2022-06-27

«Кім кімді алдап отыр?» Сенат депутаты тиімсіз еңбек бағдарламаларын сынға алды

Нұртөре Жүсіптің айтуынша, «Еңбек» бағдарламасына соңғы бес жылда 695 млрд теңге қаржы бөлінген.

Елдегі жоо мен коллеждж бітірген қолында бір емес бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Жұмыс берушілердің сұранысы бір бөлек, біздің білім беру жүйесінің оқу бағдарламасы бір бөлек. Соның салдарынан жұмыссыз жүрген жас азаматтардың қатары толыға түсуде, деді парламент сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбында өткен парламенттік тыңдауда.

«Сан қуа бермей, нарыққа керек мамандарды даярлау өте маңызды. Біздің экономикамыз тұрақты, сапалы, жалақысы жоғары жұмыс орындарын жеткілікті дәрежеде аша алмай отырғанын ашық айту керек», – деді депутат.

Нұртөре Жүсіп 2021 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 мыңнан астам адамның 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқанын, ЖОО түлектерінің 31 пайызы, колледж түлектерінің  33 пайызы жұмыс таппай сандалып жүргенін алға тартты.

«Баласын елден қалмасын деп оқытуды ойлаған ата-аналар түбінде опық жеп қалады. Сондықтан заманның ыңғайын, еңбек нарығындағы өзгерістерді, ахуалды жіті бақылауға алып отыру керек. Бізге бәсекеге төтеп беретін, білімді ұрпақ керек, бизнес қабілет керек. Ол үшін орындаушылық тәртіп те керек. Бизнесте бәсекелі ұлтқа айналғанда ғана берекеміз кіретіні анық», – деп қосты Сенат депутаты.


 

Сонымен қатар Нұртөре Жүсіп баяндамасында елдегі жұмыссыздар туралы статистиканың олқылықтарын атап өтті. Айтуынша, 2021 жылы 700 мыңның үстінде азаматтар жұмыспен қамтылған. Алайда белгілі бір уақыттан кейін жұмыс тапты деген азаматтар қайтадан жұмыссыздардың қатарына қосылады.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарасақ, 2021 жылдың үшінші тоқсаны бойынша, елімізде жұмыспен қамтылғандар 8 млн 813 мың адам болса, бұл 2020 жылмен салыстырғанда небәрі 81 адамға өскен. Сондай-ақ, NEED жастар санатындағылар туралы да айта кету керек. Жеке тұлғалар мемлекеттік базасында еліміз бойынша 2,2 млн адамның статусы анықталмаған. Бізде «Еңбек», «Бизнес бастау», «Жас маман», «Дипломмен ауылға» деген бағдарламалар бар. Олардың цифрлары керемет, көз сүрінеді. Бірақ нәтиже, тиімділік жағына келгенде олқа түседі. Сонда қағазда тастай болып тұрады, өмірде басқа болып шығады. Кім кімді алдайды? Өзімізді өзіміз неге алдаймыз деген сұрақтар туындайды», – деп сынға алды Нұртөре Жүсіп.

Депутат президенттің қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстар емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістерге жұмыс істеу туралы тапсырмасын еске салды.


«Біз тұрақты жұмысқа орналасты деп, жалған ақапарт бере бермей, уақытша жұмыс орындарының бар екенін неге ашық айтпаймыз? Қазақстан экономикасы жалпы шикізаттық бағытқа тәуелді. Шикізатты арзан бағамен сыртқа шығарамыз, қажетті өнімдерді қымбатқа сатып аламыз. Күн сайын өршіп бара жатқан инфляция, қымбатшылық соның салдарынан болып жатқан жоқ па? Енді индустриялық-инновациялық бағдарламалар, класстер деген болды. Қазақстанда класстер болмаған сала жоқ. Мақта, киім-кешекке дейін неше түрлі класстер болды. Қыруар ақша бөлінді. Соның нәтижесі қайда», – деді депутат.

Сонымен қатар депутат ашылып, жұмысы тоқтап қалған зауыт, фабрикаларды сынға алды.

«Бізде зауыт, фабрика ашылмайды емес, ашылды дейміз. Бүгін лентасы қиылып, ертесіне желкесі қиылады. Міне, жаңа өндіріс ашылды деп дабылдатқанымыздың аяғы осындай көрініске әкеліп соғады. Елде еркін экономикалық аймақтар бар. Олардға жарты трлн теңгеге жуық салықтың ынталандыру топтамасы берілген. Кейінгі үш жылда аталған аймақтарда өнідірілген тауарлар көлемі ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан аспайды екен. Ал олардың экспорттық үлесі 0,1 пайызға тең. Бір ғана  «Еңбек» бағдарламасына соңғы бес жылда 695 млрд теңге қаржы бөлінген. Сонда соншама қаражат не үшін бөлінді? Нәтиже, сұрау қайда? Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері қайда қарайды? Үкімет осындай артық шығындарды неге байқамайды? Әлде мемлекет қазынасы тасып жатыр ма? Жұмыссыздық мәселесін осыншама күрделі болмаса, жастар шетелге кетер ме еді? Ондай қымбат жобаларды, қаржыландырғаннан гөрі, мәдениет, өнер, ақпарат, әдбиет, рухани салаға неге мойын бұрмасқа», – деді депутат.

Яндекс.Метрика