Әр басылымның, әр журналистің өзіндік басты ұстанымы болады. Біздің ұстанымымыз – оқырманға танымдық дүниелер ұсыну. Бұл жолы абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мекемтас Мырзахметовке ат басын бұрдық. Білімі – телегей теңіз, көргені көп шежіре адаммен қашанда түрлі тақырыптағы түйдек-түйдек әңгіменің тиегі ағытылады. Білгің келеді. Сұрай бересің. Алып-ұшып тұрасың. Ал ұлттың ұстынына айналған ғалым әр сауалымызға сабырмен тоқталып, тиянақты жауап беруден таймайды. Қарапайым. Көз алдымызда әдемі қартайып бара жатқан АДАМНЫҢ бейнесі өзі айтқан тұщымды әңгімемен тұлғалана түседі.
Сұхбат иесі бір сөзінде: «Бүгінгі күнде кез келгенді «абыз» деп жүрміз. Бұл дұрыс емес. «Абыз» сөзін абайлап қолданайық! Елдің идеологиясына оң ықпал етіп, бүкіл елді артынан ергізе алған кісілер ғана абыз бола алады» деп еді. Бірақ біз сол абыз Мекемтас Мырзахметов десек, асырып айтқанымыз болмас еді деп отырмыз.
tories/0001me.jpg» border=»0″ />
«ОҚИМЫН ДЕСЕҢ, ОСЫ ТАҚЫРЫПТЫ АЛАСЫҢ. ӘЙТПЕСЕ, ЕСІК АШЫҚ»
– Әңгімені ошақ қасынан бастасақ. Қандай отбасында өмірге келдіңіз?
– Мен орта шаруа және үлкен отбасында дүниеге келдім. Әкем ер-тұрман, сәукеле жасайтын айтулы ұста болған. Екі әйел алған. Бәйбішеден тарағандар қудалауға түсіп, соғысқа кетіп, жоғалды. Ал балалары ашаршылық кезінде қырылып қалған. Өзімнің анам он шақты құрсақ көтерген. Содан екеу-ақ қалдық: біреуі – әпкем, екіншісі – мен. Колхоздастыру келіп, кулактарды тап ретінде жою кезінде әкем қамалып кеткен.
– Ғылымға қалай бет бұрдыңыз?
– Мектепте белсенді болдым. Партияға өттім. Соның нәтижесінде оныншы сыныпты бітіріп, Алматыдағы ҚазҰУ-ға журналистер факультетіне түсуге кандидат болдым. Алайда, ол жаққа барып оқи алмадым. Материалдық жағдай болмады. Сөйтіп, Шымкентте Крупская атындағы екі жылдық мұғалімдік институтқа оқуға түсіп, бір жыл білім алдым. Бірақ өзімнің ойлаған деңгейімде білім нәрін бойыма сіңірмедім. Мен оларды, олар мені менсінбейді. Сұрақ қойсам, ұрсады. Бір жылдан соң, мына жерде мен ештеңе тындыра алмаймын. Не оқуға түсейін, не болмаса қара жұмысшы болсам да, күн көремін деп Алматыға кеттім. Содан КазПИ-ге, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология факультетіне оқуға түстім. 1950 жылы екінші курс оқып жүрген кезім еді. Үлкен шу шықты. Кеңес үкіметінің озбыр саясатына бас көтерген Кенесары Қасымұлын мақтағандарды қудалау басталды. Арамызда айтыс-тартыс. Екіге бөліндік. Көбісі «халық жауы» атанып сотталды. Соның ішінде академик Қажым Жұмалиев те бар. Ол кісінің Абай жайлы бір ғана дәрісін тыңдадық. Сөйтіп мен мектепте де, жоғарғы оқу орнында да Абайды оқи алмадым. Он сегіз бала институтты бітірген соң, Өзбекстанға кеттік. Мұғалім болып екі жыл жұмыс істеуің міндетті. Егер бармасаң, екі жылға соттайды. Келіншегіммен бірге бардым. Содан ұлымыз өмірге келді. Міндеттелген екі жылдан соң қасымдағылар елге қайтты, біз қалдық. Бес балалы болдық. Төрт ұл, бір қыз. Жалпы, Өзбекстанда он бес жыл тұрдым.
– Сонда мектеп пен жоғарғы оқу орнында Абайды оқымасаңыз, абайтануға қалай келдіңіз?
– Аспирантураға түсу үшін Өзбекстаннан Алматыдағы қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-ға келдім. Арнайы комиссия құрды. Құрамында академик Қажым Жұмалиев, профессор Серік Қирабаев, доцент Төкен Әбдірахманов болды. Сұрақтары әлі есімде. Үш сұрақ еді: Абай, социалистік реализм, Ғабит Мүсіреповтің «Жат қолында» дейтін романы. Оны оқығаныммен, бірақ анализ жасамағанмын. Социалистік реализмге уақыт алып, сайрадым. «Әй, болды, біледі екенсің» деді де, бес қойып берді. Сөйтіп, оқуға қабылдандым. Содан диссертация қорғау үшін тақырып беру керек. Қажым Жұмалиев маған Абайды ұсынды. Қиын тақырып. Бірден бас тарттым. Қайта-қайта шақырады. Ал мен келісімімді бермеймін. Солай үш ай жүрдік. Бір күні шақырып «оқимын десең, осы тақырыпты аласың. Әйтпесе, есік ашық, кете бер», – деді. Бауыржан Момышұлының үйіне бардым, ол кісі жоқ екен. Ол үйге баруымның да өзіндік жөні бар. Баукеңмен танысқан сәтте «аспирантураға түссең, үйімде жатып оқисың» деген болатын. Жеңгейге «қиын тақырып беріп жатыр» деп айттым. «Ой, сен қорғай алмасаң, шапаныңды шешіп ала ма? Жүз сом айлық аласың. Ақшаң бар. Үш жыл сайлан да, білімін ал. Содан ауылыңа қайтасың». Бұл ойды өзімше дұрыс көрдім де, Қажекеңе барып, «әрі-бері ойлап, осы тақырып дұрыс екен» деп едім, қуанып кетті. Иә, Абайды зерттеуге осылай келдім.
БАУКЕҢНІҢ «АУРУЫ»
– «Баукеңмен танысқан сәт» деп қалдыңыз. Сол таныстық жайында айта кетсеңіз.
– 1959 жылы Өзбекстанда Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында жұмыс істеп жүрген кезім еді. Сарыағашқа Бауыржан Момышұлы келетін болды. Доцент Әлмембет Төлеуов: «Студенттермен кездесуге шақыру үшін сен барып рұқсатын ал», – деді. Мен «бармаймын, қорқамын, ұрсады» деп ем, «сен бармасаң, кім барады? Тілін тап», – деді.
Қасымда тарихшы Тілеуқұлов пен Сарыағаштағы аудан орталығынан қосылған бір жігіт бар. Баукең жеке үйде отыр екен. Сартылдатып машинка басып жатыр. Ойын бөлмейік деп тұрмыз. Бір уақытта ары-бері жүре бастады. Қоңырауды басып қалдым. Дүңк-дүңк етіп бері қарай келе жатыр. Қорқып тұрмыз. Есікті ашып, «қайдан келген адамсыңдар?» – деді. «Сізге келген едік. Студенттер өзіңізбен жүздескісі келіп жатыр», – дедік. Үйге кірдік. Үстел үсті жайнап тұр. Бір коньяк ашты. Өзіне және үшеумізге құйды. Негізі үшеуміз де ішпейміз, қорыққанымыздан көтеріп салдық. Содан Баукең: «Мен бармаймын. Сарттарыңды жақсы білемін. Ертең «шақырмап едік, бұл қайдан келді» деп айтудан тайынбайды. Сұраным хат әкеліңдер», – деді. Қағазды кешке дейін әкеліп бердік.
Ертесіне Баукеңді алып келсек, 750 адам сыятын зал лық толып, сыртқа радио қойып жатыр екен. Содан «тойды біз бастаймыз» деп, өзбектің шапаны мен тақиясын кигіздік. Ол кезде елуге толып жатыр еді. Екі сағат сөйледі. Сол сәтте бір студент: «қазақ тілі тірі қала ма, әлде жойыла ма?» – деп сұрақ қойды. Баукең ойланып қалды. «Әй, мына сарттарың өте қу келеді. Есік алдына айналдыра тал егеді. Соны жыл сайын отап алады. Сол секілді біздің тіліміздің де тамыры аман. Оны қанша қырыққанмен, өсе береді», – деді. Сол сөзі әлі күнге дейін есімде қалыпты.
Қайтып келе жатырмыз. Бір уақытта Баукең:
– Сен кімсің? – деді.
– Мекемтаспын, Түлкібастан келгенмін.
– Сарт болайын деп жүрмісің?..
– Жоқ, қазақ болайын десем, аспирантураға түсірмей жатыр.
– Кімнің баласысың?
– Мырзахметтің баласымын.
– Ұста ма?
– Иә, – дедім. Он минуттай үндемеді. Сосын шешіліп, әңгімесін бастады:
– 1928 жылдары сонда жұмыс істедім. Ол кезде Сайрам, Жуалы, Түлкібас бір аудан еді. Сонда әкем: «Сайрамға барсаң, Мырзахметтің үйіне түс», – деп айтты. Мен сенің үйіңде талай рет қонғанмын, – деді. Баукең бәрін анықтап айтып берді. Ал мен әкемді жақсы білмеймін. Екі жасымда айырылып қалғанмын. Қамауда жүріп, ауырып қайтыс болды. Сол себепті осылай өзгелердің айтуымен ғана әкемді елестетуші едім.
«Енді не істемек ойың бар?» – деді Баукең. «Өзбекстаннан Қазақстанға аспиратураға алмай жатыр» дедім. Үйіне келді де, телефонды алды: «Мәлік, сөйлеп тұрған менмін. Менің Мекемтас деген інім бар. …Білсеңіз, ол аспирантураға түсу керек», – деп, телефон тұтқасын қоя салды. Ол кезде Мәлік Ғабдуллин қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры еді. Міне, Баукеңмен таныстығым осылай басталған.
– Кеңес Одағының батыры бұдан бөлек сіздің өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?
– Мен материстік, атеистік көзқарастағы адам едім. Баукең мені 180 градусқа өзгертті. Иә, дүниетаным мен ұлттық көзқарасымды түзу жолға түсірген сол кісі. Үш жыл үйінде бірге тұрдым. Көп адамдармен танысып, жоғары ортаға қосылдым. Ал волгасымен Алматының мен бармаған тау-тасы қалған жоқ (күлді).
– Бауыржан атамыз жайлы тағы бір естелік айтып берсеңіз…
– Баукең бір күні өлең жазып, маған оқып берді:
Доктор-ау, қабақ түйме, ұрсатын боп,
Құрысын дәрің, ешқандай сырқатым жоқ.
Сырқатым құздың қыршау қиясында,
Қыранның қол жетпейтін ұясында.
Ауырмай мерт болатын ақиықты
Шынымен емдеу үшін қиясың ба?
«Біздің дәрігерлер адамды сиыр ұқсап емдейді. Аузыңды аш, көзіңді аш. Сөйлессе, адам ауруын айтады ғой», – дейтін. Соларға арнап жазған екен деп ойладым. «Дурак, олар менің ауруымды білмейді. ЦК-аң да (орталық комитет) түсінбейді. Тәуелсіздікті айтсаң, шошып кетеді», – деді. Сөйтсем оның «ауруы» еркіндік екен ғой. Тәуелсіздікті армандап, көре алмай кетті.
БӨЛШЕКТЕУГЕ КЕЛМЕЙТІН РУХАНИ МОНОЛИТТІ ЕЛ ЕДІК
– Енді Абай жайлы диссертацияңызға оралсақ. Осы жөнінде айтсаңыз.
– Бүкіл архивті ақтардым. Қай жылы қандай мақала жазды, қандай зерттеу жасады т.б. Сөйтіп, библиографияны алғаш мен толық етіп жасадым. Маған дейін 978 деректен тұрушы еді. Соны 3500-ге жеткіздім. Үлкен 20 баспа табақ кітап болды. Мен зерттеген Абайдың 75 жылында оған қоғамның әр түрлі көзқарасы болған. Теріс пікірлер де жетерлік. Соның аражігін аштым.
Бір күні ректор шақырып: «әй, бала, ісің шатақ. Кітапханада диссертацияңның оқылатын нұсқасы ұрланып кетті. Ұйымдасып, сені мықтап тұрып сынайды енді. Сол кезде оларға қатты сөз айтпа. Фактіңді айт та, тұрып ал», – деді. Айтқаны дәл келді. Қорғау алты жарым сағатқа созылды. Он сегіз адамнан он бір адам қарсы сөйледі. Әрең дегенде қорғап шықтым. Артымнан арыз жазылды. Содан Мәскеуге барып, қайтадан қорғап, кандидаттығымды әрең алған жайым бар.
– Абайды зерттеу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Отыз сегізінші қарасөзін жиырма шақты рет оқыған шығармын. Оның дүниетанымына кіру өте қиын болды. Тығырыққа тіреліп, көп ойландым. Соңында шығыстық көзқараспен зерттеу керек екенін, бар жұмбағы сонда жатқанын түсініп, «Толық адам» атты ілімін әкелдім. Бірақ оны толық шешіп, бір жүйеге әлі түсіргем жоқ. Оқулығын жазып жатырмын.
Абай алдымен Алланы сүю, сосын адамзатты, әділетті сүюді алға тартты. «Алдыңғы үшті бекітпей, соңғы төртті еткенмен бермес жеміс». Ол мүлде материстік көзқараста болған жоқ. Еуропалықтар жанды материалдық зат ретінде қарап, адаммен бірге өледі деп есептейді. Олай емес. Адам жаны мәңгілік сапарға аттанады. Ғалымдар зерттеді. Адам қайтыс болған кезде бірден екі грамм кемиді екен. Яғни жанның екі грамм салмағы бар. Бұл тұрғыда б.з.д. 626 жылы бабаларымыз біліп, ізгілік идеясын егіп кеткен.
– Ізгілік идеясын егіп кеткен елдің бүгінгі ұрпағы қандай?
– Ел шетіне жау шапса, ешкім шақырмай бәрі жетіп барған. Бөлшектеуге келмейтін сондай рухани монолитті қазақ едік. Қазір олай емес.
«Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны.
Елдігіне, жеріне һәм дініне
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан», – дейді С.Торайғыров.
Абайдан кейін біздің мінез бұзылды. Қазақ даласын орыстандыру саясаты белең алды. Ендігі мақсат баяғы қалыптасқан бүтін рухты қазақты қайта тірілтуіміз керек. Сонда ғана мемлекетіміз мәңгілік елге айналады.
tories/0002me.jpg» border=»0″ />
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ ДАЯР МАМАН ЕМЕС…
– Шәкірттеріңіз бар ма?
– Жасым алпыстан асқан кезде Алматыдан Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне шақыртумен жұмысқа келдім. Бұл жаққа шәкірт тәрбиелеу үшін бет бұрып, жеті шәкіртіме абайтанудан қорғаттым. Жалпы елу кандитат қорғаттым, оның үшеуі докторлық. Докторлықтың бірі абайтанудан болды. Абайтанушы бес шәкіртімнің басын біріктіріп, ғылыми институт ашу ойымда бар. «Толық адам» ілімін жоғарғы оқу орнына арнап шығарып жатырмыз. Сегіз университетті оқытудамыз. Бұл өз қалауымызбен. Сөзін жеңіл етіп мектепке де шығарудамыз. Мұны министр ойлап отырған жоқ. Айтсаң, түсінбейді. Алдағы уақытта Білім және ғылым минстріне дұрыс басшы келсе, біз шығарып жатқан кітаптардың құнды дүние екенін ұғады.
– Қазіргі ҚР Білім және ғылым министрі қандай сонда?
– Бұл даяр маман емес…
– Тоқсан жасқа таяп келесіз. Бірақ әлі де болса ғылымның қайнаған қазанында жүрсіз. Тыным таппайсыз. Ұрпаққа бергеніңіз көп, бізге солай көрінеді. Әлде, үлестіріп үлгермеген танымды дүниелеріңіз әлі көп пе?..
– Болашақ үшін берерім әлі біткен жоқ. Тарихи жадты қайтаруымыз керек. VIII бен ХIХ ғасыр аралығындағы оқулықтар кеңестік көзқараспен жазылған. Қайта жазып шығу қажет. Дәл осыны іске асырып келемін. Бүгінде Оңтүстік өңірінде «Қазыналы Оңтүстік» деген кітаптың 311-ін шығардық. Енді 89-ы қалды. Жалпы, 400 кітап. Әрқайсысы 1000 данамен шығуда. Басында жоспарда 500 кітап еді. Ұлт азаттық көтерілістен бері оңтүстікте 145 ақын-жазушы бар екен. Соларға 100-ін арнамақшы болғанбыз. Көре алмай күндеп, тірлігімізді ақсаңдатқандар көбейіп кетті. Енді оны шығармайтын болдық. Бұл бастаманы қолға алған сәтте Асқар Мырзахметовтің алдына кіргенмін. Ол ойымды бірден түсініп, қаржылық жағынан көмектесуге келісім берді. Енді ол кісіге тағы да қолқа салмақшымын. Өйткені, Тараз жері тарихқа бізден де бай. Ол жақтан 500 қазынаны табу қиын емес.
Еліміздегі өзге өңірлердің әрқайсысынан 10-20 ғана қазына шығара аласың. Жалпы, мен қолға алған 1000 қазыналы кітаптың (әрқайсысы 1000 дана) әр кітабынан докторлық қорғауға болады. Сонда Кеңес үкіметі жойған тарихи жадымыз қайтады. Кітаптың мағынасы мен маңызын әлі көпшілік дұрыс түсіне қойған жоқ. Кезі келгенде бәрі ұғып, жалаңбұт жүріп, киім кигендерін түсінеді.
Бұл – ауыр ізденіс. Басында қатты қиналдық. Қателесіппін. Ақшаны бере салысымен, жұмысты бастап кеттік. Жоқ, алдымен бір жыл даярлану керек екен. Маңызды мәліметтерді шетелден сатып алудамыз. Әр парағы – жиырма доллар. Кезінде бізде жазылған құнды дүниелердің қолжазбаларын алып алған ғой. Ал өз елімізден тек ауызша ғана мәлімет алып отырмыз. Негізі, өз кітабымды жазып, тыныш жата берсем де болатын еді. Бірақ оған арым жібермеді. Біліп тұрып оны жүзеге асырмасаң, халықтың обалына қаласың. Бәрін жалғыз білгенің кімге керек?!..
– Асқар Мырзахметовті уызына жарыған әкім дегеніңізді естігенмін…
– Иә, солай. Одан кейінгі басшы Б.Атамқұловпен де тіл табыстым. Ж.Түймебаев та уызына жарыған кісі. Руханиятқа жаны ашып отыр.
ТӨРТ ВОЛГАНЫҢ АҚШАСЫН ТАРАТЫП ЖІБЕРДІМ
– Өзіңізбен көп пікірлестім. Ғылым саласындағы кездескен қиындықтар мен пендешілікпен жасалынған кедергілер жайлы айтып қалушы едіңіз. Бұл салаға келгеніңізге өкінбейсіз бе?
– Ауылда трактор айдап, қарынды қасып жатсам болар еді. Ал мен азапқа түсіп кеттім. Азап деуге келмес, бұл – рухани дәулет. Қоржын-қоржын ақшам жоқ. Мен ертең физикалық түрде кетемін, бірақ рухым өлмейді. Ғалым болғаныма өкінбеймін. Ал тасыған байлық не береді?.. Қарынды қампитасың немесе бес-алты қатын аларсың, алайда артыңда із қалмайды. Баюдың да реті келген. Егер шындыққа қарай тіке жүрмегенімде, Қазақстандағы бірінші миллионер мен болатын едім. Ақшаны алдыма қапшықпен әкелген кездер болды. Сырдариядағы Қазақ-өзбек университетінде жұмыс істеп жүргенімде мынадай оқиға болды:
Дәл атын ұмытып отырмын. Киров ауданында колхоз бастығы еді. Ақшасын әкелді. Алмадым. «Бала өз бетімен түседі», – дедім. Маған ренжіп кетті. Ал баласы өз күшімен сынақтан өтіп, шетелге оқуға жолдама алды. Содан қонаққа шақырды. Жеті сағаттай отырдық. Қайтар кезде келіншегіме сыйлықтар беріп, маған костюм кигізді. Қоржынға сала салдық. Үйге келіп қарасақ, костюм ауырлау. Ішінде ақша тұр. Жиырма төрт мың. Ол кезде алты мыңға су жаңа волга аласың. Енді не істейміз?.. Қайтып бере алмаймын. Сөйтіп, ақшаның бәрін туып-өскен жерім Түлкібаста Майтөбе ауылындағы және таныс-білістегі жетім-жесірлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратып жібердім.
– Қатал әкесіз бе?
– Қатал емеспін. Мен көбінесе түзде болдым. Оларды келіншегім тәрбиеледі. Балалық шақтары Өзбекстанда өтті. Қазақ мектебі тым алыс еді. Орыс мектебіне оқытуға мәжбүр болдық. Орысша оқытты. Бірақ келіншегіме шарт қойдым: үйде мүлде орысша сөйлемеңдер. Тек қазақша сөйлеңдер. Екі тілге жетік болып өсті. Дегенмен, бәрібір психологиясында зарары қалады екен. Оны өз баламнан көремін. Қазақша оқыған ұлым ағайынға жақын. Қалғандары олай емес. Алайда, бәрі нанын адал тауып жүр. Мен соған қуанамын. Кейде «адал етіп, ешнәрсе алмайтын қылып өсіріпсіз» деп өкпелейді (күлді). Қарның тоқ, керек-жарағыңа жетіп тұрса, болды ғой. Артық нәрсе адамды бұзады.
ХАЛЫҚҚА ЖАУЛЫҚ ДЕП ЕСЕПТЕЙМІН
– Сөзіңізден сұрақ шығып тұр. Үштілділік реформасында сіз айтқандай бүгінгі баланың болмысы мен санасына кері әсер етпей ме?
– Бұл – тарихта болмаған нәрсе. Халыққа жаулық деп есептеймін. Бүкіл интеллигенция болып қарсылық білдіріп, хат жазғанбыз. Балаға шет тілді 5-сыныптан кейін оқытқан дұрыс. Оған дейін өз Ана тілінде сусындауы керек.
– Ал латын әліпбиіне деген көзқарасыңыз қандай?
– Он жыл бұрын Тараз қаласында Президентпен бетпе-бет сөйлестім. Екі мәселе қозғадым. Бірі осы әліпби жайлы еді. «Аспай, саспай жүріп, латынға келеміз», – деді. Ал екінші «қандай идеялогияны бірінші орынға қоямыз?» деп едім, «осы капитализмге идеялогия керек пе?..» – деді. Кейіннен сол екеуара әңгіме газет бетіне шықты. «Таразда бір оқымысты бар. Латынның орнына бұрынғы ата-баба әрпін қолданайық» депті. Қияли ой», – деді автор. Мен әңгіме барысында еврейлер екі мың жылдығын тұрғызып алғанын айтып, біз бұдан 2500 жыл бұрын жасаған ата-бабамыздың таңбалы жазуын алға тарттым. Түбі бір түркі халықтары бір-бірімізді түсініп, рухани тұтастығымыз күшеюіне де серпін береді деп ем, Елбасы саясат оған жібермейді дегенге келтірді. «Латыншаға ауысып алсақ та, жетеді», – деді. Сөз соңында ол кісіге былай дедім: «Мына ұрпақ ауысады, Отанды сүйетін жаңа толқын келеді. Солар сүйегімізге кіріп кеткен дүние, көкірегімізді жарып шыққан алфавитке келеді», – дедім. «Олар өздері біледі» деп күлді.
Яғни, менің латын әліпбиіне деген көзқарасым дұрыс. Сөйлейтін құрылғымыз орыстікі екенінен арылғым келеді. Сол себепті «ч», «в», «ф» әріптерін мүлде алып тастағанын қалаймын. Ол үш әріп – бізге жат. Латын әліпбиі қолданысқа еніп, жазуға айналып кетсе, біз рухани жеңдік деген сөз.
– Ал кириллицамен жазылған кітаптардың жағдайы не болады?
– Оның да әдісін тапқан. Бір минутта аудара салады. Тек қайта басып шығару шығын демесеңіз… Бірақ халықтың жадын қайтару жолында ешнәрсе кедергі емес. Түпкі болмысымызды тауып, дәстүрімізбен толық табыссақ керемет қой. «Уықты ұстайтын – басқұр, халықты ұстайтын – дәстүр» деген. Ата-бабамыздың айтпағаны жоқ. Тек оны біз түсінбей жүрміз.
АЙБЕРГЕНОВТІҢ МІНЕЗІ ҰШҚАЛАҚТАУ, КӨШКІН СИЯҚТЫ ЕДІ
– Қай мінезіңізден опық жейсіз?
– Адамға тым сенгішпін және қарыз бергішпін. Сол мінезімнен көп таяқ жеймін.
– Сұхбаттың соңында ақын Төлеген Айбергенов жайлы айтқаныңызды қалап отырмын. Ұстазы болғаныңызды білемін. Мінезі қандай еді? Талантын сол кезде байқадыңыз ба?
– Мінезі ұшқалақтау, көшкін сияқты еді. Партаның соңында отырады. Дәріс оқимын, жазып жатады. Бір күні байқап қарасам, дәріс емес, өлең жазып отыр (күлді). Үндегем жоқ. Сабақтан соң шақырдым. «Әй, не болды?..» – десем, «ағай, шабытым келіп еді. Ақын болғым келеді!» – деді. Оқып берді. Ұзақ екен.
– Лирика, – деп қояды.
– Лирика ұзақ емес, екі-үш шумақтан тұрады. Сені бір ақынмен жарыстырайын. Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қыз» деген өлеңі бар. Соны оқы. Жақсы көретін қызың болса, соған жаз. Бірақ үш шумақтан аспасын, – дедім. Ертеңіне жетіп келді. Оқыды. Керемет! Образды сөздері ұнады. Ішімнен сүйегіне ақындық біткен екен дедім. Айтпақшы, өлеңді терісінен оңына қарай оқитын әдеті бар еді. Студент кездері «Алға» газетіне өлеңдері шықты. Бірақ кітабы шыққан сәтте бұл өлеңдерді байқамадым. Сосын ол жырларын бердім.
Ең соңғы рет Алматыдағы Комсомол көшесінде көріп қалдым. «Туған жерім Қарақалпақстанға бара жатырмын. Ағайын-жұртты көріп, бір сілкініп келмекшімін», – деді. Әттең, сол сапардан қайта оралмады!..
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ
tories/0ata.jpg» border=»0″ />
Leave a Reply