«Күймелі, аттылы шеру тартқан керуен көшпелілер мәдениетін көрсетті»

Жәнібек ТАҒАЕВ, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК-ның басшысы:

«Күймелі, аттылы шеру тартқан керуен көшпелілер мәдениетін көрсетті»

Шымкент қаласында биылғы Наурыз мерекесі жылдағыдан өзгерек тойланбақ. Мерекелік шаралар бағдарламасында 18 наурыз күніне белгіленген «Наурыз керуен» шарасының ұйымдастырушысы – «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК-ның басшысы Жәнібек Тағаевқа жолығып, биылғы жоспарланған Наурыз мерекесінің ерекшеліктері туралы сұрап едік.

tories/00na.jpg» border=»0″ />

Ассалаумалейкум, Жәнібек Абданбекұлы! Төл мерекеміз Наурыз құтты болсын!

– Рақмет! Келе жатқан Жыл басы – Наурыз елімізге құт-берекесін ала келсін!

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қалай құрылып еді? Оқырманға түсінікті болу үшін орталықтың құрылғандағы мақсаты, айқындалған әрекет ету саласы туралы аздап түсінік берсеңіз. Өзіңіз басқарғалы не шаруалар атқардыңыздар?

– Бұл «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК – облысымызға Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2014 жылы желтоқсан айында сапары аясында ашылған мекеме. А.Мырзахметовтің облыс әкімі болып тұрған шағында облыстың зиялы қауым өкілдері, өңір азаматтары, белгілі жазушылар, этнографтар, ғалымдардың ұсынысымен ашылған. Есік ашқан сәтте мекеменің ғылыми және әдістемелік қызметкерлері өздерінің дәрістерімен ел ортасында біршама қызмет жасады. 2016 жылы мекемеміз шаруашылық қазынашылық мекеме болып қайта құрылып, облыстық мәдениет басқармасына өтті. 2018 жылы облыс Түркістанға ауысқанда біздің мекеме қала теңгеріміне ауысып, Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты мекеме ретінде қайта құрылдық. Орталықтың басты мақсаты – ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр, салт-сана, жөн-жоралғыларымызды жаңғырту. Жаңарту емес, жаңғырту. Осы мақсатта 2017 жылдан бастап, сол кездегі облысқа қарасты барлық аудандарды араладық. Соның ішінде, дәстүрлерден «Тулақ шашу» (күзгі жүннен істелінетін текемет), «Сыбаға» (ет тағамдарынан, сүт тағамдарынан, нан тағамдарынан әзірленетін сыбағалар), «Үт» («Үт келді, Үтпен бірге құт келді» деген сөз бар) дәстүрлері болды. Мен өзім осы қызметке 2017 жылдың ақпан айында келсем, сол сәтте келе салысымен аңшылық дәстүріне қатысты Төле би ауданында «Қансонар» фестивалін өткіздік. Фестиваль – қылаң беріп, ұлпа қар жауған кездегі қансонарда саятшылықтың ерекшелігін насихаттауға бағытталды. Одан кейін Түлкібас ауданында «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғырту мақсатында іс-шара ұйымдастырдық. Бізде, қазақ халқында қымызға қатысты салт-дәстүрдің өзі ерекше. Жаңа сауылған саумалдан бастап, оның қандай ыдысқа құйылуына дейін өзіндік технологиясы бар. Қымыз қалай бапталып, қалай әзірленеді, баптау әдістеріне қарай қалай аталатынына дейін жаңғыртатын тамаша шара болды. Сондай-ақ, жылдың мезгілдеріне қарай бөлінген әр айдың өзіндік ерекшеліктерін ескеріп, әр ауданда әр түрлі дәстүрлерге орайластырылған іс-шараларды атқардық.

Былтырғы жылы да бұл шараларымыз жалғасты. Оны өздеріңіз де ақпарат құралдарынан үзбей қарап отырған боларсыздар. «Наурыз – Қазығұрттан басталады» атауымен Наурыз мерекесі Қазығұрт тауының етегінде атап өтілген болатын. Ол жерде ұлттық ойындардан бөлек, ұлттық тағамдардың әзірленуі, дайындалуына дейін айшықты әрекеттерді келген қонақтарға көрсеттік.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының құрылғанына 4 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында біршама бастама көтеріп жүргендеріңізді білеміз. Мәселен, жыл сайын Наурыз мерекесі жақындаған сәттен бастап барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері жұмыс кезінде ұлттық киім киіп жүруге үндеу тастап, эстафетаға ұластырып едіңіздер. Осы эстафеталарыңыз жалғасын тапты ма?

– Бұл эстафетаны бастағанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Биылғы эстафетаны өзіміздің мекемемізде бастап, «Ońtústіk» телерадио бірлестігіне тапсырғанбыз. Ол мекеме шара шартына сай, қызметкерлері жұмыс күні ішінде қазақтың ұлттық дизайнындағы киімімен өткізуі тиіс болатын. Бір күн бойы арнайы теледидардан бақылап отырдым: таңнан кешке дейін эстафетамызды жалғастырғанына көзіміз жетті. Эстафета Наурыз мерекесіне дейін жалғасады. Одан ары қарай «НұрОтан» халықтық демократиялық партиясына тапсырады. Ол кезде де эстафета талаптарының орындалуын бақылаймыз.

Өзіңізді асаба ретінде де көріп қаламыз. Той-томалақпен араласып халық ортасында жүрсіз. Бір жағы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының басшысы болғасын, қазіргі халқымыздың арасында орындалып жүрген кірме мәдениет пен кірме салттарды көне қазақы салттармен алмастыруды ойластырып жүрсеңіз керек. Солай ма? Кірме дәстүрлерді қазақыландыру жағы қалай болып жатыр?

– Иә, қолдан келгенше қазақыландыруға тырысудамыз. Кірме дәстүр дегенге, мысалы, үйлену тойларындағы мәшенелермен қыдыру (гулянка), торт кесу, қыз ұзатуда міндетті түрде түнгі сағат 12:00-де шығару секілді дәстүрлер кіреді. Соның бірі, үйлену тойы алдындағы қыдырысқа біз «Жастар сейілі» деп өзгеріс енгізіп келеміз. Қымбат автокөліктерге мініп, бипылдатып, көшені шулатып, қала аралау дәстүрінің сәні де, мәні де кетті. Қыруар ақша, шаш етектен шығын. Ол дұрыс емес екенін халық та түсіне бастады. Оның орнына этнографиялық музыкамызды, салтымызды дәріптеуді қолға алдық. Ақ арғымақ жегілген күйменің ішіне үйленіп жатқан екі жасты отырғызып, айналасында қоршай домбыра, баян ойнаған жастар дуылдай думандатса, міне, «Жастар сейілі» дегеніміз осы емес пе?! Алтыбақан аясында әндетіп, киіз үй ішінде қымыз ұсынып, ойын құрудың өзі бір керемет дүние болып қалыптасып келеді.

Қазақтың бесік тойынан бастап, тұсау кесер, сүндет той, беташар, барша тойларында ұлттық бояуды қанықтыра түсудеміз. Бұл тұрғыда қалыптасып келе жатқан жаңғырған дәстүрлеріміз жеткілікті. Мәселен, бұған дейін біз қатысып жүрген Тұсаукесер тойларында тек алажіппен кесу жоралғысы көп пайдаланылса, енді көк өскінмен, тоқ ішекпен кесу секілді ерекшеліктер еніп отыр. Бұл бір мысалы ғана. Одан өзге де айғақ өзгерістер қаншама?

Ұлттық салт-дәстүрлерімізді халық арасында қазіргі той-томалақтарға кіріктіру мақсатында атқарып жүрген жұмыстарымызды ары қарай жалғастырушы шәкірттерміз де жоқ емес. Олар біздің дайындаған бағдарламаларымызды, топтастырған ойларымызды дамытып, жер-жерге насихаттап, жаңғырған дәстүрлерді тасымалдап жүр. Бұл да болса, орталығымыздың жұмысын көрсетсе керек.

tories/000na.jpg» border=»0″ />

Шымкент қаласында биылғы Наурыз мерекесін тойлауда аздап өзгеріс енгізіп, «Наурыз керуен» шарасы өтетіні жоспарланыпты. Осы шара туралы айта кетсеңіз…

– Биылғы Наурыз мерекесін тойлау бағдарламасына «Наурыз керуенін» қосып отырмыз. Ежелгі көшпелілер көк көтерілген шақта мал жайылымы үшін көктеуге көшетінін білеміз ғой. Сол көшті «Наурыз керуен» арқылы көрсетсек деп едік. Өздеріңіз көрдіңіздер, Наурыз алаңынан бастау алған керуенді түйе мінген ақсақалдар батасымен керуенге ақ жол тілеп, ел ағалары көш бастады. Күймелі, аттылы шеру тартқан керуен Дендросаябақтағы жеміс ағаштарына «Ақ бүрку» салтын жасау үшін аялдады. Күйме үстіндегі әжелер ансамблі ән мен жырын айтып, керуен көшін қызықтыра түсті. Жол-жөнекей ілескен қала тұрғындарына бауырсақ таратып, өнерпаздар халық ән-күйлерінен шашу шашып, тамаша көңіл-күй сыйлады. Жеміс ағаштарына ағарған құятын «Ақ бүрку» жоралғысы – ағаштар жемісті болсын деген тілектен туса, аяғы ауыр жас келіншектерге ақ бүрку – босанған кезінде аяғы жеңіл болуын, туылатын сәбидің ел азаматы болып өсуін тілейтін ниетпен жасалатын жоралғы.

Айрықша сән-салтанаты жарасқан көш-керуен Бәйдібек және Д.Қонаев даңғылдарымен жүріп өтіп, Желтоқсан көшесіне бұрылып, «Қазақстан халқы Ассамблеясының» ғимаратына жол тартты. Бұл жерде түрлі ұлт өкілдерімен жүздесе, көрісе отырып, ел ішіндегі ынтымақ, достық қарым-қатынасты одан ары нығайту мақсатында іс-шара жалғасты.

«Наурыз керуеннің» Ассамблеяға барып тірелуінің де өзіндік себебі бар.  Осы орайда, Шымкенттегі Ассамблея хатшысы М.Қалмұратовтың сөзін қоса кетсек, «Ассамблеяның негізгі міндеті – өңірдегі өзге ұлттарды қазақ халқының айналасына топтастыра отырып, бір шаңырақ астына біріктіру. Қазақтың төл мерекесі, Жаңа жылы – Наурызды қаладағы барша ұлттар бірге тойламақ». Атқарылып отырған «Наурыз керуеннің» міндеті де сол – халықтар бірлігі идеясы.

Орталықтың шаруашылық қазыналық бағытындағы кәсіпорын екенін айтып қалдыңыз. Демек, мекеме өз-өзін қаржыландыру мақсатында шаруашылық табыс табады. Орталыққа келушілерге көрсетілетін қызметтің билет құны қанша? Жалпы, былтырғы жылы қанша туриске қызмет көрсеттіңіздер?

– Дұрыс айтасыз, біздің орталық – қазақ халқының салт-дәстүрі, салт-санасы, өмір салтына қатысты дүниелерді келушілерге, оның ішінде туристерге де көрсетумен табыс табуға бағытталған мәдени ошақ. Келушілердің жас шамасына қарай арнайы бекітілген баға көрсеткіштері бекітілген. Мәселен, орталыққа кіру билеті оқушылар мен студенттерге 100-150 теңгеден болса, ересектерге 200, шетелдіктерге 500 теңге. Шолу және тақырыптық экскурсияларды жас ерекшеліктеріне қарай 200-500 теңге арасындағы ақыға тамашалау мүмкіндігі болса, орталықтың өнімдерін (кітапшалар, электронды өнімдер, т.б.) 500-4000 аралығында сатып алады. Сонымен қатар, экспозицияны бейнетаспаға түсіру, алтыбақан, көшпелі көрмелер ұйымдастыру және арнайы іс-шара ұйымдастыру секілді қызметтер көрсетеміз. Былтыр біздің орталықты тамашалау үшін жалпы 9450 адам келсе, оның негізгі бөлігі – мектеп оқушылары мен студенттер. Сондай-ақ, 85 адам шетелдік туристер болды. Шетелдіктерді қазақтың ұлттық мәдениеті мен тұрмыс-салты қызықтырады.

Орталықтарыңызда салт-дәстүрге қатысты ұлттық бұйымдар қоры бар екен. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, халық арасынан кездесіп қалатын өнер жауһарларын орталыққа алдыру, қорды толықтыру жағы қалай жолға қойылған?

– Орталықтың ұлттық бұйымдар қорын жаңа бұйымдармен толықтыру үшін арнайы қаржымыз жоқ. Дегенмен, былтыр, яғни 2018 жылы 43 жәдігер орталық қорына сыйға берілген. Жәдігерлердің қатарында этнографиялық маңызы бар мүйізден жасалған музыкалық аспап, тоқылған ши, тақиялар құраған. Осылайша бұйымдар қорымыз артып келеді.

Былтыр орталықтың «Елдіктің бір белгісі – Ерулік» жобасы аясында «Дәстүрім – асыл қазынам» деп аталатын энциклопедиялық баспа өніміміз жарық көрді. Сондай-ақ, «Ұлттық киімнің қадірі» дизайнерлер фестивалін ұйымдастырып, қорытындысымен үш тілде, қазақша, орысша, ағылшынша «Ұлттық киімдер» фотоальбомы 1000 дана болып басылды. Қазір бұл кітаптар орталыққа келушілерге ұлттық ерекшеліктерімізді таныстыру үшін пайдаланылуда.

Әңгімеңізге рақмет! Кіріп келген Наурызбен істеріңіз оңынан жалғаса берсін!

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика