Мемлекеттік қызмет көрсету саласы жыл өткен сайын тұтынушы үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ең бастысы САПАНЫ басшылыққа алып өзгерістерге ұшырауда. Жыл басында Оңтүстік Қазақстанда облысында бар 23 басқарманың кейбірінен бірқатар міндеттер алынып 4 басқарманың атауы қайта ауыстырылса, туризмді дамыту және тартылатын сыртқы инвестицияның көлемін арттыру мақсатында жаңа басқарма құрылды. Өзгеріске ұшыраған басқармалардың бірі Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы «Оңтүстік Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы» аталып, қызмет аясын кеңейтті. Басқармаға облыс әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы бірқатар функциялар мен өкілеттіктер берілді. Бүгінгі әңгіме-дүкеннің қонағы аталған – басқарманың басшысы Бастар Есқараев.
tories/0001ba.jpg» border=»0″ />
– Бастар Әуелханұлы, өзіңіз білесіз, қазір «көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын» ғаламтор атты «көмекшіміз» бар бәріміздің. Сізге келмес бұрын мен де сол «көмекшіміздің» сіз туралы не айтатынын ақтарып көрдім. Сізді еңбек заңдылықтарының білгірі ретінде таныдым, мемлекеттік тілдің жанашырысыз. Қысқасы елмен етене жақынсыз. Бұған дейінгі қызметтеріңіздің талабы да солай болып келген.Енді сіз басқарып отырған басқарманың қызметіне ақпараттандыру мен мемлекеттік қызметтер көрсету қосылды. Жұмыс аясы кеңіді, осы туралы айтып берсеңіз..
– Оңтүстік Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы өздеріңіз білетіндей жаңа жылдан бастап қайта құрылып өз жұмысын бастады. Осы жерде ерекше айтатын жағдай ақпараттандыру яғни цифрландыру саласы бүгінгі қоғамға өте қажет сала болып тұр. Өйткені адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-сонды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Елбасы 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» жолдауында «Цифрлы Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарлама құру туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. Осы бағдарлама өткен жылдың 12 желтоқсанында бекітілді. Бұл бағдарламада бес бағыт бар. Осы бағыттарды жүзеге асыру үшін Оңтүстік Қазақстан облысы бірінші болып жаңа басқарма құрды. Бұл басқарманы қазір Қостанайда, Алматыда ашпақшы болып жатыр. Бірақ, біз алғашқы болып аштық. Басқарманың міндеті цифрландыруды, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласын жаңа жүйеге қою.
– Әрбір жаңалық қоғамды жақсарту үшін енгізіледі. Цифрландырудан не күтеміз?
– Жалпы цифрландыру дегенде не айта аламыз?
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының екі мақсаты бар:
Біріншісі – халықтың өмірінің сапасын жақсарту мен экономика өсімінің қарқынын елеулі түрде жетелдету болса, екіншісі – Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімдікте өсуін қамтамасыз ету үшін жаңа бағытқа бұру болып табылады.
Әрине, ол сапалы және қолжетімді болуы қажет.
Жасыратыны жоқ, көп жағдайда, күнделікті өмірде, қызмет көрсету саласында сыбайластыққа барып жатады. Цифрландыру соның алдын алу, болдырмауға ықпалды бола алады. Бұл жаңалық емес. Өйткені, шыны керек біздер цифрландырудың өмірімізге қалай кіріп кетіп жатқанын байқамай да қалдық. Мысалы, қазіргі күнде ақпарат тарту, жіберу, алудың өзі осы цифрлы ақпараттандыруға өтіп кеткен. Қарапайым ғана мысал, телеарналардағы жаңалық шығарылымдарын үйде теледидар алдына телмірмей-ақ, басқа жерде жүріп көре беру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Немесе қазіргі күнде көптеген отандастарымыз шетелде жүрген туыстарымен смартфон, оның ішінде скайп арқылы байланысқа шығып жүр емес пе? Бұдан 10-15 жыл бұрын осылай болады десе, көпшілігіміз сенбес те едік. Осылайша біз цифрландырудың өмірімізге еніп кеткенін байқамай да қалдық. Енді мұны нақты қолға алып жалпы барлық саладағы үлесін мейлінше көбейту керек. Басқарманың негізгі жұмысы да осы. Қазіргі мемлекеттік қызметтердегі, мекемелердегі қағаз айналымы болашақта болмайды. Қазірдің өзінде қағазбастылық азайып келеді. Алдағы уақытта, сіз мәселен аялдамаға келгенде өзіңізге қажетті бағыттағы көліктің қай кезде келетінін, арадағы қатынас уақыт қанша бәрін ешкімнен сұрамай-ақ, ұялы байланысыңыздан біліп ала аласыз.
– Нақ осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілді?
– Экономиканың салаларын цифрландыру бойынша биыл облыста «Жол картасы» бекітілді. Оның ішінде 18 жоба қарастырылған, олар бойынша жергілікті бюджеттен 470 млн.827 мың теңге бөліну жоспарлануда. Бұдан бөлек, әрине мемлекеттік – жеке меншік әріптестік арқылы да жобалар болатынына сенімдімін.
Қазіргі күннің өзінде Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктің 95%, ауданаралық қатынастағы қоғамдық көліктің 100% GPS жүйесімен жабдықталған. Бұл осы цифрландыру, яғни қолжетімді әрі тез ақпараттандыру болып табылады.
Одан бөлек, мысалы жас босанған ана бала босануына байланысты жәрдемақы алатын болса, ешқандай құжат тапсырмай зейнетақы төлем орталықтарына барып жүрмей, тиісті мәліметтерді e+gov порталы немесе телефон арқылы жібереді, олар тиісті жәрдемақысын есепшотына аударады. Алдағы күннің еншісінде балаңыздың күнделігін үйіңізде отырып көре бересіз. Студенттің оқу орнына барып жүргені, бармай жүргені жайлы үйде отырып біле аласыз. Дәрігерге барып, ұзын-сонар кезек күтіп тұрмайсыз, алдын ала ұялы байланысыңыздағы қосымша арқылы жазылып, кезек күтпей дәл уақытында барып қарала бересіз. Мысалы, сіз Шымкент қаласының тұрғыны болып, Арыс қаласына барғанда денсаулығыңыз нашарлап қалса, сондағы дәрігер сізді қарайтын болса, сіздің денсаулық тарихыңызды сұрап отырмай, осы саладағы (КМИС) цифрлы жүйесі арқылы барлығын біліп, сізге қажетті емді жасай береді. Бұл жақсы емес пе?!
Қазір архив саласында архив құжаттарын да цифрландырып жатырмыз.
Мен өткенде АҚШ-тың Федералды архивінің операциялық орынбасарымен сөйлестім.Оның айтуы бойынша Америка цифрландыруға, электронды архивке 1968 жылы өтуді бастаған, келесі жылы толықтай электрондап бітіру көзделген. Демек, бұл бір күнде бітетін, бір жылда аяқталатын жұмыс емес.
– Әңгіме Елбасымыздың тапсырмасымен жүзеге асып отырған «Цифрлы Қазақстан» жобасына келіп отыр. Енді осы бағдарламаның облыстағы жағдайына тоқтала кетсеңіз…
– Біздің өңірде пилоттық жобаға білім, құрылыс, ауыл шаруашылығы бағыттары енгізілген.Пилоттық жобалардан басқа, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары параллельді түрде сынақтан өткізілуде. Сондай-ақ, көлік және қауіпсіздік, денсаулық сақтау, туризм, салалары да қолға алынуда.
– Ғаламтор бетіндегі ақпараттар сіздің сазгер, ақын екеніңізден де хабар береді. Бұл да цифрландыруға байқамай еніп кеткенімізге бір мысал. Осы жайында айта отырсаңыз…
– Өлең жазу, ән шығару жағына келетін болсақ бұл жай келе салатын дүние емес. Ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бойға даритын қасиет болса керек. 2002 жылы қатты науқастанып қалдым. Сол кезде «Ұшқыр жылдар» ән туды. Қолым тимей жарыққа шықпай жатып қалды. Ол ән 14-15 жылдан кейін ғана, орындаушысын тапты. Шымкентке концерт қоятын кезде «Ұшқыр жылдар» әнін Нұрлан Өнербаев үлкен сахнада орындады. Өнер Алладан келген сый деп қабылдаймын. «Ән шығарамын, не ертең жазамын» деген болмайды, өзінің келетін кезі болады. Кей өлеңдер болады ән сұрап тұратын, кей әндер болады сөз сұрап тұратын.
Ал енді осы өнер қайдан дарыған дегенге келсек, менің нағашым, анамның інісі ұстаз болып жүріп, актерлік қасиетке ие болған. Жетісай музыкалық драма театрында өнер көрсеткен. Кезінде 1960-шы жылдары Қазақстанның он күндігі болған Мәскеуде. Сол құрамда барып, Мәскеуде өнер көрсеткен. Ол кісі өмірден ерте озып кетті. Өзімді «өнер саласының өкілімін» деп айта алмаймын, бірақ, ара кідік жазып тұрамын. Одан мен рахаттанамын. Ішкі жан тебіреністер, жүректі қозғаған кей жайттар өлең болып, ән болып өмірге келіп жатады.
– Аға, кітап оқисыз ба? Қандай бағыттағы кітаптар жаныңызға жақын? Өлең шығарып, ән жазатын жандар үшін кітап рухани азық қой. Соңғы оқыған кітабыңыз жайлы айтып өтіңізші.
– Өзім оқыған кітаптардың ішінде есімде қалғаны, өзіме ұнағандары жайлы айтып өтейін. Сайд Ахматтың «Көкжиегі» ұнады, Сәбит Досановтың «Екінші өмір» деген Қасым Аманжолов туралы кітабын оқыдым. Жаным поэзияны қалайды. Поэзияны көбірек оқуға тырысамын. Соңғы кездері жиі кітап оқымасам да, әлеуметтік желілердегі ақындардың өлеңдерін, басылымдарға шыққан өлеңдерін оқып тұрамын. Газеттегі өлеңдерді қиып, алып қиындыларын сақтаймын. Бұл менің бұрыннан қалыптасқан әдетім. Ұнаған өлеңді қиып алып сақтап қоятынмын. Соңғы кездері Тұманбай Молдағалиевтың 25 томдық кітабын арасынан оқып жүрмін, уақыт тапқанда. Жақында осы Тұма-ағамыздың «Жүрек жылу» атты кітабын оқып шықтым. Ұнады, өте тамаша жинақ.
Жас кезде кітапты көбірек оқыдық. Мен әндерімнің екі-үшеуін осыдан отыз жыл бұрын өзім қиып алған газет беттеріндегі өлеңдерге жаздым.
Бұдан 35 жыл бұрын «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Жиырмасыншы көктем» атпен жарияланған Ресейдегі Лаура Кустаева деген бойжеткеннің өлеңіне ән жаздым. Сол кезде ол қыз жиырма жаста екен.Менде сол жаста едім. Соған 30-35 жылдан соң ән жаздым. Сол сияқты Тұма-ағамыздың осыдан 35 жылдай бұрын Сарыағаш шипажайы жөнінде жайлы жазған өлеңіне ән жаздым.
– Өнерді серік ете жүріп, жақсы көре жүріп бірталай мемлекеттік қызметтер атқардыңыз. Басшысыз, жұмыстың жүруі кадрға байланысты, цифрландыру технологиясы үлкен буынға қарағанда жастарға ұғынықтырақ.Қызметке келген жастардың бойынан қандай қасиеттер іздейсіз?
– Жалпы мен өз өмірімді мемлекеттік қызметке арнаған адаммын десем болады. Кеңес Одағы кезінде мемлекеттік қызмет деген болмады, дегенмен биліктің партиясы болды. 24-25 жасымда партия қатарына қабылдандым, жоғары комсомол органдарында жауапты қызметтерде болды. Одан кейін өздеріңіз жақсы білесіздер Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты тәртіптік кеңес хатшылығының бас маманы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық басқармасы – Оңтүстік Қазақстан облысы тәртіптік кеңесінің Консультанты қызметтерін атқардым. 2008 жылдың қазан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары – облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымын атқардым. 2013 жылдың шілдесінен бастап 2018 жылға дейін Облыстық еңбек инспекциясы жөнінде басқарма басшысы — облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымында болдым. Осы аталған еңбек жолымның бәрінде дерлік мемлекеттік қызметтер атқардым.
Егер заң жүзінде айтатын болсақ бұл мемлекеттік қызмет деген, қоғам тарапынан, мемлекет тарапынан адамға беріліп отырған үлкен сенім. Қарапайым тілмен атайтын болсақ мемлекеттік қызметші – мемлекет үшін жаны ашитын адам болуы керек. Мемлекет өзінің саясатын мемлекеттік қызметшілер арқылы жүзеге асырады. Осы тұрғыдан алғанда мемқызметшінің жауапкершілігі өте жоғары. Және мемқызметші өзінің жауапкершілігін сезіне білуі, ол үшін ол қолданыстағы заңдарды жетік білуі, өзінің біліктілігін тиісті деңгейде көтеруі керек. Жұмыс тәжірибесінен көріп қаныққан жәйт заңды жетік білмегендіктен, жұмыста шикілік шығады. Осы тұрғыдан алғанда мен қызметшілердің біліктілік талаптарының көтерілгенін қалар едім. Жастардан көргім келетін қасиет жауапкершілік. Мемлекеттік қызметке келдің бе, жауапкершілігін де сезіне білуің керек. Сен мемлекет пен халықтың алтын көпірісің. Еркінсіп, қаласаң жұмыс істеп, қаламасаң жұмыс істемейтін мемқызметшінің пайдасынан зияны көп болады. Жастарға айтарым әркім өз тағдырын, өмір жолын өзі таңдайды. Кімде кім мемқызметшіні таңдайтын болса онда ол адамның мемлекетке жаны ашитын болуы керек. Кез-келген дүние бірден болмайды, тәжірибе жинай келе, өз жұмысыңның нағыз маманы бола аласың. Сондықтан үйренуге талпыну керек, кеңес сұраудан ұялмау керек.
– Әлеуметтік түсініспеушіліктер қайдан туады, мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты айтып отырмын.
– «Әлеуметтік түсініспеушіліктер қайдан туындайды» деген сауалыңызға жауабым, өтінім иесі, мемлекеттік қызметке жүгінген адам өзінің өтінішіне толыққанды жауап ала алмағанында наразы болады деп есептеймін. Себебі, оған дұрыс түсіндірілмейді. Осы тұрғыдан алғанда мен үнемі талап ететінім — жүгінушіге қарапайым тілмен жауап беру керек. Ол кісінің талабы орындалғанын айтып, орындалмаса қандай себептермен орындалмағанын түсіндіру керек. Сонда жүгінушінің ренжуіне негіз болмайды. Бұл менің өмірлік тәжірибеден ұққаным.
– Реніш туралы айтып қалдық, Наурыз өкпе-реніштер кешірілетін ай. Кеше ғана наурыз мерекесін бүкіл ел болып тойладық. Кез-келген мерекені балалар асыға күтетіні белгілі. Сіздің бала кезіңізде наурыз мерекесі қалай тойланушы еді? Несімен есіңізде қалды?
– Наурыз мерекесі өте көне, ежелгі мұсылман халықтарының мерекесі екенін тарихтан біліп жүрміз. Қазақ даласы да тойлаған бұл мерекені, бірақ саясатқа байланысты ұмыт қалған кездері де болды, сол үзілістерден кейін бұл мерекені тойлауды отыз жыл бұрын қолға алдық.Менің балалық шағымда наурыз тойын ел болып тойлағанымыз есімде жоқ. Еміс-еміс білемін ауыл-ауылда наурыз мерекесі болатын. Бүгінде Наурызды осындай үлкен бүкіл ел болып тойлап жатқанымыз әрине, көңіл қуантады.
Наурыз өте керемет мереке, оның адамзат үшін өзіндік орны бар. Күн мен түннің теңесіп, табиғат біткен оянып, ерекше күйге бөленетін шақ. Бұл мереке қазақ халқы үшін ұлы мереке, сондықтан Ұлыстың ұлы күні деп атайды. Өткен мереке баршаңызға құтты болсын деймін! Жаңа жыл, жаңа бастамалардың бастауы болсын!
– Сұхбатыңызға рахмет, істеріңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан – Нұрсұлу БАЗАРБАЙ
Leave a Reply