«БЕС МЫҢ ТЕҢГЕДЕН БАСТАЛҒАН БИЗНЕСІМ ЕЛУ МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ»

Азиз ЕСЖАНОВ, «Shymkent Business School» бизнес мектебінің директоры:

«Бес мың теңгеден басталған бизнесім елу миллион теңгеге жетті»

tories/00a.jpg» border=»0″ />

Шымкент қаласында алғаш рет университет жанынан ашылып отырған бизнес мектебінің идеясын қалаушы – Азиз Есжанов. Осы орайда бұл мектепті ашудағы мақсаты мен жүріп өткен жолын білу үшін аталған идеяның авторын әңгімеге тарттық.

– Азиз мырза, бұл жобаны неден бастадыңыз? Жалпы, өз кәсібіңізді, нөлден, тіпті минустан бастаған кезіңізден бастап айтып берсеңіз…

Мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың түлегімін. Университетті бітірген соң Германияда оқуымды жалғастырып, 2 жыл оқып келдім. Елімізге қайтқаннан кейін өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін деп ойлағам. Бірақ жалақысы  көңілімнен шықпады. Сөйтіп жүріп жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, досым екеуміз серіктес ретінде іс бастадық. Бастаған жобамыз өзіміздің өзге елде білім алған тәжірибеміз болғандықтан, еліміздегі шетелге оқуға ықыласты студенттерге консультация беру, дайындық курстарын өткізу еді. Бірақ «миллиондар табамыз» деген мақсатымыз орындалмай, бес айдан кейін банкрот болдық. Миллиондар орнына үлкен шығындар қарсы алды. Ісімізді бастаған кезде жобамызға инвесторлар тапқан едік. Олар қаржы салған, ал біздің жобамыз жүрмей, екі ортада минусқа кіріп кеттік. Дегенмен, сәтсіздіктерге қарамастан, аталған жобамызды да тастамай, әр-түрлі тренингтер ұйымдастыруды тоқтатпадық. Кішігірім материал жинап, келесі кәсіпке өттік. Екінші кәсібіміз осы оқу-тренингтермен байланысты болды. Шешендік шеберлік және ағылшын тілін оқыту курстары. Сондай-ақ, қосымша өзімнің хоббиім – веб дизайн.

Бірде маған бір досым келді. Оның ақпараттық технология саласына қатысты компаниясы болатын. Өз компаниясына сайт жасап беруімді өтінді. Ол кезде бұл салада мамандар аз еді. Өзіме хобби болған соң, тегін жасап бере салдым. Бірақ әлгі досым «міне, бес мың теңге» деп ақша қалдырып кетті. Сол мезет өз-өзіме «хоббиімді неге бизнеске айналдырмасқа?» деп сұрақ қойып, осы кәсіпті бастадым. Басында 5 мың теңге тапсам, одан кейін 50 мың теңге, 500 мың теңге, тіпті, миллион теңгелік табыстарға жетті.

Басында армандаған миллионыңызды таптыңыз ғой?

– Иә! Тек миллион емес, одан асып, шамасы 50 миллион теңгеден асты десем, қателеспеймін.

Қателеспесем, жаңа естіп қалдық, осы бизнес мектепті ашу сіздің идеяңыз екен. Солай ма?

– Осыдан бірнеше уақыт бұрын «Silkway» халықаралық университетінде студенттерге арналған бизнес курс өткіздік. Сол кезде бұл идеяны «Шымкент» ӘКК-нің директоры Рашид Аюпов мырза айтқан болатын. Ойлана келе, осы бизнес мектеп ашу идеясын қолдадық. Содан кейін біз жобаның тұжырымдамасын жазып, бағдарламасын жасап, Корпорация-Университет және Біз болып, үш жақты келісімге келдік. Тұжырымдамасын бекіткен кезде оқу барысында тек теория ғана емес, практикаға баса назар аудару қажеттігі назарға алынған. Бағдарламасын түзгенде маман эксперттермен көп ақылдастық. Мектепке экономикалық жүйелеу, қаржыландыру көзі, инвесторларға ұсыну, мемлекеттік қолдау жағынан – «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, ғимарат пен құрал-жабдықтар пайдалану жағынан осы «Silkway» халықаралық университеті, ал үшінші жақ (біз) – бағдарлама, тренинг өткізу, яғни интеллектуалдық күш салатын болып келістік.

Мектепке қатысушылар, әлде, тыңдаушылар дейміз бе, қамтитын жас шамасы мен аудиториясы қандай болады?

– Мектептің аудиториясы, қатысушылардың жас шамасы 18-35 жас аралығы деп бекітіп отырмыз. Неге 18 жастан десеңіз, өйткені, осы жастан бастап салық органдарында жеке кәсіппен айналысуға, тіркелуге рұқсат береді. Біздің осы мектептегі басты мақсатымыз практика ғой. Осы жастан бастап қабылдауымыздың себебі сол. Қатысушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, алғашқы табысын табуын бірінші орынға қойып отырмыз.

Осы ретте тағы бір айта кететін жайт, жобаларыңызда тек оқытып, сертификат беріп қана қоймай, мектеп курсын бітірген түлектеріңіздің кәсіпкерлік істеріне сүйемелдеу жұмыстарын қоса жүргізеді екенсіздер…

– Иә, түлектердің кәсіпкерлік істерін сүйемелдеу жағынан да жұмыстар атқарамыз. Өйткені, жас кәсіпкер өз жобасын іске асыруда көптеген кедергіге жолығуы мүмкін. Мәселен, жобаны ары қарай қалай жүргізу керек, дайындаған өнімін қалай дұрыс сату керек деген т.б. сауалдарына жауап береміз.

Сүйемелдеу жұмыстарыңыздың белгілі мерзімі бола ма?

– Оны жастар өздері шешеді. Шаруалары аяқтанып кеткенше, шамамен 1 жыл көлемінде кез келген уақытта консультация ала алады.

tories/000a.jpg» border=»0″ />

Бизнес мектепте оқыған азаматтар жобаларын жүзеге асыруы үшін қаржылық жағынан қолдауларыңыз бола ма? Мысалы, «Ырыс» микрокредиттік қаржылық ұйымынан несие беру деген секілді. Олармен өзара келісім шарттарыңыз бар ма?

– Бүгінгі таңда бұл сауал басты назарымызда тұр. Өздеріңіз де білесіздер, қазір әкімшілік тарапынан 1 пайыздық мөлшерде несие субсидияландыру жүргізілейін деп отыр. Меніңше, бұл – жас кәсіпкер үшін үлкен көмек. Осы мектептің ашылуына мемлекеттің бір үлесі қатысып отыр. Сол себепті, алдағы уақытта аталған сауал шешілер деген сенімім бар. Өз кезегінде, «Максимум» АИО мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ға несиелендіру бойынша серіктесіміз «Шымкент» ӘКК арқылы осы сұрақ бойынша байланысқа шығамыз. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұсынатын «Бизнестің жол картасы-2020» атты бағдарламасымен 3 млн. теңгеге дейін беретін грантына мектеп түлектерін қатыстырамыз.

Мектептегі кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсының алғашқы легіне қатысушыларды қабылдап алдыңыздар. Қанша адам бар?

– Әзірге бірінші лекке студент жастардан 15 азамат қабылдадық. Менен өзге де тренерлеріміз бар. Яғни, 15 қатысушымен жеке-жеке жұмыс жасапта үлгереміз.

Мектептің ашылу салтанатында студенттер бірнеше сала бойынша таныстырылым жасады. Онда туризм, қоғамдық тамақтану, білім, ІТ салалары бойынша жобалар болды. 15 азаматты өздерінің жобалары бойынша салаларға бөліп, тереңірек кәсіптік білім бере аласыздар ма? Сөз басында «практикаға көп көңіл бөлеміз» дедіңіз. Аталған 4 сала бойынша тәжірибелік сағаттар өткізетін мүмкіндіктеріңіз бар ма?

– Бізде өте танымал эксперт мамандар бар. Мәселен, бизнес психологиясы бойынша республикаға белгілі Гүлжан Вероцкая тренингтер өткізеді. Өзіміздің де серіктестеріміз, әрекеттегі кәсіпкерлер, тренерлеріміз бар. Кәсіпкерлік негіздері – барлық салаға ортақ. Бастапқы базалық дәрістерді осындай мамандардан алса, кейіннен салалық тереңдетілетін дәрістерге сол салада жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерді шақырамыз. Атап айтсам, туризм саласы бойынша туристік фирма өкілдері дәріс оқиды.

Әңгіме барысында түлектеріңіздің жобаларын жүзеге асыру кезінде сүйемелдеу қызметі көрсетілетінін айттыңыз. Сұрайын дегенім, сол сала бойынша сүйемелдеу жұмыстарына қатысатын салалық мамандарыңыз бар ма?

– Біз базасында отырған«Silkway» халықаралық университетінің мамандары бар. Соларды тартамыз, бұл – бір. Екіншіден, өзіміздің серіктес кәсіпкерлеріміз бар. Мәселен, туризм саласы десек, турфирма өкілдерін тартуымыз мүмкін. Осылай өз клиенттеріміздің мұқтаждығын қанағаттандыру мүмкіндіктерін қарастырамыз.

Түсінікті. Дәріс қанша тілде өтеді? Алыс-жақын шетел мамандарының дәріс беру мүмкіндіктері қарала ма?

– Үш тілде жүргіземіз деп жоспарлаудамыз. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. Дәрістерге тек республикадағы мамандар ғана емес, шетелдік мамандарды да тартуды ойлап отырмыз.

Онлайн режимде ме?

– Шетелдік мамандар офлайн режимде қатысады. Білікті кәсіпкерлер, экономисттер осы бизнес мектепке келіп, дәріс оқиды. Шетелдік мамандардың көп бөлігі осы «Silkway» халықаралық университетінің келісім шарты негізінде жұмыс жасайды. Осы ретте айта кетейін, бизнес мектебіне келіп дәріс тыңдаушылар үшін барынша сапалы қызмет көрсететін боламыз.

Әңгімеңізге көп рақмет! Қолға алып жатқан жаңа істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика