«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Түркістан облысы Келес ауданында бал арасын өсіру ісі жанданып келеді. Бұл істі аймақта Біртілек ауыл округі, Аққорған ауылының тұрғыны Қайырғали Жарқынбаев қолға алды.
Ол биылғы сәуір айында «Бастау-бизнес» бағыты бойынша кәсіпкерлік оқуға жолданған. Сөйтіп, мемлекеттен 583 мың 400 теңге қайтарымсыз қаржы алып, тың кәсіпті бастады. Қазір оның шаруашылығында 70-тен астам омарта бар. Оның әрқайсысында 5 мыңнан аса ара тіршілік етеді. Кәсіпкер араның «Карпатка» және «Карлик» деп аталатын түрлерін өсіруде.
— Аралар да тура нәресте секілді. Ұяшықтардың ішінде үнемі қалыпты температураны ұстап тұру қажет. Яғни, 36 градус жылы болуы керек. Сондай-ақ, ұяшықтарды және жәндіктерді әр он күн сайын дезинфекциялап, дәрілеп отырамыз. Өйткені, аралар тазалықты қалайды. Бұл кәсіптің қиындығы, үнемі көшіп-қонып тұру керек. Өйткені, аралардың азығы гүлдер мен өсімдіктердің шырыны болғандықтан, олардың гүлдеуіне қарай орын ауыстырып тұру қажет. Айына 2-3 рет жаңа жерге қоныстана жүріп, Шардара ауданының аумағына дейін барамын. Сол жерде аралар қараша айына дейін тіршілік етеді. Тек содан кейін ғана үйге ораламыз. Жинаған балымыз өте сапалы. Өйткені, біз араларға қолдан шекер немесе қант бермейміз. Сондықтан, өнім таза, табиғи,-дейді кәсіпкер.
Қайырғали Жарқынбаев енді кәсібінің көкжиегін кеңейтуді ойластыруда. Мемлекет тарапынан тағы да қаржылай қолдау болса, омарталар санын көбейтпек.