2022-08-18

Сақ болыңыз, Сібір жарасы!

                                                                Сібір жарасы!

 Сібір жарасы – зоонозды, аса қауіпті, қоздырғышы жанасу механизмі арқылы берілетін, тері қабатының карбункул тәрізді зақымдалуымен, қызба және интоксикациямен, кейде сепсис дамуымен сипатталатын жұқпалы ауру.

   «Сібір» атауы осы дерттің XIX ғасырда Сібір  аймағында он мыңдаған мал мен мыңдаған адамдардың қырылуының себебі  болған үлкен эпизоотия мен індеттің пайда болуына байланысты берілген. 

      Сібір жарасы ауруының қоздырғышы топырақта ұзақ жылдар бойы спора түрінде кездеседі. Сондықтан жауын шашын аз болған, яғни құрғақшылық жылдары сібір жарасының тіркелу қауіпі жоғарылайды.

       Аурудың қоздырғышы – микроб, «сібір жарасының таяқшасынан» шыққан. Ол ауру малдың қанында, зақымдалған барлық мүшелер мен тіндерде және ауру малдың зәрі мен нәжісінде кездеседі. Микроб сыртқы ортаға әдетте төзімді, тығыз қабықшамен қапталған спора түзеді, қайнатқанда 10 минутқа дейін шыдайды, қыста аяздан, жазда ыстықтан өлмейді.

     Сібір жарасы  адамдарға ауырған малдардың және олардың өнімдері (еті, терісі, жүні т.б.) арқылы яғни малмен жанасқанда, күтім жасағанда, сойғанда, терісін алғанда, көмгенде жұғады.

      Аурудың жасырын  кезеңі адамдарда бірнеше сағаттан 14 күнге дейін созылады, көбіне қоздырғыштың теріге ену қақпасында кішкентай дақ пайда болғаннан кейін 2-3 күн.  

       Аурудың  белгілері.

       Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткен соң, қызғылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей болып басталып, үдей түседі. Бөртпе 12-24 сағат өткеннен кейін диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады, уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады. Бөртпе қышып шыдатпаған соң, ауруға шалдыққан адам оны қасып, бетін жаралап тастайды. Іріңді бөртпенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ сібір жарасының негізгі белгісі, дерттің атауы да осы қара даққа («anthrax»-«углевик») байланысты шыққан.

Қабыршақ қатты, тығыз, күйдірілген сияқты болады. Оның айналасын қызыл түсті жиек қоршайды.  Алғашында қабыршақ көлемі үлкен емес, диаметрі 2-3 мм. құраса, бірте-бірте оның мөлшері ұлғайып, оның шығыңқы бөлігі тері  деңгейінен төмен түсіп, түсі қап-қара болып, тығызданады (тығыздылығын иленген терімен салыстыруға болады).

     Сібір жарасын сипаттауға болатын белгілерге орталық қабыршақтың маңайына аурудың алғашқы күндері екінші қайтара сулы бөртпелердің шығуын жатқызады. Тері  жамылғысы өзгеруінің алғашқы сағаттарында дертке шалдыққан адам әлсіреп, селқос болып, басы ауырады; алғашқы тәулік өткен соң немесе 2-ші күні дене қызуы 39-40 градусқа көтеріліп, халі нашарлайды. Мұндай температура 5-6 күн бойы сақталып, күрт төмендейді.

      Алдын  —  алу   шаралары.

          Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының алдын алу шарасы —  жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Сібір жарасына  қарсы вакцина қолайсыз пункттердегі  мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға және ет өнімдерін өңдеумен, мүшелеумен айналысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасының сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады.  Егілген адамдар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Үйде жеке мал болса, әр малды сібір жарасына қарсы  егу керек.

Егер сіз жануарлардан аурудың белгілерін байқасаңыз, дереу үйге ветеринар мамандарды  шақырыңыз. Малды сою ветеринар маман  қарап, жануардың денсаулығы туралы анықтама бергеннен кейін ғана арнайы орындарда ғана жүргізілуі керек. Мал еті ветеринарлық  тексеруден өткізіліп, анықтама бергеннен кейін ғана  сатылуы керек..

    Қаперіңізде сақтаңыз! Ет және басқа да жануарлардан алынатын өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жеке тұлғалардан алуға болмайтындығын естеріңізге салғымыз келеді!.

                   ҚР ДСМ МСЭҚК ОҚО бойынша департаментінің бас маманы                                                                            Г.Тулкибаева

                                          tories/0272876646.jpg» width=»200″ height=»98″ alt=»0272876646″ />

Яндекс.Метрика