«Қорғаныс министрлігіндегі жұмысымды емес, футбол үшін сынап-мінейді»

tories/ 0.jpg» border=»0″ align=»left» />Қазір бізде бүкіл Қазақстан бойынша кәсіби тұрғыда футбол ойнай­тындар саны – бар болғаны 5-6 мың адам төңірегінде. Ал басқа елдерді алсақ, шағын ғана Голландияның өзінде 150 мыңдай футболшы бар. Өкінішке қарай, бізде футболшылар тым аз.

– Әділбек Рыскелдіұлы, Қазақстан футбол федерациясының атқару ко­митеті маусым соңында кезекті отыры­сын өткізіп, бірталай өзгеріс енгізіп­ті. Мәселен, Кәсіпқой футбол лигасын құ­рыпсыздар. Ал төрешілер кімге ба­ғынатын болады?

– Қазақстан футбол федерациясының атқару комитетінде көптеген өзекті мәсе­ле қаралды. Ең бастыларына тоқталар бол­сам, Кәсіпқой футбол лигасын құру жө­нінде шешім қабылдадық. Бұл лиганың бас­шысы бар. Бірақ оның құрамына ел чем­пионатындағы премьер-лига мен бірін­ші лигадағы клубтардың басшылары кіре­ді. Өзінің басшы органы – кеңесі бола­ды. Олар ел чемпионатын өздері ұйым­дастырып, ақылдасып-кеңесіп отыра­ды. Жауапкершілік жүгін арттыру мақсатын­да осындай тәуелсіз лига құрып отырмыз. Яғни барлық клуб ел чемпионатының қызықты өтуіне мүдделі болады. Ал төре­шілер тікелей атқару комитетіне бағынатын бола­ды. Яғни төрешілер департаменті (ко­митеті) тәуелсіз болады, тек атқару комитетіне қарайды.

– Биылғы маусымда төрешілердің теңбіл доп додасына қазылық ету­леріне байланысты наразылық аз бол­ған жоқ. Тіпті арты дау-дамайға ұлас­қаны да бар.

– Енді… Төрешілерге наразылық та – футболдың бір бөлігі. Төрешілердің қателігі көптің әңгімесіне арқау болып, сан-саққа жүгіртілуде. Әркім арқалай болжам айтып, отқа май құя түсетіндері де бар. Жалпы, даттайтындары да бар, ақтайтындары да бар. Бұл түсінікті. Бірақ сіздер федерация­ның жұмысын жіті қадағалап отырған бол­саңыздар, біздің саясатымыз ел бірін­ші­лігінде бәсекелестіктің, төре­ші­лерге қойы­ла­тын талаптың өте жоға­ры болып, доп додасы­ның тартысты өтуі­не бағыт­тал­ғанын бай­қай­сыздар. Алай­д­а төрешілердің арасында қателесіп, тіпті өрескел қателік жіберіп, жаза басқан­дары да бар.

Бұл жерде өзіңіз меңзеп отырған «Тараз» бен «Тобыл» арасындағы кездесуді алуға болады. Бұл ойында төреші Сергей Пасько өрескел қателік жіберді. Жаза басты. Оның жаза басуы, әсіресе таза соғылған голды есеп­ке алмауы, ақылға сыймайды. Ойын­ның нұсқаушысы да осы ойынға қазылық еткен төрешілердің жұ­мысын өте төмен баға­лады. Сол ойын­нан кейін дауды шешу жө­ніндегі ко­митет жиналды. Өздеріңіз біле­сі­здер, сол матчта жанкүйерлер нара­зы­лық білдірді. Сөйтіп, төрешілер жаза­ға тарты­лып, ойынды қайта өткізуге шешім қа­былданды. Бұл шешімді аталмыш коми­тет өз бетінше қабылдады, осындай кесім­ді шешім қабылдауға оларға ешкім қы­сым көрсеткен жоқ. Мысалы, мен мұны ерте­ңін­де бір-ақ білдім. Бас хатшы іссапар­мен Мәскеуде жүрген.

Менің пікірімше, біз бұрын-соңды болып көрмеген шешім қа­былдадық. Иә, өте қатаң шешім. Меніңше, түптің түбінде УЕФА-ның өзі осыған келеді, дау-дамайлы ойындар қайта өткізілетін болады. Өйткені қазір бәрі де футболдағы көз қысты, бармақ басты кеселмен күресу­де. Меніңше, біз әуелі принципті шешім қ­абылдадық. «Таразға» да, «Тобылға» да бүйрек бұру болған жоқ. Бірақ артынан бәрін саралап, «ойынды қайта өткізу» ке­рек деген шешімді өзгерттік. Ал «төре­ші­лерді қазылық етуден аластату» жөніндегі шешім сол күйінде қалды. Менің ойымша, бұл – біздегі төрешілерге деген талапты күшейтуге қажет, сабақ болар шешім.

– Сіз «ойынды қайта өткізу керек» деген шешімді қолдадыңыз ба, жоқ әлде, қарсы болдыңыз ба?

– Өз басым бұл шешімге қарсы болдым. Себебі ел чемпионатында болмаған оқиға жү­зеге асып, оны сан-саққа жүгіртушілер көбейіп кетер еді. Әзірше біздің футбол осындай дау-дамайлы ойындарды қайта өткізуге әлі дайын емес.

– Жалпы, біздің чемпионаттағы тө­ре­шілер мәселесінің төркіні неде? Неге осындай наразылықтар туады?

– Мәселе – төрешілердің біліктілігі­нің тө­мендігінде. Мен футболдың ішінде, ма­ңында көптен бері жүрмін. Алты жыл Ас­тананың әкімі болғанымда, біздің коман­дамыз ел чемпионатында ойнады. Сол кезде көптеген келеңсіздіктің куәсі болған­мын. Ол кезде жағдай мүлде басқа еді. Маусым басында қай клубтың чемпион болатындығын білетінбіз. Маған клуб басшысы «барлық жерде осылай» деп, сендіруге тырысқан. Кейін ел футболын басқарғанда, бірінші кезекте мен осы мәселемен күресуді алға қойдым. Содан бері футболымыздағы осы кеселмен күре­сіп келеміз.

Естеріңізге түсіріңіздерші, қаншама жағдай болды, шатақ шықты. Қанша адамды жазаладық. Қанша адамға футбол саласында қызмет етуге тыйым салдық. Кейбір клубтарды тірнектеп жина­ған ұпайларынан да айырдық. Осылай ел чемпионатының әділетті өтуіне күш салып жатырмыз. Әрі матчтардың нәтижесін алдын ала келісуге қарсы күресті бірінші болып біз бастадық. Бізден кейін Ресей де қолға алып, қазір УЕФА-ның өзі бұған айрықша көңіл бөлуде. Осылай біз ел чемпионатына жоғарыдан ықпал етуді жойдық.

Десек те, төрешілер арасында, клубтар арасында бұл кесел әлі жойылмай отыр. Оны несіне жасырайық. Әлі де болса төре­ші­лердің аузын алуға болады. Әлі де болса клуб­тар арасында көзге көрінбейтін осын­дай өзара келісімдер бар. Әрине, осыдан төрт-бес жылғы «Шахтер» мен «Восток» арасындағыдай ойындар қазір жоқ деп ойлаймын. Әйтсе де түбегейлі жойылып кет­ті деп те айта алмаймыз. Жалпы, төрешілер тек бізде ғана қате­ле­се бермейді. Чемпионатының деңгейі өте жоғары елдерде де төрешілер қателесіп жатады. Мысалы, көпшілік сүйіп көретін Англия чемпионатын алайық. Осыдан бірер күн бұрын «Манчестер Юнайтед» пен «Челси» ойнады. Сол ойында төреші жаза басып, Лондон клубының екі ойыншысын алаңнан аластатқан жоқ па?

Сондықтан премьер-лигадағы клубтардың санын азайтуды қолға алып отырмыз. Көш со­ңында салпақтаған осал командалар мау­сым соңында «ойынды сатпасын» деп, олардың сандарын азайтып келеміз. Мысалы, 2014 жылғы маусымда премьер-лигада 12 команда ғана ойнайды. Алдағы маусымда премьер-лигадан көш соңында қалған үш клуб бірінші лигаға түсіп қалады да, бірінші лигадан бір ғана команда ке­леді.

– Әділбек Рыскелдіұлы, ел чемпио­натындағы легионерлер саны көбей­месе, азаймай тұр. Қосалқы құрамдар арасында да біріншілік өткізіп келеміз, қаншама ойыншы сол додада тәжірибе жинақтап жүр. Ендеше, легионерлер санын қысқартуға болмай ма?

– Өкінішке қарай, бізде резерв те жет­кілік­сіз, жоғары деңгейдегі футболшылар да аз. Соның кесірін ел чемпионатындағы клубтарымыз да, халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрамамыз да тартуда. Премьер-лигадағы клубтар санын қысқартуымызға да жоғары деңгейлі футболшылардың жетіспеушілігі себеп болуда. Қазір бізде бүкіл Қазақстан бойынша кәсіби тұрғыда футбол ойнай­тындар саны – бар болғаны 5-6 мың адам төңірегінде. Ал басқа елдерді алсақ, шағын ғана Голландияның өзінде 150 мыңдай футболшы бар. Өкінішке қарай, бізде футболшылар тым аз.

Осыған орай, біздің басты мақсатымыз – бұқаралық футболды дамыту, футболға қызығушылар санын арттыру. Біз футболшылар таңдап алуда қи­наламыз. Таңдайтындай футболшылары­мыз да көп емес. Ал легионерлер сол олқылықты толтырып, бәсекелестік туғы­зып отыр. Әрі біздің футболшылар солар­ға қарап өседі, солармен бірге ойнап (жат­тығып) тәжірибе алмасады, үйренеді. Бірақ легионерлерге де шектеу қойып, олар­ға деген көзқарасымызды өзгерттік.

Осыдан бірер жыл бұрын қалай еді? Отыздан асқан «ардагерлер» қаптап кеткен жоқ па еді. Көбі жасыл алаңдағы карьера­ларын аяқтауға, тек ақша табуға келген-ді. Қазір 30 жасқа дейінгілермен ғана келісімшартқа отыруды талап етеміз. Әрі өз елінің ұлттық құрамасының сапында ойнаған, тәжірибелі футболшы болсын дейміз. Меніңше, қазіргі легионер­лер саны бүгінгі жағдайымызға сай деп ойлаймын (алаңға әр команданың сапын­да бес легионер шыға алады, ал хаттамаға алты легионер тіркеуге болады).

Есесіне, біз «жасыл алаңға әр команда сапында 21 жасқа дейінгі бір футболшы шығуы керек» деген талабымызды өзгертпей келеміз. Осылай өзіміздің жас футболшыларға тә­жірибелі ойыншылар арасындағы додада шеберліктерін шыңдай беруіне мүмкіндік беріп келеміз. Мұндай талап, ереже басқа елдерде жоқ. Бірақ мұны бәрі құптайды, қызығады. УЕФА-ның өзі қолдап отыр. Еуропа елдері өз клубтарына мұндай талап қоя алмайды. Себебі бұл олардың еңбек туралы заңдарына қайшы. Ал біз әзірше осындай қадамға бара аламыз әрі соны пайдаланып жүрміз.

– Құрама сапында экс-ресейлік ойыншылар көбейіп кетті. Олардың дең­гейі өзіміздің футболшылардан ана­ғұр­лым жоғары болса, дау жоқ қой. Мы­салы, Шмидтгаль жөнінде ешкім де реніш білдірмейді. Ал Дмит­риен­ко, Коробкин, Рожков сынды фут­бол­шылар ұлттық құраманы күшейтті деп айта алмаймыз. Құрама сапына Ресейден келген, орта деңгейлі алты футболшыны алғанша, «Шахтердің» екі орталық қорғаушысын алған тиімді болмас па еді? Сол екеуінің арқасында «Шахтер» ел чемпионатында голды бәрінен де аз жіберді. Жалпы, орта деңгейлі шетелдік футболшылардың қажеті қанша? «Құласаң – нардан құла» дегендей, алсақ, деңгейі өте жоғары­ларын тартайық та.

– Түсінікті. Мен тек сізбен келісемін.

– Біздің клубтарымызда тұрақтылық жоқ. Командалар құрамын жыл сайын жаңартады. Ойыншылар көшіп-қонып жүреді. Мысалы, жақында ғана аяқ­тал­­­ған маусым басында «Қайрат» пен «Тараз» 15 трансфер жасады, «Астана» құрамына 12 ойыншы қосты. «Ақтөбе» 11 футболшысын ауыстырды. Футбол­шылары жиі ауысатын, құрамы сапы­ры­лысқан клуб жанкүйерлер сүйіспен­ші­лігіне ие бола алмайды. Сол се­беп­­тен бізде трансферге шектеу қою­ға болмас па екен? Сонда команда сапындағы жастардың да мүмкіндік­тері арта түсер еді.

– Өте орынды ұсыныс. Мұны саралап, талқылауға болады. Әрине, біздегі клубтар ойын сапасын арттыру мақсатында көп ойыншы алмастырып жүр. Өйткені бізде бәрі де клубты қаржыландыру мәселесіне байланысты. Қаржының бөлінуі де әр жылы әрқалай. Шындығын айтсақ, әкім­ге де байланысты. Бұл – біздің футболымыз­дың буынсыз, сорақы мәселесі. Шетелдер­дегідей теледидар таратылымынан да ақша табу мүмкін болмай келеді. Себебі жарнама берушілер жоққа тән. Нарық аясы тым тар. Инвестиция құятын жеке тұл­ға­лар жоқ. Мысалы, біз былтыр «Қайрат» клубына «ҚазРосГаз» компаниясы демеуші болғанда қуандық. Футболымызға іргелі инвестор келді деп мәз болдық.Сіздің айтып отырғаныңызды «Шахтер­дің» қазіргі жағдайымен байланыстыруға болады. Кеншілер клубы бірінші рет екі жыл қатарынан ел чемпионы атанды. Бірақ бұл жетістікке «Шахтер» оңайшылықпен жеткен жоқ. Бұл жетістік – соңғы үш-төрт жылғы жұмыстардың жемісі. Кенді өлкенің әкімдері де сүбелі үлес қосты. Әуелі Нұрлан Нығматулин команданың жағдайын түзеп, одан соң Серік Ахметов оны одан әрі же­тілдірді. Әзірше біздің футболымыздағы тұрақ­тылық осы командадан сезіледі. Мы­салы, Финонченко басқа клубқа ауыспай, өз клубына адалдық танытуда. Серб футболшылары да кеншілер клубына тұрақ­тады. «Ақтөбе» клубы да жылда бап­кер ауыстырмай, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүр.Бірақ мұның бәрін өткінші құбылыс деп ойлаймын. Уақыт өте келе бізде де жергілікті түлектер саны көбейеді. Бізде 90-жылдары ізбасарлар дайындау мәсе­лесі ақсап қалды. Стадиондар болма­ды. Қазір бәрі де оңалып келеді. Стадиондар да көбейе бастады. Мысалы, жақында мен Шығыс Қазақстан облысында болдым. Әкім биыл 60 футбол алаңын салдырыпты. Келесі жылы 100 футбол алаңын салдыру­ды жоспарлап отыр екен.

Сол сияқты бүгінде басқа да облыстарда стадиондар мен футбол алаңдары салынып, пайдала­нуға беріліп жатыр. Астанада барлық аула­да дерлік футбол алаңы бар. Біз бірнеше аймақ­та футболдан арнайы маманданды­рылған балалар мектептерін (орталықта­рын) аша бастадық. Бұл – біздің қолға ал­ған маңызды жобамыз. Қазір біз әкім­дік­термен, жергілікті органдармен жұ­мыс жасап, төбесі жабық футбол манеж­­де­рін салуды қолға алып жатырмыз. Бұл футболды қысы-жазы ойнау үшін керек. Әрі біздің алдағы уақытта ел чемпионатын күз-көктем жүйесінде өткізуге мүдделі болып отырғанымызды білесіздер

.– Мүмкін, Елбасы барлық әкімдерге «өз өңірлеріңде футболды дамытуға күш салыңдар» деп нұсқау берсе неме­се мемлекеттік бағдарлама қабыл­дан­са, ісіміз алға басар ма еді?

– Бұл – әкімшіліктік ресурс қой. Футбол – өте күрделі құрылым. Оны бұйрық беріп, бар мәселесін шешіп тастай алмайсың. Онда Қытай баяғыда әлем чемпионы болар еді ғой. Футболды дамытуға, өркен­детуге қомақты қаржы керек. Біздің бюдже­тіміз бен шетелдік азулы клубтардың бюджетін салыстырыңыз. Бұл – бірден шеші­ле салатын іс емес. Бірте-бірте жүзеге асатын күрделі құрылым. Президент онсыз да футболға, спортқа көңіл бөліп отыр. Жыл сайын стадиондар­дың көптеп салы­нып жатқаны – Президент­тің нұс­қаумен жүзе­ге асып отырған шаруа

.– Қаржы, бюджет демекші. Бізге УЕФА-дан көмек ретінде қаржылай қолдау көрсетіле ме? Сол қаржылар қайда кетіп жатыр?

– Иә, ондай көмек көрсетіліп келеді. Әртүрлі бағдарламалар бойынша УЕФА-дан да, ФИФА-дан да қаржы түседі. Бағдар­ла­малар әртүрлі: балалар футболын дамыту­ға, семинар өткізуге, төрешілердің біліктілі­гін арттыруға, әртүрлі доп дода­ларын өт­кізу­­ге бағытталған, тағысын тағы. Ақша­лай ғана емес, алаң немесе доп түрін­де де көмек көрсетіледі. Ол үшін сол қар­жыны қайда және не үшін жұмсайтын­дығыңды тәптіштеп жеткізесің, олар бәрін қадаға­лап, қаржының тек өз орнымен жұмса­ла­тындығына көз жеткізіп барып аударады.

Мысалы, енді бізге Астанада «Футбол үйін» салу үшін 2 миллион евро көлемінде қаржылай көмек көрсетілмек. Талғардағы базаны салуға 2,5 миллион евро бөлінген. Бұл тұрғыда УЕФА-ның бай екен­дігін, тіпті ФИФА-дан да қоңды екендігін айта кетуге тисіпіз. Бірақ қаржы оп-оңай беріле салмайды. Нақты бағдар­ла­ма бойынша қандай көмек керек екен­дігін саралау керек. Қаржының өз орнымен жұмса­латындығын дәлелдеу керек. Олар мониторинг жүр­гізеді. Бәрін тексереді. Қаржының нақты қайда жұмсалатынды­ғына көз жеткізген соң ғана келісім береді. Ал ақша ең арты­нан аударылады. Ал біз жыл сайын қар­жы­лай есептемелерімізді жариялаймыз. Көпшілік назарына ұсына­мыз. Басқа федерациялар бұлай қаржы айна­лым­дарын жайып салмайды

.– Шыны керек, қазір Футбол федерациясын сынаушылар аз емес. «Осы абырой бермейтін істі қолыма неге алдым» деп өкінбейсіз бе?

– Рас, мені қазір футбол үшін көп сынап-мінейді. Қорғаныс министрлігіндегі жұмысымда бұлай емес. Ал менің футбол федерациясына қалай, қандай қиын-қыстау кезеңде келгенімді білесіздер. Осыдан бес жыл бұрын Елбасы маған осы істі сеніп тапсырды. Сондықтан өзіме ар­тыл­ған сенімді ақтауға тырысамын. Өздері­ңіз білесіздер, мен футбол мәселелерімен күнде айналыса алмаймын. Футбол – негізінен, менің қоғамдық жұмысым. Менің мақсатым – ел футболын дамытуға жағдай жасау, үлес қосу. Сондықтан футболдағы барлық мәселеге күнделікті көңіл бөліп отыра алмаймын.

Бұл ретте бәрін федерацияда жұмыс жасайтын, өзім сенім артқан вице-президенттерге жүктегенмін. Мен федерацияның қалқаны секілдімін. Жұмыстың бәрін атқарып, басқарып отыр­ған – вице-президенттер мен бас хатшы. Мен оларға көмектесіп, жағдай жасап отыр­мын. Ортақ ісіміздің аяғына тұрып кетуіне жәрдемдесіп жүрмін. Бірақ ел футболы үшін Елбасы мен жанкүйерлер алдында мен жауаптымын. Білемін, бұл қызметті басқа жұмысқа алданбай, таңер­теңнен кешке дейін отырып атқару керек. Күнделікті осы жұмыспен ғана айна­лысу керек. Ал менің мақсатым – ел фут­болын белгілі бір деңгейге дейін көтеріп, осы істі атқара алатын іскер адамға тапсыру. Қазірдің өзінде соңғы жылдардағы жұмы­сымыздың жемісі көріне бастады. Федер­ация аяғына тұра бастады.

– Ұлттық құраманың бас бапкері жайлы не айтасыз, мүмкін өзіміздің бапкерлердің біріне сенім арту керек шығар?

– Мирослав Беранектің жұмысына биылғы маусымды қорытындылағанда бағасын береміз. Айтарым, жетіле түсуіміз керек, өзімізді-өзіміз қамшылай беруіміз керек. Ал өзіміздің бапкерлер әлі жоғары деңгейге көтеріле қойған жоқ. Оларға әлі шыңдала түсу, үйрену, тәжірибе жинақтау қажет. Бапкерлер ағылшын тілін, халық­аралық құрылымды білуі керек. Бізде қазір Талғат Байсуфинов сынды маман өсіп-жетіліп келеді. Ал ұлттық құрамаға келсек, біз жағдай жасамай отырмыз ба? Жоқ, ұлттық құрама үшін бәрін жасаудамыз. База салынды (ең үздік базаның бірі), бапкерлер құрамы жасақталды. Бірақ шындыққа тіке қарауымыз керек, біздің құра­маның, біздің футболымыздың дең­гейі әлі жоғары емес

. – Ұлттық құраманың қазіргі ойыны көңіліңізден шыға ма?

– Жоғарыда айттым ғой, тоқмейілсуге болмайды. Жетілген үстіне жетіле беру керек. Десек те, ұлттық құраманың қазіргі ойы­ны жаман емес. Ирландиямен өткен ойын­да тек бағымыз жанбады, сәттілік жетіс­педі. Еуропаның барлық құрамалары да бізге қарсы ден қойып дайындалатын бол­ды.

Дайындаған Нұрғазы САСАЕВ

«Қызмет» ақпарат.

Сурет: kaz.gazeta.kz

{jcomments on}

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика