2024-07-14

ҚЫМЫЗХАНА-ЕЛДІКТІҢ ЖАЙЫ АЙТЫЛАТЫН ОРЫН

Ұлтымызда ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша кейінгіге жөн сілтеп, ақыл айтатын, ел ішіндегі атқарылар қайсыбір істің ұйытқысы — абыз ақсақалдар мен қазыналы қариялар. Түркістан облысы Төле би ауданының  үлкендері апта сайын қымыз ішуге жиналып, дастархан үстінде елдің мәселелерін сөз етіп,  өздері шешіп келеді. Олар араздасқан отбасыларды татуластырып, білместікпен жаза басқан телі-тентектерін өздері тыиып отырады.

«Ашу ақылдың сарқылған сәті.»  Бұл жолыауыл қариялары араздасып қалған екі көрші жігітті ортаға алып отыр. Бірінің байлауда тұрған малы босанып кетіп,  жанындағы үйдің ауласын майқандап тастаған. Сол ашумен  қатты сөзге барысқан олардың бір-біріне тоң теріс болып жүргеніне де біраз болған. Екі жігітті ақылға тоқтатқан ақсақалдар  оларды қол алыстырып, қайта татуластырды.

Көршімізбен араздасқанымызға  да 2 айдан астам уақыт болып қалды. Шындығында  бойымнан жүк түскендей боп тұрған жағдайым бар. Көршімізбен арадағы татуылығымызды қайта қалпына келтірген қарияларымызға рақметімді айтамын, — дейді кеште болса ашуын ақылға жеңдірген ауыл азаматы.  

Мұндай келелі жиынға жексенбі сайын 13 ауыл округінен 50-60 адамға дейін жиналады. Мақсат ас ішіп, аяқ босату емес. Қымыз ішіп отырып, ауыл аймақтың жағдайына қанығады. Араздасқанды татуластырады. Ажырасқандарға  қайта қосылатын  ақыл айтады. Ұрлықты тыйып, тентекті тезге салады. Елдің өзге де түйіткілді мәселелерін шешуді ойластырады. Керек болып жатса прокурор мен сотты, полицияны да осында шақыртады.

Ақылман аталарымыз бен ардақты әжелеріміз бағзы заманнан-ақ: «Еңбек азбайтын, білім тозбайтын байлық» деп ұрпағының санасына сіңіріп келген. Басқосуда  тап осы жастарды еңбек етуге ынталандыру  жайы көбірек сөз болады. Еңбек қоғамы бастамасының өріс табуы үшін әрбір азаматты істің көзін табуға, еселі, ерен еңбекке жұмылдыруға үндейді.  Сөз бен істе үйлесім болуы үшін ұзақ жылғы еңбегінің арқасында ел сыйлаған азаматтар түрлі кәсіптің қыр сырын жастарға әңгімелеп беруді әдетке айналдырған.

Ауыл қарияларының жиынына аудан әкімінің өзі де қатысады. Қазына қаржысына істеленітін жұмыстардың жайын ақылдасады.

Мәселен, биыл Төле би ауданында 150 адам жұмыс істейтін киім тігу цехы мен сағатына 20 мың тонна құрама жем шығаратын кәсіпорын іске қосылғалы отыр.  «Қасқасу туристік-рекреациялықкешенінің» құрылысы жалғасын табатын болды. Оған 500 миллион теңге инвестициясы жұмсалмақ. тартып, туризмді дамытуға үлес қосады.

Кемеқалған ауыл округінде «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы басталғалы жатыр. 13 гектар аумаққа жайылатын қоймаға 1 мың текше метрден астам ағын су жиналады.  

17 елді мекеннің ішіндегі 18 көшеге орта жөндеу жасалса, 7 елді мекеннің 29 көшесіне орта жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр, Қаратөбе және Қайнар елді мекендерінеинженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысын жүргізу үшін қазынадан  248 миллион теңге қаржыбөлінді.

Аудандық балалар музыкалық мектебінің жанына қосымша ғимарат салынғалы жатыр. Ауданымызда  “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында   1 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.  Кеңесарық,  Зертас, Жаңажол, Диханкөл және Аққұм ауылдарына дәрігерлік амбулатория салынады.

Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық — сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысы аяқталады.Көксәйек елді мекенінде тап осындай спорткешенінің құрылысын бастауға 50 миллион теңге   қаржы қарастырылды. Елді мекендерді абаттандыруға және балалар ойын алаңшасын салу жұмыстарына да айырықша көңіл бөлініп отыр. Осының барлығы көппен кеңесіп, қариялармен ақылдаса отырып істелінген жұмыстардың нәтижесі дейді Төле би ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев.

Үлкендердің жиынына кәсіпкерлер де шақырылады. Қариялар ел ішіндегі мұқтаж жандардың жайын айтып, оларды қайырымды іске жұмылдырады. Әр жексенбі күні ішілетін ұлттық сусын мен мәнді мәжіліс ұрпаққа  саламатты өмірді үлгі етіп, ырыс алды ынтымақта екенін танытып келеді.

Яндекс.Метрика