2024-09-23

«Соттан соғылған қоңыраудың жағымды жаңалық әкелетін кезі де болады»

Нұрсұлтан БАЙТІЛЕСОВ, Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы міндетін атқарушы:

«Соттан соғылған қоңыраудың жағымды жаңалық әкелетін кезі де болады»

Елбасы Н.Назарбаевтың жас мемлекеттік қызметшілердің қызметтік карьерін үкіметтік орталық органдардан емес, жергілікті атқарушы органдардан бастап сатылап өсу туралы кеңесі бар еді. Оның үстіне, кеше ғана жаңа президент Қ.Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтқан мемлекеттік құрылымдарда жастарға мүмкіндік беру туралы сөзі және еске оралады. Бұл орайда мемлекеттік қызметтің оң имиджін көтеру мен мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін кең насихаттау мақсатында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауының алар орны бар. Шымкент қаласы бойынша өткен бұл байқаудың биылғы қорытындысы мен оның жеңімпазы болған жас мемлекеттік қызметші Н.Байтілесов туралы естіп, «Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшісі» конкурсына аттану қарсаңында оның жетістіктерімен оқырманымызды таныстыруды мақсат еттік.

tories/00so.jpg» border=»0″ />

– Сәлеметсіз бе, Нұрсұлтан Төленұлы. Қазір Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысысыз. Бұл салаға қалай келдіңіз? Бала күнгі арманыңыз сот, прокуратура немесе құқық қорғау саласы ма еді? Форма киіп, билік етуді армандап па едіңіз?

– Мен балалық шағымда әскери болсам деп армандайтынмын. Форма кию жағынан ұқсастығы болмаса, былайша басқа сала ғой. Теледидар мен фильмдердің әсері болар, әскери дайындықтан өткен арнайы жасақтардың қимыл-әрекетіне қызығып, еліктейтінмін. Уақыт өте есейіп, көзқарас та өзгерді. 9-сынып бітіргесін колледжге оқуға түсу керек болып, осы заң саласын таңдадым. Шымкент қаласында орналасқан «Фемида» деп аталатын заң колледжіне оқуға түсіп, көп өтпей Нұр-Сұлтан қаласына ауысуға шешім қабылдадым. Ауысудағы басты мақсат – тереңірек білім алу, маманданған қоғам мен орта көру. Өйткені, шынын айтайын, айналамдағы орта мамандану жағынан маған тарлық ететінін және кәсіби өсу үшін тереңірек білім алу мүмкін емес екенін түсіндім. Елордадағы оқуымды заң саласына маманданған еліміздегі іргелі оқу орны ҚазМЗУ жанындағы колледжде 2-ші курстан жалғастырдым.

Заң саласын таңдаған сәтте біздің отбасымызда 2 заңгер болды. Оның бірі ағам болса, ол сол сәтте студент еді. Ол кісі қалыптаса қоймаған тұлға болғандықтан, менің мамандық таңдауыма үлгі бола қойған жоқ десем, қателеспеймін. Сондықтан, отбасымызда ізінен ілесіп мамандық таңдарлықтай заңгерлік саласының мамандары болмады, бұл сала – біз үшін иерархиялық мамандық емес. Сот саласына келу туралы шешім қабылдаған сәтімді айтып берейін. Студент кезімде колледж өндірістік іс-тәжірибеге жіберіп, бір-бір аптадан прокуратура, полиция және сотта тәжірибеден өттім.

Сол кезде сот қабырғасында өзгеше серпін алдым. Бұл орган қызметінде қоғамда орын алған әділетсіздікке, тәртіпсіздікке нүкте қою мүмкіндігі барын көрдім. Мәселен, қандай да бір іс кезінде құқық қорғау органдарының жедел іздестіру тобының қызметкері көп қызмет атқаруы мүмкін, бірақ ол істің соңына нүкте қоя алмайды. Соттың айналасындағы тек билер ғана емес, материалдық маманына дейін әрқайсысы өте жоғары деңгейдегі заңгер екеніне көзім жетті. Құжат қабылдап алғаннан кейін де басқа органдардың материалдарының кемшіліктерін нақтылап, толықтырылуын көрсетіп беріп жатты. Сот органының осындай қасиеттері менің қызығушылығымды тудырды. Одан кейінгі тәжірибелік сабақтар бола қалса, ойланбастан сотты таңдадым. Сот жүйесіне келемін деп сол сәттен бастап шешім қабылдадым.

– Еңбек жолыңызды қай жерден, қалай бастадыңыз? Мемлекеттік қызметке орналасу қиын болмады ма?

– Тәжірибелік сабақтардан соң, Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық сотында қоғамдық негізде қызмет етіп, ақысыз жұмыс атқара бастадым. Сөйтіп жүргенде аудандық сот төрағасы Е.Ж.Тасыров «Сен бала бізден кетпеуің керек» деп лебіз білдіргесін, мемлекеттік қызмет тестін тапсырып, конкурстан өтіп, резервке қойды. Ол кезде мемлекеттік қызмет саласын толық түсіне бермегендіндіктен, арада бірер апта күттім де, «жұмысқа орналаса алмадымға» санап, ауылға қайттым. Студентте қайбір заты болсын, бір сөмкемді көтердім де, туған жерім – Мақтааралға оралдым. Сол ренішпен кетпен ұстап, мақталықтың басынан бір-ақ шықтым. Жаз өтіп, күзге салым мақта терім басталды. Егер, мақта терімді білетін болсаңыз, мақтаны тіркемеге артатын жерде терілген мақтаны таразыға тартушы тұрады. Соның жұмысын атқарып, мақтаның тазалығын тексеріп, қапты төгіп, босатып беріп тұрдым. Ауылды жер болғасын ұялы байланыс қызметі өте нашар. Бір сәт телефоныма қарасам, қабылданбаған қоңырау тұр. Трактордың тіркемесі үстіне шығып, қайта қоңырау соқтым, арғы жақтағы дауыс «бұл соттан» дейді. Бүлдірген нәрсем жоқ еді ғой деп жүрек зу ете қалды. Лезде ой деген сан саққа жүгіріп кетті. Сөйтсек, резервке қойылған кезегім келіп, жұмысқа шақырып тұр екен. Соттан соғылған қоңыраудың да жағымды жаңалық әкелетін кезі болатынын бастан кешірдім. Сол хабарды естігесін жүрек қуанып, көлік болмағасын мақталық пен Жетісай қаласы арасындағы 20 шақырым жолды жаяу жүріп өттім. Әке-шешемнің батасын алып, Нұр-Сұлтанға аттандым. Күс-күс қол, жарылған бет, күнге қарайған түрімді көргенде кадр бөліміндегі қызметшілердің бірінші сұрағы: «Сен өзі қайдан келдің?» болды. Бұл сұрақ маған «Қайдан қашып келесің?» дегендей естілді. Сол сәттен бастап бір ай сынақ мерзімін өткеріп, Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданы бойынша Сотында жетекші маман болып қабылдандым.

– Қызметіңізді астанадан бастапсыз, Шымкентке қалай келдіңіз? Елордадағы қызметіңізге не кедергі болды?

– Кедергі келтіретіндей еш нәрсе бола қоймады. Шымкентке де келмес бұрын, Атырауда қызмет атқардым. Негізі, Атырауда менің әкем де, шешем де, тіпті отбасымыздан ешкім болған емес. Жастық максимализмнің арқасы ма, әлде өзімді сынап көрсем деген қызығушылық па, әйтеуір бір сезім жетелеп Атыраудан шығарды. Әр салада қызмет атқарып көрсем деген ұмтылыс болып тұрғасын лауазымдардың қызығы тез таусылады екен. Нұр-Сұлтан қаласында ең алғаш жетекші маман болып кіргесін, кейін бас маман, сот мәжілісінің хатшысы болдым. Күнделікті улап-шулаған істердің ортасында судья мен іске қатысушылардың арасын жалғайтын көпір іспетті қызмет атқардым. Екі жылдан соң хатшылықтың қызықтырған кезеңі аяқтала бастағандай сезімде болдым. Сол кезеңде орталық аппараттарда өңірлерде қызмет атқарып, тәжірибе жинақтаған қызметшілердің жұмыс жасауына баса назар аудару қажеттігі туралы Елбасының тапсырмасы шықты. Яғни, теориядан практикаға көшетін, халыққа жақындайтын уақыт келгені туралы айтылды. Содан соң өңірлер бойынша ең бірінші жолыққан кез келген конкурсқа қатысуға шешім қабылдап, ол Атырау болып, сонда ауыстым. Атыраудың Нұр-Сұлтанға ұқсас тұстары бар болып шықты: өзен, маса және жел (күлді). Атырауға жолға шыққанда баяғы Жетісайдан көтеріп келген сөмкемнен басқа қытайдың ала дорбасына бар мүлкім мен көрпе-жастығым сыйды. Елдегі сот жүйесі бір болғасын, ауысу қиындық тудырмады. Облыстық соттың приставы болып орналастым. Сондағы жұрттың таңдана сұрайтыны «Елордада хатшы болып істейсің, Атырауға есіктің алдына пристав болып келдің бе?» деген сұрақ болды. «Генерал болуды армандамайтын солдат – солдат емес» демекші, ал менің оларға жауабым: Елбасының сөзі мен Жоғарғы сотта қызмет еткім келетін мақсатым. Бәрібір сендіре алмадым. Еңбектене жүріп, бас маман, кеңсе меңгерушісі, бөлім басшысы міндетін атқарушы, кеңсе басшысының орынбасары қызметтерін атқара жүріп 4,5 жыл Атырауда өткердім. Одан кейін Павлодарға ауыстым. Ол жақта да Нұр-Сұлтан мен Атырауға ортақ қасиеттер – өзен, маса, жел (тағы бір жымиып алды) бар. Өзімнің қызмет етіп келе жатқан қалалар ішінде үлкен өзені, масасы мен желі жоқ қала, ол – Шымкент. Павлодарда соттар әкімшісінің орынбасары болып 1 жыл қызмет еттім. Сөйтіп жүргенде Елбасының Республикалық әскери соттың әкімшісін құру туралы жарлығы шығып, сол жерге басшы қызметі ұсынылды. Содан 5 жылдан астам уақыт ішінде Нұр-Сұлтанға қайта оралдым. Ол жерде және жоғарғы соттың хатшылығымен қоса 3 жылға таяу мерзім болып, қазір осы Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жүрмін. Мұнда жіберілуімнің себебі, әскери соттың соттар әкімшісінің барлық ұйымдастыру процедураларынан хабардар маман ретінде жолдандым. Шілденің соңында келгеніммен, ресми қызметіме қараша айынан бастап кірістім. Ол кезде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлініп жатқан еді.

Еңбек жолымды қарап отырсақ, небәрі 22 жасымда республикадағы ең жас басшы орынбасары, 24 жасымда ең жас соттар әкімшісі болған екенмін.

Талабымды ескеріп, маған сеніп жауапкершілік жүктеп, қызмет ұсынған басшы ағаларыма мың алғыс білдіремін.

– Қызметіңіз барысында кейбір өз сыныптас, достар немесе туыстарыңыздың үстінен іс жүргізген кезіңіз болды ма?

– Ондай жағдай болды. Студент кезімде тәжірибелік сабақ үшін Жетісайға бардым. Дәл сол уақытта ауылдағы бір досым бұзақылық жасап, іс қозғалып, сот процесі өтті. Сот процесіне практикант ретінде мен де қатыстым. Досым тордың арғы жағында, мен бергі жағында болдым. Кешкен сезімді ешкімнің басына бермесін, өте нашар сезім болды. Кеше ғана бірге ойнап өскен бала ғой. Көмектескің келгенімен, қолдан келер дәрмен жоқ. Заңның аты – заң.

– Өзіңіз осындай салада қызмет еткесін жаныңыз ашып, көмектескіңіз келіп тұратын жағдайлар бола ма?

– Иә, ондай жағдайлар өте көп. Қазір Шымкент қаласы сотының жанынан қабылдау орталығын ашқанбыз. Күнде нешеме азаматтарды қабылдаймыз, заңды білмегендіктен көптеген азаматтар жамандыққа ұрынады. Құжаттарға қол қойып жіберу, біреудің несиесін алдап, басқаның мойнына артып жіберу секілді жайттар көптеп кездеседі. Тек қаржы-несиелік операцияларда ғана емес, кез келген тұрмыстық қатынастарда, сату-сатып алу процестерінде, мұрагерлік істерде молынан жолықтырамыз. Әрине, көмектескің келеді. Дегенмен, заңды білмеу – жауапкершіліктен құтқармайды деген қағида бар. Жеке қабылдауымызға келгенде біздің міндетімізге кірмесе де, оларға тегін заңдық консультациялар береміз. Бар кінә өзінің заңды оқымағаны болса да, жанымыз ашығандықтан оларға бар кеңесімізді аямаймыз.

tories/00soo.jpg» border=»0″ />

– Шымкент қаласы бойынша «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауынан жеңімпаз болыпсыз, құттықтаймыз. Байқау қалай өтті? Қандай жоба ұсындыңыз, жеңімпаз еткен жобаңызға тоқталсаңыз.

– Ол байқауға қаланың 30-дан астам мемлекеттік қызметшілері қатысып, стратегиялық және бағдарламалық құжаттар бойынша тест тапсырып, нәтижесінде 6 қызметкер іріктеліп, екінші кезеңге өттік. Келесі кезеңде қатысушылар жобаларын таныстырып, өз жобасының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тиімділігін дәлелдеуі тиіс болатын. Комиссия алдында өзімнің ұсынған жобамды жан-жақты түсіндіріп, қорғап шықтым. Байқау қорытындысына сәйкес, «Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсына жолдама алдым. Алдағы уақытта осы конкурсқа қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына аттанғалы отырмын.

Мен ұсынған жоба «Цифрлық сот кеңсесі» деп аталады. Елімізде цифрландыруға өте көп қадамдар жасалып жатыр. Сол жүйелердің сот саласындағы бір жүйесінің басы-қасында жүргеннен кейін, әрбір кемшіліктерінен байқап жүргендіктен осы жобаны жүзеге асыруды қолға алуды жөн санадым. Электронды үкімет порталында «Жеке кабинет», мемлекеттік кірістер саласында «Салық төлеуші кабинеті» секілді электронды кабинет сот жүйесінде бар. Біз ұсынған жоба – сол жүйені ары қарайғы дамытатын жоба. Бұл – ешқандай компьютерлік бағдарлама да, сайт та емес, Жоғарғы соттың тапсырмасына сәйкес кәсіби мемлекеттік аппарат құруға серпін беретін, яғни біздің мамандарды халықпен процессуалдық емес кездесуден, қарым-қатынастан бөлу, халықты цифрландыруға үйрету, электронды сот жүйесін қалыптастыруға арналған алғашқы үлкен қадам. Біз ұсынып отырған жоба мен көзқарасымыз бойынша, азаматтық істер саласы 100 пайыз электронды жүйеге көшеді. Бұл ешқандай көзбояушылық та, халықты алдарқату да емес. Яғни, халық сот ғимаратына тек сот процестеріне қатысу үшін ғана келетін, қалған уақытта үйлерінде отырып-ақ сот ісінің қандай дәрежеде екенін біле алатын жағдай жасап жатырмыз.

– Жаңа қызметке келгелі қандай бастамалар көтердіңіз, ойларыңыз қолдау тапты ма?

– Иә, біз жұмыс барысында бір рет пайдаланылған қағаз екінші рет пайдаланылмай, үйіліп қалып жатады. Сол қағаздарды макулатураға тапсырамыз да, түскен қаржыны қайырымдылық шараларға жұмсаймыз. Бірақ, бұл аз. Бізді алаңдататын нәрсе – балалар үйінен шыққандар есейгеннен соң қайда барады? Оларға жасалып жатқан қайырымдылық шаралардың барлығы уақытша, түпкілікті мәселені шешпейді. Шешу жолын ойладық. Осы ойдан кейін әріптестеріммен ақылдасып, олардан қолдау тапқанына өте бақыттымын. Әріптестеріме мың алғыс! Шымкент қаласының соты қызметшілерінің жалақысынан тоқсан сайын бір күндік жалақыларын қаладағы №4 балалар үйінің 84 тәрбиеленушілерінің әрбірінің атынан Тұрғын үй жинақ банкісінен жеке шот аштырып, қаржы аударып отыруды бастадық. Бұл деген ондағы балалардың есейген шағына дейін тұрғын үймен толық қамтамасыз етпесе де, белгілі мөлшерде бастапқы қаржысын жинауға мүмкіндік бермек. Бұл әжептеуір қомақты қаржылық қор болмақ. Мәселен, бала бүгін 10 жаста ма, 8 жыл көлемінде бастапқы жарна үшін қаржы жинақталып қалады. 18 жасқа толған бала үй ала алады, ары қарай жұмысқа орналасса, қалған қаржысын өзі төлейді деген сөз. Сондай-ақ, судьялардың қызметтік автокөліктерінен бас тарттық. Оның орнына күн сайын кемінде 4 реттен кем емес бағытта қалалық такси қызметімен келісім шарт түзіп, бюджет қаржысын үнемдеуге қол жеткізіп отырмыз. Бұл біріншіден, жанар-жағармай шығыны үшін қаржы үнемдесе, екіншіден көлік жүргізуші штаттарына бөлінетін жалақы үнемделді, оған қоса бюджеттен қаралатын қосалқы бөлшектер қаржысы үнемделмек.

– Өзіңіздің замандас жастарға не кеңес айтар едіңіз?

– Замандастарыма кеңесім – көбірек оқыса деймін. «Кітап оқыған кісі теледидар көретін кісіні басқарады» деген сөз бар. Қазір әлеуметтік желі деген үлкен ауру болды. Мәселен, кез келген жастың телефонын 1-2 сағатқа алып қойсаң, ол жынданып кете жаздайды. Мүмкіндігінше, 1-2 сағат уақыт бөліп, кітап оқыса екен деймін. Бізде, сот ғимаратында Қ.Дүйсенбі ағамыздың бастамасымен кішігірім кітапханамыз ашылды, сол жерде оқырмандар клубын ашсақ деп отырмыз. Бұл өз кезегінде жас сот мамандарын кітапқа тартудың амалы болмақ.

– «Бос жерді не қар, не күл толтырады» деген бар ғой. Интернет пен әлеуметтік желі деген қазіргі жастардың бос уақытын толтырып отырған нәрсе десек, өзіңіз бос уақытыңызда не істейсіз?

– Шынын айтқанда, менде бос уақыт өте аз. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Кештетіп спорттық жаттығуға бару тұрақты дағдым. Кітапқа жатар алдында міндетті түрде бірер сағаттық уақыт бөлемін.

– Қандай кітап оқып жатырсыз?

– «Абай жолы» романын қайта оқып жатырмын. Бұл романды алғаш студент кезімде оқығанмын. Ол кезден жалпылама желісі ғана есте қалса, қазір әрбір сәтін сезіне бастадым. Ес жиып, ой тоқтатқан кезде оқыған басқаша әсері болады екен. Одан басқа адамның ойлау жүйесін, жеке тұлғалық қабілетін дамыту бойынша еңбектерді ақтарып жүрмін. Атап айтсам, С.Гови, Б.Трейси, В.Ганопас деген авторлар. Биылғы жарты жылдыққа оқып бітірсем деген 10 шақты кітап жоспарласам, жұмыстың тығыздығы мен уақыттың тапшылығына орай бұл межеге жете алмайтын секілдімін. Дегенмен, кітап оқуға қатысты жоспар орындалады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет! Ісіңіз табысты болып, байқаудан жүлделі оралуыңызға тілектеспіз. Қашанда халыққа қызмет ете беріңіз.

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика