Оқырман назарына Шымкент қаласының аудандарындағы коммуналдық және инфрақұрылым мәселелері мен олардың шешілуі, жол құрылысы, абаттандыру және көгалдандыру салаларында атқарылып жатқан шаруаларды жеткізуді дәстүрге айналдырып едік. Өткен санымызда Қаратау, Еңбекші аудандары басшыларымен әңгімелессек, бүгін Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов мырзамен жүздесудің сәті келді. Қаланың орталығында жайғасқан бұл ауданның да мәселелері шаш етектен болғанмен, барлығы дерлік кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанына көз жетті. Әкімнің әңгімесіне құлақ түріңіз.
«ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ЕСКІ ҮЙЛЕР»
– Ғабит Патшаханұлы, әңгімемізді ауданның ең басты мәселелерінен бастайықшы. Жалпы, Әл-Фараби ауданы – ең мәселесі көп аудан деп жатады ғой. Қай мәселелерді шешуге күш салып жатырсыздар, жұмыс жоспарыңызбен бөлісіңізші.
– Жалпы, қазіргі таңда біздің аудан аумағында жоспарланған жұмыс өте көп. Биылдың өзінде ауқымды жобаларымыз жүзеге асып жатыр. Оның ішінде, күн тәртібінде тұрған басты мәселелерден шығуымыз керек болды. «Ол не?» десеңіз, Әл-Фараби ауданында ең бірінші кезектегі мәселе – көп қабатты тұрғын үйлер. Біздің ауданда жалпы 672 көп қабатты тұрғын үй бар болса, соңғы 20 жыл ішінде, яғни 2000 жылдан бері бұл ауданда үш-ақ үй салынған. Олар, «Биік», «Орталық» саябақ маңындағы және Д.Қонаев даңғылы бойындағы түрғын үйлер. Қазір төртіншісінің құрылысы жүріп жатыр, ол – Д.Қонаев даңғылының оң жақ бетіндегі «Royal Club-тың» жанынан салынып жатқан көпқабатты үй. Жалпы, бізде үй көп салынбаған, бары жаңармаған. Сондықтан, ең бірінші мәселе – ескі үйлер болып тұр.
Мәселен, Володар көшесіндегі екі қабатты ескі үйлер бар, олар 1939 жылдары салынған екен. Қазіргі таңда 3 үйіміз апатты жағдайда, одан басқа сесмонығайтуға жататын бірнеше үйлер тағы бар. Олар бойынша тапсырмамызды қалалық Энергетика басқармасына бердік, тиісті жұмыстар атқарылып, қаражаты бөлініп, биыл біздің аудандағы 3 үйде сейсмонығайту шаралары атқарылып жатыр. Тағы бір айта кететін жағдай, апатты ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салу жөнінде ұсыныс бердік. Бұл бойынша Тұрғын үй басқарамасымен арнайы жоба әзірленіп жатыр, сол жобамен біршама жұмыс атқарылмақ.
– Ол қандай жоба?
– Ол жоба – мысалы, ескі үйлерді бұзып, орнына жаңадан келген инвестор үй салады. Сол инвестор ескі үйде тұрып жатқан тұрғындарға жаңадан салынатын үйден ескі пәтерінің көлеміндей жаңа пәтер береді. Шаршысына шаршы етіп. Құрылысы толық біткенінше ескі пәтер иесіне инвестордың өзі үй алып бере ме, әлде уақытша пәтер жалдап бере ме, ол жағын өзара келіседі. Осы жобамен Волдар, Әлімқұлов Түркістан көшелеріндегі 21 үйді салсақ деп жоспарлап отырмыз. Қазір қалалық Тұрғын үй басқармасымен бірге сол үйлердің нобайы әзірленуде. Сондай-ақ, тағы 44 үйге қайта құрылым жасау үшін бірінші және екінші хаттамасы толтырылды, кезекке қойдық, биыл соның 21-іне модернизация жасалатын болады. Ол үшін Тұрғын үй басқармасына қажетті қаржы бөлініп, қазіргі кезде 4 үйде басталып кетті. Ол қаржыны қандай мақсатта пайланылуы тұрғындарға байланысты. Өйткені, қаржыны тұрғын үйдің сыртқы келбеті, фасады, ішкі жөнделуі, төбесіндегі жабыны, жертөлесіндегі жүйелерін ауыстыруға жүмсай ма, оны тұрғындардың қалауы шешеді.
«7 ЖЕРГЕ СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ САЛЫНАДЫ»
– Түсінікті, келесі шешімін тапқалы тұрған мәселеге кезек берейік.
– Екінші мәселе – аулаларды абаттандыру. Жалпы, Кеңес дәуірінен бері аудандағы тұрғын үйлердің аулалары абаттандыруды көрмеген. Біздегі 672 көпқабатты тұрғынүй 400 аулаға біріктірілсе, осы 400 аула бойынша кезең-кезеңімен ауқымды жұмыстарды бастадық. Ең бірінші талдауын жүргіздік, оның қаншасы бір кездері жөнделді, қаншасы мүлде жөндеу көрмеген, қазіргі жағдайы қандай деген секілді. Соншама ауладан 2018 жылға дейін 100-ге жуығы ғана жөнделген екен, қалғандары мүлде қараусыз тұрған. Осыған орай, ауқымды жоба әзірленген болатын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 2019 жылы басталып биылға ұласты да, 6 айдың қорытындысымен абаттандырылған 100 ауланы пайдалануға тапсырдық. Одан бөлек, биыл 87 ауланы орнатып жатырмыз, тамыз айының соңына дейін тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің шарттарының бірі – жеке инвестор өзінің қаржысын саладыда, нысанды пайдалануға тапсырып болғаннан кейінгі 1 жылдан бастап қана қаржысын 3 жылға бөліп алады. Мысалыға айталық, бір нысанға 1 млн теңге қаржы салса, ол қаржысын жылдарға топтайды да, 3 бөліп алады. Бұл бір, екінші – олардың 3 жылға кепілдік мерзімі бар, сондай-ақ, 1 жыл сүйемелдеу қызметі тағы бар. Сонда, инвестор 3 жыл кепілдік мерзіммен жұмыс істесе, 1 жыл тағы сүйемелдейтін болады. Жергілікті бюджетті қарағанда «инвестициялық шығындар» дейтін тармақ бар, 100 ауланы инвестор солай істейді, оның төлемі биыл басталды. Ал, соңғы «Жол картасы» аясында республикалық бюджеттен 47 аулаға тиісті қаражат тағы бөлінген. Оларды қабылдап алу мерзімі қыркүйек айы деп көрсетілгенмен, тамыз айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Себебі, қазірдің өзінде жұмыстың 70-80 пайыз көлемі аяқталған, жұмыс кестесінен бұрын аяқталады деп күтілуде.
Бұл жерде қала әкімі көп қолдау көрсетіп жатқанын айта кету керек шығар. Жалпы, аудандағы көпқабатты үйлерді басқарушылардың (домкомдардың) жұмыстарын үйлестіруге арналған жеке чат бар, оған 380-дей адам кіреді. Ол чат соңғы кезде «ауласы жасалған» және «ауласы жасалмаған» деп екіге бөлініп кетті. Былтырғы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылған жобаларды аралау барысында аудандағы біраз үй басқарушылар (домкомдар) қала әкіміне өтініш жасаған. Ол өтініште әлгі екіге бөлінген топтың мәселесі айтылып, «ауласы жасалмағандарға» да көңіл бөлу мәселесі қойылған болатын. Сонымен, сол өтініш ескеріліп, қазіргі таңда жергілікті бюджеттен қосымша 36 ауланың құрылысы жүріп жатыр. Яғни, аудандағы барлығын қосқанда биыл жалпы 87 аула толығымен бітіріліп, құдай қаласа, ел игілігіне тапсырылатын болады. Қазіргі таңда істелінбей қалып тұрған орта есеппен 116-дай аула болса, бүгінде оларға жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Олар алдағы уақыттың еншісінде тұр.
Одан бөлек, бізде балалардың футбол ойнайтын 34 спорт алаңшасы бар. Олар 2014 жылы жасалса, одан кейін ешкім қарамаған, бүгінде олардың тозығы жеткен. Былтыр олардың барлығына талдау жасап шықтық. Биыл соның 18 алаңшасын қайта құрылымдап жатырмыз, қыркүйек айында аяқтау қаралса, қалған 12-сін келесі жылға жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, аудан аумағындағы бос жерлерге спорт алаңшаларын салуға ұсыныс берген едік, қазір жер телімдерінің мемлекеттік актілерін рәсімдеп, мемлекет меншігіне қабылдап біттік. Оның өзі оңай жұмыс болған жоқ. Алдағы уақытта сол 7 жер теліміне спорт алаңшалары салынатын болады.
«МАГИСТРАЛЬДІ ҚҰБЫР ТАМЫЗДА БІТЕДІ, АРЫ ҚАРАЙ СУҒА ҚОСЫЛУ ҚИЫН ЕМЕС»
– Шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелері қалай шешілуде?
– Иә, шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым тарту мәселесі біздің аудандағы үлкен мәселенің бірі. Өзіңіз де білесіз, 2014 жылы қала аумағына жаңадан енген аумақпен бірге біздің ауданға 3 елді мекен қосылған. Олар: бірінші – оған дейін Сайрам ауданына қарап келген ескі «Откорм» совхоз деген болған, қазіргі 195-ші орам; одан кейін екінші – соның жанындағы 276-шы орам; үшінші – Төле би ауданынан қосылған Текесу елді мекені.
Біздің аудандағы ең шалғай елді мекен – Текесу, қаладан 25 шақырымдай қашықта орналасқан. Ол жерде инфрақұрылым жүйелерінде мәселе жоқ: ауыз суы бар, электр қуаты жақсы, табиғи газға жалғанған. Бұрын жолы жоқ еді, шағал жол болатын, 2018 жылы асфальттеліп, №142 бағыттағы қоғамдық көлік жүретін болды. Былтырғы жылы орталығындағы 1 көшесіне жарықтандыру орнатылған, қосымша 2 көшесіне асфальт төсеу алдағы жылдар жоспарында тұр. Одан бөлек, ауыз су скважинасын қазып қойғанына 1 жылдай болды, нормативі бойынша біршама уақыт ағып тұру керек, биыл жыл соңында су сынамасы алынып, тексерілгеннен соң пайдалануға жарамды болса, елді мекенге таратылатын болады. Егер, ол жоба орындалса, Текесуда инфрақұрылым мәселесі толық шешіледі.
Енді, 195-ші орамға келетін болсақ, былтыр үлкен жобаларды жасадық. Өзіңіз де білесіз, сол жобаны көрсету үшін былтыр премьер-министрді ертіп бардық. Пермьер-министр инфрақұрылым тартуға қаражат бөлінеді деді. Соның арқасында былтырғы жыл соңында электр бағаналары қойылды, енді биыл әр үйдің жеке шоттары ашылса, жеке-жеке электр жарығы кіретін болады.
Табиғи газын жеткізу бойынша барлық құбыр желісін тарту үшін қазылып жатыр, негізгі магистральді жүйесі қыркүйек-қазан аралығында қабылдауға береді. Одан кейін жеке-жек үйлерге кіргізу жүреді.
– От жағу маусымына дейін жеке үйлер табиғи газға толық қосылады ма?
– Жоқ, жеке тұрғын үйлердің табиғи газға қосылу мүмкіндігі биыл емес. Биылғы от жағу маусымына дейін қосылады деу дұрыс болмайды. Оны тұрғындарға айтып түсіндірдік. Биыл магистральді құбырға газ барып тұрады, бірақ, кейбір үйде газға қосылу мүмкіндігі болса, басқасында мүмкіндігі болмай жатады. Қазірше, әр үйдің есігінің алдына дейін жеткізіп қойып жатыр.
Ал, ауыз су жүйесі де тура солай: магистральді құбыры қазылып, жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме жұмыс кестесінен біршама алда келеді, тамыз айының соңына дейін бітіреміз деп уәде беріп отыр. Әр үйге тарату құдықшасынан шығатын шлангасын қалдырып кетіп жатыр, ары қарай тұрғындардың суға қосылуы сонша қиындық тудырмайды.
Негізгі көшелеріне шағал тас төселіп берілді. Енді, қазіргі таңда 195-ші орам мен 276-шы орамды қосатын, ары қарай «Сәуле» шағынауданындағы «әскери қалашық» тұсынан шығатын негізгі жолға қоғамдық көлік жүргізу үшін асфальт төсеуге ұсыныс жасадық. Қазір сол жұмыстар басталып кету керек еді, өкінішке қарай, жасалған жол сызбасы 2 адамның жекеменшік учаскесіне түсіп тұр, соны шешу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Өкінішке қарай дейміз ғой, мәселенің дені кезінде ол жерлер Сайрамға қарап тұрған шақта жер учаскелері жеке секторларға гектарлап ретсіз беріліп кету салдарынан туындап тұр. Тіпті, бір кісіде 14 гектар жер бар екен!
«ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕГІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ШЕШІЛЕДІ»
– Осы 195-ші орамға қатысты мынаны айтыңызшы, орамның жер учаскелерінің мақсаты жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) емес, шаруашылық жүргізуге берілген деп, көпшілік сатып алғысы келмейді екен. Солай ма?
– Ол жақтың жер учаскелерінің мақсаты жеке тұрғын үй құрылысына емес, шаруа қожалықтарын құру үшін берілгені рас. Бірақ, ондай мақсатта берілген учаскелерге тұрғын үй салуға болады. Өйткені, жер мақсаттарының «шаруа қожалықтарын құру» мен «ауыл шаруашылығы үшін» дегеннің екеуі екі бөлек. «Шаруа қожалықтарын құру» деген жер мақсаты бар учаскеде шарашылық құрып, құрылыс сала аласыз, ал «ауыл шаруашылығы үшін» деген мақсаттағы жер учаскесінде олай ете алмайсыз, тек егін егесіз. Сол үшін де, кезінде Сайрам ауданына қарап тұрған уақытында мына шетіндегі 196-шы орам және арғы бетіндегі 276-шы орам болса, екеуінен де 600-ден 1200 жер тұрғындарға телімі берілген. Егер, сол орамдардан учаскеңіз болса, жердің нысаналы мақсатын ЖТҚ-ға ауыстырып алуға болады. Оны Жер басқармасы шешеді.
Ал, енді 276-шы орамға келетін болсақ, былтыр демеушілер есебінен 160 трансформатор, 28 бағана қойып, 153 үйге электр жарығын кіргіздік. Сосын, арғы жағынан 450 метрден 3 үйге ауыз су кіргізіп бердік. Сол 3 үйден 10 үй таратып алды да, содан қазір 153 үй су ішіп отыр, төлемақысын ортақ төлеп жатыр. Осылайша ауыз су мәселесін уақытша шешіп бердік. Ал, толық шешу үшін ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып болды, қазір экспертизасы қаралып жатыр. Ол жұмыстарға қалалық энергетика басқармасы жауапты, біз адам саны мен қосылу сызбасын әзірлеп бердік. Құдай қаласа, келесі жылы су, газ, электр жарығының құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Сонымен біздің аудандағы шалғай елді мекендердегі біраз мәселелер шешімін табады.
– Қаладағы тағы бір мәселелердің бірі – ирригациялық жүйе болар. Жаңбыр жауа қалса, ірі-ірі көлшіктер пайда болып, әсіресе, Түркістан көшесі бойымен жаяу жүру мүмкін болмай қалады. Осы мәселе шешімін табатын күн жақын ба?
– Иә, ирригациялық жүйе – біздің ауданның да басты мәселелерінің бірі. Жауын жауа қалса, кей жерлердің ирригация жүйелерінде су дұрыс ақпайды, немесе толып, тасып жатады. Бұның барлығы кезінде жақсы істеп тұрған жүйе болған. Өкінішке қарай, 1990-2000 жылдары жерлер жеке меншікке қалай болса солай беріліп, кәсіпкерлік нысандар салынып кетті, лотоктар жабылып, су ағатын жүйе бұзылған. Осы ретсіздікті нақтылау бойынша үлкен талдау жұмыстарын жүргіздік. Біршама ирригациялық жүйелерді қалыпқа келтіру жайында ұсыныс бердік. Оның ішінде біразы биыл қолға алынды. Талдау нәтижелері көрсеткендей, ауданның орталығындағы 7 жерде су жиналатын еді, қазір ол жетеуінің де мәселесін шештік. Одан бөлек, Көксайда, Забадам секілді шағынаудандарда сондай су жиналатын 2-3 жер болатын, олар да шешіліп жатыр.
– Сонда қалай шешіліп жатыр?
– Қанша шақырым ирригациялық арық-атыз қажет екені жөнінде ұсынысымызды бердік. Қазіргі таңда Энергетика басқармасы тарапынан қаржы қаралып, тиісті мемлекеттік сатып алулар ұйымдастырылды, жұмыстар басталды. Ағын су өз ағынымен ағып кететін болады, насоспен тартатын жерлер болмайды. Ол ирригациялық жүйелердің бірі Қошқар атаға, бірі Қарасуға қосылса, келесі бірі орталық қашыртпа арнаға құяды. Қаланың орталығы болғандықтан, биыл ауданда бұл мәселе шешіліп жатыр.
«ЕҢ ШЕТКІ НҮКТЕДЕГІ ҮЙГЕ ДЕЙІН ШАҒАЛ ЖОЛ ТӨСЕДІК»
–Жол жөндеу жұмыстарына тоқталыңызшы
– Қалада көптеген кептелістер болып жатыр. Оның негізгі себебі – жол жөндеу мәселесі. Оның ішінде, қала орталығындағы Түркістан көшесі қатты ескіріп кеткен болатын, жол да, аяқжол да, ирригациялық атыздары да. Сол Түркістан көшесінде, Төле би көшесінде, Республика, Тәуке хан даңғылдарында жол жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Оның ішінде ирригациялық жүйелері де кешенді жаңартылу үстінде. Одан бөлек, бұған дейін асфальт жол мүлде болмаған Наурыз, Забадам, Сәуле шағынаудандарындағы көшелер жөнделуде. Келе жатқан қыркүйек айында біршама нысандардың жұмыстары бітеді, сол кезде нақты мәліметтерді қосымша хабарлайтын боламыз.
– Жыл басында қала әкімі топырақ жол болмайтынын айтты. Шағал төсеп біттіңіздер ме?
– Биыл біздің аудандағы 5 шақырым топырақ жолға шағал тас төсеуіміз керек деп ұсыныс берген болатынбыз, былтыр 26 шақырым жолға шағал төсеген болатынбыз. Қазір сол 5 шақырым шағал жолымызды төсеп бітірдік. Оның дені 276 орамдағы 5 көше. Сонымен, аудан тұрғындары қажет ететін топырақ жолдың барлығын 100 пайыз шағал жолмен қамтамасыз етіп бітірдік.
– Ол биылдыққа?
– Иә, биылдыққа.
– Тағы сұраныс болса, тағы төсей бересіздер ме?
– Енді, ол – тұрғын үйдің салынуына байланысты болады. Мысалы, қазіргі таңда құрылысы салынып бітіп қойған үйге баратын жолға төседік.
– Мысалы, елді мекеннің ең шеткі нүктесінде қашықтау жалғыз үй болса, шағал жол сол жалғыз үйге де жетті ме?
– Иә, соған дейін жеткіздік. Бүгін сізге соны көрсетемін деп ойлап едім, «апарып көрсет» десеңіз, арнайы барып көрсете аламын. Шынын айтқанда, ол жерлерді қала аумағына кіреді деп те ойламайсыз. Өйткені, 276 орамды барып көрер болсаңыз, адыр секілді қыр бар, одан асып түссеңіз 26 үй тағы бар, 5 көше. Әр көшенің ұзындығы 1 шақырымнан, соның бәріне биыл шағал төсеп бітірдік.
– Әңгімеңізге рақмет! Істеріңіз берекелі болып, халық игілігін көре берсін!
Әңгімелескен С.Дүйсебайұлы
Leave a Reply