Шымкентте инфрақұрылым мәселесі кезеңімен шешіліп келеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке жасаған сапарында ауызсумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу керек деген тапсырмасын беріп кеткен болатын. Оның шешу жолдары қалалық сессияда қаралды. Шымкент қалалық инфрақұрлымды дамыту басқармасының басшысы бұл жоспар толығымен орындалады деп сендіреді.

Боранбай Болатбеков, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Су мәселесі бойынша,  бүгінгі таңда 2022 жылды 99 пайызбен аяқтаймыз. Бізде қалған 3 елдімекен бар сапалы ауыз сумен қамтылмаған. Оның бірі Құрсай. Оны биыл тапсырамыз. Бізге келесі жылы Қайнар бұлақ пен Сайрам қалады. Ол келесі жылы аяқталады. Сонда, барлығы 100 пайыз қамтылады».

Одан бөлек 22 мәселе көтеріліп, шешу жолдары бірге сараланды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қатысқан жиынға Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов төрағалық етті.  Сессия барысында «2022-2024 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне бірқатар өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, қаладағы төрт аудан, яғни Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау ауданы әкімдерінің есебі тыңдалды.

Инфрақұрылым мәселесі  Қаратау ауданында шаш етектен. Өйткені аумақта жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандар көп. Десе де аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов көп ұзамай барлық инфрақұрылым мәселесі шешімін табады дейді. Мәселен, жыры көп  Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары 2023 жылы толық табиғи газбен қамтылады. Қазіргі таңда қаржы бөлініп, бастапқы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Рахымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Биылғы жылы бізде Тұран, Тассай, Асар- 2, Нұртас, Қайнарбұлақ елдімекендерінде газ тарту мәселесі жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін аудан халқын табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді».

Ал, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков саланы дамыту жоспарымен таныстырды.

— Шымкент қаласы бойынша 13 мемлекеттік емхана 600 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетсе, 31 жекеменшік емханада 507 мың тіркелген. Алайда, 2025 жылға дейін қалаға 6 емхана керек деп қарастырылып отыр. Бұл емханалардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салу мәселесі де қаралып жатыр, — деп атап өтті қаланың бас дәрігері.

Сессия отырысының күн тәртібінде жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы 2019 жылғы 27 маусымдағы Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов зираттарды күтіп ұстау мен көгалдандыруға бөлінетін қаржы аз екенін айтады.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «Оны мойындамауға болмайды. Бәрі көріп, біліп жүр. Шөп басып кеткен. Қараусыз, шарбақтар құлап жатыр. Кіреберісте асфальт жоқ, лай, топырақ барлығы. Бұл негізі аудан әкімдігіне жүктелген. Бір мазаратқа шамамен 1 млн. теңге бөлінеді, бір жылға. Оны былай қарасаң,  оны күтіп ыстау, көгалдандыру емес, тек қана соны қорғап, бір қарауылға төлейтін қаржыға да жетпейді».

Шымкент қаласында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидаларын бекіту туралы», «Шымкент қаласының аумағында жануарларды асырау қағидасын бекіту туралы» шешімдерге өзгерістер енгізілді.

Жалпы қалалық мәслихаттың сессиясында 22 мәселе қаралды. Оның ішінде инфрақұрымды дамыту мен қаржыны иегруден бөлек, сесиия отырысының регламентін бекіту мен келесі отырыстың уақыты пысықталды.

Айта кетейік, бұл жолы сессияға қатысқан 29 депутаттың 3-уі онлайн қатысу мүмкіндігіне ие болды. Алдағы сессияларда 5 депутатқа дейін қашықтан қатысуға рұқсат берілмек.

 

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика