Түркістанда кітап мерекесі дүркірей өтті. «ПарақTIMES» деп аталған жәрмеңке бұл жолы көне шаһардың қала күніне орайластырылды. Руханияттың атасына баланатын кітаптың тойы соңғы кезде күллі түркі елдерінің «рухани астанасы» деп дәріптеліп жүрген Түркістанның абыройын бір асқақтатып тастады десек артық айтпаймыз. Шарадан алған әсеріміз бен рухани олжамыз жайлы біз де сөз еткенді жөн көрдік.
Шараның өтуіне Түркістан қаласы әкімдігі мен «Серпіліс» қоғамдық қоры мұрындық болды, ал идея Бейсенкүл Нарымбетова апамыздікі. Қазақта «өзім өз болғалы» дейтін сөз бар ғой, Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы руханият саласында өткізіп, олжа салған көрнекті шарасы осы болар деп түйдік. Осы жобаны жыл сайынғы дәстүрлі мерекеге айналдырып алса, шаһардың «рухани астана» дейтін титулына жарасатын-ақ дүние болар еді-ау. Қысқасы, көңілден шыққан тамаша бастама!
Жәрмеңке өтетін орын да сәтті таңдалған. Әзіреті Сұлтан кесенесі мен жаңа кешен «Керуен сарай» аралығын жалғайтын аяқжол бойындағы «Farab» кітапханасының алды. Мұның өзі көне мен жаңаның арасындағы сабақтастық – кітап қана дегенді ишаралайтын элемент екен.
Сонымен, «ПарақTIMES» кітап жәрмеңкесінің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады. Кітап мерекесіне өз тілектерін білдіріп, ықылас-ниетті екендерін жеткізді.
Облыс әкімі орынбасарының сөзінен кейін іле-шала сыртына авторы деп біздің аты-жөніміз жазылған «Таңғажайып Түркістан» және Мадина Айтпенбетованың «Сайрамнан Түркістанға дейін» жолжазба кітаптарының тұсауын шешіп жіберді. Ә дегеннен түсінбей қалып, тұсаушешер рәсімі өтіп жатқан тұсқа жүгіре жеткенімізше, әрі С.Қалқаманов авторларды шақырғанша болмады, қолқалаған халайық жаңа ғана лентасы шешілген кітаптарды жапа тармағай ханталапайға салып әкетті. Біреуіне де қолтаңба жазып үлгермедік. Сол жердегі кітапқа қолы жетпегендер болса, бір де ренжімей, кітап сатылып жатқан шатырлар қатарына қарай ұмтылғанын көрдік. Осылайша, кітап мерекеміз жұрттың кітапқа деген ынта-ықыласы, ынтықтығымен басталды.
Жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары қатысып, оқырманға кітаптарын ұсынды. Шараға ат басын бұрған «Қазақ энциклопедиясы», «Қызмет», «Отбасы хрестоматиясы», «Шашу», «KHAN COMICS», «Қазбілім», «Шың» «Shygylakitap» баспа үйлерінің өнімдеріне сұраныс барын көзбен көрдік. Халық кітапқа сусап қалғандай ма? Екі күн қатарынан кітап сұрап, шатыр астындағы баспахана өкілдеріне бұрылып, сөредегі еңбектерге мойын созғандар қатары қалың болды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, жас қаламгерлер түркістандық оқырманмен жүздесті. Атап айтсақ, Ерлан Жүніс, Серікбол Хасан, Есболат Айдабосын, Айдар Сейдәзім, Абай Қалшабек, Мұқағали Кенжетайұлы, Сүндет Сейіт және өзге де ақын-жазушылар шығармаларынан шашу шашты. Басты ұйымдастырушының бірі Бейсенкүл Нарымбетова оқу мәдениетін жоғалтуға болмайтынын айтып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Кітап мерекесінің көркін қыздырған жобаның бірі – «Екеудің әңгімесі» болды. Жәрмеңке ортасына құрылған үлкен ақ шатыр астында зиялы қауым өкілдері екеуден жұп қырып, көпшілік алдында әңгіме-дүкен құрады. Әңгіме болғанда да дастарқан басындағы күйкілжің тірлік жайлы емес, руханият саласының қыр-сырына үңіледі. Кей тұстағы жұптар арасындағы әңгімелер кәдімгі суырып-салма айтыстан еш кемдігі жоқ дүние шығып жатты. Мысалы, тәлімді ұстаз Аятжан Ахметжан мен соңғы кездері ақын ретінде танылып жүрген Есболат Айдабосын арасындағы әңгіме бір кездері «Егемен Қазақстан» бетінде жүрген Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның хат жазысуындай болды десек, сәәәәл ғана артық кетіп қалатын шығармыз. Дегенмен, екі жұптың әңгімесінің салмағын осылай ғана бағамдасақ, оқырман назарына жетудің төте жолы болар.
Ақындар Абай Қалшабек пен Серікбол Хасанның, А.Аятжан мен Е.Айдабосынның, Ерлан Жүніс пен Сезім Мергенбайдың, Күлия Айдарбекова мен Гүлнар Өмірбектің арасындағы екеуара әңгімелер оқырманның көңіл көкжиегін кеңейтуге сеп болды.
Мерекенің бірінші күнінде шара қонақтары Сауран қалажұртына саяхат жасады. Ол сапарға біз жолбасшылық жасап, көне қаланы таныстырдық. Ақын А.Сейдәзім қалжыңдап, «ақындар тас теріп кетті» дейтін тұс сол кез. Мұндай тарихи орынға келген сәтінен естелік-кәдесый алғысы келсе керек, Сауранның топырақ басқан көшелерінен керамика бұйымдары сынықтарын теріп жатты. Осы сапардан кейін көне қала тақырыбына арналып бір көркем туынды туары анық.
Жаңадан тұсауы шешілген кітаптар қатарында П.Сапардың «Өлейін десем, ақшам жоқ», С.Мадиярқызының «Шахмат» еңбектері де бар. Бұл екі кітап та авторлардың жос-жарандарынан тосынсый ретінде тартылды. Жәрмеңкені «Кітап мерекесі» деп жатқанымыздың бір себебі осы, кәдімгі мейрамдардағыдай тосынсый жасау кәдесі орындалды. Күтпегендіктен болар, С.Мадиярқызы көңілі толқып, көзіне жас алды. Бұл тұрғыда «Шахмат» Салтанаттың тырнақалды жыр жинағы болып отыр екен.
Тойға сыйсыз бармайтын халықпыз ғой, тек Түркістан қаласы ғана емес, күллі алты Алашқа сауын айтқан «Кітап жәрмеңкесіне» біздің тойана-сыйымыз – «Таңғажайып Түркістан» дейтін жинағымыз болды. Бұл жинаққа «Қызмет» газеті бетінде 2018-2021 жылдары аралығында «Жиһанкез жолжазбасы» айдарымен жарық көріп келген саяхатнама жазбаларымыз енген. Осы кітабымызбен мерекеге келген оқырман қауымға түйірдей болса да олжа салса, мақсатымыздың орындалғаны болар.
Кітап мерекесінде рухани әңгіме де болды, ақындар өлеңдерін оқыды да, сыйға кітап тарту дәстүрі де жаңғырды, ән шырқалып, би де биленді. Былайша айтқанда, «ПарақTIMES» кітап жәрмеңкесі атына заты сай руханият саласының ығай-сығайларының басын қосқан тамаша жәрмеңке болды. Түркістанның қала күніне орай «рухани астана» екенін шегелей түсті. Қала басшылығы да осыны ескерсе керек, бұл шара жыл сайын өткізілетін дәстүрге айналады деді. Лайым солай болғай! Ал, біз «Түркістан төріндегі келесі кітап мерекесінде кездескенше!» дедік.
Айтқандай, біз айтқан сүбелі сұхбаттар «Қызмет» газетінің алдағы сандарында жарияланатын болады.
Тағы бір көңілге үміт сыйлаған хабар: Түркістан қаласының әкімі алыс-жақын жерлерден келген қаламгерлерді қабылдап отырып, кітап жәрмеңкесін жыл сайын рухани шаһарда өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан-ды.
Олай болса, Түркістан қаласының – «кітап қаласы» атануына мүмкіндігі зор.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Түркістан қаласы