2024-09-22

Мұрат ӘСЕНҰЛЫ, саябақ тазалаушы: «Анамның аманатын орындадым»

Сырттай көз тастап, баға беруді бойға қалыптастырып алғанбыз. Мәселен, көше бойын тазалайтын кісілерді терең білім алмаған, қабілеті дамымаған деп есептейміз. Бірақ шын мәнісінде олай болмауы мүмкін. Тіпті, ол кісі бізден де білімді болуы мүмкін. Осы ой он алтыншы қаңтар күні таңертең жұмысқа келе жатып кенеттен санама соғылды. Автобустың ішіндемін. Қар борап тұр. Ал бүрсең қаққан жол бойындағы жұмысшылар арнайы киімін киіп, жолды қардан аршып, өз жұмысын істеп жатыр. Сырт көзбен ісі де жоқ. Бұл көрініс маған ой салды. Ішкі дүниесін білуге құмарттым. Қоғамның қалыптасып қалған көзқарасын өзгерткім келді. Осы мақсатпен бір кейіпкермен тілдесуге бел будым. Ең бірінші қарсы алдымнан қартаң тартқан апай шықты. Әңгімеге тартып едім, жасы елу алтыға келгенін, бір ұл, бір қызы бар екенін, жолдасы қайтыс боп кеткенін айтты да: «Бес аялдаманы тазалау маған міндеттелген. Қар деген борап тұр. Сізге сұхбат беруге мүлде уақытым жоқ», – деді. Айтуынша, бұл кісілер біз тәтті ұйқыда жатқан кезде таң атпай өз жұмысына кіріседі екен. Жауын-шашын, боран, аязға қарамайды. Күнделікті күйбең тіршілігі айна қатесіз дәл осылай қайталанады. Сонымен жол жағасындағы жұмысшылармен тілдесу мүмкін болмай, Орталық саябаққа соғып, жасы елу алтыны еңсерген Мұрат Жүнісбеков деген кісіні әңгімеге тарттым.

tories/a2.jpg» border=»0″ />

КӨКІРЕГІН КЕРГЕН КІСІЛЕРМЕН ЖАҒА ҰСТАСЫП ҚАЛҒАН СӘТТЕРІМ ДЕ БОЛДЫ

Мұрат Әсенұлы, бұл жұмысты қанша жылдан бері істейсіз?

Бес жыл болды.

Көп уақыт болмапты ғой. Оған дейін қандай жұмыс істегенсіз?

Сарыағаш ауданында өз иелігімдегі шаруа қожалықты он жылдай басқарып, мақта егумен айналыстым. Жалпы, еңбек кітапшамның арасы еш үзілген емес. Бала кезімнен қара жұмысты ауырсынбай, үздіксіз істеп келемін.

Шаруа қожалығыңыз болса, қалада қайдан жүрсіз?..

Аталған кәсібімнің соңғы сәттерде берекесі қашып кетті. Ауған соғысына қатысқандықтан, қалаға кеп, үй кезегіне тұруды ойладым. Оның үстіне дәл сол кезде үлкен екі қызым қалаға жоғарғы оқу орнына түсті. Бас-көз болу үшін қастарына келдік. Бастапқыда өзім құрылыста істедім. Ал келіншегім осы жерде нәпақасын тапты.

Қазір екеуіңіз де осы жерде істейсіздер ме?

Жоқ, жұбайым үш жылдан бері үй тіршілігінде. Мүмкіндігі шектеулі, үшінші топтың тізімінде. Қан қысымы бар еді. Дәрісін ішуді ұмытып кетіпті. Содан ауырып құлап, тамырлары жарылып, қолдары істемей қалды. Бірақ бүгінде жағдайы бірқалыпты. Оңалту орталығына барғалы бері халі түзуленіп келеді.

Ол кісі бұл жерде қанша уақыт жұмыс істеді?

Бес жыл жұмыс істеді.

Жалақыларыңыз қанша? Уақытылы беріле ме?

Иә, уақтылы беріледі. Елу төрт мың теңге аламыз.

Ауыртпалығы қандай?

Дәл бүгінгідей боран кезде қарбалас болады. Жұмысымыз әдеттегіден қыза түседі. Күздің кезінде де аздап қиналамыз. Сары жапырақ әуре-сарсаңға салады. Алайда, ісімізді айтарлықтай ауыр деп айта алмаймын.

Саябақ ішін сәт сайын мұнтаздай етіп тазалаған жұмыстарыңызды жастар қадірлей ме? Жалпы, қаламызда қоршаған ортаны таза ұстау мәдениеті қалыптасып келе ме?

Көбінесе түнге қарай ластап кетеді. Таңертең ерте келіп, жинап тастаймыз. Жалпы, бұл жұмысты істемеген адам оның ауыртпалығын білмейді. Көбісі қоқысты бей-берекет тастай салады. Ондай кісілерге ескертіп, тәртіпке шақырамыз. Кейбірі түсінеді, ал бәзбіреуі «бұл жерді тазалау сенің жұмысың емес пе?!.. Өз шаруаңды істе», дейді. Көкірегін керген осындай кісілермен жаға ұстасып қалған сәттерім де болды.  Бүгінде саябақ ішінде арнайы бейнекамералар бар. Сол себепті тәртіп айтарлықтай ретке келді. Мүмкін халықтың мәдениеті қалыптасып та жатқан шығар.

АДАЛ ІСТІҢ НАНЫ СІҢІМДІ БОЛАДЫ

Кейбір жұмысшылар бетін бүркеп алып жүреді. Адал істің ұяты жоқ емес пе?..

Сөзіңіз орынды. Көбінесе жас келіншектер ұялады. Бірақ намыстанатын ештеңесі жоқ. Ұрлық жасап немесе қайыр сұрап отырғаның жоқ. Қаншама зіңгіттей жігіттер көшеде алақанын жайып, тиын сұрап жүр ғой. Мұнтаздай киініп, галстук таққан кейбір жігіттерді көргенде іскер деп ойлайсың. Бірақ бір күні жемқор болып, ұсталып жатады. Міне, осындай жағдайлармен салыстырғанда біздің еңбек – адал іс. Ал адал істің наны сіңімді болады.

Намыстанып, жұмыстан кетіп қалатындар кездесе ме?

Жастар көп тұрақтамайды. Шын қиындықты көріп, өмірдің мәнін түсінбегендер ғой. Басшылардың кейбір сөздерін көтере алмай, қолын бір сілтеп, кетіп қала салады. Жұмыс болған соң, ескерту жасайтын сәттердің болатындығы заңдылық емес пе?..

Қай жасқа дейін бұл жұмысты істейтін ойыңыз бар?

Мектеп кезінде қазақша күреспен айналысып, облысқа дейін жарысқа келгенмін. Әлі де спортты жаныма серік етемін. Сол себепті кешеге дейін денсаулығым өте жақсы еді. Осы жылдың жазында аяқ астынан сөйлей алмай қалдым. Суықтаппын. Жүрек тамырының бірі дұрыс істемегендіктен, сол жағым икемке келмей қалды. Бірақ оңалту орталығына барғалы бері жағдайым жақсы. Денсаулығым осылай дұрысталып кетсе, зейнеткерлікке шыққан кезімде де істей бермекпін. Өзіме қимылдаған ұнайды. Үйде отырсам, төсек тартып жатып қалатын секілді сезінемін.

Балаларыңыз бұл ойыңызға қалай қарайды?

Олар жұмыс істегенімізді қаламайды.

Қанша бала-шағаңыз бар? Қандай жұмыспен айналысады?

Екі қыз, үш ұлымыз бар. Қыздарым тұрмысқа шыққан. Екі ұлым үйленген. Үлкен ұлым ауылдағы үйде егін және мал шаруашылығымен айналысуда. Екінші ұлым қалада оператор болып істейді. Ең кенжеміз биыл колледжде электрик мамандығын бітіреді. Студент болса да қарап жүрмей, тойханада фотограф боп істеп жүр. Жалпы, он екі немереміз бар.

БІРЕУЛЕР ӨЗІНІҢ БАСЫНДА ЖҰМЫСЫ БОЛМАСА ДА, САҒАН КҮЛІП ҚАРАЙДЫ

Таныс-білістеріңіз осы жұмыста сізді кездестіріп, таңырқап қарағандары болды ма?..

Біреулер өзінің басында жұмысы болмаса да, саған күліп қарайды. Өзгеге күліп қарау үшін де, алдымен өзіңде нақты жұмыс болуы керек қой. Кейбірі құжат туралау барысын жақсы білетіндігін алға тартып, масаттанып жүреді. Бірақ тұрақты жұмысы жоқ. Алдыңа түсіп, сенен асып кеткен байлығы да жоқ. Қысқа айтар болсам, ондай жандар кездесті.

Жоғарғы оқу орнын оқыдыңыз ба?

Мектеп кезінде жақсы оқыдым. Есте сақтау қабілетім күшті еді. Бірақ жоғарғы оқу орнына түсе алмадым. Себебі ата-анам өмірден ерте кетті. Үйдің үлкені болғандықтан, бауырларыма қолғабыс білдірдім. Анамның аманатын мүлтіксіз орындағым келді.

Ол қандай аманат еді?

Анам он жасымда дүние салды. Ол кезде екінші інім сегізде, қарындасым алтыда,  кіші інім небәрі төрт жаста еді. Анам өмірден өтерде: «Бауырларыңа қарайла. Өзіңе аманаттадым. Әкең үйленсін…» деп кетті. Кіп-кішкене болсам да, осы сөз санама жатталып қалды.

Әкеңіз үйленді ме?

Иә, қайта отбасын құрды. Өгей анамыз бізбен он жеті жыл бірге тұрды. Аналық мейірімін бере алды. Жиырма бес жасымда әкем өмірден өткен соң, басқа кісіге тұрмысқа шықты. Алайда, әлі күнге дейін ол кісімен араласамыз. Той-жиынымыздың бәріне келеді.

Анаңыздың аманатын орындай алдыңыз ба?

Үш бауырымды да қанаттандырдым. Яғни, орындай алдым деп ойлаймын.

Бауырларыңызға қолғабыс білдіруге жұбайыңыздың еңбегі өлшеусіз болған шығар?..

Келіншегім өте тәрбиелі отбасынан шыққан. Көңілі кең жан. Бауырларыма жеңге де, ана да бола білді.

«Мектепте жақсы оқыдым» деп қалдыңыз. Егер мүмкіндігіңіз болған жағдайда қандай мамандыққа түсер едіңіз?

Арманым педагог болу еді. Тоқсаныншы жылдары жоғарғы оқу орнына түскім келді. Қолды мезгілінен кеш сермеп тұрған соң, ол райымнан қайттым. Бекер-ақ істеген екенмін. Сол жылдары оқыған досым бүгінде бір мектепте директор болып қызмет етіп отыр.

tories/a1.jpg» border=»0″ />

БІЗДІҢ КЕЗІМІЗДЕ БАҚАЙ ЕСЕППЕН ДОС БОЛМАЙТЫН…

Директор досыңызбен бүгінде қарым-қатынастарыңыз қалай?..

Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Біздің кезімізде бақай есеппен ешкім достық қарым-қатынасты орнатпайтын еді. Жағдайың мен жұмысыңа қарай «дос» болатындар қазіргі таңда қалыптасты ғой. Иә, ол досыммен арамыз өте жақсы.

Мұғалім болуды армандаған жан болсаңыз, әдеби кітап оқуға құмар шығарсыз?

Ілияс Есенберлин мен Әзілхан Нұршайықовты сүйіп оқушы ем. Жас кезімізде «Махаббат, қызық мол жылдарды» оқып өстік қой. Ал Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылышын» оқиға желісі өрбіген Тарбағатай ауданында оқығанмын. Іле Алатауында Магнат деген тауда жазықтықта отырып жазған екен.  Сол жерде оқып отырып, жазушы дәл суреттеген көріністерді көзіммен көріп, кітапты қалай тауысқанымды білмей қалдым.

Үйде кішігірім жеке кітапханам бар. Жақында Абайдың «Қарасөздері» мен «Махаббат, қызық мол жылдарды» сатып алдым. Бірақ балаларым оқымайды  (күлді).

«Үй алу үшін кезекке тұрдым» дедіңіз. Баспананың жағдайы не болды?..

Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Үйдің кезегі жақындап қалды.

– Ертерек баспаналы болуларыңызға тілектеспіз! Әрдайым бейнетіңіздің зейнетін көріңіз… Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ

P.S. Алғашқы қадамымызды саналы түрде сұхбаттан бастадық. Басқа жанрда жазғанымызда әсерлі шығуы да мүмкін еді. Десе де көкейімізде оқырман қарапайым адаммен болған сұхбатты қалай қабылдайды екен деген ой тұрды.

«Бүгінгі кейіпкер» айдарының келесі кейіпкерін сіз де ұсына аласыз, ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! Хат күтеміз. Пошта: kyzmet_kz@mail.ru

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика