Берік БЕКЖАНОВ, «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
«КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ – ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРГЕ ӘРІПТЕС»
Бүгінгі кейіпкеріміз еңбек жолын құқық қорғау органдарынан бастап, тергеуші, судья, сот төрағасы, облыстық соттың әкімшісі және IV шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Сонымен қатар, Түркістан мен Қостанай облыстарында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департамент басшысы – Тәртіптік кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол – «Құрмет» орденінің иесі Берік Бекжанов. Бұл кісі жайында кеңінен сөз қозғасақ, тұлғалық бейнесін бір сұхбатпен ашып біте алмасымыз анық. Дегенмен, Б.Айдарбекұлының Мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткенін, білікті басшы екенін көзі қарақты кісілердің бәрі біледі. Сол себепті оны ширатып айтудың қажеті жоқ. Алайда, Б.Бекжановтың Ана тіліне деген сүйіспеншілігін айтпасақ, азаматтығымызға сын. Кейіпкеріміздің «Жаңарған уақыт, жаңаша көзқарас» атты кітабында «Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білсін!» дейтін мақаласы бар. Тақырыбынан-ақ мақаланың жай-жапсары түсінікті… Бойындағы ұлтына деген таза махаббаты ғой! Айта кетейік, аталған кітапта ел тәуелсіздігі, мемлекет және оның Ата Заңы, құқықтық саясат тұжырымдамасы жайлы сөз қозғалған.
Осындай елі үшін еміренген азамат бүгінде «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы. Б.Бекжанов бұл істі де үйіріп әкетіп, талықсыған тамырына су құйып, бойына қан жүгіртті. Әйткенмен, әлі де болса атқарар тірліктер көп. Мұны сұхбат барысында кейіпкеріміздің өзі арнайы атап өтті. Ендеше, кәсіподақ саласында қандай жетістіктер мен нендей мәселелер бар екенін, жалпы, аталған салаға елдің қызығушылығы мен көзқарасын бір саралап көрелік.
tories/1b.jpg» border=»0″ />
«КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫН ТЕК ШИПАЖАЙҒА ЖОЛДАМА ТАРАТУШЫ МЕКЕМЕ ДЕП ТҮСІНЕДІ»
– Берік Айдарбекұлы, кәсіподақ ұғымын жұрттың дені дұрыс түсіне бермейді. Сондықтан, бүгінгі әңгімемізді кәсіподақтың басты мақсатынан бастасақ…
– Кәсіподақ қозғалысы – әлемнің барлық мемлекеттерінде үрдіс алған үлкен қоғамдық қозғалыс. Шын мәнінде, біздің Мемлекетімізде де мұның өзіндік тарихы, өзіндік жолы бар. Сайып келгенде, елімізде кәсіподақ қозғалысы қоғамның белсенді күші ретінде танылған. Оның ішінде ҚР кәсіподақтар федерациясының құрамында бүгінде екі миллионға жуық мүшесі бар. Өздеріңіз байқағандай, бұл еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйым ретінде саналады.
Кәсіподақтың негізгі мақсаттарының бірі – еңбекшілердің құқығын қорғау. Рас, қоғамда әр түрлі пікір қалыптасқан. Кәсіподақ ұйымдарын тек шипажайға жолдама таратушы мекеме ретінде түсінеді. Алайда, дәл олай емес. Бұл кәсіподақ ұйымдары жұмысшылардың, еңбекшілердің әлеуметтік құқығын қорғау барысындағы жұмысының бір бағыты ғана. Ал негізгі бағыты – жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау.
– Еңбек құқығы қандай жағдайда қорғалады?
– Еңбек құқығы – өндірістегі жұмысшылардың белгілі мөлшерде бекітілген еңбек уақыты. Өкінішке қарай, кей мекеме, кәсіпорындарында бұл сақталмайды. Жұмыс уақыты сегіз сағат, бірақ одан көп уақыт жұмыс істейді. Ал Еңбек кодексінде не делінген? Артық жұмыс істейтін болсаңыз, сізге қосымша ақы төленуі тиіс. Сонымен қатар, сіздің демалыс күндеріңіз сақталуы керек. Бұл – мәселенің кішкентай шеті ғана. Одан бөлек, қазір Еңбек кодексіне сәйкес, әрбір кәсіпорындар мен мекемеде өндірістік кеңестер жұмыс істелуі қажет. Өндірістік кеңес тікелей әкімшіліктің, сол кәсіпорынның әкімшілігімен бірлесе отырып, еңбек құқығы мен еңбек қауіпсіздігін, әлеуметтік жағдайын қорғаудағы мәселелерді шешеді. Сондықтан да бұның барлығы паритеттік негізде шешілетін жағдайлар. Яғни, ешқандай айқай-шусыз, дау-дамайсыз.
Кәсіподақ ұйымдарының келесі бағыты – еңбек қауіпсіздігін сақтау. Бұл қазіргі кезде қоғамдағы ең маңызды мәселелердің бірі. Себебі Шымкент қаласы, Түркістан облысы бойынша былтырғы жылмен алып қарағанда, өкінішке қарай, еңбек қауіпсіздігі сақталмағаннан жиырма төрт адам өмірден өткен. Кәсіподақ орталығы саралау жұмыстарын жүргізіп, бірнеше фактілерді анықтадық. Осы еңбек қауіпсіздігіне жол берген кәсіподақ мекемелерін алатын болсақ, көбісінде кәсіподақ ұйымдары құрылмаған. Егер кәсіподақ ұйымдары құрылса, азаматтардың еңбек құқығы қорғалар еді. Сол себепті біз тікелей насихат жұмысын бастадық. Кәсіподақ не береді? Кәсіподақтың әрі қарай жұмысы қалай? Құқығы қандай? Қазіргі таңда осы сауалдар бойынша айналысудамыз.
– Нәтижесі біліне ме?..
– Жалпы, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша былтырғы жылды алып қарасақ, 3 мыңнан астам кәсіподақ ұйымдары ашылған. Ол – жұмысымыздың нақты нәтижесі.
Шындығын айту керек, бүгінде кәсіподақ қозғалысы кенжелеп қалған. Ал бұрын бұл салада жүйелі жұмыс болған. Аудандық деңгейде де кәсіподақ ұйымдары мен басшысы болып, өз жұмыстарын дұрыс үйлестірген. Яғни, аймақтық деңгейдің өзінде жақсы жүйе қалыптасқан.
ҚР кәсіподақтар федерациясының басшылығымен былтырғы жылы кезектен тыс ХХV съезд өтті. Ол съезде кәсіподақтың алдағы жұмыс жоспары қалай, бағыты қандай болуы керектігі нақты айқындалды. Ондағы негізгі мәселелердің бірі – еңбек шарты. Конституцияның бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы – құқықтық мемлекет, әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің құндылығы – адам, адамның өмірі, оның бостандығы» делінген.
Қазіргі таңда шағын және орта бизнес өз жұмысын жақсы жүргізіп жатыр. Мәселен, шағын тамақтандыру орындары, мейрамханалар, шағын дүңгіршектер т.б. Бәрі деп айтудан аулақпыз, бірақ дені еңбек шартын жасамай, жұмыс беріп жатады. Бұл – тікелей заңсыздық. Себебі, еңбек шарты – құқықтық құжат. Ол екі жақты – жұмыс беруші мен жұмыс алушыны міндеттейді.
«КӘСІПОРЫН БАСШЫЛАРЫ БІЗДІ ҚАРАМА-ҚАРСЫ СӨЗ АЙТАТЫН ҰЙЫМ ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ»
– Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек қатынастары толыққанды реттелмегенін айттыңыз. Бұл жөнінде жұмыс берушілерге түсіндірсеңіздер, қалай қабылдайды? Негізінде сіздердің әрекеттеріңіз оларға да пайдалы емес пе?..
– Әрине. Міндетті түрде кәсіподақ ұйымдары – жұмыс берушілерге әріптес. Алайда, кейбір кәсіпорын басшылары кәсіподақ ашатын болса, маған қарама-қарсы сөз айтатын ұйым құрылды деп есептейді. Ол – жаңсақ пікір. Ондай пікірден аулақ болуы тиіс. Себебі, кәсіподақ ұйымы жұмысшылардың еңбек құқығын, әлеуметтік құқығын және қауіпсіздігін қорғау барысында да ол мекеменің басшысына ақылшы әрі әріптес ретінде жұмыс істейді. Мәселен, бір агрегаттың жұмысы дұрыс жасалмаса, айтады: «Мына агрегат дұрыс жұмыс жасамауда, ертең біреу майып болып қалуы мүмкін», – дейді. Көрдіңіз бе, қандай? Осыны кәсіподақ ұйымдары ескертеді. Одан бөлек, ұжымды бірізділікке, ынтымақ, бірлікке шақырады. Жалпы, кәсіподақ ұйымын ашу туралы Еңбек кодексінде заңмен бекітілген нормалар бар.
– Қозғап отырған тақырыбымыздың бір тармағы ұжымдық шарт туралы айта кетсеңіз…
– Ұжымдық шарт әр мекеме, кәсіпорындарда бекітілуі тиіс. Былтыр Елбасының Жолдауында жалақыны қырық екі мыңға дейін көтеру мәселесі айтылды. Осы мәселелер ұжымдық шартта бекітілуі керек. Жалпы, жалақыны көтеру, әлеуметтік жағдайды жақсарту, еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек құқығын қорғау мәселелері – ұжымдық шартта бекітілуі тиіс. Еңбек шартын тікелей кәсіпорында бекітетін болсаңыз, ұжымдық шарт бүкіл жұмыскерлердің бірлесіп құқығын қорғау мәселесін қарастырады. Еңбек кодексінде: «Ұжымдық шарт жасаудан жалтарған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады» деп нақты айтылған. Сондықтан да, бұл бағытта да көптеген жұмыстар жүргізіліп, үш жақты комиссия бірігіп әрекет етуде. Оның бірі – әкімшілік, екінші жақ – жұмыс беруші Атамекен, үшінші – кәсіподақ.
– Атқарылған жұмыстардың бірін атап өтсеңіз.
– Былтырғы жылдан бері қарай Татуластыру орталығын аштық. Яғни, қандай да бір құқығы бұзылған жұмыскерге медиаторлар арқылы көмек қолын созамыз.
– Нақты көмек есіңізде ме?
– Былтыр Түркістан облысында бір мектептің директоры «заңсыз жұмыстан шығарды» деп бізге арызданған. Біз заңсыз жұмыстан шығарылғаны туралы тұжырымдама бердік. Кейін сот барысында мәселелердің бәрі анықталып, ол азамат қайтадан жұмысына орналастырылды.
– Мекемелердің жұмыскерлер алдында қарыздары қаншалықты өтелгені жайлы да білгіміз келеді.
– Былтыр Шымкент қалалық әкімдігімен бірге жақсы жұмыс істедік. Атап айтсақ, қалада өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы қарыз 192 миллионнан 120 миллионға түссе, ал Түркістан облысы бойынша қарыз 92 миллионнан 43 миллионға түсті. Бұл – жоғарыда атап өткен үш жақты комиссияның бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесі.
«БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҚҰРУДЫ БІЗ МІНДЕТТЕЙ АЛМАЙМЫЗ»
– Осы ретте бастауыш кәсіподақ жайлы тарқата кетсеңіз…
– Бастауыш кәсіподақ ұйымдары – жалпы кәсіподақ қозғалысының қайнар көзі. Яғни, қандай да бір кәсіпорын, мекемеде бұл кәсіподақ ұйымын құру ерікті. Яғни, бір мекеменің қызметкерлері бірігіп, осындай кәсіподақ ұйымын ашамыз дейді. Бұны біз міндеттей алмаймыз. Сондықтан да, кәсіподақ ұйымдары тікелей сол мүше болған адамдардың құқығын қорғайды. Мәселен, мектептердегі мұғалімдердің кәсіподағы бар. Мектепте құқығын қорғап қана қоймайды, шипажайға жолдамамен қамтамасыз етуді қарастырады. Кәсіпорын тарапынан төленетін мәселелерге тікелей кәсіподақ ұйымдары қатысады. Әкімшілік жылдық бюджетті қарайды ғой. Сол кезде осы мәселелердің бәрі қамтылуы тиіс.
Бұл ретте мұғалімнің құқығы мен шипажайға демалысы ғана емес, кейбір материалдық жәрдем беру мәселесі де бар. Өмір болған соң, түрлі жағдайлар болады. Мұның бәрін тікелей бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өзі шеше береді. Себебі, олардың өзіндік есепшотында қаржысы бар. Әр кәсіподақ мүшесі жалақысының бір пайызын сол кәсіподақ ұйымына аударады. Содан олардың кәдімгі қаржы қоры құрылады. Осыдан соң, салалық кәсіподаққа көшеміз.
– Иә, салалық кәсіподаққа көшкен соң…
– Мысал ретінде білімді алайық. Білімнің облыс деңгейінде салалық кәсіподақ ұйымы бар. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінің келісілген жиналған қаржысының белгілі бір пайызын салалыққа аударып отырады. Себебі, бұл жерде де жалақы төлеу керек. Өйткені, салалық кәсіподақ ұйымдары бастауыш кәсіподақтардың жұмыстарын үйлестіріп отырады. Үлкен іс-шаралар, конференция, тренинг, семинар, мерекелерді өткізу т.б. Соның бәрі – кәсіподақ ұйымдарының қаржысына түсетін дүниелер.
Қазіргі таңда Шымкент пен Түркістанда бірігіп жұмыс істеп отырған он алты кәсіподақ ұйымдары бар.
– Кәсіподақ жайлы көкейдегі сауалдарды тауысып біткен секілдіміз. Осы орайда аталған саланың адымын ашуға жүріп өткен жолыңыздың қаншалықты пайдасы тигенін сұрағымыз келіп отыр.
– Қандай қызметте істесең де, ол жұмыстан белгілі бір тәжірибе жинайсың. Мен бірнеше салада жұмыс істедім. Кәсіподақ саласында солардың пайдасы тиюде. Заңды қолдану бағытында, елмен сөйлесу, насихат жұмыстарын жүргізу кезінде аса қиындық туып жатқан жоқ.
– Қайсысы жаныңызға жақын?
– Байқасаңыз, өмірімдегі менің барлық жұмысым адамның құқығын қорғауға бағытталған. Тергеуші, судья т.б. Сондықтан, ара-жігін ажырата алмаймын, ажыратпаймын да.
– IV шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде қандай мәселелер көтеріп және оның шешілуіне қаншалықты ықпал еттіңіз?
– Психотроптық заттар магазинде кәдімгі нан сатқандай сатыла бастаған. Осыған орай Қылмыстық кодекстің заңдарына өзгерістер енгізу туралы бастама көтеріп, өзгерістер енгіздік. Одан бөлек, Республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастырып, Сарыағашты газдандыру, облыстағы апатты мектептерге жаңадан қаржы бөлу мәселесінде көп еңбек еттік.
Жалпы, бірнеше заң жобаларының – Жеке сот орындаушылардың, Конституциялық кеңеске қатысты заң жобаларының және Қоғамдық қауіпсіздік туралы үлкен заң жобасының жетекшісі болдым.
Сондай-ақ, Үкіметтің атына қайта-қайта депутаттық сауал жолдап, «елді спортқа баулу керек» деп, «Қазспорт» телеканалының ашылуына мұрындық болдық.
tories/1be.jpg» border=»0″ />
«ӘКЕМ 95 ЖАСЫНА ДЕЙІН «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІН ОҚИТЫН»
– Спорт демекші, елуді еңсерген өзіңіз бүгінде спортпен айналысасыз ба?
– Жалпы спорт түрімен айналысамын. Жүгіремін және фитнес залдарға барып тұрамын. Қысқасы, спорт – өмірлік серігім.
– Бала кезіңізде қай спортқа құмар болдыңыз?
– Ауыл баласы не ойнайды? Күреседі, доп тебеді. Сол сай ішіндегі доп пен күрестің айналасында өстік қой (күліп).
– Өзгеге үлгі боларлық болмысыңызды қалай қалыптастырдыңыз?
– «Отан отбасынан басталады» дегендей, әрбір өскелең ұрпаққа тәрбие отбасынан беріледі. Әуелі Алла, содан кейін әкем мен анамның маған берген тәрбиесі. Ол кісілер жақсы білім алуыма жағдай жасап, қалыптасуыма дұрыс ықпал етті.
– Ата-анаңыз жайлы айта отырсаңыз…
– Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қатардағы офицер, взвод командирі болған. Соғыстың кезінде 2 рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 3 рет «Ұлы Отан соғысы» орденімен наградталған. Кейін ауылда партия жұмысына орналасып, содан шаруашылықта зейнеткерлікке шықты. Ал анам ауылда дүкенші болып жұмыс істеген. Екеуі де ауылдағы қарапайым шаруашылықтың адамдары. Бірақ сауатты кісілер еді. Әкем 95 жасына дейін «Егемен Қазақстан» газетін оқитын.
– Ал сіз ше? Бүгінде кітап бетін ашасыз ба?
– Қол босаған кездері кештетіп әдеби кітап оқып тұрамын. Жақында І.Есенберлиннің «Көшпенділерін» қайтадан оқып шықтым. Түбінде компьютер емес, бәрібір кітап оқыған адам озады. Себебі, рухани байлықтың бәрі кітапта.
– Рухани байлық пен материалдық байлықты адам қай уақытта ажыратады? Біз дәл қазір ажырата алмайтын шығармыз…
– Бұл пікірмен келіспеймін. Үлкен қызметі де жоқ, ауылда жүрген жай қарапайым адам бар. Бірақ ол бір сөзімен елді аузына қаратады. Ал кейбір үлкен лауазымдағы басшылар бар, жүз сөзімен жұртты соңынан ерте алмайды. Мәселе – абыройда. Оны бір күнде жинай алмайсыз. Абыройлы адам болу үшін алдымен рухани бай болуы керек. Ал сырт көз мұны көріп тұрады. Міне, ара-жігін ажырату деген – осы.
Жалпы, бүгінде екеуінің арасы ажыратылып келе жатыр… Осы ретте рухани байлық өміріңнің аяғына дейін азық дегім келеді.
«КИБЕРНЕТИКА ЗАМАНЫНДА ӨМІР СҮРСЕ ДЕ, ҰЛТТЫҢ ТІЛІ МЕН ТАРИХЫ САҚТАЛУЫ КЕРЕК!»
– Жақсы бір әңгіменің жалғасы ретінде тәрбиеге бір сәт ойыссақ. Қазіргі балаларды тәрбиелеу процесі қандай деңгейде?
– «Елу жылда ел жаңа» демекші, бұрын біз есеп шығарғанда қолмен санаушы едік, қазір калькулятормен санайды. Бұрын ойын баласы боп жүруші едік, қазір ойын баласы емес, компьютер мен интернет баласы. Көрдіңіз бе, айырмашылығы бар. Бірақ адамда құндылық пен идеология біреу болуы керек. Кибернетика, информатика заманында өмір сүретін болсаң да, әрбір ұлттың тілі, тарихы міндетті түрде сақталуы керек!..
– Бізде сіз атаған екі құндылық қаншалықты сақталған?
– Идеологияның кемшін тұстары бар. Жаһандану заманында өмір сүрудеміз ғой. Жаһандану бүкіл әлемде өте жоғары деңгейде дамуда. Заманына қарай адамы демекші, сол идеологияны қалыптастыруымыз керек. Елбасы қазақ даласының жеті қырын айтты. «Рухани жаңғыру» мақаласы. Біз енді қайтадан түп қазығымызға келудеміз. Сондықтан мен Президенттің осы саясатын қолдаймын. Өмірге келген бала туған жерінде не бар, не жоғын білуі керек. Оның ата-бабасы қалай дамыды? Ол қайдан келді? Яғни, түп қазығымызға келу үшін жас ұрпаққа қайдан шыққандығын, қайда баратындығын көрсететін идеологияның жұмысы жүйелілікті қажет етеді. Рас, реформа жүріп жатыр, бірақ сол реформа қазіргі заманға сай бағытталуы тиіс.
– Өзіңіз балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз?
– Ел қатарлы білім алуына жағдай жасап жатырмыз. Мамандық таңдауда кеңес бергенім рас. Бірақ міндеттеген емеспін. Құрылысшы ма, заңгер ме, өздері шешті. Бастысы, адалдық пен әділдік ұстанымым арқылы өмірге бейімдедім. Ал енді әрі қарай өмір өздерінікі.
Қызым архитектор дизайн мамандығын алып шықты. Бір ұлым құрылысшы мамандығында оқып жүр. Негізі, баланың талабымен міндетті түрде санасу керек. Біз көбінесе олардың пікірін сұрамай, мамандығын өзіміз таңдаймыз. Бұл дұрыс емес. Қарым-қабілеті мен қызығушылығына қарай баулысақ, барлық салада сапалы мамандар қызмет істейтін еді және оның еңбегі өнімді болады. Ұрпақты осыған сай тәрбиелеуіміз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ
Leave a Reply