Тұрар АХМЕТОВ, Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:
«Шымкент – еліміздегі ортағасырлық цитадель орны сақталған жалғыз қала»
– Сәлеметсіз бе, Тұрар Асхатұлы! Қаланың туризм саласын дамытатын басқармаға басшы болып жақында келдіңіз. Бұл туризм бағыты сізге таңсық емес екенін де білеміз. Сол себепті төселіп, қанығып қалған боларсыз… Ендеше бүгінгі әңгімемізді өңірдегі медтуризм бойынша бастасақ.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Қазақстан медициналық туризм бойынша жетекші еуразиялық орталыққа айналуы тиіс» деген еді. Бұл тұрғыда оңтүстіктің басты қаласы Шымкентте нендей жұмыстар атқарылып жатқанын білгіміз келеді. Өзбекстан клиникаларының тасасында қалып тұрған жоқ па? Жалпы, медтуризмдегі Шымкенттің потенциалы қаншалық?
tories/00tu.jpg» border=»0″ />
– Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының 2018 жылғы қорытындысы бойынша медициналық туризмдегі оң өзгерістерді айрықша атап өтуге тұрарлық. Үшінші мегаполиске алыс және жақын шет ел азаматтары ағза мүшелеріне сапалы трансплантация операциясын жасату үшін арнайы келе бастады. Алғаш рет жоғары технологиялардың көмегімен №1 қалалық клиникалық аурухана базасында білікті хирургтардың жетекшілігімен 17 шетелдік азаматқа (Германия, Канада, Израиль, Румыния және т.б.) тірі донордан алынған бүйректі алмастыру оталары жасалған.
Жалпы алғанда бүйрек алмастыруға қатысты 145, бауыр алмастыру бойынша 19 операция жасалынған. Сонымен қатар, Шымкент қаласының ауруханаларында 2017 жылы – 334, 2018 жылы 429 шет елдің азаматтары стационарлық ем қабылдаған.
Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы транспланталогиялық операцияларды жасайтын ауруханада науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. №1 қалалық клиникалық ауруханасында 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі мен бүйрек, бауыр алмастыратын гепатопанкреатобилиарлық хирургия бөлімі орналастырылған. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Орта есеппен олардың 70-90 пайызы ауруханаға жатқызылады.
Емдеу мекемесі бойынша жыл сайын жүйелі түрде емдік іс-шаралардың инновациялық, жоғары технологиялық әдістері өндіріске ендірілуде. Яғни, Шымкенттің өңір медтуризміндегі орны жақсы қалыптасып келеді.
«Премьер министрге жан-жақты дәлелдеуіміздің арқасында жобамыз қолдау тапты»
– Бұрын Шымкентте тарихы тереңге кететін туристік нысандар көп емес делінетін. Қазір көне Сайрам мен оның айналасындағы тарихи ескерткіштер бар. Оларды насихаттау жағы қалай болып жатыр?
– Шымкент қаласы 2000 жылдан астам тарихы бар Қазақстандағы көне қалалардың біріне жатады. Осындай тарихы терең қалада көне нысандар саны жетерлік. Олардың көбісі – Сайрам елді мекенінде орналасқан ғибадат ету орындары. Олар – Ибраһим ата, Карашаш ана, Әбдел Әзіз баб және т.б. кесенелері. Одан бөлек, қаламыздағы Шымкент көне қаласының орнын айтуға болады. Бүгінгі таңда аталған нысандарды насихаттау мақсатында қаламыздың мектеп оқушылары арасында жүйелі түрде экскурсия ұйымдастырылуда. Жақын арада Нұр-Сұлтан қаласының оқушылары экскурсияға келді. Сонымен қатар, шекаралас жатқан Өзбекстан елімен бірігіп, Түркістан облысымен бірге туристерге арналған өңіраралық турлар жасалуда. Және де ағымдағы жылы бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарда бар.
– Тарихи танымдық туризмде көрнекті орын ретінде Шымкент көне қаласының орны («Цитадель») ұсыныла бастады. Ол жерде археологиялық қазба жұмыстары, оны музей ету ісі белсене атқарылып жатыр. Музей есігінің лентасын қиюды қай уақытқа белгілеп отырсыздар? Ескерткішті ЮНЕСКО-ның тарихи-мәдени мұралар тізіміне тіркеу және миллионды шаһардың 2000 жылдық мерекесін атап өту секілді жұмыстарға тоқталсаңыз…
– Шымкент қаласының аумағында 2200 жылдық тарихы бар археологиялық көне ескерткіш орналасып, Қазақстан Республикасының ерекше археологиялық объектілер қатарына «Шымкент қалашығы» енгізілген. Біздің Шымкент – еліміздегі қала ортасында ортағасырлық цитадель орны сақталған жалғыз қала. Бұл орынды туристер толастамайтын Ежелгі Римнің Колизейі секілді танымалдығын арттыру мақсатында біршама шаруалар атқарылуда.
«Ескі қалашық» кешені («Цитадель» зәкірлік жобасы) жобасы Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының республикалық деңгейдегі 50 нысан кіретін Туристендіру Картасының нысандар тізіміне енгізу жөнінде ұсыныстар жолданған. Содан «Ескі қалашық» жобасы өңірлік деңгейдегі Туристендіру картасы нысандарының тізбесіне (ТОП-50) енгізілді. Біз бұл мүмкіндікке биыл қол жеткіздік. Өйткені, бұған дейін Шымкент қаласы облыс орталығы болғандықтан қала ішіндегі нысандарды дамыту бойынша республикаға жоба ұсына алмадық. Республикалық Туристендіру картасы былтыр бекітіліп кеткеніне қарамай, картаға «Ескі қалашық» кешенін ендіру туралы тиісті орындарға ұсыныс жолдауды тоқтатпадық. Өткен айда Үкімет басшысы Қ.Маминнің Шымкентке сапары кезінде жобамызды Премьер министрге көрсетіп, жан-жақты дәлелдеуіміздің арқасында ол кісінің қолдауына ие болды. Осылайша «Ескі қалашық» кешенін республикалық Туристендіру картасына ендіру бойынша соңғы мүмкіндікке дейін әрекет етіп, мақсатымызға жеттік.
– Құттықтаймын! Демек, жоба қолдау тауып, Шымкенттің туристік тынысы ашылуы жақын…
– Иә! Рақмет!
Ескерткіштерге кешенді ғылыми-зерттеу (археологиялық, сәулеттік, реконструктивті және реновациялық) жұмыстарын жүргізу негізінде шетелдік туризм инфрақұрылымына қосылатындай етіп ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мүмкіндігі бар. Қалалық мәдениет басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда ЖСҚ әзірлеу және археологиялық жұмыстар бойынша жоба шеңберінде Шымкент қалашығын туристік инфрақұрылымға қосу, Шымкент қаласының ортағасырлық бейнесін қайта қалпына келтіру және жаңғырту бойынша жұмыстар басталып, 2020 жылы аяқтау көзделген. Музейдің ашылуы 2020 жылдың маусым айына жоспарланған.
tories/00tur.jpg» border=»0″ />
«250 000 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде»
– 2020 жылы Шымкент «ТМД-ның мәдени астанасы» қызметіне кіріседі. Дайындықтар қалай? Қандай іс-шаралар өткізіліп, қанша турист келеді деп күтілуде?
– 2020 жыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының астанасы болып Шымкент қаласының таңдалғаны бәрімізге белгілі. Әкімдік тарапынан аталған іс-шараға жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кеткені қашан.
Ағымдағы жылдың 3 наурызында 2020 жылы «Шымкент-Достастықтың мәдени астанасы» жылы аясында өтетін іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шара жоспарына сәйкес, «Шымкент-Достастықтың мәдени астанасы» мерекесінің ашылу рәсімін 2020 жылдың 21 наурызына белгіледі.
Сонымен қатар, наурыз және қараша айлары аралығында ТМД елдері өнер шеберлерінің мерекелік концерті, қала алаңында шеру, ТМД елдерінің фольклорлық биі мен әуеніне арналған фестиваль, «Наурыз» мерекесіне арналған концерттік бағдарлама, ТМД елдерінің жазушыларымен кездесу, «Жібек жолы» ұлттық салт-дәстүр мен заманауи қолөнер көрмесі, «ҰОС Жеңістің 75 жылдығына» арналған ТМД елдерінің симфониялық оркестрлерінің концерті, ТМД елдерінің опера және балет театрларының фестивалі, Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті, «Өнеріміз саған, Қазақстан!» республикалық фестивалі және тағы басқа іс-шаралардың өтуі жоспарлануда.
Қаланың бас қақпасы – аэропорт пен теміржол вокзалы. Қаламыздың әуежайында жаңа терминалдың құрылысы жүргізілсе, Шымкент теміржол вокзалы да «Қазақстан теміржолы» АҚ тарапынан күрделі қайта құрылымдаудан өтпек.
2020 жылы Шымкент қаласына Қазақстанның басқа өңірлерімен шет елдерден шамамен 250 000 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
– Қала мен айналасында қалыптастырған туристік маршруттар және соқпақтар туралы кеңірек тоқталып, олар туралы мәлімет берсеңіз…
– Шымкент қаласының туристік маршруттары мен соқпақтары мемлекеттік реестрге 2019 жылдың ақпан айында енгізілген болатын. Жалпы, қала бойынша қазіргі таңда 2 туристік маршрут және 1 туристік соқпақ бар. Туристік маршруттарды құрудың мақсаттары мен негізгі ойы – қала аумағында орналасқан барлық туристік нысандарды қамти отырып, көрнекті жерлерін туристерге көрсету және айқындау. Бірінші туристік маршрутымыздың атауы «Қасиетті орындар бойынша тур» деп аталады. Бұл маршрут Қошқар ата өзені бойы мен Қошқарата кесенесі, Ескі қаладағы көне Жәми мешіті, Сайрамдағы Қарашаш ана кесенесі, Ибраһим ата кесенесі, Мірәлі баб кесенесі, Қызыр мұнарасы, Мәртөбе төбесін көру мен тамашалаудан тұрады. Жалпы аралау ұзақтығы 10-11 сағат немесе 35-40 шақырымды құрайды. Екінші туристік маршрут – «Шырайлы Шымкент» экскурсиялық маршруты. Мәдени-ағартушылық бағыттағы бұл бағытқа Бәйдібек Би монументі, Облыстық өлкетану мұражайы, «Алтын Ай» дөңгелегі, «Жайлаукөл» саябағы, Хайуанаттар бағы, Дедросаябақ, Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы, Қорғасын ауылы, Ескі қаланың тарихи объектілеріне экскурсия, жаңа Қошқар ата өзені бойы және Бейбітшілік көшесі (Арбат) жаяу жүргіншілер аймағын тамашалау кіреді. Бұл бағыттың жалпы аралау ұзақтығы 10-11 сағат немесе 35–40 шақырым.
Туристік соқпағымыз экскурсиялық және экологиялық жаяу серуендеуге ыңғайланған. Бұл соқпаққа Қошқарата өзенінің жағалауы (бұлақ басынан бастап «Shymkent Plaza» сауда орталығына дейін) – Бейбітшілік көшесіндегі (Арбат) жаяу жүргіншілер аймағы (Әл-Фараби алаңынан Республика даңғылына дейін) жол кіреді. Оның жалпы ұзақтығы 1-2 сағат, немесе 3 км.
Веложолақ: Еуропалық консалтингтік компаниялармен кездесулер өтті, нәтижесін жыл аяғына дейін көреміз
– Бірнеше жыл бұрын қала көшелерінде веложолақ жасау туралы айтылды. Бұл тек қала қонақтарының ғана емес, тұрғындардың да қаламен танысуына және көшелерде серуен құруына ыңғайланған жақсы жоба еді. Осы жоба не болып жатыр?..
– Шымкент қаласында 2016 жылдың ортасында «Shymkentbike» атты велоқондырмаларды орнату әлеуметтік жобасы басталған. Одан бері бірнеше уақыт өтті және мұндай велоқондырмалар қазір Шымкент қаласында көбейді. Ең басты мақсаттардың бірі – автокөлікке, қоғамдық көліктерге балама жасау және қала тұрғындары мен туристердің қимыл-қозғалысының қол жетімділігін арттыру. Бұл қалай жұмыс істейді? Сіз жылына небәрі 10 000 теңге төлесеңіз, велосипедті жыл сайын жалдай аласыз. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 40-тан астам велостанция бар және олардың барлығы халыққа өз қызметін көрсетуде. Әкімшілік тарапынан қаламызда веложолақтарды орнату бойынша 2018 жылы Еуропалық консалтингтік компаниялармен бірнеше кездесулер өтті. Кездесулер барысында қаламызда веложолақтарды құрудың бірнеше шешімдері қабылданды. Нәтижесін 2019 жылдың аяғына дейін көреміз деген ойдамыз. Даниялық «Velocity» компаниясының қажетті Shymkent bike стратегиясын одан ары дамыту және зерттеуінен кейін, біз «Шымкент» ӘКК корпорациясымен бірлесе толық инфрақұрылымды жаңарту мен құруды бастаймыз.
– Туристерді қызықтыратын тарихи нысандар негізінен Сайрам тұрғын алабында. Қаланың орталығынан аталған ескерткіштерге бару қиындау. Туристік нысандарға тұрақты қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру жоспарда бар ма?
– Қазіргі таңда Шымкент қаласының автовокзалдарынан Сайрам тұрғын алабына дейін қатынайтын автобустар бар. Сайрамға туристер көбіне жергілікті такси қызметтері арқылы барады. Бүгінгі күнде Шымкент пен Сайрам тұрғын алабының арасындағы 30–40 км қашыққа әзірге тұрақты қатынайтын автобустар көп емес. Биыл Шымкент қаласына қоғамдық маршруттық көлік ретінде пайдалануға 1 000 жаңа автобус келеді деп күтілуде. Сол автобустарды халыққа және туристерге қажетті маршруттарға қою арқылы бұл мәселе шешіледі.
– Елбасының Жолдауында жастар туризміне көп көңіл бөлінді. Биыл және келешекте мектеп оқушылары мен жастарға арналған тұрақты өткізілетін нендей шара, жоспарларыңыз бар? Танымдық экскурсиялар, жазғы демалыс лагерлерімен қамту, экологиялық сағаттар, бойскауттық немесе туристік жорықтар ұйымдастыру жағы қалай?
– Рас айтасыз, тұңғыш Президентіміздің 2018 жылғы және 2019 жылғы Жолдауларында балалар және жасөспірімдер туризмін дамыту жайында айтылған. Осы бойынша, басқарма тарапынан 2018 жылдың соңында балаларға арналған бірнеше туристік экскурсия өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкемізді тану бойынша туристік бағдарлама әзірленіп, Шымкент қаласының үлкен мұражайларына, тарихи-мәдени жерлеріне, көрікті жерлеріне саяхат жасалды. Қала аумағында мектеп оқушыларының жазғы демалысы кезінде олардың демалысы мен сауықтырылуын қамтамасыз ететін балалар лагерьлері жоқ. Дегенмен, олардың демалысы мен бос уақытын тиімді пайдалуына мүмкіндіктер қарастырылған. 2019 жылдың жоспарына сәйкес, «Өз жеріңді танып біл» және «Өлкетану» бағдарламалары аясында балаларға арналған экскурсия өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған «Жас гид» бөлімін (корпус) ашу қарастырылуда. Осы бөлімді ашу бойынша қаламызда бірнеше туристік оқытулар және жорықтар жүрзіледі. Оқушылар мен студенттерді оқыту аяқталғаннан кейн, оларды сертификат және тиісті дипломдармен марапаттау көзделген.
tories/00turi.jpg» border=»0″ />
«Қырғы базар» «Шығыс базары» стилінде 2021 жылға дейін аяқталады»
– Шымкентте туризмнің бірнеше түрін қатар дамытуға қолайлы. Мәселен, шоптуризм. Осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы ең көне базар – «Қырғы базарды» «Шығыс базары» стилінде қайта құрылымдау туралы айтылған еді. Бұл бастама жалғасын таба ма? Қашан пайдалануға берілмек?
– Дұрыс айтасыз, қалада туризмнің бірнеше түрін дамытуға қолайлы және ол дамыған десек те болады. Айтар болсақ, тарихи-танымдық және іскерлік туризмі басым. Соңғы жылдары экскурсиялық-экологиялық және ойын-сауық бағыттарында өсім байқалуда.
Шоптуризмге келетін болсақ, инфрақұрылымдық жағдайын қоспағанда, қаламызда негізінен сауда саласы жақсы дамыған. Себебі, қала аумағында орналасқан бірнеше ірі базарға («Самал», «Автонұр») өзге өңірлерден (Қызылорда, Тараз және Түркістан облысының аудандарынан) күн сайын көптеген адамдар келіп жатады. Басты себептері бағаның қолайлығы, сапасы және таңдау мүмкіндігімен түсіндіріледі.
«Қырғы базарды» «Шығыс базары» стилінде заман талабына сай қайта құрылымдау кезең-кезеңімен жүргізіле отырып, 2021 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Жоғарыда «Ескі қалашық» («Цитадель» зәкірлік жобасы) жобасы туралы айттық. Шығыс базары стилінде қайта құрылымдалатын «Қырғы базар» сол «Ескі қалашық» кешенінің бір құрамдас бөлігі ретінде дамиды. Келген туристерге «Ескі қалашық» кешенін тамашалай жүріп, сонда орналасатын ортағасырлар стиліндегі қонақүй мен асханалар қызметін пайдаланып, «Шығыс базарына» жалғасатын туристік соқпақпен серуендеу мүмкіндіктері қаралмақ. Бұл тұрғыда Түркияның Стамбұл қаласының туристік әлеуетін үлгі етпекпіз.
– Шымкенттің логотипінде қызғалдақ бейнеленіп, «Қызғалдақты қала» аталуда. Көшелерінде жыл сайын мыңдаған қызғалдақ құлпырып, оларды көру және суретке түсу үшін қонақтар келе бастады. Осы үрдісте табиғи қызғалдақтарды өсіру үшін саябақтарда арнайы алаңшалар таңдалып, егілген қызғалдақтың қандай түрі екені тақтайшаларда көрсетілсе деген ұсыныс түсіп жатыр. Сіз бұған не дейсіз?
– Өте керемет ұсыныс! Әрине, қаламыздың тұрғындары мен қонақтары Шымкентте қандай қызғалдақ түрлері егілетіні жайлы білуі тиіс. Сіздің айтылған ұсынысыңызды ескере отырып, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен келісе отырып, қаладағы ендігі қызғалдақ егілетін жерлерге қызғалдақ түрлерінің атаулары жазылған тақтайшаларды орнататын боламыз. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Дендросаябағында жыл сайын «Қызғалдақ жолы» мерекелік фестивалін өткізу үшін, арнайы аумақ (сквер) бөлінеді. Сол учаскеде табиғи қызғалдақтың көптеген түрін егеміз және түр атаулары жазылған тақтайшаларды орнатамыз.
«Қызғалдақ жолы» ашық фестивалі Арбат алаңқайында өтеді»
– Алдағы (қалада, басқармада) атқарылатын іс-шаралар жоспарымен бөліссеңіз. Бұған дейін жыл сайын «Біздің таулар» фестивалін ұйымдастырушы едіңіздер. Енді оны алмастыра алатын жобаларыңыз бар ма? Сонымен қатар, нендей түйткілді мәселелер бар, оларды шешу жолдары жоспарланып қарастырылған ба?
– Шымкенттің туристік келбетін қалыптастыру және жыл сайын туристер тарту мақсатында тұрақты түрде өткізілетін іс-шаралар бекітілген. Маусымына қарай негізгі-негізгі 3 фестивалді таңдап отырмыз. Оның біріншісі – жыл сайын наурыз айында «Қошқар ата сейілі» фестивалін тұрақты өткізіп келеміз. Бұл шара қазақтың төл мерекесі – Наурыз мерекесімен астасып, ерекше мейрамға ұласып келеді. Мұндай мереке – Қазақстанның өзге қалаларында қайталанбайтын мерекелік бояуларымен ерекшеленеді. Екінші шара – «OPEN FEST «The way of tulip» Shymkent» («Шымкент «Қызғалдақ жолы» ашық фестивалі») фестивалі. Бұл фестиваль биыл 27-ші сәуірде Шымкенттегі Арбат алаңқайында өтеді. Биылғы шара Шымкенттің символына айналған қызғалдақтың гүлдеу маусымының жабылуына орай қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік фестиваль болмақ. Шара барысында шеру, балалар суреттерінің конкурсы, флешмобтар, кәсіптер қалашығы, селекциялар бойынша мастер-кластар, өнер аймағы, фотокөрме, интерактив кітаптар, «Fashion Tulip» сән көрсетілімі, суретшілер көрмесі, театрландырылған қойылымдар секілді іс-шаралармен Шымкент көшелерін түрлі-түсті гүлге бөлеген қызғалдақ гүлі насихатталады. Үшінші шара – Шымкенттің тағы бір туристік тынысын ашатын гастрономиялық туризмді насихаттауға арналмақ. Шымкент қаласының аты аталған сәтте дәмді, әрі арзан тамақ өнімдері де еске оралатыны белгілі. Шымкенттің шашлығы, палауы, шайы, самсасы, тіпті көжесі де келген қонақтардың есінде қалып қояды. Осы ерекшелікті неге туристік фестиваль етпеске? Шымкенттің өзіндік қайталанбас тағамын брендке айналдырып, туристер тартудың тағы бір жолын қарастырсақ деген ой. Мәселен, біздің қалада «Тәшкен шайы» деген ерекше шай әзірлеу түрі қалыптасты. Бірақ, Ташкенттің өзінде ондай шайдың түрі жоқ. Ол атауды клиенттің назарын аудару үшін Шымкенттің асханалары солай атай салған. Былай қарасаң, шай демдеу тәсілін, дайын тұрған брендті Ташкентке тели салдық. Соны «Шымкент шайы» деп атаса, келген турист те қызыға дәм татады емес пе? Осындай Шымкенттің өзіне ғана тән дәмдерді жинайтын ас әзірлеу мерекесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл мереке қыркүйек айының соңғы онкүндігінде өтуі тиіс, күні нақтыланған сәтте қосымша хабарлайтын боламыз.
Шымкент қаласында орналасқан туристік нысандар көп болғанмен, келген туристер 3-4 күнге аялдамайды. Осы олқылықты толтыру мақсатында 3 туристік инвестициялық жоба әзірлеп отырмыз. Оның біріншісі «Ескі қалашық» жобасы туралы жоғарыда тоқталдық. Екінші жоба – Бадам суқоймасы жанынан құрылатын ойын-сауық кешені. Ол кешенде суда шомылудан бастап, қайықпен жүзу, аквапарктер, атракциондар секілді ірі құрылымдар орналасатын болады. Үшінші жоба – көне Сайрам қаласының орнын қайта қалпына келтіріп, музей-қала жасақтау. Ол жоба – алыс перспективалық жоба. Осы жобалар жүзеге асса, Шымкентке келген қонақтар сапарларын 1-2 күнге емес, бірнеше күнге жоспарлайтын болады. Бұл өз кезегінде тек туризм саласы ғана емес, орналастыру орындары, көлік тасымал, қоғамдық тамақтану салаларын да қоса дамытатын болады деп сенемін.
– «Менің ұраным: Өмір бұл – өмір сүрген жылдарың емес, есте қалған сәттерің» депсіз. Бұл ұраныңыз – Шымкенттің туристік имиджін қалыптастыруға таптырмас ұран секілді. Қалаға келген әр азаматқаламыз туралы жағымды естелікпен кетсе, келесі жолы тағы бірнеше туристі ерте келеді. Қалай ойлайсыз?
– Иә, әрине! Дұрыс айтасыз, мен өзімнің жеке ұранымды қаламыздың туристік келбетін қалыптастыруда тиімді пайдалануға тырысатын боламын. Қаламыздың оң имиджінің қалыптасуында туризм саласының орны ерекше. Бар күш-жігерімізді осы бағытқа жұмсап жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Шымкенттің көркем келбеті туристерді қызықтыратын күнге жетуіне тілектеспіз.
Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Leave a Reply