Тұрсынай Оразбаева,
ақын, аудармашы, сазгер:
«Түсіме кіреді тек туған жерім»
tories/_copy.jpg» width=»200″ height=»130″ alt=»_copy» style=»float: left;» />
Көктем болатын. Осы көктем. Ақын, аудармашы, сазгер, «Алаш» және А.Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Тұрсынай Оразбаева сырқаттанып тұрса да, Мәскеуге аттанар алдында «Қызмет» газетіне берген уәдемді ұмытып кетпейін деп хабарласқанда, құстай ұшып жеткенбіз. Бірақ, бұл біздің соңғы кездесуіміз екенін білмеппіз. Тағдыр. Амал қанша дейсің, амалсыз. Бәлкім бұл Тұрсынай ақынның соңғы берген сұхбаты шығар…
– Тұрсынай апай, туған жерге хош келіпсіз, қандай сезімдесіз?
– Рахмет!… Жырақта жүріп елді сағынған сайын, онан артық сезім, онан артық ой болмайтынына көзім жетті. Өзімнің өлеңімде жазылғандай: « Не құдірет, Мекке емес, Мәскеу емес, Түсіме кіреді тек туған жерім,– деп, ауылға келгенде жан дүнием нұрланып, бақытты сезімге бөленемін.
– Сізді жақсы білетін кез-келген адам ең алдымен қарапайымдылығыңызға сүйсініп, ризашылығын білдіріп отырады. Қарапайымдылық қасиет пе, жоқ оны үйреніп, бойға сіңіруге бола ма?
– Халқымыз айтқан ғой, «етпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» деп. Демек, қарапайымдылық та тұқым қуалау арқылы беріледі. Әрине, адам шын ниетімен әрекет етсе, өзінде жоқ түрлі қасиеттерді бойына сіңіруіне әбден болады.
«Век живи, век учись» деп орыс халқы айтқандай, жақсы қасиеттерді игере беру ешқашан да кеш емес.
– Сізді өмір сүрген ортаңыз да, өтіп жатқан жылдар да өзгерте алмайтын сияқты. Сол біз бала кездегі көрген бірсыдырғы биязы қалпыңыз. Осы мінез өміріңізде кедергі келтіріп, өзгергіңіз келген сәттер болды ма?
– Мадақ сөзіңе көп рахмет! «Скромность украшает человека» дегендей, қарапайым, биязы, кішіпейіл болғанға не жетсін!
Жас кезімнен асқақтауды, өзгелерден өзімді жоғары санап, біреудің бетінен қауып тастайтын қасиеттерді ұнатпадым. Биязы болған соң шығар, қайда болсам да шынайы құрмет, ыстық ықыластарға бөленемін. Аллаға шүкір!
Өзгергім келген, өзіме көңілім толмаған сәттер болғаны рас. Әсіресе, өз өмірімде болған қиын сәттерде, әділетсіз жандардың соққысынан күйреп қала жаздаған кездерімде: «Саған сол керек, есеңді жіберіп жүре бер енді…» – деп өзімді кінәлағам…
– Орыстың ортасын біздің қазақы қалпымызбен салыстыруға келмейді. Олар ұяң қазақ қызын қалай қабылдады, қалай мойындады?
– Иә, орыстың ортасы мен қазақы қалпымыз екі бөлек әлем. Әйтсе де, орыстардың тура айтатыны, шындыққа жақ екендігі, жақсы істеріңді бағалай білетіні ұнайды.
Жазушылар Одақтарының Халықаралық Қауымдастығында алғаш жұмыс бастаған кезімде, қазақ әдебиеті бойынша өтетін шаралардың алғашқысы етіп, «Казахстан в творчестве российских поэтов» деген тақырыппен, әдеби-музыкалы кештің бағдарламасын ұсындым. Тақырыптық жоспарлар атқару комитеті жиналысында талқыланатын. Төрағамыз Сергей Михалковтың көмекшісі Л.Салтыкова: «О-о,о, какое а-а-громное название!» – деп, шар ете қалды. Одақта істейтін басқа ұлт өкілдері сол әйелді «өте шовинистка» дейтін.
Біраз үнсіздіктен кейін төрағаның бірінші орынбасары Феликс Кузнецов (әдебиетші, Академик): « Тақырыпқа келетін өлеңдер табылады ма?» – деп сұрады. Мен «Совет степей» деген кітапты көрсетіп: «Міне, мына поэзия кітабында Россияның ең таңдаулы, ең атақты ақындары (әр ұлт өкілдері) Қазақстан туралы, достық байланыстар туралы жазған 200-ден астам өлеңдері бар. Көбісі – өмірден өткен аяулы ақындардың еңбегі. Сөреде елеусіз жатпасын. Біздер әдеби-достық байланыстарды жалғастырамыз деп мақсат еткенде, осындай тақырыптың керек екенін қуаттайсыздар деп сенемін, – дедім. Бәрі бір ауыздан: «Өте дұрыс, өте дұрыс!» – деп қоштады.
Ал, кештің бағдарламасына белгілі орыс актерларын шақырып, олар жаңағы айтқан кітаптағы өлеңдерді оқыды. Көзі тірі ақындар қатысып, олар да оқыды өлеңдерді. Мәскеудегі ғалымдар Кеңесбай Мұсаев, Нейля Бекмаханова сөйледі. Арасында Мәскеудегі талантты әншілеріміз Нұрлан Бекмаханов, Амаль Жұмабекова қазақ-орыс әндерін шырқады. Домбырада күй тартатын жастар да табылды. Бұл игі шара көрермендердің де, қаламгерлердің де көңілінен шықты. Осы кеш менің абыройымды көтеріп тастады. Ұяң қазақ қызының Мәскеудегі өсу жолы, мойындатуы осылай басталды. Бұл 1997 жылы болатын.
Қызықпаймын, сүймеймін, сүйсінбеймін, Егер ана тіліңде сөйлемесең!»
– «Сөзге шешен болсаң да, ойға көсем, Көрінсең де көз алмас бейнеде сен, Қызықпаймын, сүймеймін, сүйсінбеймін, Егер ана тіліңде сөйлемесең!» –деген өлең жолдарыңыз ойға оралғанда, болмысыңыздан сәл ауытқып, өр мінезге тән кесімді сөз айтқандай көрінесіз…
– Бұл «Құрбыға» деп аталатын, жас кезімде жазылған өлеңімнің шумағы ғой… Ана тілімізде сөйлегеннен гөрі, орыс тілінде сөйлесуді мақтаныш санайтын, сонысымен өздерін асқақ ұстайтын жастар жиі кездесетін. Міне, сондай жастарға арналған өлең едi. Осы өлеңді Ирандағы қазақтар «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққанда көріп, өздерінің мектептеріне арналған «Әліппе» пәніне енгізіпті. Бұрын Иранда, ал, соңғы 30 жыл көлемінде Қазақстанда жасайтын ғалым, профессор Ислам Жеменей сол әліппе жайлы жеткізгенде, мен қатты толқыдым.
– Сізді қазақ қана емес, Саха елі де өз перзенті санайды. Мұндай құрметке қалай жеткеніңізді оқырман үшін тағы бір айтып өтсеңіз…
– Өнер – өлең – жыр, ән және достық байланыстарға шынайы қызмет ету, міне, осы қырларым, сонау алыстағы Саха жұртына өте жақындастырды. 1983 жылы Саха – Якутия Республикасында өткен «Қазақ әдебиетінің» күндеріне арнайы барған 30-ға жуық ақын -жазушылардың арасынан сахалар маған бөле-жара көңіл бөлсе, қошемет көрсетсе, әрине, ол өнердің арқасы.
Түбі бір түркілерміз десек те, тілдегі ұқсастықпен қатар, айырмашылықтар тым көп. Өз тілімізде өлең оқысақ, аудармасын айтуға тура келді. Жазушы Бек Тоғысбаев қазақша, орысша әндер шырқады. Күндіз қасымызда бірге жүрген саха қыздарынан «Сардиана» деген әндерін үйреніп алған едім. Бұл ән сахалардың ең сүйікті әндерінің бірі екен. Сардиана – қызғалдақ тұқымдас әсем гүл. Сахалар қыздарына Сардиана деп ат қояды.
Міне, осы әнді сол үлкен кездесу кезінде айтып ем, құрметтің көкесі сонан басталды.
Ертесіне теледидарға, радиосына тікелей эфирге кезек-кезек шақырып, алып барады. Сардиана әнімен қатар, қазақтың халық әндерін айтып таныстырдым. Бір сұхбатта бәрін баяндау мүмкін емес қой, бертін келе, сахаларға арнаған ән, өлеңдерім де оларға өте ұнады. Қайсыбір әнімді үлкен-кішісі айтып жүреді. Отыз жылдан астам байланыста Алматыда, Мәскеуде қаншама әдеби кештер, кездесулер ұйымдастырдым. Қазақ радиосында саха елі жайлы әдеби-сазды хабарлар дайындадым. Олар алтын қорға қосылған. Тағы басқа да достық байланысқа сіңірген еңбектерім үшін «Саха – Якутия Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген атақ берді. Тағы басқа да қошеметтері көп.
– Сіздің ойыңыздағы бүгінгі қазақ әйелінің, қызының, әжесінің бейнесі қандай?
– Қазіргі «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заманда арман-мақсатыңнан басқаның бәрі жеке меншікке айналған, «бай, қуатты» болайық деп миыңа шегелей берген нарықтық қоғамда (капитализмде барлық адамның байи алмайтыны дәлелденген) қазақ қыздары, әйел-аналары басқаша боп кетті деп кіналау орынсыз. Тек, әйтеуір, келешекте есін жиып, ұрпақтарына сәби кезден өз Отанын, елін-жұртын сүйіп, қадірлеу, тірек болу азаматтық борышы екенін санасына сіңдіріп өсірсе, біздің мемлекетіміз қорғаны мықты, әрі алдыңғы қатарлы өркениетті ел, мемлекет болады.
– Кімдерді көріп мақтанасыз? Төбеңіз көкке бір елі жетпейтіндей сәттер жиі бола ма?
– Халқымыздың еш уақытта есімі өшпейтін асылзада ұл-қыздары көп болған. Қазір де аз емес. Ғылым, өнер, мәдениет, әдебиет саласында, т.б. есімі әлемге танымал жандар нағыз мақтанышымыз ғой. Мәскеуде жүріп, анда-санда келетін өнер жұлдыздарымызды: Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішевті, Нұржамал Үсенбаеваны Мәскеу көрермендері зор құрметпен қошеметтесе, қуанып, мақтанып қаламыз. Ұлттық өнер, мәдениетімізге арналған көрмелер жиі өтеді. Әр облыстан ұлттық аспаптар оркестрлері келіп, өнер көрсетеді.Шетінен талантты, ұнамды.
Кейде Мәскеуді аяйтынмын
– Орыстар өнерімізді, мәдениетімізді расымен де зор құрметпен қошеметтей ме екен? Олардың турашыл мінезі барын байқап жүрміз ғой. Адамды сол турашыл қасиетімен бағалай ма екен?
– Ресей федерациясының өзі көп ұлтты. Ал, Мәскеуге келсек, мұнда да алуан ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Орыс халқы расында негізінен тік айтады. Түрлі диаспораларды алдымен өнерімен бағалайды. Үкіметтен, түрлі ұйымдардардан өкілдер келсе, өнердегі еңбекті елегенде, әділін айтып, ой-пікірлерін білдіріп, алаламайды. Әрине, ұлт болған соң, бірлі-жарым шовинистер де, Жириновский сияқты арандатушылары да болады ғой. Бірақ, соған бола, жалпы ұлтқа олай сипаттама бере алмас едім. Ресей Жазушылар одағында төрағаның төрт орынбасары болса, оның біреуі шовинистік көзқарасқа жақындау еді. Ал, қалған орынбасарлары мұнысын жақтырмайтын. Жириновскийді де орыстар жынды, «сумасшедший» дейтін. Орыс халқының жақсы қасиеттері көп. Шовинистердің бәрі орыс деп қателесуге болмайды, қандары аралас, түрлі ұлт өкілдерінен де тұрады. Кейде Мәскеуді аяйтынмын. Мәскеуде жүріп, орыс болмасам да, орысқа жаным ашып кететін. Өйткені, Ресей астанасы жан-жақтан келген келімсектерге толып кеткен. Орыстың емес, құдды келімсектердің астанасы секілді. Мәскеуде тәжіктер 500 мыңнан асып кеткен. Өзбектер одан да көп. Ал, қырғыздар екі миллионан асады.Басқа да ұлт өкілдерін тағы қосыңыз. Егер, Ресей бойынша алсақ, бұл көрсеткіштің қаншалықты өсетінін бағамдауға да болатын шығар.
– Олардың енді зияны тимейтін шығар?
– Айтқың-ақ келмейді, өзгеге тас лақтырғандай боласың ба? Дегенмен, елеп-ескермесе болмайтын нәрселер бар. Келімсектердің көпшілігі өздерін жақсы жағынан көрсете алды дей алмаймын. Көше сыпырып жүріп, қақыратындары да, қолындағысын кез-келген жерге тастай салатындары да бар. Дабырлап, дауыстап сөйлесіп, қоғамдық ортаның мазасын алатындарын да көріп жүрдік. Соны көріп намыстанып кетесің. Әр мемлекет сыртқа кеткен адамдарына ескерту жасап, жүріс-тұрысына бақылау жасаса деп ойлайсың сондайда. Өйткені, солар – өз елінің мәдениетінің үлгісі іспеттес. Бір жақсысы, Мәскеуде көше сыпырған, еден жуып жүрген қазақты байқамайсың.
– Бізде орыстар қазаққа үстемдікпен қарайды, менсінбей қарайтындары да бар деген әңгіме шығып тұрушы еді…
– Мен орыстардың қазаққа деген теріс көзқарасын аңғармадым. Керісінше, қазақтарды ақылды, мемлекетінің басшысы да жақсы, экономикалық-әлеуметтік жағдайлары да тұрақты деп сүйсініп отыратын.
– Үлкен ортада жүрсеңіз де, бірсыдырғы қарапайым мінезіңізден жаңылмасаңыз да, сізді көрген сайын жанарыңыздан ешкімге білдіргіңіз келмейтін, я айта алмай жүрген бір сырды байқағандай болам. Шыныңызды айтыңызшы, көңіліңізді не жабырқатады?
– Адамдар арасындағы теңсіздік. «Байлар-кедейлер» деп сортқа бөліп тастап, өз ұлтымыздың азаматтарын қорлау, төбесінде ойнау – нағыз наданның, парасатсыз жанның ісі екенін біле тұрып, осы қалыптан аспаса, кемімейтін жандар көңілді жабырқатады. «Оқығанның наданы жаман (қиын)» деген ой өте дұрыс екен. Парасатсыз, демек, имансыз жандарға бәрі бір-ау! Кедей болсын, кембағал болсын – олар өз қазағымыз ғой. Басқаға қошемет, құрметті, аямаймыз, ал, өз бауырларымызды ескермейміз.
– Алла халық үшін жаратқан ақында өз мүддесінен бөлек ел туралы арман қандай екен?
– Жоғарыда айтқан ойларымды қайталағандай боламын ба?! Жеке бас арманымнан басқа, Отанға, елге деген ұлтжандылық ой-мақсатымды айтар болсам, ол, әрине, ел-жұртымның көңіліндегі мақсатпен бір. Баһадүр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бағынған – құл болмайды» деп айтқандай, бір мақсатқа жұмылған, тәртіпті ел болсақ, біз барлық қиындықтардан өтеміз. Ата-жұртымызға көз тігетіндерден сақтайтын, мемлекетімізді қорғай алатын толыққанды, сауатты, ұлтжанды ұрпақтар көбейген сайын көбейе берсе деп армандаймын!
– Уақытыңыздың тығыздығына қарамай, арнайы сұқбаттасқаныңыз үшін көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Дидар Бегалиев
Leave a Reply