Өрт сөндіру құралдарының барынша тез қанат жаюын іске асыру, адамдарды құтқару, құндылықтарды қауіпсіз аймаққа шығару, биіктерде, түтінге оранған ортада және жоғары температурада жұмыс істеу, қиын жағдайларда түрлі кедергілерден өту – өрт сөндірушілердің тек өз міндетіне деген жоғары жауапкершілікті ғана емес, жақсы денсаулықты, төзімділікті, батырлықты, тез әрекет етуді талап етеді.
Бұл қасиеттердің барлығы Шымкенттік өрт сөндіруші-құтқарушылардың бойында бар. Өйткені, олар барлық кезде белсенді, тұрақты түрде өздерінің дағдыларын жетілдіруге және спортпен айналысуға көңіл бөледі, спорт адамның моральдық-жігерлік қасиетін дамытуға көмектеседі. Сондай жастардың бірі – Нұрсұлтан Баратұлы Жорабек.
Шымкент қаласында 1999 жылдың 20 қаңтарында дүниеге келген ол жастайынан спортты серік еткен. Мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ бокстан алдына жан салмайтын. Тіпті, 2011 жылы Ақмола облысының Жақсы қаласында бокстан өткен Республикалық турнирдің жеңімпазы және де бірнеше халықаралық турнирдің жүлдегері атанды. Қазіргі уақытта бокстан спорт шеберіне үміткер.
Мектеп қабырғасында жүргенде өрт сөндіру қызметінің мамандары елімізде азаматтық қорғау органдарында офицерлерді даяарлайтын жалғыз жоғарғы оқу орны Көкшетау техникалық институты жайлы жүргізген түсіндірме жұмыстарынан кейін физикалық тұрғысынан мықты, қайсар жас өз өмірін өрт сөндіру қызметімен байланыстырып, Отанға қызмет етуді алға мақсат етіп қояды. Тілегі мен арманына берік, алға мақсат қоя білетін ол 2016 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түседі. Институт қабырғасында да алдыңғы шепте көріне білген Нұрсұлтан ҚР ІІМ 2020 жылғы 6 ақпандағы №67 ж/қ бұйрығымен «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Осы жылы оқу орнын үздік аяқтап, «оқу орнының үздігі» төсбелгісіне ие болды, көптен күткен «азаматтық қорғау аға лейтенанты» шенін алды.
Алғашында Шымкент қаласындағы мамандандырылған жасақ инженері лауазымына тағайындалған Нұрсұлтан Баратұлы қызметінің бірінші күндерінің өзінде-ақ өзінің өжеттелігі мен мамандығына деген адалдығын дәлелдей білді. Барлық төтенше жағдайларды алдын алу мен жою жұмыстарына білек сыбана кірісіп, адам өмірі мен құндылықтарына құтқаруда көзге түсе білді. Осындай оқиға 2020 жылдың 4 қазанында орын алды. Республика даңғылында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде өрт шығып, Нұрсұлтан бастаған буынның тез әрекет етуінің арқасында 4-қабаттағы пәтерден жақында ғана инсульт алған, өзідігімен жүріп-тұра алмайтын ер адам құтқарылып, өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді.
Осының барлығы азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұрсұлтан Жорабектің антына адал, сертіне берік, өз мамандығын мақтаныш ететіндігінің дәлелі.
Міне, осындай салауатты өмір салтын ұстанған, өжет жастар – біздің Егеменді еліміздің жарқын болашағы болатынына сенімдіміз!
Қ. Арсланов
Шымкент қаласындағы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі
Leave a Reply