Редакциямызға келген жігіт ағасы қолындағы бір тілім ақ парағын ұстата қойды. Ойымның сан саққа жүгіргенін байқады ма, бүктелген қағазын жазып, қайта ұсынды. Ашып қарасам, екі беті түгел жас баланың ізіндей майда әріптермен өріліпті: «Құрметті Әділхан Абайұлы! «Бүгінгі кейіпкер» айдарында саябақ тазалаушы Мұрат Әсенұлымен сұхбаттасқан мақалаңызды оқып, қарапайым жандарға көңіл бөлгендеріңіз үшін риза болдым!» Оқырманның хаты осылай басталыпты. Өзін Нұралы Әбенов деп таныстырған қарапайым азаматтың атқаратын ісі осал емес. Оқыс оқиғалардың ортасында жүреді, көмекке жүгінген кісілердің қасынан табылады. Иә, Оңтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы екенін әңгіме барысында білдік. Жедел құтқару жасағының жауын-шашын, қар-боран, күн-түн демей халық үшін қызмет ететін тынымсыз тіршілігінен бөлек, кейіпкеріміздің адами болмысымен де таныстық. Көпбалалы отбасынан шыққан Нұралы Әбдіәліұлының өмір жолында бойын тіктеуі оңайға соқпапты.
tories/000kut1.jpg» border=»0″ />
КЕЙІПКЕРДІҢ БАУЫРМАЛДЫҒЫНА ТӘНТІ БОЛДЫМ
– «Бүгінгі кейіпкер» айдарының бүгінгі кейіпкері ретінде сізді таңдап отырмын. Мені қызықтырғаны – қалта телефоны мен компьютерге телміріп, хат жазудың «көкесін» көрсетіп жатқан бүгінгідей заманда сіздің қолмен хат жазуды тастамағаныңыз. Алғашқы мақаланың шыққанына бір ай болды. Газет сіздің қолыңызға енді тиді ме, әлде редакциямызға келудің мүмкіндігі бүгін туды ма?
– Шымкенттегі №87 мектептің алдында Арғынбеков көшесі бойында автокөлігімнің ішінде отырған едім. Осы сәтті пайдаланып, көлігімдегі газеттерге көз жүгірте бастадым. Құтқарушы болғандықтан басылым бетіндегі жедел шақырылым, оқыс оқиғалар жайлы жазылған дүниелерді бір шолып шығатыным бар. Бірақ көзіме саябақ тазалаушы түсті. Ол кісілердің еңбектері қаншалықты адал екенін жақсы білемін. Кейде таң атпай жедел шақырылыммен оқиға орнына кетіп бара жатқан кезде жол бойын тазалайтын жұмысшыларды көзім шалады. Боранды күн болса да бүрсең қағып, өз ісін атқарады. Сол себепті бұл мақала мені бей-жай қалдырмады.
Тақырыптың тартымдылығы ұнады: «Анамның аманатын орындадым». Осы тұсына келгенде көзіме жас келді. Кейіпкердің бауырмалдығына тәнті болдым. Сұхбат ішіне сүңгіп кеттім десем де болады. Себебі сол сәтте ұялы телефоныма келген қоңырауларға жылдам жауап беріп, әңгімені тез қайырдым. Бәрінен де Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарына» көзім түскенде, бойым шымырлады. Соңынан бұл халімнің текке емес екенін түсіндім. Осы кітапты іздеп жүргеніме көп уақыт болып еді. Бұл керемет туындының Мұрат ағада бар екені мені қатты қуантты. Сөйттім де, 1992 жылы 15 жасымда оқыған кітапты сұрамақшы болдым. Кейіпкермен байланысу үшін мекен-жайларыңыз жазылған редакцияларыңызға қарай ат басын бұрдым.
– Бір тілім парақтағы ыстық лебізіңізді қай уақытта жазып үлгердіңіз?
– Мақаланы толық оқып болған соң, қолыма қағаз бен қалам алып өз әсеріммен бөлістім. Авторға өз рақметімді айтқым келді.
«…Қазір осы жерден бірден редакцияға бармақпын. 16. 02. 2018 ж. Сағат 16:50. Нұралы Әбенов. 1977ж».
tories/000hata.jpg» border=»0″ />tories/000hata2.jpg» border=»0″ />
«АҚЫ АЛМА, АЛҒЫС АЛ» СӨЗІ САНАМА САҚТАЛЫП ҚАЛҒАН
– «Бүгінгі кейіпкер» айдарына көзқарасыңыз қандай?
– Дәл осылай жалғасын тауып, осы ұстаныммен кететін болса құба-құп дер едім. Оқыған адам рухани азық алады. Біреудің өмірі өзгеге сабақ қой. Болмысындағы қателікті түзеуге кішкене болса да септігін тигізеді деп ойлаймын.
– Алдыңғы кейіпкердің адалдығы мен адамдығына тәнті болдым дедіңіз. Ал өзіңізде қандай жақсы қасиеттер бар деп ойлайсыз?
– Сырт көз баға береді ғой. Адамдарға жақсылық жасағым келіп тұрады. Жол бойында көлік күтіп тұрған сәбилі аналарды, кексе тартқан үлкен кісілерді баратын жерлеріне тегін апарып тастауды әдетке айналдырғанмын. Ал қолайсыз ауа райы кезінде кез келген жолаушыға көмектесуге тырысамын. Бала кезімде үлкен кісілердің «ақы алма, алғыс ал» деген сөзі санамда сақталып қалыпты.
– Жақсы тәрбие екен. Мектепте жақсы оқығанға секілдісіз. Хатты сауатты жазыпсыз. Жоғарғы оқу орнын оқыдыңыз ба?
– Жақсы оқыдым деуге келмейді. Тоғызыншы сыныпқа дейін екпінділер қатарында болдым. Сосын училищеге ауыстым. Мұның өзіндік себебі бар. Көпбалалы отбасы болғандықтан ата-анамызға аздап жеңіл болсын деп, 3-сыныпқа өтер кезімде үлкен ағам қолына алды. Арада біраз жыл өткен соң, ағам мезгілсіз өмірден өтті. Жеңгем титтей екі баламен жесір қалды. Содан ол кісіге салмақ салуға ұялып, ауылыма қайтпақшы болдым. Бірақ жеңгем жібермеді. Сөйтіп, училищеге бардым. Ол жерде киім-кешек береді және стипендия бар. Осылай болса да жеңгеме көмектескім келді. Мектептен құжатымды алуға барғанымда мұғалімдер «әлі де ойланып көр» деп екі рет қайтарды. Үшіншісінде соңғы шешім екенін айтып, құжатымды алдым. Дегенмен, бастапқы бір жылда таныс-білістерге СПТУ-да оқимын деуге ұялып жүрдім (күлді).
– Жоғарғы оқу орнының ауылы осылай алыстап кеткен екен ғой. Училищені бітірген соң, өміріңіз қалай өрбіді?
– Әскерге бардым. Жеңгем шығарып салып, екі жылдан соң күтіп алды. Алайда, ендігі жерде ол кісіге салмақ салу тым ұят еді. Осы сәтте ауылдан ауданға көрші болып көшіп келген ағайындыларымыз жол көрсетті. Яғни, саудагерлікпен айналысуыма жағдай жасады. Олар – өзімнен бір жас үлкен Мұрат және оның ағасы Зұлпыһар (қайтыс болған ағамның сыныптасы). Бұл кісілермен ауданда әскерге кеткенге дейін де осылай қоян-қолтық жұмыс істегенмін, келген соң қалаға қарай жол тарттым. Осында кәсіптерін жолға қойған екен. Бес жыл бірге кәсіп еттік. Сол кісілерге айтар алғысым шексіз.
ЖЕҢГЕМНІҢ ҚОЛЫНДА ҚАНАТТАНДЫМ
– Қашан үйлендіңіз?
– Қалаға келген соң, болашақ жұбайыммен танысып, екеуміз бір жарым жыл жүрдік. Сосын бас қостық. Айта кетейін, келіншегімнің екі қайын енесі бар. Өйткені, мен жеңгемнің қолында қанаттандым.
– Адам баласына тек жақсылық жасап қана қоймай, өзіңізге қолғабыс білдірген жандарды да ұмытпайды екенсіз. Сіздей жігітпен әкеңіз мақтанатын шығар?..
– Отбасымызда тоғыз баланың жетіншісімін. Төрт қыз, бес ұл. Бәрі де отбасылы. Бірақ қазір арамызда анам болғанымен, әкем жоқ. Егер тірі болса, мүмкін мақтанар ма еді!..
– Әкеңіз қандай кісі еді?
– Әкем ағаш ұстасы болған. Қайбір жылы құдалық кезінде туысқаным «ауылда бес жүз үй болса, құдаларыңыз сонша үйдің бәріне шеге қаққан», – дегені бар еді. Осы сөзге қатты марқайып қалдым.
– Әкеңіздің ұсталығы дарып, ісін жалғастырудасыздар ма?
– Қара шаңырақтағы ағам әкемнен қалған аспаптарды пайдаланып, іске асыруда.
– Ал сізге ше, дарымаған ба?
– Қолым бос кездері ұсталықпен мен де айналысамын. Үйдің шатырын жауып, есік-терезе орнатып, еден қағамын. Өзіме қатты ұнайды. Хоббиім осы десем де болады. Мүлде шаршамаймын. Керісінше, тынығамын.
– Әңгімеңізге қарағанда, ерте үйленіпсіз. Одан бөлек, дайын асқа тік қасық болмай, өз шаруаларыңызды өздеріңіз күйттепсіздер. Кездескен қиындықтарды қалай жеңдіңіздер?
– Алғашқы үйленген жылдар еді. Екі кішкентайымыз бар. Бір күні кешкісін ренжісіп қалдық. Таңертең жұмысыма кеттім. Қарбалас жұмыстың қамымен сол күні түскі асқа келмедім. Кешкісін келсем, келіншегім күлімсіреп, біресе тымыраяды. Құбылып тұрғанын көріп, «не болды?» – дедім. Сөйтсем, сол күні таңертең балаларды алып, заттарын жинап, кетіп қалыпты. Шардара қаласында қайын атамның інісі Қалмұрат деген қайын ағам бар. Көлігі бар болғандықтан ары қарай он шақырымдағы өз ауылына апарып тастауды өтініп, сол кісінің үйіне түскен. Ағасы заттарына көз тастап, әңгімеге тартқан. Мән-жаймен танысқан соң, «Нұралы күйеу баланы жақсы білемін. Мүмкін артық кеткен де шығар. Бірақ таяқтың екі ұшы болады. Бұлай отбасыны оп-оңай бұзуға болмайды. Артқа қайт», – деп ақылын айтып, автовокзалға апарып, жол ақысын төлеп, қайтадан Шымкентке салып жіберіпті. Иә, бұл жайтты дәл сол күні салқынқандылықпен қабылдағаныммен, қазір еске түссе, күлеміз. Осы оқиғадан кейін қатты ренжісе қоймадық. Келіншегім кетіп қалуды ойына да алмайтын болды. Нәтижесінде, алты жылдың ішінде өз баспанамыз болды. Ал бүгінде бес баланы тәрбиелеп отырмыз.
tories/000kut2.jpg» border=»0″ />
БІР ТҮНДЕ 27 АДАМҒА КӨМЕК БЕРДІК
– Сіз айтып отырғандай, жас отбасының ыдыс-аяғы сылдырлаған кезде басу айтатын үлкен кісілердің қатары бүгінде азайғандай. Сол себепті ажырасудың қатары көбейіп отырған секілді…
– Иә, «қой» дейтіндердің қатары азайды. Жас келіннің қолынан телефон түспейді. Төркініндегі жұртын барлық нәрседен хабардар етіп отырады. Арғы жақ қайрайды. Мұның соңы шаңырақты шайқалтады. Әрине, бәрі солай дей алмаймын. Дегенмен, көз көріп, құлақ естіп жүрген нәрсе ғой.
– Келіншегіңіз қандай жұмыс істейді?
– Пойызда жолсерік болып істейді. Бұл күндері декреттік демалыста үйде отыр.
– Ал өзіңіз құтқарушы жұмысына қалай келдіңіз?
– Бес жыл Мұрат, Зұлпыһармен бірлесіп жұмыс істеген соң, жеке өз шаруамды ашпақшы болдым. Бірақ көз алдым тұманданып тұрды. Бәсекелес көбейіп кетіпті. Елдің көпшілігі саудаға ден қойған. Сол уақытта таныс ағам «саған кезекшілік бір жұмыс бар, тұрақты әрі мемлекеттік жұмыс», – деді. Тәуекел еттім де, кірдім. Үш ай арнайы сабақ өтті. Үш айдан соң сынақ тапсырып, құтқарушы деген куәлікке ие болдым. Бұл 2004 жыл еді.
– Он төрт жылдан бері тапжылмағаныңызға қарағанда, бұл жұмыс сізге ұнаған секілді ғой?
– Бастапқыда жалақысы аз деп ойладым. Кейіннен бұл істің материалдық жағдайдан бөлек, сауабы мол екеніне көз жеткіздім. Жанашыр, бауырмалдық қасиетімді арттырып, адамдарға кез келген уақытта жақсылық жасауды үйретті. Сол себепті ісім өзіме қатты ұнайды.
– Негізгі жұмыс бағыттарыңызды айта кетсеңіз. Сіздерге қандай талаптар қойылады?
– Табиғи апаттар мен жол көлік оқиғасы кезінде, таулы аймақтарда адамдарды іздестіру немесе оған қауіп төнген жағдайда құтқару – біздің құзырымыздағы жұмыс. Тек осылармен ғана шектелмейді. Боранды кездері де жол бойында қалып қойған жолаушылар біздің көмекке жүгінеді. Қаладағы көпқабатты үйлерде есік ашылмай қалған сәттерде өз көмегімізді береміз. Тек облыс аумағында ғана емес, өзге өңірлерге де көмегіміз қажет болған жағдайда арнайы жасақпен аттанамыз. Мұның бәрін іске асыру үшін белгілі кезеңдерден өту керек. Мәселен, менде қайық айдау, медициналық, техникалық қауіпсіздік және таулы аймақтарда іздестіру, құтқару жұмыстарын жүргізу кезіндегі арнайы сертификаттар бар. Яғни, біз сел кезінде қайықты басқаруды, жол көлік оқиғасы кезінде дәрігерге дейін алғашқы көмек жасауды (жүрекке тікелей массаж жасау, қанды тоқтатып тұру т.б.), таулы аймақтарда іздестіру, құтқару жұмыстары кезінде дұрыс әрекет ету (альпинстік жіптерді байлаудың он екі түрін де білу және қателік жібермеу) және құтқару кезінде қауіпсіздік шараларды қатаң сақтауды үйренеміз. Арнайы оқудан өтіп, тәжірибе алмасып тұрамыз.
– Сел кезіндегі құтқаруды ширатып, қайықты басқаруда қандай күш қажет екенін айта кетсеңіз…
– Бір оқиғаны айта кетейін. Күн күрт жылып, Орал қаласында сел болды. Көмекке алғашқы барған күніміз еді. Бір қайық үстінде үш құтқарушымыз. Түннің кезі. Бір мезет қатты ағысқа тап болдық. Ағыс ескегімізге бағынбай, өзімізді алып кетіп бара жатыр. Сол сәтте жалма-жан мұздай суға сүңгіп, қолымдағы жіпті қара ағашқа байлап, қайықты жағаға қарай тарттым. Амалдап өз бағытымызға түстік те, сол түні таңертеңге дейін жәрдемге мұқтаж 27 адамға көмек бердік. Міне, осындай қауіп кездескен сәттерде жедел қимылға көшіп, қиындықтан шығатын жолды таба білу қажет. Айтпақшы, Орал қаласынан қайтқан соң, төсбелгіге ие болдым.
tories/000kut3.jpg» border=»0″ />
ЖҮЗ МЕТРГЕ 13 СЕКУНДТА ЖҮГІРЕМІН
– Ең алғашқы көмегіңіз есіңізде ме?
– Жеңіл көлік оқиғасы болды. Арнайы жасақпен дереу сол жерге бардық. Орта жастағы әйел кісі ауырсынып, қиналып жатыр. Тізесі сынып, сүйегі шығып тұр. Бір сәт есімді жоғалтып, мең-зең күй кештім. Артынша есімді жиып, көліктің аяғын қысып тұрған жерін кесіп, көліктен шығарып алдым. Ең алғашқы көмек кезінде осылай қиналғанмын. Кейіннен етіміз үйреніп, бұдан да ауыр жағдайларға тап болдық.
– Ең ауыр қандай жағдай кездесті?
– Дәл қай күн екенін ұмытып тұрмын. Таңертең Бадам станциясы бағытына жол алған газель жүк көлігімен соқтығысқан. Тоғыз адам қайтыс болды. Осы оқиға жаныма қатты тиді.
– Ауыр жағдайдан алыстайық… Құтқарушы болған соң, әрдайым спорттық формада жүру керек. Жүз метрге қанша секундта жүгіресіз?
– Бұрын «өте жақсыға» (11,45) жүгіруші едім, ал қазір «жақсы» (13секунд) деген бағаға жүгіремін.
– Белтемірге қанша рет тартынасыз?
– Нормативте он алты тартынып, жеті цикл істеу керек. Дәл қазір мұны орындай аламын.
– «Отбасы құрған соң, алты жылдың ішінде баспаналы болдық» дедіңіз. Соған дейін қанша рет пәтер ауыстырдыңыздар?
– Үш рет пәтер ауыстырдық. Үй иесінің біріншісі мен екіншісі жайлы болды. Үшіншісі беймаз шықты. Содан көлігімізді сатып, жер алдық. Одан артылған ақшаға үйдің іргетасын тұрғыздық. Ары қарай бауырларым мен достарым, әскер қатарында бірге болған достарым көмек қолын созды. Бәрінің де көмегі көкейімде сақталып тұр.
– Өз үйіңізге ең алғашқы түнеген күн есіңізде ме?
– Бір бөлмені бітіріп, үйге кірдік. Бірінші түні қуанып жатқан кезімізде үлкен қызым: «Әке, «құдай қаласа» дегендегі үйіміз осы ғой, иә?» – деп сұрады. Келіншегім екеуміз қиналған сәттері «құдай қаласа, баспаналы боламыз» деп көп айтушы едік. Соны естіп, жаттап алған екен ғой (күлді).
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ
Р.S. Бүгінгі кейіпкеріміздің айтарын осы бір әдемі эпизодпен түйіндегенді жөн деп таптық. Адами болмысына көңіліміз сүйсінді. Ал келесі кейіпкеріміз кім? Оны сіз де ұсына аласыз, патша көңілді оқырман қауым. Біз сіздерден хат күтеміз. Сіздің жаныңызда қандай жақсы адам жүр екен?!..
Leave a Reply