2022-06-27

Пара алу да, беру де қылмыс!

Пара — қоғамның дамуына барынша кедергі келтіретін ең үлкен жамандықтың бірі. Парақорлық — кешегіміздің  кемелденуіне кедергі болып, бүгініміздің бүлінуіне жол ашып, ертеңіміздің еңселі болуына тосқауыл болатын апат. Адалдықтың арынын басып, жақсылықтың жолын жауып, ізгіліктің ірге көтеруіне  кері әсер ететін де осы парақорлық.

Тарих көшіне көз салсақ, параға болмысымен қарсы текті бабаларымыздан талай-талай үлгілі өрнек қалған. «Парақор биге, ісің түспесін, Сараң үйге кісің түспесін», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Атасыздан би қойсаң, Босанбас аузы парадан» деген нақыл сөздер- осыған дәлел.

Сондай-ақ,  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  2020 жылы   1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын»-деп баса айтып,  жемқорлықпен күресудің жаңа бағытын көрсетті. «Құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекс­ке өзгерістер енгізу керек»-деп алдағы уақытта қолға алынатын шаралардың басты бағытын айқындады. Пара алушы да, пара берушіде  қатаң жазаланады, сондай-ақ «сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мер­зімінен бұрын босату шарасы қол­данылмайды»-деп атап өтті. Осылайша,  еліміздің дамуына, өркендеп, көркеюі жолында тұсау болатын парақорлықты  жою жолында аянбай еңбек етуді тапсырды.

Сондақтан да, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін  Шымкент қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде  тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нығайту мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Нұр Отан» саяси кеңес Бюросының, мемлекеттік кіріс басқармасының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер, семинарлар, лекциялар   өткізілуде.  Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табуда. Мекемеде арыз – шағымдар жәшігі орнатылған. 33-81-03 сенім телефоны жұмыс істейді.  

         Біз еліміздің өркениет көш-керуенінің алдына шығып, әлем назары түсер жұрт болғанын жан-ділімізбен қалаймыз. Біз әлем мойындаған Қазақстанның арлы азаматы ретінде парақорлыққа қарсымыз.

С. Шойманов

Қызметтің  өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің  бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі

Яндекс.Метрика