Ғабит МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі:
«Әрбір басшы қызметшілердің істеген еңбегін бағалайды»
Бүгінгі кейіпкеріміз мемлекеттік қызметші деп білімді де білікті, қарапайым әрі адал, ашықтық пен жариялылықты ұран еткен азаматты атайды. Одан бөлек, ол әрбір қызметшіні өзімен тең көріп, басшылық және орындаушы құрам деп бөлуді ұнатпайды. Осы орайда олардың ой-пікірін тыңдап, жұмысқа ынталандырудың жолын біледі. Әңгімемізге арқау етіп отырған кісі – Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов. Міне, дәл осындай мемлекеттік қызметшінің нағыз кескін-келбетін бойына сіңірген басшымен сұхбаттасып, мемлекеттік қызметшінің қыр-сыры мен атқаратын негізгі жұмыстарына қанық болдық.
tories/00ga.jpg» border=»0″ />
– Ғабит Патшаханұлы, қала тынысымен етене таныссыз. Себебі, бұған дейін Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімі және қала әкімінің орынбасары болдыңыз. Ал бүгінде Әл-Фараби ауданының әкімісіз. Бұл басшылыққа келгенізге де жыл толып қалыпты. Осы ретте мұнда алғаш бастаған қадам мен атқарған істер жайында және алдағы уақытта күнтәртібінде тұрған жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімі болып тағайындалғанда, бірінші, елдімекендермен танысу жалпы Қаратау ауданында 24 елдімекеннен тұрады, оның басым бөлігі Ордабасы, Төле би, Сайрам аудандарынан қосылған. Ауданның ең басты мәселесі – ол инфрақұрылым жүйелері, оның ішінде: ауыз су, сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету, газ, жол салу. Халықтың сұранысына байланысты, біз өзіміздің ұсыныстарымызды тиісті басқармаларға енгізе отырып, бірқатар басқармалармен бірлесіп 8 елдімекенге жобалық сметалық құжаттары жасалып, қазіргі таңда ел игілігіне пайдаланылуда.
Қала әкімдігінде жұмыс жасағанда инвестиция тарту мәселесі бойынша, тек бір ғана Шымкент Сити жобасы аясында әлемге әйгілі құрылыс компанияларын тарту оның ішінде Елордамыздың көрікті де зәулім сарайлары мен тұрғын үйлерін тұрғызған кореялық «Highvill Kazakhstan»-ның Бас директоры Канг Джон Дэ мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында меморандумға қол қойылып, «Shymkent City» аумағында 52 гектарға, 5500 пәтер мен 6700 орындық көлік тұрағына жалпы 160 миллиард инвестиция тарту жұмыстары жүргізілді.Сонымен қатар, қала әкімі аппаратына қатысты жер, сәулет және қала құрылысы, құрылыс саласына қатысты қызмет көрсету жұмыстарын цифравизациялау мәселесі қолға алынып, қазіргі таңда жүзеге асуда.
Әл-Фараби ауданы – қаламыздың ең орталық ауданы. Ірі кәсіпкерлік нысандар мен демалыс аймақтары көп шоғырланғандықтан, ауданның тазалығы мен тәртібіне инфрақұрылымы жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуы басты назарда.
Әл-Фараби ауданына да Сайрам елді мекенінен «Забадам» шағынауданы, 276, 195 орамдар, Төле би ауданынан «Текесу» тұрғын алабы қосылған. Жалпы атқарылған жұмыстар аз емес, бірақ алда атқаратын жұмыстар одан да көп.
– Ал жыл басынан бері аудан әкімшілігіне тұрғындардан қанша арыз-шағым түскен? Олардың дені қандай мәселелер? Қаншасы қанағаттандырылып, мәселесі шешімін тапты?
– Қала әкімінің 2018 жылғы 16 шілдедегі өкіміне сәйкес аудан әкімінің жеке қабылдауы күнделікті сағат 09-10 аралығында жүргізіліп келеді.
2019 жылы аудан әкімі мен аудан әкімінің орынбасарларының жеке қабылдауында 381 өтініштер келіп түссе, олардың 135-і өз шешімін тауып, 174-не түсіндірме жұмысы жүргізілді, 72 өтініш құзырлы мекемеге жолданды. Әлеуметтік желілерге – facebook және instagram парақшаларына 1643 өтініш түсіп, оның 1347 орындалды, 185 өтініш иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 111 өтініш бойынша құзырлы мекеме тарапынан жедел түрде жұмыстар атқарылды.
2018 жылы атқарған жұмыстары жөнінде халыққа есеп беру кездесулері ауданның 3 аумағында өткізілді. Кездесу барысында, аудан тұрғындарынан барлығы 94 өтініштер мен ұсыныстар түсті. Оның ішінде 7-не кездесу барысында жауап беріліп, қалған 87 өтініші бойынша іс-шара түзіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланды. Түзілген іс-шараны орындау мақсатында құзырлы мекемелермен бірлесіп жұмыстар атқарылуда. Жалпы атқарылған жұмыстар жөніндегі мәліметтер аудан әкімінің ресми сайтында және «Шымкент келбеті» газетінде жарияланып тұрады.
– Міне, 2019 жылдың 2-тоқсаны қорытындыланды. Аудан әкімінің жұмысын бағамдайтын бірнеше көрсеткіш (инвестиция көлемі, ашылған жұмыс орындар саны, ана мен бала денсаулығы, білім сапасы, бюджет игерілуі секілді) барын білеміз. Тоқсан қорытындысымен осыларға тоқталсаңыз, өсім мен кему болса, себебін айтсаңыз…
– Ауданның бекітілген ережесіне сәйкес нақты міндеттер белгіленген. Аудандағы инвестиция, жұмыс орындары, ана мен бала денсаулығы, білім сапасы қала әкімі аппаратының тиісті басқармаларына жүктелген.
Біздің басты міндеттеріміз – аудан аумағын санитарлық тазалық пен инфрақұрылым жүйелерін дамыту, абаттандыру, құзырлы мекемелермен бірлесе отырып қоғамдық тәртіпті сақтау, оның ішінде: ретсіз сауда мен заңсыз жарнамалардың алдын алу және күресу, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауға жәрдемдесу, шаруа немесе фермер қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдеседі. Тарихи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізеді, жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйінде қызмет көрсетуді ұйымдастырады, жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi өз құзыретi шегiнде елдi мекендердi сумен жабдықтауды ұйымдастырады және су пайдалану мәселелерiн реттейдi. Сондай-ақ, елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады. Аудан бойынша жалпы 4900 көп балалы ана болса, олардың 351 «Алтын алқа» және 935 «Күміс алқа» иегерлері. Елбасының Жарлығымен жыл басынан бері 14 «Алтын алқа» және 55 «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды.
– Әл-Фараби ауданы – қаланың ең тығыз орналасқан, мәселесі көп аудан. Ретсіз сауданы ауыздықтау қиындық туғызып отырған жоқ па? Мұны қалай шешіп отырсыздар?
– Аудан бойынша жыл басынан ретсіз саудамен айналысқан 1400 тұлғаға құзырлы мекемелермен бірлесе отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне (204, 505 баптарына) сәйкес хаттама толтырылып, 439 000 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Өткен жылы аудан аумағында заңсыз орналасқан 128 дүңгіршектер алынып, оның ішінде Төле би көшесінің бойында (Қырғы базар аумағында) 34 заңсыз орналастырылған дүңгіршектер сот шешіміне сәйкес орнынан сүрілген болса, «Визит» сауда үйінің алдында орналасқан 18 заңсыз дүңгіршектер алынды.
Шымкент қаласының құрылыс бақылау басқармасына және жер қатынастары басқармасына нысаналы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлер бойынша 27 хат жолданып, 10 нысан бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, 2 320 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Аудан әкімі аппаратының іс-шара жоспарына сәйкес, аудандағы негізгі көшелерде және коммерциялық нысандарда орналасқан жарнамаларды ретке келтіру мақсатында 700-ге жуық ірі жарнама және 11 мыңға жуық хабарлама ретінде жапсырылған ұсақ жарнамалар алынды. Жеке кәсіпкерлерге жарнамаларын заңдастыру қажет екендігі туралы түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде 200 заңды тұлға тіркеліп, жалпы 2018 жылы сыртқы (көрнекі) жарнама бойынша аудандық бюджетке түскен түсім көлемі 86 млн. теңгені құрады.
– Әкімдік алдындағы турникетке көзқарасыңыз туралы естісек.
– Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 88-тармағына және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы әкімінің аппараты және Шымкент қаласының бюджетінен қаржыландырылатын барлық атқарушы органдардың ғимараттарында қолжетімділікті есептеу және бақылау жүйесі (ҚЕБЖ) орнатылған. Бұл іс-шара тек мемлекеттік қызметшілердің Еңбек заңнамасын қатаң ұстану, демалыс күндері жұмысқа шығу және үстеме жұмысқа тартылу практикасын тоқтатуға бағытталған.
tories/00gaa.jpg» border=»0″ />
– Ғабит Патшаханұлы, енді әңгімемізді еңбек жолыңызға қарай бұрсақ. Ең алғаш Каспий экология прокуратурасында бастапсыз. Табиғатты қорғау, оның ішінде Атырау облысындағы прокуратура саласына қалай келдіңіз?
– Мен Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қаржы, Халықаралық құқық және нарық Академиясында заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алып, оқу орнының жолдамасымен алғаш еңбек жолын 2000 жылы Каспий экологиялық прокуратурасының маманы, Каспий экологиялық прокуратурасы прокурорының көмекшісі, 2001 жылы Атырау табиғатты қорғау прокурорының көмекшісі болып қызмет атқардым.
– Прокуратура саласынан Сот саласына ауысыпсыз. Еңбек жолыңыздың осы жылдарына кішігірім тоқталсаңыз.
– Елордамыз қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына ауысқаннан кейін жастардың барлығы көптеп тартыла бастады. Мен де осы көштен калмай «Арман қала –Астана» деп арманымды жүзеге асыруға қадам бастым және бұл қадамыма еш өкінбеймін.
2002 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Интернационал» ЖШС заңгері, 2002–2016 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппаратында референті, бас сарапшы, бас консультант, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, хатшылық меңгерушісі қызметтерін атқардым.
– Сот саласынан мемлекеттік қызмет, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару саласына ауысып келу қиын болмады ма? Осы екі саланың қайсысында өзіңізді жақсы сезінесіз? Егер қайта таңдау мүмкіндігі берілсе, қайсы саладан бастар едіңіз?
– Ең біріншіден ауысу мәселесіне келер болсақ, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен менің қызмет орнымдағы лауазымым «А» корпусына енгізілді. Сонымен, Қазақстан Республикасы президенті Әкімшілігінің және Шымкент қалалық мәслихатының келісімдерімен Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімі лауазымына тағайындалдым.
Екіншіден, барлығымыз мемлекеттік заңға бағынамыз. Таңдау мүмкіндігі келіп жатса маған халықпен қызмет жасау, өзіме жақындау. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтына, халқына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» – деген сөзі бар. Сондықтан мен халықпен жұмыс жасауды таңдар едім. Себебі, бұрынғы жұмысымда тек қана құжаттармен жұмыс жасаған болсам, мұнда халықпен етене жұмыс істеп мұң-мұқтажын тыңдап, оның шешу жолын саралап, мейлінше күш-жігерімді азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жұмсадым. Ауыз су болсын, электр жарығымен, газбен қамтамасыз ету, жол салу сияқты халыққа қолайлы жағдай жасағанның арқасында елдің оң ықыласы мен батасына бөленіп тұрамыз. Әрине, ол менің ғана жұмысым емес, біздің ұжымдық жұмысымыздың жемісі деп білемін.
– Енді ұжымыңызға ойыссақ. Қанша қызметшіңіз бар? Басшы ретінде қызметшілеріңізге, шәкірттеріңізге, тіпті, өзіңізге қоятын талаптарыңызды айта кетсеңіз.
– Аудан әкімі аппаратында жалпы 29 мемлекеттік қызметші жұмыс атқарады. Мемлекеттік қызметшіге артық талап қою мүмкін емес. Себебі, мемлекеттік қызметтің жұмысын реттейтін арнайы заң бар және әр маманның өзіне жүктелген нақты лауазымдық міндеттері бар. Мемлекеттік қызметші халықпен тығыз жұмыс жасайтындықтан өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарап өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруы қажет.
– Үздік мемлекеттік қызметші дегенде қызметшілеріңіз арасынан, әлде, әріптестеріңізден кімді атар едіңіз? Оның қай қасиетін үлгі тұтасыз? Мемлекеттік қызметшіні нендей қасиеттер даралап тұруы керек?
– Үздік мемлекеттік қызметші – деп бір адамды даралауға болмайды. Себебі, біздің жұмысымыз – ұжымдық жұмыс! Сондықтан, қазақтың «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген жақсы бір сөзі бар. Нәтижелі жұмыс жеке бір адамның емес жалпы ұжымның арқасында жететін жетістік. Қасиеттерге келсек мемлекеттік қызметшіге жауапкершілік пен орындаушылық, ұйымдастырушылық осы үш қасиетті атап айтуға болады.
– Жас мемлекеттік қызметші жаңадан жұмысына кіріскен сәтте қызметтік жүктемелерден бөлек өзге қандай тапсырмалар бересіз? Нені үйренуі керек? Сіздің мемлекеттік қызметші мектебіңіздің ерекшелігін айтсаңыз...
– Мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген азаматқа олардың атқаратын лауазымына сәйкестігін тексеру мақсатында заңға сәйкес сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімімен қоса мемлекеттік қызметте бірнеше жыл тәжірибесі бар тәлімгер бекітіледі. Қызметтік жүктемелерден бөлек, заңға сәйкес өзге тапсырмалар жас мемлекеттік қызметшінің басқа да бастамашылық қасиеттерін айқындау мақсатында берілуі мүмкін. Мәселен, мамандығы экономист болғанымен, қасиеттерді айқындау мақсатындағы тапсырмалардың нәтижесінде позитивті әрі шығармашылық, ұйымдастырушылық қабілетін байқауға болады.
Жас мемлекеттік қызметші лауазымдық міндеттерін ұтымды әрі тиянақты орындап үйлестіру жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, өз міндеттерін ұқыпты, мұқият атқаруды үйренуі керек.
Мен мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мен дамытуға, тиімділігін арттыруға уақытылы шешім қабылдауға қызметшілерді үнемі бағыттап отырамын. Сонымен қатар, қызметшілерге тапсырылған жұмысты орындауда ерекше зейін салып, еңбек тәртібін, қызметтік әдеп нормаларын, мемлекеттік органның ішкі тәртібін сақталуына аса назар аударамын.
– Әдеп кодексі талаптарына жауап бере алмаған, сол себепті жұмыстан босатылған қызметшіңіз болды ма? Мүдделер қақтығысын қалай шешесіз?
– Әдеп кодексі талаптарына жауап бере алмаған, сол себепті жұмыстан босатылған қызметші болмаған. Ал мүдделер қақтығысының болмау себебі, әріптес қызметшілердің арасында халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған жиналыстар мен құқықтық сабақтарды жиі өткізіп тұруымыздың нәтижесі деп білем.
– Басқалармен салыстыра отырып, мемлекеттік қызметші келбетін санамалап берсеңіз.
– Мемлекеттік қызметші ең бірінші жұмысына кіріскен сәтінде халық пен мемлекеттік органдардың өкілдерінің алдында ант береді. Мұндағы аса назар аударатын мемлекеттік қызметші жауапкершілікті сезіне отырып, елдің Конституциясы мен заңдарын сақтауға, халқына адал да білікті қызмет етуге ант етеді.
Мемлекеттік қызметші деп білімді де білікті, қарапайым әрі адал, ашықтық пен жариялылықты ұран еткен азаматты айтуға болады.
– Басшы ретінде қандай басқару менеджментін басшылыққа аласыз? Жергілікті басқаруға қай тәсілдер тиімді? Өзіңіз қайсысын қолайлы көресіз?
– Әрбір азаматты өзіңмен тең көру, басшылық құрам, орындаушы құрам – деп бөлмей олардың ой-пікірін тыңдап, жұмысқа ынталандыру, өзімнің немесе өзге де азаматтардың еңбек жолын мысалға келтіре отырып әрдайым бағыт-бағдар беріп мемлекеттік қызметке деген ынтасын арттырып, осы қызметтен бұдан әрі үлкен лауазымдарға да жетуге болатындығына сенімін арттыру және ең бастысы сендіру.
Жергілікті басқаруға нақ мына тәсілдер тиімді – деуге болмайтын шығар. «Осы менің еңбегімді бағаламайды-ау» дейтін кейбір азаматтар болады. Мұндай азаматтар қатты қателеседі. Әрбір басшы қызметшілердің істеген еңбегін бағалайды және оған тиісті баға беріп отырады. Мемлекеттік қызметтік жүйенің жолға қойылған өз тәсілі, яғни, қағида бар және осы қағиданың ең бірінші талабы – адамның, қызметшінің жауапкершілігі.
– Күн сайынғы күн тәртібін неден бастайсыз? Қалай аяқтайсыз? Бос уақытыңызда атқаратын шаруаларыңызды айтып берсеңіз.
– Күнделікті күн тәртібім таңертең сағат 9-10 аралығында аудан тұрғындарын жеке қабылдаудан бастап, осы қабылдауда болған арыздар мен өтініштерді әріптестеріммен талқылап, жылдам әрі оң шешімін табуға ықпал етемін.
Әрдайым қызметшілердің арасында заң нормаларын ашық талқылап, өзекті мәселелерді басты назарға алып, бақылауда ұстап, өткен күннің қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін сұраймын. Ал бос уақытымда «Отан – отбасынан басталады» демекші, отбасыма көңіл бөліп, бала-шағаммен бірге өткізуге тырысамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Leave a Reply