынымыз бар. Ел мақтанышына айналар тұлғалардың бүгінгі оқушылардың ішінде жүргеніне шүбә келтірмейміз.

– Интернат әлі де облысымыздағы аудандардан балалар оқытатынын білеміз. Ата-анасының бақылауынсыз балалар тәрбиесі де үлкен еңбекті талап етеді? Осы жағына тоқтала кетсеңіз.

Біз облысымыздың барлық аудандарынан оқушылар қабылдаймыз. Біздің интернатта барлық ауданнан бала бар. Ал бала тәрбиесіндегі жауапкершілік әрине оңай дүние емес. Бірақ, бізде балалардың білім алуына, сауатты оқуына, тамақтануына, дем алуына жалпы жан-жақты болуына толықтай жағдай жасалған. Балалардың тәрбиесі ұстаздар мен қатар ұжымымыздың білікті тәрбиешілеріне тапсырылған. Ауданнан келген оқушылардың барлығы дерлік мектепке келген кезде ата-аналарының қолымен біздің тәрбиешілерге тапсырылады. Бұл жағынан бала қауіпсіздігіне көп мән беріледі. Сондықтан, жұмыс барысы да, осыған сәйкес жүргізіледі. Балалар оқу жылында толықтай біздің ұжымның бақылауында болады.Жақын маңдағы аудандардан келіп оқитын балалар әр жұма күні үйлеріне қайта алады. Ал шалғай аудандағылар апта сайын бара бермейді. Ондай кезеңдерде де балалардың білім алуы, тәртіптік бақылауы толықтай біздің бақылауымызда болады.

– Осы білім ошағына  қабылдану үшін ең алдымен оқушыдан не талап етесіздер? Жалпы талаптарыңыз қандай?

Мемлекеттік білім стандартына сай білімін тексеру арқылы осында қабылданады. Онда баланың білімі, жалпы қабілеті, сондай-ақ логикалық ой-өрісі де тексеріледі. Содан соң барып тиісті нәтиже жинай алған балалар ғана қабылданады. Біздің білім ордамыз үш тілді тереңдетіп оқытатындықтан, тіл білу біліміне де көбірек зер салып қараймыз. Бұрын екінші сыныптан бастап оқушылар қабылданатын. Қазір 5 сыныптан бастап қабылдаймыз. Бүгінде бізде 3-4 сыныптар бар. Алайда, болашақта олар жоғары сыныпқа өткен соң бастауыш сынып бөлімі болмайды.

– Үш тілді білім беру қаншалықты тиімді? Артықшылықтары жайлы баяндап берсеңіз.

Кез-келген жаңалық алғашында үрей тудыруы мүмкін. Алайда одан қорықпау керек. Себебі, бұл үш тілді білім берудің артықшылықтары көп. Егер тереңдей зер салып қарасақ бұл үлкен мүмкіндік. Балалар үшін де, ертеңгі болашағымыз үшін де жасалынып жатқан мүмкіндік. Ал артықшылығы өте көп. Үш тілді білу арқылы балалар жан-жақты бола алады. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі шығармаларды оқып, соны түсініп, еліміздің дамуына үлес қоса алады. Мәңгілік ел болуымызға жасалған қадамның ең маңыздысының бірі де осы үш тілділік.

– Алда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі келе жатыр. №12 мектеп-интернат наурыз мерекесін қалай тойлайды? Сондай-ақ ақ жарма тілегіңізді де білсек.

Біздің ұжым ұлыстың ұлы күнін өте жоғары деңгейде тойлайды деп мақтанышпен айта аламын. Үш бөлім қазақтың алты қанат ақ боз үйін тігіп, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, оқушылармен бірлесе отырып тәрбиелік мәні бар әдет-ғұрыптарымызды көрсетіп, ұлттық тағамдарымыздан дастархан жайып, ұлттық ойындарымызды ойнатамыз. Сондай-ақ, түрлі ән-шашулар шашылып, наурыз тойын өз мәнерінде тойлаймыз.

Ал мерекеге айтар тілегім, қазақ ақты қастер тұтқан ғой мен де ақ мол болсын деймін! Әр қазақтың шаңырағы шаттыққа, бақытқа толы болсын. Күн мен түн теңелген ұлыстың ұлы күні елімізге бақ береке ала келсін. Шаттығымыз шалқып, берекеміз таси берсін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Нұрсұлу Базарбай

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика