Бақтияр ТҰРАБЕКОВ, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы:
«Республикада алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аулаларды көріктендіруді қолға алдық»
Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын көтеруде мемлекеттің көтерер жүгі орасан. Соңғы кездері мемлекет бюджетіне түсетін салмақты аз да болса бөлісіп, қосымша жеңілдік әкелетін жекеменшік сектор қаражаты көмекші қызмет атқара бастады. Бұл жүйе – мемлекеттік жекеменшік әріптестігі жүйесі деп аталады. Елбасымыз Н.Назарбаев та жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі жүйесіне ерекше екпін беріп, билік тармақтарына тапсырма жүктеп келді. Дегенмен, мемлекет пен жеке сектор бірлесе жұмыс атқаратын жаңа жүйе туралы білетініміз аз. Осы орайда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі туралы айтары бар әрі өзі де осы саланың нағыз майталман маманы, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бақтияр Тұрабековпен жолығып, атқарып жатқан жұмыстары туралы сұрауды жөн санадық.
Өз кезегінде бүгінгі кейіпкеріміз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясын айшықтап айтып, осы жөнінде атқарып жатқан жұмыстарын тізбектей келе, мемлекеттік қызметшінің абыройын асқақтатын қасиеттерге тоқталды. Ол – заңнамалық біліктіліктен бөлек, талапшылдық, мақсатшыл, адалдық, білімділік және жаңалыққа құштарлық. Бөлім басшысы бұл қасиеттерге конкурстық талаптары кезінде баса мән берілгенін қалайды.
tories/00ii.jpg» border=»0″ />
– Бақтияр Ералыұлы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дейтін жүйе еліміздің инвестиция саласына енгеніне көп бола қойған жоқ. Сондықтан, алдымен осы жүйеге түсініктеме беріп, ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз. Бұл жүйе не үшін жасалды?
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін құрудағы басты мақсат – мемлекет өзінің кейбір міндеттемелерін жеке меншік секторға беруден басталды. Яғни, әлеуметтік және өзге де міндеттемелерді (білім беру, медициналық қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық қатынастар, т.б.) жеке меншік салаға беріп, сол арқылы жеке сектордағы орта және шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде отандық тауар өндірісін дамытуды көздейді. Мәселен, қандай да отандық тауар өндіруші немесе оның тікелей жеткізуші кәсіпорны жақын болашақтағы 3–5 жыл көлемдегі мерзім ішінде өзінің өндірген өнімін, тауарын өткізетін тұрақты нарық іздейтін болса, осы жүйе таптырмайтын құрал бола алады. Егер өнім өндіруші болмай, тек қолындағы қаржысына сеніп қосымша табыс табуды көздейтін жеткізуші мекеме болса, ол мекеме ешқандай пайда таба алмайды. Бұл жүйеге қатысушы жеке сектор өкілі мемлекетке өз өнімін бөліп төлеу шартымен сатады, есесіне өнімін өткізе алатын тұрақты нарық қалыптастыратындықтан оған тиімді болмақ. Бұл – бір. Екіншіден, тез арада шешімін табуы керек мәселелер туындап тұратын сәттер болады. Мәселен, коммуналдық қажеттілікке байланысты бір түйін туа қалса, оны шешу үшін бюджет арқылы атқару процесі ұзаққа шешілуі мүмкін. Осы орайда тез әрі сапалы атқару үшін көмекке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке меншік сектордың қаржылық құралдары көмектесе алады. Бұл жерде мәселені дер кезінде шешуде мемлекетке, ал өз өнімін сатуда жеке меншік өкіліне ыңғайлы, әрі пайдалы болмақ. Осы жерде айта кететін нәрсе, көптеген бизнес өкілдері арасында бұл жүйені тиімсіз санап, қаржысын мұнда салғанша банктерге 10–15 пайыздық депозиттерге орналастыруды тиімді санайтындар табылады. Олар тек алып-сатарлар ғана. Өндірісі бар кәсіпкерлер бізбен жұмыс істеуге қызығып отыр. Өйткені бизнес жасауға ынталы тұлғаларға бұл жүйе бойынша барлық қолайлы жағдайлар қаралған.
– Сіз басқаратын бөлім міндеті мен қызметіне тоқталсаңыз. Қазір қандай жобалар бойынша жұмыс істеп жатырсыздар?
– Мен басқаратын бөлімнің негізгі бағыты – аудан аумағында атқарылатын абаттандыру жұмыстары, оның ішінде аулаларды абаттандыру, балалар алаңшаларын орнату мен спорт алаңшаларын жасақтау, орнату, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары. Бүған дейін абаттандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, шаруа атқарылатын. Еңбекші ауданында 630 көпқабатты тұрғын үй бар. Осы үйлердің кешенді абаттандыру жұмыстарын: ауласын жөндеу, ішкі жолдарын асфальттеу, бетондау, ойын алаңшасы мен басқа да ойын элементтерін жасауды атқарып келдік. Бүгінге дейін 2018-2019 жылдар аралығында 501 көпқабатты тұрғын үй ауласы абаттандырылса, 15 шақты көпқабатты тұрғын үй ауласын тұрғындар қосымша құрылыс (қора-қопсы, гараж, дүкен, т.б.) салып тастауына байланысты абаттандыруға мүмкіндігі жоқ. Қалған 114 көпқабатты тұрғын үй аулаларын көріктендіру жұмыстарын жүргізу қалып отыр. Осы шаруаларды атқаруды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізіп жатқан себебіміз, ол – жергілікті бюджет мүмкіндігінің шектілігіне байланысты бюджет жүктемесін азайту және кезекте тұрған мәселелерді бірден шешу үшін осы жүйеге жүгінудеміз. Қазіргі таңда спорт алаңшалары мен жаттығу алаңшаларын жасақтау, әлеуметтік маңызы бар нысандар салу мақсатында жер учаскелерінің мемлекеттік актілері алынып, ауданға жаңадан енген елді мекендерге (Тоғыс, Маятас, Елтай, Базарқақпа, Жұлдыз, Жалын, т.б. тұрғын алаптары) балалар және спорт алаңшаларын орнатуды жоспарлап отырмыз.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылатын жұмыстарды қай кәсіпорынға беретінін қандай комиссия анықтайды? Арнайы комиссия бар ма?
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шаруалар атқару мақсатында конкурс ұйымдастырып, жеңімпазын анықтау үшін қалалық әкімдік жанынан комиссия құрылған. Ол комиссия құрамына тиісті салалардан лауазымды 7 маман кірген. Олар: комиссия төрағасы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Н.Ергешбек, комиссия хатшысы А.Малахов, комиссия мүшелігінде Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ильясов, Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Р.Мүлкеманов, Қаржы басқармасының басшысы К.Жанбосынов, Құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Д.Дәрменов. Комиссияға ұсынылған жобаларды осы құрамдағы комиссия қарап, шешім қабылдайды.
Бірінші жоба бойынша өткен төртінші мамыр күні конкурс жеңімпазын анықтау жөнінде комиссияның шешімі шығып, хаттамасы жасалған болатын. Комиссия қорытындысына сәйкес, жеткіліксіз құжаттары бойынша біздің бөлім мамандары конкурс жеңімпазына хабарласа отырып, тиісті құжаттамаларын дайындап, түгендеп, тоғызыншы шілде күні келісім шартқа қол қойылды. Жалпы конкурсқа 4 мекеме қатысуға ниет білдірсе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік заңдылық нормаларына сай 3 мекеме қатысудан бас тартқан. Яғни, қазіргі заңнамаларға сәйкес, жеңімпаз деп танылған мекемеге келісім шарт сомасы 3 жыл ішінде бөліп төленеді. Осылайша конкурс қорытындысымен петропавлдық фирма «Стом Сервис» ЖШС жеңімпаз деп табылып, 1210,0 млн. теңге қаржыға келісім шарт түзілді. Бұл кәсіпорынның абаттандыру саласында бірнеше жылдық тәжірибесі және балалар ойын алаңы элементтерін, құрал-жабдықтарын, қоршау заттарын жасап шығаратын жеке цехтары бар. Бұған дейін Көкшетау, Петропавл, Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс атқарып келген. Мемлекеттік әріптес ретінде аудан әкімдігі танылғандықтан әрі тұрғындардың тілек-талаптарымен бірінші кезекте жұмыс жасайтындықтан, бұл процесті қадағалаушы ретінде келісім шарттың орындалуын біздің мамандар бақылайды. Оның үстіне, аудан әкімдігі қажеттілікке орай орнатылатын нысан сметасын мемлекеттік сатып алу арқылы мекемелерге жасататындықтан, сметаның орындалуын қадағалау да біздің құзырымызда. Осылайша, біз республика бойынша алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аулаларды көріктендіруді қолға алып отырмыз. Негізі бұл жұмыстар 2016-2017 жылдары басталып, 2018 жылы нақтыланған. Мәселен, абаттандыру-көріктендіру жұмыстары үшін жергілікті бюджеттен 2016 жылы 300,0 млн. теңге қаржы бөлінсе, 2017-2018 жылдары 100–150,0 млн. теңге қаржыдан бөлінген. Жалпы, биыл бұл жобаға 1210,0 млн. теңге қарастырылған. 34 спорт алаңшасы, 24 балалардың ойын алаңшасын салу, 2014 жылдары салынып, бүгінгі таңда ескіріп, бұзылған 25 спорт алаңшаларын жөндеу, 9 жаттығу алаңшаларын толық ауыстыру, жаңа инвентарьлар орнату. Талаптарға сәйкес, мәселен, 8 подъезді көпқабатты тұрғын үй болса, 3 жабынды орындық (беседка), 4 подъезді үйге 2 жабынды орындық орнатылуы қажет. Ойын элементтері де тиісінше есептеліп, әр тұрғын үйдің жеке есебі жүргізіледі.
Биылдыққа жалпы санағанда аудан бойынша жаңадан 34 спорт алаңшасын салу, 20 көпқабатты тұрғын үйлердің балалар алаңшасын салу, 4 тұрғын алабында (Жыланбұзған, Маятас тұрғын алаптары және Тоғыс тұрғын алабында екеу: «Наурыз» алаңы және Мұнайбарлаушылар көшесіндегі 24 көпқабатты тұрғын үй ортасындағы стадион) балалар алаңшасын спорт жабдықтарымен қоса салу жоспарланған. Бұл аталған тұрғын алаптарда орналасатын балалар және спорт алаңқайларының жер учаскелері дау тудырмас үшін бұрынырақта мемлекеттік актісі алынып қойған болатын. Қазір сол мүмкіндіктерді пайдаланбақпыз.
tories/00mm.jpg» border=»0″ />
Сурет интернеттен…
– Осы жүйенің ең тиімді тұстары мен соңғы кездері енген өзгерістерін айтыңызшы…
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесінің ең тиімді тұсы – күтіп ұстау жұмыстары. Бұл жобада жаңадан орнатылған нысанның ары қарай күтіп ұсталуы қарастырылған. 2019 жылы орнатылатын алаңша жабдықтары 2024 жылдың соңына дейін жекеменшік әріптестігі аясында «Стом Сервис» ЖШС күтіп ұстайтын болады. Бұл орайда бір жыл, 2020 жыл көлемінде толық кепілдік мерзімі жүрсе, 2021–2024 жылдар аралығында күтіп ұстау жұмыстарына бюджеттен қаржы қаралмақ. Бұл процесс жекеменшік мекеме тарапынан жұмысшылар құрамын өтінім берген сәтінде ғана пайдалану емес, тұрақты ұстап отыру үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және ұрлануына, бұзылуына, вандализмге жол бермеу, ақау анықталған жағдайда дер кезінде жөнделуін қадағалауға мүмкіндік туғызбақ. Бұған дейін атқарылып келген абаттандыру жұмыстарында осындай күтіп ұстау жағы қарастырылмаған еді.
Тағы бір ұтымды тұсы авторлық құқық негіздері мен меншік мүмкіндіктері ескеріледі. Бұл жүйеге қатысуға ниетті жеке сектор өкілдері өздері өндіретін қайталана бермейтін өнімдерін конкурстық өтінімдерінде көрсету арқылы артықшылықтарға ие болуы да мүмкін. Мәселен, жер учаскесі жеке меншік болып, сол учаскеде мемлекет тапсырыстарында қаралатын белгілі бір мөлшердегі қаржы көлемінде мектеп не басқа нысан салғысы келсе, тікелей келіссөздер жүргізу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл жерде мемлекет тарапы ұтады. Өйткені құрылыс салу үшін алдын ала дайындалатын құжаттарға, құрылысты қадағалаушы мекемелерге, пайдалануға беру үшін жабдықтауға және өзге де шығындарына кететін бюджет қаржысы және уақыты үнемделеді.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесімен өтінім ұсынудан бастап, келісім шарт толық аяқталғанға дейінгі кезеңдеріне тоқталып, олардың атқарылу мерзімдері туралы айтып беріңізші.
– Өзімнің атқаратын қызметімнің мысалында түсіндірейін. Мәселен, абаттандыру жұмыстары үшін алдымен конкурс жарияланады. Ол міндетті түрде ашық ресурстарда (pppcenter.kz сайты, Еңбекші ауданының ресми сайты, «ҚазАқпарат» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің беттері мен электронды сайттарында) жарияланады. Жарияланған сәттен бастап 30 күн ішінде конкурс өткізіледі. Бұл мерзім ішінде біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 қарашадағы №725 бұйрығының талаптары басшылыққа алынады. Конкурсқа қатысушының тиісті саладағы жұмыс өтілін есептегенде алдыңғы атқарған жұмыстарының актісі мен келісім шарт көшірмелері назарға алынады. Сондай-ақ, конкурсқа қатысушы мекеме банктен қарызы жөнінде, несие туралы, шотындағы қаржысы туралы және салықтан қарызы бар-жоқтығы жөнінде анықтамалар, жұмысшылары мен техникалық құрал-жабдықтарының құжаттары, отандық тауар өндіруші сертификаты және өзге де құжаттар сұратылады. Біліктілік талаптарын тексері мерзімінде қойылатын ескертпелер болатын болса, қателіктерді толықтыруға 3 жұмыс күн мерзім беріледі. Одан кейін конкурс құжаттамаларын тапсыруға 10 күн мерзім қаралады, ол тапсырылғаннан кейін комиссия мүшелерінің толық қатысуымен ашық түрде қаралып, қорытындыланады.
Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі арқылы мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік саладан өзге де салаларда кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, толық бір қаланың коммуналдық тазалық жұмыстарын сервистік келісім арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл сервистік келісімнің ерекшелігі 3 жылдан 30 жылға дейінгі мерзімді қамти алады. 10 жылдық мерзімге түзілетін келісм шарттарға кадрлық және техникалық мүмкіндіктеріне күмән келтіре алатын болсаңыз, 30 жылдық келісім шартта ол ықтималдық төмендейді. Алдағы жобаларымызда қарастыралатын негізгі приоритет – жеке соктордың 200 адамды жұмыспен қамтитын мүмкіндігі болмақ.
–М.Жаримбетов атты оқырманымыз балалардың анимациялық шығармашылық қабілетін дамыту, үйрету орталығын ашу бойынша өз жобасын осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырғысы келеді екен. Осы сауалға да жауап бере кетіңізші. Жобасын іске асыру үшін не істеуі керек? Мүмкіндігі бар ма?
– Иә, ол жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі арқылы жүзеге асыра алады. Ол үшін жоба иесінің жеке ғимараты, құрал-жабдықтары, авторлық оқыту бағдарламасы және қанша баланы оқыту мүмкіндігі, талап-методикасы болуы керек. Мысалы, Шапағат шағын ауданында мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін көркемсурет мектебі бар. Соның тәжірибесінде аталған жобаны да жүзеге асыруға болады. Бұл ұсыныспен қалалық мәдениет басқармасына шықса, тұщымды жауап алып, тиісті көмегін алады. Ол үшін әрине жобаның толыққанды іске асыру жоспарын жасап, тікелей келіссөздер арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік комиссиясына ұсыныс беруі керек.
– Жергілікті өзін-өзі басқару саласы, оның ішінде аудандық әкімдіктердің рейтингі индикаторлық көрсеткіштер арқылы бағаланатыны белгілі. Соның бірі – инвестиция тарту. Инвестиция тартуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің атқарар рөлі үлкен. Жыл басынан бері осы жүйе арқылы қанша инвестиция тартылды?
– Инвестиция тартудың ең тиімді тәсілі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі. Жоғарыда айтқанымдай, бірінші жоба бойынша қазіргі уақытта 1210,0 млн. теңге инвестиция құйылып жатыр. Сондай-ақ, абаттандыру бойынша 460,0 млн. теңге көлемінде жоба дайындап отырмыз. Ол жоба бойынша әлеуметтік міндеттеме болғандықтан, жоба аяқталғаннан кейін бюджет қаржысы есебінен толық қайтарылады. Одан басқа тағы бір жобамыз – Тоғыс тұрғын алабында орналасқан мәдениет үйі (кітапхана, мәдени үйірмелерімен қоса) жобасы бар. Алайда, ол туралы дәл қазір келісім шарт нақтыланбағандықтан, нақты сомасын айта алмаймыз.
– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 5 және 6 қадамдарында мемлекеттік қызметшінің қызмет нәтижесіне қарай жалақысын өсіру туралы айтылады. Осы тапсырмаға сәйкес жаңа жылдан бастап Шымкент қалалық әкімдігі балдық шкала бойынша жалақы есептеуге көшіп, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өсті. Осы орайда сіздің жалақыңыз бұрынғымен салыстырғанда қалай өзгерді және жұмыс сапасына ықпалы болды ма?
– Шымкент қаласының мемлекеттік қызметшілерінің жалақысы жаңа жылдан бастап өсті. Мысалы, менің жалақым 2,5 есеге өсті. Егер, жаңа жылға дейін бөлім басшысы лауазымында 110,0 мың теңге алып келсем, жаңа жылдан бастап 260,0 мың теңге оклад жалақы аламын. Жұмыс процесі бойынша салыстыра қарасақ, факторлық шкала басталардың алдындағы 2018 жылдың қазан айларында жұмысымыз өте тығыз болса, ал жаңа жылдан бастап жұмыс көрсеткіштеріне, қол жеткен индикаторларға қарай есептеле бастады. Енді, бұл – жұмыс нәтижелігіне байланысты бола бастады. Мәселен, жалақымыз функцианалдық міндеттемемізге байланысты жұмыстарымызға, абаттандыру бойынша атқарылған жоба көлеміне, құжаттардың мерзімді әрі сапалы орындалуы, тиісті мемлекеттік орган назарына жетуіне т.б. көрсеткіштерге қатысты есептелетіндіктен, жұмыс нәтижесінің артуына септігін тигізуде. Қойылған жоспарға жету үшін қызметшіде мақсат пайда болып, талаптанады. Жаңа жылға дейін еңбек демалысына уақтылы шығуға мүмкіндік болса, енді қазір еңбек демалысына шығуға да мүмкіндік болмай жатыр. Ал көбейген жалақы үшін қажетті қаржы штаттардың қысқаруынан ба, әлде, басқа факторлар есебінен бе, ол жағын нақты білмеймін. Бірақ жұмыс нәтижелігіне қатысты біршама өзгерістер орын алып отыр.
– Осы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 34-қадамында петитенциярлық инфрақұрылымды жаңартуды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі арқылы атқару қаралған. Бұған қатысты айтарыңыз бар ма?
– Менің қазіргі қызметімде бұл тапсырма бойынша жұмыстар атқару талабы кірмейді. Алайда, бұл – тақырыппен таныс емеспін деген сөз емес. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесіне қатысты білім жетілдіру бойынша аудандық әкімдік есебінен Нұр-Сұлтан қаласына барып, «КазЦентр ГЧП» АҚ-нда 2 күндік курста оқып келдім. Сол кезде қылмыстық жаза өтеу нысандарын және петитенциярлық инфрақұрылымдарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жаңарту туралы танысқанбыз. «Түрмелер жабылып жатқан заманда не үшін жеке сектор қаражатымен жаңа түрмелер салуға миллиондаған қаржы шығындауымыз керек?» деп сұрақ та қойдым. Сонда менің алған жауабым: «Ескі түрмелердегі жағдай қазіргі халықаралық талаптарға, тіпті, құрылымының өзі сәйкес келмейді. Сондықтан, жаңа стандарттарға сәйкестендіру үшін жаңа абақтылар қажет» деген жауап болды. Демек, жеке сектор қаражаты арқылы осы олқылық орны толтырылмақ. Жаңадан салынатын түрмелердің инфрақұрылым мен бағыты, ол – бөлек әңгіме. Бүгінде Шымкент қаласында қарастырылып жатқан ондай жобалар жоқ.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесіне қатысты салада қызмет етіп келе жатқаныңызға 4 жыл толыпты. Атқарылған жұмыстарды жетілдіру үшін тағы нендей шаруалар атқару керек? Ұсыныстарыңыз бар ма?
– Орнатылған дүниені күтіп ұстау деген үлкен мәселе бар. Бюджет қаражатына күтіп ұстауға арнайы қаражат бөліп, ұдайы қадағалап отыру мүмкін емес. Қоғам болғасын жақсы да, жаман да қатар жүреді. Вандализм әсерінен бүлінулер көптеп кездеседі. Кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 1-2 рет жөндеу мәселені шешпейді. Біздің қала тұрғындары өздері күтіп ұстауға үйренбеген, ондай мәдениет жоқ, көбіне қиратуға шебер. Дегенмен, орнатылған ойын және спорт алаңшаларына жанашырлықпен қарап, бұзылған жерлерін өз жауапкершіліктеріне алып отыратын тұрғын үйлер де бар. Мысалы, «Теріскей» шағын ауданындағы №50 үй, 18-шы шағын ауданда №57 үйді айта аламын. Осындай мәдениеттілікті көтеру бойынша ағарту жұмыстары ұдайы жүргізілсе, араға уақыт салып ол мәдениет қалыптасар еді. Осы жағына көбірек көңіл бөлсе деп тұрғындарға өтініш айтамыз.
– Дәстүрлі соңғы сұрағымыз бар. Мемлекеттік қызметшіге конкурстық заңнама білу талаптарынан өзге нендей талаптар болу керек?
– Менде мемлекеттік қызметке орналасу конкурсының заңнамаларды білу тестін қиындатса деген тілек бар. Өйткені мемлекеттік қызмет деген тек мемлекет қана емес, халыққа да қызмет болғандықтан оған қойылатын талаптар да қиын болуы керек. Талапкерлер арасынан ең мықтысы ғана мемлекеттік қызметке орналассын. Заңнамалық біліктіліктен өзге талапшылдық, мақсатшыл, адалдық, білімділік, жаңалыққа құштарлық секілді талаптар мемлекеттік қызметші абыройын асқақтата түседі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Leave a Reply