Абылай ДОНБАЙ, трансплантолог: «ШЫМКЕНТТЕ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ БИОМЕДИЦИНАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛСА ДЕЙМІН»

Абылай ДОНБАЙ, трансплантолог: «ШЫМКЕНТТЕ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ БИОМЕДИЦИНАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛСА ДЕЙМІН»

Елімізде медицинаның бір тармағы трансплантология (ағзаны ауыстыру) саласы біртіндеп дамып келеді. Бұл саланың қанатына су бүркіп, қарқын алуына үлес қосып отырған отандық үш хирург бар. Соның бірі – Абылай Донбай. Ол бүгінге дейін 40-қа жуық бауыр және 100-ден аса бүйрек ауыстыру отасын істеген. Абылай Әбдіжаппарұлының бір ерекшелігі – туыстық трансплантацияны жетік меңгерген. Жақында ғана айды аспанға шығарып, өзі басшылық ететін Шымкент қаласы №1 қалалық клиникалық ауруханасында жаңа рекорд орнатты. Ширатып айтсақ, туыстық бауыр мүшесін ауыстыру отасын 5 сағат 48 минутта жасады. Бұл рекорд – әлемде аталған саланың биігінде тұрған Оңтүстік Кореялық дәрігерлердің көрсеткішіне аздап жақындады деген сөз. Осы ретте А.Донбай секілді туыстық трансплантациялық отаны істейтін хирургтер ТМД елдері ішінде саусақпен санарлықтай екенін айтқымыз келеді.

Міне, қасиетті айдың мамыражай күнінде осындай білікті маманмен тілдесудің сәті түсті. Табиғат аясындағы емен-жарқын әңгіме кейіпкеріміздің тұлғалық бейнесі, еңбек жолы және алға қойған мақсаттары жайында өрбіді.

tories/0ab.jpg» border=»0″ />

– Абылай Әбдіжаппарұлы, жақында Шымкент қаласы №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне кірістіңіз. Жаңа қызмет құтты болсын!

– Көп рақмет!

– Әңгімемізді әріден бастасақ.  Медицина саласына қалай келдіңіз?

– Әкем үнемі «Сен дәрігер, ақ халатты абзал жан боласың» дейтін. Дәл осы ұранмен бойым қалыптасты. Мектеп қабырғасында спортқа, оның ішінде күреске құмар болдым. Сол себепті алдымда екі таңдау тұрды. Әкеме: «Медицинаны таңдаймын», – дедім. Ол кісі мединститутқа түсіп, бірақ белгілі себептермен оқуын аяқтай алмай, Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-да химия-биология факультетін бітірген. Алайда, арманы дәрігер болу еді. Мен әкемнің осы арманын орындағым келді. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түстім.

 

«КӨШБАСШЫ РЕТІНДЕ БАУЫР ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫН 32 ЖАСЫМДА ЖАСАДЫМ»


– Ал трансплантологияға қызығушылық қалай оянды?

– Алтыншы курста хирургия немесе терапияны таңдауың керек. Мен хирургияны таңдап, қазір бас дәрігер болып отырған ауруханада ең алғаш соқырішекке ота жасадым. Әрі қарай оқуды бітірген соң, біліктілігімді жетілдіру үшін Алматыға бағыт бұрып, №12 орталық клиникалық ауруханаға жұмысқа кірдім. Сосын «жалпы хирургияны» үйрену мақсатымен Мәскеудегі Н.В.Склифосовский атындағы Жедел жәрдем ғылыми зерттеу институтына бардым. Бірақ бұл жерде бірінші рет бауыр трансплантациясын көріп, осыған қызығушылығым оянды. Сөйтіп, ағзаны ауыстыру жолына мойын бұрдым. Бұл 2008 жыл еді.

– Алғашқы трансплантациялық отаңызды неше жасыңызда істедіңіз?

– 2012 жылы 30 жасымда Нұр-Сұлтандағы №1 қалалық ауруханасында Мәскеудегі Н.В.Склифосовский атындағы Жедел жәрдем ғылыми зерттеу институтының мамандарымен бірлесіп бауыр трансплантациясын жасадым. Науқас елу бес жаста еді. Аты-жөні – Хамилаш Жұмабекова. Шүкір, бүгінде денсаулығы әлі жақсы.

Ал көшбасшы ретінде 32 жасымда жасадым.

– Бұл ота біздің елде қай жылдары басталған?

– Дәрігер Мұхтар Әлиев 1996 жылы жасап көрген. Бірақ сәтсіз өтіп, мұндай ота істеу тоқтаған. Содан 2012 жылы қайта жасалды. Бұл жолы үш клиника бірдей бастады. Атап айтсам, Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Елордадағы №1 қалалық аурухана мен Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы. Жалпы, елімізде ағзаны ауыстыру отасын істейтін үш хирург бар. Олар – Жақсылық Досқалиев, Болат Баймаханов және өзім.

– Аталған салалық медицинаның қарыштап дамуына үш дәрігер аздық ететін шығар?..

– Артымыздан шәкірттеріміз ілесуде. Менде жетіге барып жығылады. Өзіміздің қазақ жігіттер, арасында бір әпкеміз бар. Жақын арада бұл кісілердің де трансплантологияның өріс алуына ықпал етері анық. Қазір де қарқыны жаман емес. Мәселен, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы, Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы және Шымкент қаласы №1 қалалық клиникалық ауруханасы шетелдік мамандардың қатысуынсыз трансплантациялық ота жасай алады. Өткен жылы өзім басшылық ететін ауруханада 45 ота жасадық. Оның көбісі бүйрек, бесеуі – туыстық бауыр трансплантациясы. Ал осы жылы жоспарда туыстық 10 операция бар. Дегенмен, ауруханамыздың аяқ алысы әлі де алшаң емес. Мекемеміз жанынан морфологиялық және биомедициналық ғылыми зерттеу орталығы ашылса деймін. Сол кезде шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға зор мүмкіндігіміз туар еді.

 

«ОРТАЛЫҚТЫ АШУҒА ТЫМ КӨП ҚАРАЖАТ КЕТЕДІ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН»

 

Ол орталықтың маңыздылығы жайында айта кетсеңіз…

– Мысал ретінде Оңтүстік Кореяны алалық. Олар біліктілігін адам ағзасына ұқсас келетін жануарларға ота жасап арттырады. Дәрі-дәрмектердің қалай әсер ететінін де солар арқылы біледі. «Гистологиялық нәтижеге қараймыз» деген сөзді естіп жатасыздар ғой. Яғни, қатерлі ісік анықталса, оның қандай түрі? Тінде (ткань) қабыну белгілері бар ма? Осылай нақты ғылыми дәлелдеп емдесек, ем жүз пайыз іске асады. Тағы да мысал, бір адамның бүйрегі ауырып, анализ тапсырды делік. Оған «Бәлкім, сіздің бүйрегіңізде аутоиммундық процестер жүруде» деп болжам айтады. Негізінде, бүйрегінің тінін алып, микроскоппен көру керек. Сол кезде дәл диагнозын қоятын мүмкіндік туады. Біздің Шымкент бұл тұрғыда кемшін. Көбісі болжам. Егер ғылыми зерттеу орталығы болса, мұның бәрі реттелер еді. Меніңше, аталған морфологиялық және биомедициналық орталықты ашуға тым көп қаражат кетеді деп ойламаймын.

– Олай болса, тиісті орынға ұсыныс айту керек қой?..

Әрине. Бұл ұсыныс жөнінде әрекетімізді бастап отырмыз. Жақында Шымкент қаласы әкімдігімен кездесіп, өзім оқыған Сеулдің ұлттық институтының клиникасымен меморандум құру туралы сөз қозғадым.  Олар жақын арада келуді жоспарлап жатыр. Меморандум мақсаты біздің орта буын мен кореялық білікті дәрігерлердің арасында тәжірибе алмасу. Өзіміздің дәрігерлерді де ол жаққа апару ойымда бар.

Егер  жоғарыда айтқан жоспар қолдау тауып, іске асса, ғылыми зерттеу орталығында біздің хирургтер Оңтүстік Кореялық мамандардан тамырды тігуді, бауырды қалай ажырату секілді көп нәрсені үйренеді. Бұл қаламыздағы трансплантологияның дамуына күш беріп, бауыр трансплантациясына кезек күттіруге болмайтын науқастар тізімін азайтар еді.

– Кезекте қанша адам бар?

Облыс бойынша 1500 адам бауыр церрозымен ауырады. Оның 150-не бауыр трансплантациясын жасауымыз керек.

– Ота істету үшін портал туралау керек пе?

Олай емес. Туысы донор болса, науқасты дайындап, ақысыз әрі кезексіз дереу ота істелінеді. Тек мәйіттік трансплантация ғана кезек арқылы. Бірақ ол да тегін жасалады.

– Трансплантацияға апаратын жол…

Бауыр церрозына шалдыққан науқастар бірнеше кезеңнен тұрады: жеңіл, орташа және ауыр. Науқас жеңіл кезеңінде психологиялық тұрғыда ота істетпейді. Орта кезеңінде бұл аурудың асқынған белгілері пайда болады: ішінің ісінуі, денесінің сарғаюы, көз ағының сарғаюы, денесінің қышынуы т.б. Сол сәтте лабораториялық анализдер тапсырады. Бауырдың өзіндік көрсеткіштері ауытқып, науқас «Енді не істеймін?» дегенде, бауыр трансплантациясын ұсынамыз. Ал қатты асқынған кезі өте қауіпті: ісініп, өңештен қан кетеді. Адам комаға түсіп, оянбай қалуы мүмкін. Сондықтан, тез арада туысқандарымен сұхбат жүргізіп, отаны жасаймыз. Жалпы, бауыр церрозына шалдыққан адамның негізгі емі – бауыр трансплантациясы.

tories/0aby.jpg» border=»0″ />

«ТУЫСТЫҚ ТРАНСПЛАНТАЦИЯНЫ ІСТЕУ ӨТЕ ҚИЫН»

– Бұл отаны істеу қаншалықты қиын?

– Әсіресе, туыстық трансплантация өте ауыр. Бауыр жүректен сегіз сантиметр ғана ары орналасқан. Ол – тамыр талшықтары тым көп орган. Яғни, тірі адамның ашық тамырларынан бауырының жартысын бөліп алып, науқасқа салу оңай емес. Оны микроскоппен жалғап, тігеміз. Одан бөлек, отаға дейін сау адамның бауырын арнайы компьютерлік томография арқылы көлемін өлшейміз. Жалпы денесінің салмағына байланысты кесіп алынатын, өзінде қалатын тұсын анықтаймыз. Оның арнайы формуласы бар. Егер донордың өзіне қалатын мөлшері аз болса, онда ол жарамайды. Өйткені, сау адамның өзіне де қызмет жасайтын бауырдың тіндері қажет. Қысқасы, бұл – титтей қателікті кешірмейтін үлкен ғылым.

Бауыр қанша уақытта бастапқы қалпына келеді?

– Үш айда орнына келіп, қалыпты жұмыс істеп кетеді.

Операцияға қанша хирург қатысады?

– Жеті хирург екіге бөлінеміз: бір жағы донордан бауырды алып жатса, екінші жағы науқастың бауырын дайындайды. Көшбасшысы – өзім. Жалпы, жиырма шақты адам қатысады.

– Туыстық ағзаны ауыстыру Еуропада қаншалықты дамыған?

Азия елдерінде Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Үндістан, Пәкістан, Сауд Арабия және Иранда көп жасалынады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Ал Батыс жақ өте аз әрі бұл отаны ұзақ уақыт жасайды. Мәселен, Мәскеуде он–он алты сағат аралығында істейді. Негізі Еуропада көбінесе мәйіттен алынған мүшелерді транспланттайды.

 

«АТАҚТЫ АДАМДАРДЫ БІЛІКТІ ХИРУРГТЕР КҮТІП АЛАДЫ»

 

Сұхбат барысында Оңтүстік Кореяны тілге тиек етіп, олармен өз мамандарыңызды Шымшаһарда тәжірибе алмастырғыңыз келетінін жеткіздіңіз. Мүмкіндік болса, Сеулге апаратыныңызды да айтып қалдыңыз. Соған қарағанда, ол жақтың трансплантологиясы сізге қатты ұнайтын секілді?..

– Рас, олардан үйренеріміз көп. Бұл сала бойынша әлемде ең дамыған мемлекеттердің бірі – Оңтүстік Корея. Жылына мыңнан астам бауыр алмастыру отасын істейді. Науқастар дүниенің түкпір-түкпірінен барады. Жиырма жылдан астам тәжірибелері бар. Отаны небәрі төрт-төрт жарым сағатта жасап тастайды. Әлемдік рекорд та соларға тиесілі. Оны менің профессорым – Кванг Вунг Ли орнатқан. Уақыты – 3 сағат 20 минут.  

Кореялықтар науқастардың күтімін, оларға қарым-қатынас мәдениетін, ота жоспарлары мен тактикасын дұрыс жолға қойған. Электрондық жүйе де жақсы дамыған. Сол себепті, осылай көш бастап тұр. Ал қондырғылары тіпті бөлек әңгіме.

– «Уақыт жағынан әлемдік рекордты менің профессорым орнатты» дедіңіз. Ол жақтың мамандарымен таныстығыңыз қалай басталды?

– Өзім бес жыл жұмыс істеген Елордадағы №1 қалалық ауруханасында 2013 жылы кореялық мамандармен бір жарым жылдай тәжірибе алмастым. Сөйтіп, 2014 жылы Сеул қаласындағы ұлттық ғылыми зерттеу институтының клиникасына оқуға барып, жетпіске жуық бауыр ауыстыру отасына қатыстым. Көзімнің ашылуына негіз болған – сол жақ.

Аталған клиникаға Елбасы үш рет барған. Бір қызығы – мұнда келген атақты адамдарды клиникадағы білікті дәрігерлер күтіп алады. Себебі, олар хирургтерін мақтаныш тұтады.

– Ал біздің ел хирургтерін қалай қадірлейді?

Өз-өзімізді дұрыс қадірлемемейміз ғой… Егер өзге ұлттан болса, шашбауын көтеріп кетер едік.

– Әңгімемізге арқау болған Оңтүстік Кореяда бауыр трансплантациясының бағасы қанша?

Үш жүз мың доллар. Еуропада одан да қымбат.

– Бізде ше?

Он бес миллион. Әрі кетсе, 35 мың доллар.

tories/0abyl.jpg» border=»0″ />

«ШЕТЕЛДІК МАМАНДАРДАН ЕШ КЕМ ЕМЕСПІЗ»

– Өзіңіз ақылы істеп көрдіңіз бе?

Жоқ. Тек ақылы бүйрек ауыстыру отасын жиырма шақты шетел азаматына істедім. Олар өзінің донорларымен келген. Ол кезде еліміздің Заңында донордың келісімімен ота істеуге болатын. Ал қазір Заң бойынша туыстық донорға ғана рұқсат етілген.

– Шетелдік науқастарыңыздың сіз істеген отаға көңілдері толды ма?

Иә, көңілдерінен шыққан секілдімін. Мәселен, украиналық азамат Алексей Мартынов Австриядан бейнеролик арқылы рақметін жеткізді. Ол атақты «Forbes» журналында украиндықтардың ішінде үздік ондыққа кіретін миллионер кісі екен. Біздің қалаға жеке ұшағымен келіпті. Мұның бәрін отадан кейін білдім.

– Ол кісінің сізді таңдауына не себеп болыпты?

Оның алдында Румыния мен Болгария азаматтарына ота жасағам. Дәл солар Мартыновтың алыс туысқаны екен. «Қайда барсам болады?» деп ақылдасқанда, маған ота істеткен сол кісілер бізді нұсқайды. Сөйтіп, Алексей менімен бейнеқоңырау арқылы сөйлеседі. Сол кезде бүйрегін алып, дереу бүйрек салып бере алатынымызды айттым. Келісе кетті. Ал оған дейін Мартыновқа еуропалық мамандар бүйрегін дереу орната алмайтындықтарын жеткізген екен.

– Бұл ота қалай өтті?

Жеңіл өтіп, небәрі бір жарым сағатқа ғана созылды. Біз бүйрек трансплантациясын өте тез жасаймыз.

– Сонда өзіміздің трансплантолог мамандар еуропалықтардан кем түспейтін секілді ғой!.. Бұған не дейсіз?

2016 жылы Нұр-Сұлтандағы №1 қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істейтін кезім еді. Маған осы Шымкент қаласындағы №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері хабарласып, туыстық бауыр трансплантациясына тәжірибе алмасу үшін қатысуымды сұрады. Келдім. Операцияны италияндық мамандар істейін деп жатыр екен. Дәрігерлермен танысып, ертеңіне ота жасалынатын науқастарды көрдім. Сонымен, таңертең отаға аз уақыт қалғанда, профессор жасаудан бас тартты. Туыстық емес, тек мәйіттік трансплантация ғана істейтінін ашық айтты. Бірақ ақысы төленіп қойған. Осы сәтте намысты қолдан бермеуге тырысып, «отаны мен жасайын, алайда Италия мамандары маған көмекші болсын» дедім. Олар келісті. Сөйтіп, отаны жасадық. Сәтті өтті. Кейіннен италияндықтар: «Бізді неге шақырдыңыздар? Өздеріңізде білікті мамандар бар екен ғой. Керісінше, көп нәрсені сіздерден үйрендік», – деді. Ол кезде жасым отыз төртте еді, ал шетелдік мамандардың жасы алпысқа кеп қалған.

Сөзімнің түйіні ретінде айтайын дегенім – қазақ шетелдіктерден еш кем емес. Бірақ бір-бірін бағалауы қиын. Оңтүстік Кореяға тамсанып қарап отырмыз ғой. Негізі оны өзімізде де жетілдіре аламыз. Тек бір-бірімізге қолдау білдірсек болғаны…

tories/0abyla.jpg» border=»0″ />

«ӘКЕМНІҢ АРМАНЫН ОРЫНДАҒАНЫМДЫ ОЙЛАП, БОЙЫМДЫ ҚУАНЫШ БИЛЕЙДІ»

Тағы бір отаңызды еске ала отырсаңыз…

– Осыдан екі жыл бұрын Елордадан Шымкентке ауысып келген кезім еді. Бауыр церрозына жиырма екі жасында шалдыққан өзіміздің қаракөз қарындасымыз кезікті. Әкесі әбден сандалған. Ол кісіге айттым: «Ешқайда барудың қажеті жоқ. Бұл жерге өзім келіп отырмын. Мамандығым – трансплантолог. Отаны тегін жасап берем» дедім. Науқастың туған ағасы донор болды. Әкесі қуанып, әлі күнге дейін рақметін айтады.

– Ота кезінде сағаттап жанталасу сізге қалай әсер етеді?..

Моральдік еш салмақ түсірмейді. Егер жүрегіме жақын алсам, хирург бола алмас едім. Бұл менің тек жұмысым ретінде қараймын.

– Сәтсіз отаңыз болды ма?

Кез келген хирургте сәтсіз ота болады. Дегенмен, оны ешкім әдейі істемейді. Бәлкім, кейде тәжірибе жетіспейді не науқас ауруын тым асқындырып алады. Бұл келеңсіз жағдай көңілге қаяу түсіреді.

– Ал адам өмірін сақтап қалған кезде қандай күй кешесіз?

– Әкемнің арманын орындағанымды ойлап, бойымды ерекше қуаныш билейді.

Әкеңіз бұл жетістіктер жайлы не деді?

– Нұр-Сұлтан қаласының бас трансплантологі болғанымда арманы орындалғанын айтып, батасын берді. Бірақ былтырғы жылы әкемнен көз жазып қалдық.

Ол кісі сізді қалай тәрбиеледі?

– «Ақ халаттылар – зиялылардың ең жоғарғы деңгейіне жататын адамдар. Ашкөз болма! Жағдайы жоқтарға көмектес. Қолыңнан кеп тұрса, жақсылық жасап жібер. Ертең балаларыңның алдынан шығады» дейтін. Мәселен, маған бауыр трансплантациясын жасатуға келетіндердің көбісі әлеуметтік жағдайы төмен, қарапайым кісілер. Олардың ешбірінің де меселін қайтармаймын. Қолымнан келгенше көмектесемін.

 

«МӘДИ БИҒАЛИЕВ БІЛІКТІ МАМАН ӘРІ ІЗГІ ЖАН ЕДІ»

 

– Ал өзіңіз болашақта балаңыздан не күтесіз?

– Кардиохирург болғанын қалаймын.

– Бүгінде өзіңіз басқарып отырған аурухананы сізге дейін ұзақ жылдар тізгінін ұстаған Мәди Биғалиевті қалай еске аласыз?

Студент кезімнен ұстазым болды. Нұр-Сұлтанда жүргенімде шақыратын. Келіп, келісімшартпен ота істейтінмін. «Орынбасарым бол, маған сенімді адам керек» дейтін. Екі жыл бұрын әкем ауырып, Мәди ағаға осы жөнінде ұсыныс айтып көрдім. Тез қабылдады. Жалпы, ол кісі маған көп жақсылық жасады. Өкінішке қарай, өмірден өтіп кетті. Трансплантация істеген сәттерімде шеберлігіме тамсанатын. Ал мен студент кезімде Мәди ағаның тәжірибесіне сүйсінетінмін. Ол кісі өте білікті маман әрі білікті мамандарды бағалайтын ізгі жан еді.

– Шымкент қаласы №1 қалалық клиникалық ауруханасында не өзгерістер болып жатыр?

Ең алдымен, тәртіп орнатып, кейбір дәрігерлердің заңбұзушылық әрекеттерін тыюдамын. Бәлкім, біраз адамға ұнамай қалған шығармын. Оны жалдамалы, біреудің  «инструменті» боп жүрген «тұлғалардан» байқап жүрмін. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасап қойып, алаңсыз отыра алмайды екенмін…

Екіншіден, бес жылдың ішінде біліктілігін арттырмаған, өсуі жоқ дәрігерлермен жұмыс істеудемін. Одан бөлек, барлық дәрігер отыратын дөңгелек үстел (reception) қадағалануда. Себебі, ауырып келген науқас дәрігерді күтпеуі керек. Сондай-ақ, сыртта жедел жәрдем көлігінің жылдам келуін тежейтін кедергілер ретке келтірілді. Бұл көліктің ішіндегі науқастың әр минуты мен секунды бағалы. Сондықтан оған еш кедергі болмауы керек.

Қысқасы, екі айдың ішінде көптеген өзгерістер болуда. Алдағы уақытта аталған клиниканы мақтанарлықтай жағдайға жеткізгім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет! Ойға алған ісіңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ

tories/0abylai.jpg» border=»0″ />

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика