Көктем келіп қалыпты-ау

Көктем келіп қалыпты-ау!

Көктем келіп,

Алыпты жел бұлттарды көктен бөліп.

Шымырлаған шуаққа шыдай алмай,

Шыңылтыр мұз кешегі кеткен кеміп.

Жатқан жота оранып шекпен-қарға

Ұқсаушы еді бір мезет шеккен нарға.

Назың бар ма айтатын наурызыңа?

Өткен қысқа айтатын өкпең бар ма?!

Көктем келіп қалыпты-ау!

Көктем келіп,

Қыстың күші шынымен кеткен кеміп.

Сүйікті бір күндерді әкетті ме ол

Сүйегіңді алғандай еттен бөліп.

Құларыңды білмейсің,

Сынарыңды.

Қандырғың да келеді құмарыңды.

Шағаладай шаңқылдап шалқарында,

Шарқ ұрып кеп іздейсің сыңарыңды!

Көктем келіп қалыпты-ау!

Көктем келіп,

Жылы желді жетектеп жеткен бе елік?!

Көрінгенге көз сүзіп қобалжисың,

Көңіліңе бір сайтан кеткен бе еніп?!

Қыс-көңілдің көк мұзын келе бұзып,

Жүрек тулап, бір түрлі дене қызып,

Түні бойы шығасың дөңбекшумен,

Күні бойы жүресің елегізіп.

Көктем келіп қалыпты-ау!

Көктем келіп,

Жүректердің гүл бағы кеткен бе өніп?!

Белгісіз бір қуаныш құшақ жайып,

Ыстық сезім сүйеді беттен мені!..

Көктем келіп қалыпты-ау!

Көктем келіп!

 

Қадыр Мырза Әли

 

  • Related Posts

    Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада сөйлеген сөзі

    Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада сөйлеген сөзі Ардақты ағайын! Қадірлі қауым! Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат…

    ҚОШҚАР АТА СЕЙІЛІ» ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ІС-ШАРАСЫ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТТЫ

    🔷 Бүгін шаһарда «Наурызнама» онкүндігі аясында «Қошқар ата сейілі» жалпыхалықтық дәстүрлі сауық-серуен іс-шарасы өтті. Қошқар ата өзені жағалауында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада ұлттық көрмелер, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкелері, спорттық жарыстар және мәдени…

    Добавить комментарий

    Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

    Яндекс.Метрика