Нұрлан Әлімбаев, журналист: «Уәде–Құдайдың екінші аты»

Мәселені мінберде көтерсем деймін

–Нұрлан, Шымкент қаласының мәслихаты депутаттығына өзін-өзі ұсыну тәртібімен үміткер ретінде тіркеліпсіз. Сізді журналист ретінде танитын жұрт қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, оның оң шешімін табуға ықпал етіп жүргеніңізден де хабардар. Ал, депутат болудағы басты мақсатыңыз  қандай?

–Дұрыс айтасыз, журналистика саласында жүргеніме 10 жылдай уақыт болды.  Халықпен кездесіп,  елдің арасында жүргеннен кейін бірқатар мәселелерді көрдім. Кейбір нәрселерге қарап, көңіліме қаяу түседі, бірақ журналист көп жағдайда бейтарап болып, ешкімнің сойылын соқпау керек.Сондайда қолымның қысқалығынан, мүмкіндігімнің аздығынан түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға сәл қалғанда кері шегінуге тура келетін жағдайлар боп жатады.  Егер қолымда мандат болса, соны бірауыз сөзбен –ақ шешер едім-ау деп қынжылып қаламын.

Тұрғындарды не алаңдатады? Бізде Үкімет тарапынан атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар бар. Бірақ оны қадағалау жағы кемшін түсіпжатады. Бақылау болмаған жерде бейберекетсіздік орын алады.  Сондықтан қарапайым халық көп жағдайда журналистерді іздейді. Бар үмітін ақ қағазға жазып, бізге, яғни журналистерге келеді. Біздің қолымыздан келетіні–журналистік зерттеу жүргізу. Тиісті мекемелерге хат жолдаймыз, анық-қанығын анықтаймыз. Бірақ шешім қабылдауға, шешім қабылдатуға құзіретіміз жетпейді. Бар үмітін үкілеп, бізден көмек күтіп келген қарапайым тұрғындарға болысқымыз келеді. Осындайды көре –көре  мен сайлауға қатысып, бағымды сынап көремін деген  шешім қабылдадым.  Оның үстіне биыл Сайлау туралы Заңға бірқатар  өзгерістер енгізілді. Өзін-өзі ұсынған азаматтарға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдаланғанды жөн көрдім. Әйтпесе атақ, мансап қуалайтындай түгім жоқ. Елге қызмет еткім келеді. Өзім сол қарапайым отбасыдан шықтым, қарапайым елдің арасында  жүрмін, кәсібімді жақсы көремін. Елдің алдында жүргенім де сол қарапайымдылығымның арқасы деп ойлаймын.  Журналист билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір десек, ендігі жерде тұрғындардың талап-тілегін мәслихат мінберінде жеткізе алатын халық қалаулысы болуды мақсат етіп отырмын.

                Қазына қаржысының жұмсалуына қадағалау керек

Нұрлан, әріптес болғаннан кейін білеміз, шынында редакцияға күніне кемінде  бір адам арыз айтып хабарласады. Осындай арыз ізімен жүргізілген журналистік зерттеулеріңіздің бір-екеуін айтып беріңізші.

–Иә, редакцияға шағымданып келетіндер өте көп. Соның бірін баяндап берейін.  Есіңізде ме, Шымкентте «Домбыра» ескерткіші ашылып, оның соңы дауға айналды. Арыз түсті. Ескерткіш жасауды 1,5 миллионға келіскенімен, ақшасын бермей қойған. Қаншама еңбекті, төккен терді құмға сіңген судай жоқ қылуға бола ма? Әлгі арызданушылардың жағдайына журналист қана емес, азамат ретінде де жаным ашыды.  Сонымен тиісті орындарға хабарластым. Әлеуметтік желігежаздым. Сол кезде жазбамды алып тастауымды өтінген азаматтар болды. Бірақ мен көнбедім. Журналистік зерттеу кезінде білгеніміз, «Домбыра» ескерткішіне бюджеттен 7 миллион 300 мың теңге қаржы бөлінген екен. Бірақ соны жасаған шеберлердің  еңбекақы желініп кеткен, ос жаныма батты. Алдын-ала 400 мың теңге аванс беріп, жігіттерден жұмысты қабылдап алған. Ескерткішті домбыра күні қарсаңында алаулатып-жалаулатып ашты. Бәрі біткеннен кейін ескерткіштің сапасы төмен, біз ойлағандай емес деген сылтаулармен аванс ретінде берілген сомманы қайтаруды талап етіпті. Жан-жақты зерттеулердің арқасында сол  кісілердің ақысын алып бердім. Бұны мақтан етіп айтып отырған жоқпын. Бұл менің міндетім, сол үшін айлық алып, бала-шағамды асырап отырмын. Айтпағым, бюджет қаржысын талан-таражға салатындар әлі де тиылмай отыр. Егер мен саяси додада жеңіп, мансапқа ие болсам ең алдымен  қазына қаржысына қол сұғушыларға жол бермес үшін бақылауды күшейтер едім.

Бұдан басқа да мәселелер жиі кездеседі. Өзіңізде жақсы білесіз, бізде тегін еш нәрсе бітпейді. Неге бітпейді? Айтыңызшы? Ауруханаға жату үшін де таныс іздейміз. Неге? Осының бәрін ретке келтіріп, тұрғындарға жайлы жағдай жасайтын уақыт жетті.

           «Ертең сайланып алған соң бізді елемей кетпейсіз бе?                              

Үнемі қара халықтың қамын күйттеп жүретін Нұрлан депутат болған соң осы қалпында қалар ма екен?

Осы сұрақты  тұрғындармен кездесуде де көп естимін.  Қазір өзім үміткер болып тіркелген аумақтағы үйлерге біртіндеп кіріп, сайлауалды бағдарламаммен таныстырып жүрмін. Әр азаматпен сөйлесем. Сонда осы сұрақты жиі қояды маған. «Сіз қазір осылай жүрсіз, қарапайым «ертең сайланып алған соң бізді елемей кетпейсіз бе?» деп.Менің бар болмысым осы. Бұрын қалай болсам,қазір де сол қалпымдамын. Мені билік те, басқа да өзгерте алмайды. Мен команда құрып, оларға қаржы төлейтін жағдайым жоқ. 5 бала-шағам бар. Олар әлі кішкентай. Сондықтан насихат жұмыстарын бір өзім жүргізіп жүрмін.   Сайлауокругінде  32 мың сайлаушы бар екен. Әрине, мен айналасы 20 күн ішінде оның бәрімен кездесе алмаймын. Бірақ кезең-кезеңімен баруға, олармен бірге жүруге, мәселесін көтеруге, мәселесіншырылдап мінбеде  мәслихаттың үстелін тоқпақтап тұрып жеткізуге дайынмын. Өйткені, мен ешқандай партияда емеспін. Ешкімге тәуелді емеспін.Тәуелсіз кандидатпын. Маған халықпен жұмыс істеу, халықтың мәселесін көтеру, халықтың мұң-мұқтажын жеткізу таңсық нәрсе емес. 10 жылда әбден пісіп жетілдім. Сынайтын кезде сынап, жазатын кезде жазып жүрмін. Мені қызмет өзгерте алмайды. Сөзім сөз.Уәдем уәде.

                        Мандат–мансап емес, жауапкершілік

–Журналистік жұмысыңызды қатар алып жүресіз бе?  

Әрине. Депутатқа жалақы төленбейді. Күн сайын қаржы түсіп  тұратындай бизнесім жоқ. Асып-тасып бара жатқан дүнием жоқ. Бала-шағамды бағу үшін, жұмысымды қатар алып жүремін. Өйткені, қанаты әлі қатпаған балаларымды өсіріп-жетілдіруім керек. Несібемді қаламыммен теріп,  нанымды журналистикадан тауып келемін,  Ал, мансабымды тек халық игілігіне жұмыс істеуге пайдаланамын.

-Жауапты науқанда сәттілік серігіңіз болсын!

Дамира Молданазарова

Қаражат Шымкент қалалық мәслихат депутаттығына №1 сайлау округіне кандидат Нұрлан Әлімбаевтың жеке сайлау қорынан төленген.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика