«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ»: ЖОБАНЫ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫП ЖАТЫР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  тапсырмасына сәйкес, тұрғындар мен әкімдіктің арасында кері байланысты жақсарту мақсатында Әл-Фараби ауданында ай сайын тұрғындармен кездесу тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Кезекті кездесу 3 және 4 сектор (Ескі қалашық, Дулати, Қазыбек би, Байтұрсынов, Тәуке хан, Желтоқсан, Қонаев, Желтоқсан көшелері) тұрғындарымен өтті.  Ең алдымен аудан әкімі Рашид Мыңбаев аталған секторларда атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша баяндап өтті.

–  Мұнда инфрақұрылым мәселесі толық шешімін тапқан, электр жарығы, ауыз сумен және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. Кәріз жүйесі 95 пайызды құрайды. Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 15 балалар ойын алаңшасы салынды. Сондай-ақ, 1 спорт алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді,-деді аудан әкімі.

Ағымдағы жылы 4 көшеге асфальт төселді. Жүздесуде тұрғындар Рашид Мамытұлына Қонаев даңғылы жолайрығының құрылысы, кәріз жүйесі, көшені жарықтандыру, асфальт төсеуге қатысты сауалдарын қойып, тиянақты жауап алды.

Ал, Абай ауданында өткен жылы 7 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 32 жобаға қаржы бөлінді. 1-кезеңде 5 үйдің ауласы, 27 елдімекен жоспарға енген, ал 2-кезеңде 5 үйдің ауласы абаттандырылады. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады.

Ал, Еңбекші ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 1,8 есеге артқан. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды.

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика