Ғани НАЗАРБЕК, саяхатшы: «Туризм саласында бренд қалыптастыратын жоба жоқ»

Өз кәсібіне адал беріліп, шын сүйіп қызмет ететін жан  қоғам үшін әрдайым құнды. Иә, арамызда жұмыс барысын тек айлығын алып, қалтасын қомпайту деп түсінбейтін жандар бар. Олар әнші немесе саясаткер болмаса да, танымал келеді (әсіресе әлеуметтік желіде). Тыным таппайды. Өзін жарнамаламаймын деп жанықпайды. Ел-жерді жарнамалап, шарқ ұрады. Ісімді жұрт, билік бағаламай жатыр деп шағымданбайды. Білгенім көп деп ақыл да айтпайды. Сол себепті де кейде жүргізіп жүрген жұмыстарының тасасында қалып қояды. Сондай жандардың бірі бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері болмақ. Ол – «Жаңаталап» туристік фирмасының орынбасары Ғани Назарбек.

tories/g1.jpg» border=»0″ />

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ОРМАН МЕН ТАУҒА БАРҒАН СОҢ ОЯНДЫ

– Ғани Саттарханұлы, әңгімені әріден бастасақ. Бұл салаға қалай келдіңіз? Қазақ баласының бәрі бірдей елігіп, еріп жүре беретін саласы емес, қоғамның өзінде кенже дамып келе жатқан сала?

– Жоғары оқу орнында құқықтану және экономика мамандығын бітіріп, әрмен қарай әскерге кеттім. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң,   Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде табиғи жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту деген бөлімге жұмысқа кірдім. Мойныма жүктелген қызмет – аңдардың жай-күйін бақылау және қорғау. Дәл мен барған кезде аңдар төлдеп, санағы жүріп жатқан сәт еді. Қарбалас әрі қызық. Осы көрініс мені қызықтыра түсіп, лезде бойым үйренді. Орманда апталап жүріп, тіпті басқа топтармен бірге өз еркіммен баратын болдым.

Арадан үш жыл өткен соң, Ұлттық парктегі туризм бөлімінің басшысы денсаулығына байланысты өз жұмысын ұсынды. Енді тек аңшылық бағытына ғана емес, орман және туризм саласына да мойын бұрдым. Яғни туристердің «а» нүктесінен «в» нүктесіне дейінгі арақашықтықты жан-жақты бақылап, картасын жасау. Тек шақырым мен аялдамаларды ғана анықтамай, сол бағытта кездесетін жерлердің тарихын, тиесілі аңызын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін жол бойы таныстыруға дайындалуың қажет. Оған қоса уақытты үш деңгейде (мектеп оқушылары, орта буын және егде жас) есептеп, орта жылдамдықты шығарасың. Бұл әрекеттерге кейде бір апта уақытың кетеді. Аталған салада екі жыл, жалпы бес жыл жұмыс істеп, өз қолтаңбамды қалдырдым. Ал бүгінде «Жаңаталап» туристік фирмасында бастықтың орынбасары қызметін атқарудамын. Негізі, мамандық таңдар кезде бұл салаға келемін деген ойым болмады. Қызығушылығым орман мен тауға барып, ондағы тіршілікке көз жүгірткеннен кейін оянды.

ҰЛАР ҚҰСТАРДЫҢ ҰЙЫМШЫЛДЫҒЫ ТАМСАНДЫРДЫ

– Әңгімеңіздің өзінен табиғатқа деген ерекше сүйіспеншілік сезіледі. Табиғаттың қандай көріністеріне тамсанып қарайсыз?..

– Ең бірінші тік жартасқа өрмелеп бара жатқан тауешкіні көріп, таң қалдым. Құдды аяғына магнит жабыстырып алғандай. Ал қорбаң-қорбаң еткен аюларға көз салсаң, кәдімгі ойыншығын ары-бері лақтырып ойнап отырған бала көз алдыңа келеді. Сосын еліктің сұлулығы мен кербездігі өзіне еріксіз тартып, өте сақ жүретін ұлар құстардың ұйымшылдығы тамсандырды. Ал қасқырды кездестіргенімде, мүлдем басқаша күй кештім.  

– Қандай күй кештіңіз? Үрейіңіз ұшып, қорқып қалған сияқтысыз…

– Солай десем де болады. Қасымнан талай рет тауешкілер жүгіріп өтті. Аюға он бес метрдей жақын келіп, суретке түсірдім. Бірақ бөрімен бетпе-бет келгенде, қимылсыз қалдым.

Санақ кезінде бау ішіне түсіп, айқай саламыз. Сөйтіп аңдар інінен шығып, қимылдаған сәтте санақ жасаймыз. Сол әдетке басып, бау ішінде дауысымды көтеріп қиқулап жатыр ем, дәл қарсы алдымда қасқыр пайда болды. Арамыз ары кетсе отыз ғана метр шығады. Сілейіп тұрып қалдым. Қолымда ештеңе жоқ. Ол да қимылсыз қарап тұрды да, қыратқа көтеріліп кетті. Осы аралықта қанша уақыт өткенін, не жағдай болғанын білмеймін. Қасымдағы жігіттер төбенің басынан ысқырып, айғай салыпты. Тіпті, мылтық атқан. Бірақ ешқайсысын естімедім. Кейіннен оларға да бой үйренді. Шағылысатын қаңтар айы кезінде топ-тобымен кездестіретін болдым. Дегенмен бөлтіріктерін ауыздықтандыратын уақытта (тамыз айы) қадамымызды байқап басатынбыз. Себебі баласын аңшылыққа үйретіп жатқан кезде жолында кездескенді азық етпесе де, өлтіріп кете беретін әдеттері бар.

ТАУ БАСЫНДА ТАЛАЙ РЕТ ӨР РУХЫМ БИІККЕ КӨТЕРІЛДІ

– Тауға сапар шегерде «қойнына кітап толтырып алады» деп естіп едім. Бұл қаншалықты рас?

– Кітапқа деген құмарлық бала кезімнен бар. Алайда оған деген махаббатым тауға барған кездерімде шыңырау шегіне жетті. Иә, интернет пен теледидар жоқ. Ойыңды ештеңе бөлмейді. Тылсым табиғат аясы. Ал сен сол жерде Шыңғыс Айтматов суреттеген табиғи заңдылықтар мен адамның болмыстық өмірін оқып отырсаң, керемет емес пе?! «Боранды бекет», «Жәмила» қатты ұнады. Қайталаған кездерім де болды. Жалпы, Айтматовтың бар аудармаларын ақтардым деп айта аламын. Сосын Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебесін», Мұхтар Әуезовтің «Көшпенділерін», Теміртас Тілеулесовтің «Ордалы жыланын» оқыдым. Мұхтар Шахановтың да өлеңдерін оқып, тау басында талай рет өр рухым биікке көтерілді.

– Биіктік демекші, шың басына шыққан кездегі әсеріңізбен бөліссеңіз…

– Күнделікті өмірде алдыңнан кезіккен қиындықты жеңіп, қуанасың ғой. Дәл сол секілді бір белесті бағындарғандай күй кешесің. Теңіз деңгейінен төрт мың метрден астам биікке көтерілдім. Мамандар «саған «жас альпинист» деп арнайы статус беруге болады» деп, әзілдесіп жатады.

– Ұлттық паркте бес жылдай жұмыс істеп, жақында ғана «Жаңаталап» туристік фирмасына келгеніңізді тілге тиек еттіңіз. Аталған фирманың бағыты мен жоспарлары қандай?

– Облыста жұмыс істейтін жүз елуден астам туристік фирманың төртеуі ғана ішкі туризммен айналысады. Соның бірі – «Жаңаталап». Фирманың құрылғанына бес жыл болды. Биылғы жылдан бастап ішкі туризмді дамытуға бел шешіп, белсене кірісіп отырған жайымыз бар. Облыста осы аптаның ішінде шетелдік туристік фирмалармен кездесу өткіземіз. Өз қаржымыздан шақырып жатырмыз. Мақсат – өңіріміздің ішкі әлеуетін насихаттап, таныстырып, олармен тығыз қарым-қатынас орнату. Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Ресей елдерінен өкілдер келеді. Сонымен қатар, еліміздегі басқа қалаларымен жұмыс жасайтын шетелдік тур фирмалардың филалдары да ат басын бұрады.

tories/g2.jpg» border=»0″ />

ТУРИСТЕР ҰЛТТЫҢ ӨЗІН КӨРГІСІ КЕЛЕДІ…

– Байқап қарасам, алты жылдың ішінде туризм саласын бүге-шүгесіне дейін біліп үлгерген секілдісіз. Тарихы терең, табиғаты тамаша оңтүстік өңірінің туризм саласындағы бүгінгі аяқ алысын айта кетсеңіз.

– Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар расымен де тарихи құндылыққа ие. Қызығатын шетелдік туристердің қатары өте көп. Бірақ біз барымызды дәл көрсетіп, оны қадірлеп жатқанымыз жоқ. Алысқа бармай-ақ, көрші елдермен салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, шамада Қырғыстаннан отыз жыл, Өзбекстаннан елу жылға қалып бара жатырмыз. Өзбек халқы тарихы, ұлттық асханасы және мәдениеті арқылы бүкіл әлем туристерін өзіне тартуда. Ал қырғыздар жайлау туризмін дамытып, қанатын кең жайып отыр. Бізде ше?.. Тұнған тарих пен сұлу табиғат екеуі бола тұра, олардан кемшін түсудеміз. Мұның себептері өте көп. Республика бойынша емес, облыс төңірегінде айтайын. Бізде үш тарихи нысан (Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан, Отырар ауданындағы Әл Фараби және Ордабасы), төрт табиғи қорық (Ақсу Жабағылы, Қаратау, Сайрам-Өгем мен Сырдария-Түркістан) бар. Осы жеті нысанды бір-бірімен байланыстырып, өрмекшінің өрмегіндей байлап қоятын бағдарлама жоқ. Келген турист Түркістанда бір күн ғана болмай, жеті нысанның бәріне барып, аптаға жуық жүрсе, кемінде екі-үш мың АҚШ долларын тастап кетеді. Мұны іске асыру – мемлекет тарапынан болатын іс. Рас, жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ бәрі –көшірілген идея. Бренд қалыптастыратын жоба жоқ. Жеке ойым жайлау мен тарихи туризмді біріктіріп, комплексті түрде дамытсақ деймін. Келген туриске қазақы иіс аңқып тұратын ұлттық аспаптар ойнатылып, ұлттық тағамдар ұсынылып, еліміздің өткен тарихы мен бүгінгі тынысы жайлы толық баяндалатын болса, біздің де туризм қарқын алатын еді. Өйткені туристер тарихи нысандары бар ұлттың өзін көргісі келеді. Мәселен, Америкадағы үндіс тайпалары жойылып кетті. Тарихы терең болса да, ол жаққа ешкім бармайды. Себебі ұлттың өзі жоқ.

ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮРЛІ НҰСҚАДА БАЯНДАЙДЫ

– Сонда біздің туризм саласында тарихи-танымдық таныстырылымдар дұрыс жолға қойылмаған ба?

– Жақында бізге жапониялық бір турист хабарласты. Үш талабы бар: ұлттық аспаптарымыздың он жеті түрін атап, бірінші күні осыларды жасайтын цех, екінші күні мұражайы және соңғы күн аталған аспаптарда ойнайтын адамдар қажет екенін айтты. Тығырыққа тірелдік. Бастапқы екі күннің жобасын жасай алғанымызбен, үшінші күнге шарасыздық танытудамыз. Ең алдымен бұл турист Астана қаласындағы туристік фирмалардың біріне хабарласқан. Олар «қаймағы бұзылмаған» деп  біздің өңірді нұсқаған. Яғни, ол кісі қазақ халқын сырттай зерттеп, енді оған көз жеткізу мақсатында келе жатыр. Егер жауабымызға қанағаттанса, қаңтар айының басында келеді. Міне, мұндай талап кезінде біз мүлдем абыржымайтын жағдайға жетіп, ұлттық болмысымызды керемет деңгейде көрсете алуымыз қажет.  Келген туристі күтіп алып, шығарып салатын негізгі орта – Шымкент қаласында ұлттық асханалар жоқтың қасы. Мақтанышымыз – «Мұзтау» ғана. Бірақ ол жердің бағасын кез келген туристің қалтасы көтере бермейді. Одан бөлек, ұлттық аспапты жасап әрі өзі ойнайтын кісілер өте тапшы. Сол себепті болар алдына барсаң, аспандағы бағаны айтады. Ал тарихымызды түгендеп, келген кісіге таныстыратын гидтердің халі бізге мәлім. Кейбірі гуглдан оқып-тоқығанын айта салады. Таныстырушы деген жүретін жолындағы әрбір тастың тарихын білуі керек. Ол үшін ең алдымен сол өңірді өзі танып, көнекөз қарияларымен сөйлесіп, аңыз әңгімелер мен болған оқиғаларды бойына сіңіруі қажет. Сонда ғана тарихын тамылжыта жеткізе алады. Осы ретте айта кетейін, таныстырушылар  тарихымызды түрлі нұсқада баяндайды. Мемлекеттің бекіткен бір стандарты, оған қоса гидтер мен келген туристерді бақылау жоқ. Мәселен, мен Өзбекстанға барып, Самарханд туралы айту үшін арнайы аттестациядан өтуім керек. Оның өзінде не айтып жүргенімді тексеріп, бақылап, қасымда жүреді. Бізде олай емес, былығып жатыр. Таныстырушы да, турис те білгенін айтып, түрлі ой қалыптастыруда.

tories/g3.jpg» border=»0″ />

АБЫЗ АҚСАҚАЛДАРДЫҢ АЗАЙҒАНЫН КӨЗ АЛДЫМА ӘКЕЛЕДІ

– Шымкент қаласын «Туристерді қабылдайтын негізгі орта» деп айтып қалдыңыз. Шымшаһарда шетелдік туристерді қызықтыратын қандай орындар бар?

– 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болмақ. Осыған орай ескі қаланың орнында қазба жұмыстары басталды. Алдағы уақытта Сайрам мөлтекауданында жертөле үйлеріне қазба жүргізілетін көрінеді. Міне, осындай тарихи нысандар ашылғаннан кейін ғана шетелдік туристерді қызықтырады деп ойлаймын.

– Сөз саптауыңыздан түсінгенім, облыста туризм саласының дамуына кедергілер көп секілді?..

– Дәл солай. Табиғаты керемет нысандарға инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуі керек. Ұят та болса айтайын, әжетхана мәселесіне келгенде шетелдік туристердің алдында қатты ыңғайсызданамыз. Бәрінен де, кейбір тарихи нысандардың беті ашық қап, жауын-шашын астында мүжіліп бара жатқаны жанымды ауыртады.

– Елімізде жолыңыз түспей, қызықтырып жүрген жер бар ма?

– Арал теңізіне барғым келеді. Таудағы мұздақтардан тамшы боп басталып, жылғаға айналып, сосын арнасы кеңейіп, өзен болады. Иә, мұздақтардан тамған әр тамшының мақсаты – теңізге жету. Мен мұны адамның өмірімен байланыстырамын. Бастапқыда тұнық, тап-таза – сәби кезін, кейіннен арнасы ұлғайғанымен, ластануы – үлкейген кезін, соңында Аралға жетпей, құрғап кеткені – абыз ақсақалдардың азайғанын көз алдыма әкеледі.

– Өмірлік ұстанымыңыз?

– Бастаған істі бітірмей, тынбаймын.

– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?

– Шаңырақ көтергенімізге көп бола қойған жоқ. Алты айдан асқан бір баламыз бар. Бастапқыда Жәзира Байырбекованың «Бесік жырын» тыңдаттық. Ал қазір Қобыланды жырын қойып бермесек, ұйықтамайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Әділхан Абайұлы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика